БОЛАШАҚ САҒАН ТАС АТПАСЫН!
Бүгінгі таңдағы жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Ұлтының құндылықтары – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсуге, үлгі-өнеге алуға зор әсерін тигізеді. Осы ұстанымды негізге алатын балалар ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Саят Қамшыгер бірлестіктің Алматы филиалы ұйымдастырған семинарда отбасындағы тәрбие ұлағаты неден басталу керектігін толығырақ әңгімелеп берді. «Бақытты балалық шақ» тақырыбында №13 мектеп-гимназияда өткен іс-шарада баланы кітап оқуға баулу, балаға тәрбиені оның бесікте жатқан кезінен бастап, халықтық жырлар мен әңгіме, ертегілер арқылы беру дағдысы сөз болды. Балаларға арналған қандай кітаптар шығып жатқанын, балаға кітап оқуға баулудағы ата-ананың үлгісін түсінікті тілде жеткізіп берді. Филиал өкілдері болса бірлестіктің негізгі ұстанымын, бағыт-бағдарын, ұйым тарапынан шығарылып жатқан кітаптарды таныстырды. Атқарған шаралардың барлығы саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталып жатқандығын жеткізді. Кері байланыс кезінде ата-ана, әнші Ғани Жүнісов мырза бала тәрбиесі ата-ананың басты міндеті екенін және соны ойға салып жүрген бірлестік жұмысына алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
Меруерт МӘУЛЕТ