КЕМЕЛДІК КЕЛБЕТІ
Табиғаттың барша құпиясын тереңіне бүгіп алып, бүктетіле толқып, асау тайдай тулап ағатын, кейде өз-өзінен жуасып, байсал тартып, байырқаланып, шымырлай ағатын Талас өзенінің ерекше толқыны мен әуені жағасына әкесінің Сүлікқара атанған бәйге атын суара келген ересектеу ұлды таңдандыратын… Табиғаттың төл перзенті өзеннің әр құбылысын өзі күнде көріп жүрген құла тайға да, құба белге де, әлде бір жақын жанға да ұқсататын, ерке толқыны мен әуезді сылдырын көкірегіне сыймай жатқан болашақ армандарына жалғайтын… Әкесінің Таластың аспаны төңкерілген ыстығы мен айқай боранында да ұжымшардың жылқысы деп қана емес, жалпы «жылқы» малы десе, ішкен асын жерге қоятын әдеті ойға қалдыратын. Ұзақ жылдар бойындағы темірдей төзімді тілеген азапты да ауыр өтеусіз еңбегі Әкені Еңбек Ері атандырды. Дегенмен, ол жылқышылық өмірдің ыстық-суығына төзе жүріп, өзінің мына жалғанның әсемдігіне деген жан құштарлығын да естен шығармайтын. Атбегілік, шабандоздық өнерді әспеттейтін. Қазақтың Күреңбайы, Молықбайы сынды әбжіл ат сыншыларының сөздерін ескеріп айта жүріп, өзі таныған жануарды құлынынан баптайтын. Жылқышылар слетінде, сабантойларда бас бәйгені бермеген Сүлікқарасының қылықтарын құмарлана әңгімелегенде бала ертегі тыңдағандай әсерге бөленер еді..
Қырғыз-қазаққа әйгілі болған бабасы Бөлтірік шешеннің сөздерін де алғаш әке аузынан естіген-ді. Бірде Таластың жазық даласын ен жайлаған табынның ішінен әкей бұған әсем мойын, күміс сағақ, сандал керім Сүлікқараны нұсқаған. «Әсемдікті тани біл» дегені екен. Сағына күткен ұлы дүниеге келгенде «жанымда қарайып жүрсе екен» деп Тәңірден тілеген әке оған Жанғара деп есім беріпті. Иә, анасы ақ бесігін әнмен тербетсе, әке тәлімі Таластың кең даласының әсемдігін сезінуге, тектіні тануға, жақсылардың сөзін жадында сақтауға баулыпты.
Қасиетті қазақ жеріндегі оймақтай Ойық ауылының орта мектебін бітірген зейінді бозбала білім іздеп, арман қуып Алматыға жол тартады. Осы тұстардағы сәтсіздеу сынақтардан сағы сынбай, алға ұмтылуына ардақты анасының қолдауы көп болды. Аяулы ана жалғыз перзентіне таудай үміт артып, оның жарқын болашағын тек білім мен ғылымнан көрді. Қазақтың осындай көзі ашық, көкірегі ояу, перзентіне білім жолын нұсқаған асыл анасына қалай ғана бас имейміз..
Ұстаздық жолды таңдаған зерек жас алғашқы уақытта Тараз қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдап, ауыл мектебінде мұғалім болады. Бес жылдан соң арманы іске асып, Ұлттық университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Міне, осы сәттен бастап Жанғара ағайымыздың өткен ғасырдың 70-жылдарынан басталған ұлттық университеттегі білім мен ғылымға арнаған қызметі жарты ғасырға ұласып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. 1975 жылы ҚазҰУ-ды тәмамдағалы бері болашақ академик Ж.Дәдебайұлы туған университетінен қол үзген емес. 1975 жылы
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, 1991-1992 жылдары қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының директоры қызметін де атқарған кездерінде де университетпен тығыз байланыста болды. 1977 жылы өзі түлеп ұшқан қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде ассистент болып бастаған Жанғара Дәдебайұлы тынымсыз ғылыми ізденісі, білім, ғылым, ұстаздық жолындағы табандылығы, асқан жауапкершілігі, ел мүддесін жоғары қойған қайраткерлігінің нәтижесінде кісілік абыройға ие болып қана қоймай, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик ғылыми дәрежелері мен атақтарын иеленді. Туған университетінің дамуы жолында қай қызметтен де аянып қалмай, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры ретінде ҚазҰУ-дың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Осы кезеңде профессор Жанғара Дәдебайұлы еліміздің саяси-экономикалық, мәдени-рухани өсіп-өркендеу деңгейін қырағы бақылай отырып, мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес өзі қабырғасында елу бес жылға жуық еңбек етіп келе жатқан төл университетін әлемдегі озық елдер университеттерімен теңестіру жолында құлшына еңбек етеді. Білім беру ісінде дәстүрлі, кредиттік технология үлгісімен оқытуды басқа да әлемдік озық жаңашыл үлгілерімен байытуға күш салады. Университет проректоры Жанғара Дәдебайұлы білім беру ісінде бірінші болып сапа менеджменті жүйесін жасап, өндіріске енгізеді. Білім беру саласындағы осы қыруар еңбегі үшін 2006 жылы «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» Президент сыйлығының лауреаты және 2008 жылы «ТМД елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы конкурстың дипломанты» атанады.
Қайраткер азамат қай салада жүрсе де ғылымнан еш қол үзген емес. Жанғара Дәдебайұлы «Қазіргі қазақ тарихи прозасындағы М.Әуезов дәстүрі» атты методикалық құралы (1981), «Әдеби шығарма» (1986), «Қазақ тарихи романы және дәстүр мен жаңашылдық» ( 1988) сынды көптеген оқу құралдары мен «Әдеби шығармашылық» (1999) т.б. типтік оқу бағдарламалары мен «Қазіргі қазақ әдебиеті» лекциялар курсының 2002, 2003 жылдары жарияланған I, II кітаптары іспетті басқа да еңбектері білікті де байыпты педагог-ғалымның әдіскерлік еңбектеріндегі әлемдік деңгейдегі жаңашылдықты айғақтап тұрғаны анық. Профессор Ж.Дәдебйұлының отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарық көрген 800-ден астам ғылыми мақалаларын, 40-тан астам әдеби еңбектерін, 20-дан аса монографияларын айтар болсақ, еліміздің ғылымы, әдебиеті мен мәдениетін дамытудағы және білім беру ісінде сапа менеджменті жүйесін қалыптастырудағы нақты үлестері зор. Ұстаздық миссиясына қашан да адал профессор Ж. Дәдебайұлы 2011 жылдан бергі қазіргі уақытта Ұлттық университетінің шетел филологиясы және аударма ісі магистрант, докторанттарға дәріс оқып келеді.
Бүгінде «ұстаздардың ұстазы» атанған Жанғара Дәдебайұлының осынау істердегі қажымас қайратын, әмбебап әдіскерлігін ұстаздар мен сандаған шәкірттері үлгі тұтуда. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп ұлы Абай айтқандай, терең білімпаздығы, ғажап эрудициясы мен эстет болмысы ғылыми ортаны да, шәкірттер аудиториясын да өзіне баурай алатын құдіретімен ерекшеленетіні даусыз десек болады.
Бүгінде қазақ әдебиеттануының бірегей тұлғасына айналған профессор
Ж. Дәдебайұлының «Шымырлап бойға жайылған» (1988), «Ғабиден Мұстафин» (1989), «Мұхтар Әуезов» (1990), «Өмір шындығы және көркемдік шешім» (1991), «Бөлтірік Әлменұлы және қазақ шешендік өнері» атты оқу құралы (1996), «М. Әуезов шығармашылығы» (1997) «Атыңнан айналайын Әулие ата» (1998), «Жазушы еңбегі» (2001), «Талас аңыздары» (2002), «Адам ата» (2005), «Менің университетім: зерттеулер мен зерделеулер»(2007), «Адам және заман» (2008), «Таңдамалы шығармалар» (2008), «Тақырып және идея» (2010), «Тараз өлкесі: монографиялық пайымдаулар, ойлар мен толғаныстар» (2013), «Абайдың антропологизмі» (2014), «Шешендік өнер теориясының негіздері: монография» (2016) аталатын ғылыми зерттеулері мен монографиялары, адам мен заман, ел мен жер тарихы, әлеуметтік мәселелер жайындағы әдеби толғаныстары мен зерттеулері өз алдына бір төбе сүбелі еңбектер екені белгілі. Бұл еңбектер көрнекті ғалым Ж. Дәдебайұлының әдебиет теориясының білгірі, айтулы әдебиет тарихшысы, қазіргі әдебиеттанудағы жаңа бағыттың көшбасшысы, Абай ілімін жаңашыл концепция тұрғысынан қарастырып, абайтануды жаңа деңгейге көтерген ғалым екенін айғақтайды. Әрине, сөзіміз дәйекті болу үшін ғалым еңбектердің бір парасын сөз еткен жөн. Мәселен, көрнекті әдебиеттанушы Ж. Дәдебайұлы «Бөлтірік Әлменұлы және қазақ шешендік өнері» (1996) атты оқу құралында ғалым қазақтың шешендік сөздерінің тарихы мен теориясын халқымыздың әйгілі шешені Бөлтірік Әлменұлының мұрасы негізінде тұжырымдайды. Бөлтіріктанушыларға ізашар болған бұл еңбекте кеңестік кезеңде фольклорға телініп келген қазақ шешендік сөздерінің авторлығы ауызша сақталған әдебиет үлгісі екенін пайымдайды. Қазақ шешендік өнерінің өзгеше табиғатын, синкреттілігін, суырыпсалмалық өнерге негізделгенін, дегенмен шешендік сөздің ырғаққа, ұйқасқа құрылғанымен өлең емес екенін, алайда айшығы мен көркемдік кестесі эстетикалық қуаты, көркемдік әлеуеті зор екенін дәйектейді. Қазақ шешен-билерінің халқымыздың тарихи тағдыры мен қоғамдық өміріндегі орнын, халықаралық қарым-қатынастардағы мәмілегерлік қызметтерін айқындайды. Әсіресе Бөлтірік бидің ел ішіндегі және халықаралық дау-дамайларды шешудегі даналығын, асқан ділмарлығы мен көсемдігін дәйектеп, шешендік сөздерінің құрылым жүйесін Цицерон, Демосфен сөздерінің жүйесімен салыстыра талдайды. Мысалы, Бөлтірік шешеннің «Қарабұлақ», «Алтын емел дауына дауа» тағы басқа да шешендік сөздерінің поэтикалық құндылықтарын герменевтикалық әдіс тұрғысынан кешенді талдайды.
Абайтану саласында ғана емес, барлық гуманитарлық ғылымдар саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп келе жатқан бұл институттың бағыттары: Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларының тоғысында зерттеу; қазақ әдебиеттануы; фольклористика; әлем әдебиеті; аударма; мәдениетаралық байланыстар, т.б. Институт құрылған күннен бастап, профессор
Ж. Дәдебайұлының өзі бас болып, күндіз-түні көз майын тауысып, руханият саласы үшін мәнді де мазмұнды ақпараттық қор жинақтады. Институттың ресми вебсайтында (WWW.ABAI.KAZNU.KZ) ғылыми, әдістемелік, көркем әдебиеттер мен оқулықтардың электронды қоры жасалған. Онда мыңнан аса әдебиеттер бар және мұның өзі ұдайы толықтырылуда.
Абай ғылыми-зерттеу институтында 2015-2017 жылдарда «aбaй құнaнбaевтың шығaрмaшылық мұрaсын пәнaрaлық зерттеу»; 2020-2022 жылдарда «абай ілімін білудің, түсінудің және қолданудың ғылыми негіздері мен теориялық тетіктері» тақырыбында ғылыми жобa орындалды. Осы жобалар аясында профессордың тікелей басшылығымен «абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық сериялық басылымы (Томдар: 1-50, «Қазақ университеті» баспасы, 2016-2021 жж.); «абайтану антологиясы. Он томдық» («Қазақ университеті» баспасы, 2021 ж.); «абай институтының еңбектері» сериялық басылымының кітаптары; «абай кісілік кодексі», «жамбылтану. таңдамалы еңбектер» сериясының алғашқы басылымдары; әл-Фараби кітапханасының ресми сайтына жинақталған «абайтану антологиясы» атты интеллектуалдық е-ресурстар базасы (http://elibrary.kaznu.kz/ru/node/7912); «абай ілімі» атты оқу пәні т.б ірі де іргелі ғылыми нәтижелерге қол жетті.
Осы қыруар еңбектің бір парасына ғана арнайы тоқталар болсақ, Ұлт алдындағы қасиетті парызына қашан да адал елжанды қайраткер Жанғара Дәдебайұлының мемлекеттік идеологияға негіз бола аларлықтай ұлттық құндылық ретінде «Абай ілімі» жаңа рухани-ғылыми бағыт ретінде негіздеп, дайындаған ерен еңбегіне куә боламыз. Профессордың 2023 жылы «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген «Абай ілімі» атты оқу құралында аталған ілімнің тұтас концептуалды жүйесі түзіліп, әрбір концептіге ғылыми талдау жасалған. Осы ілімді қазақ қоғамына, әсіресе өскелең ұрпақ ой-санасына дарыту мақсатында білігі зор ұстаз Жанғара Дәдебайұлы «Абай ілімі» жаңа оқу пәнінің оқу-әдістемелік кешенін әзірлеп, 2021-2022 оқу жылында әлеуметтік-гуманитарлық пәндер циклінде жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының ЖОО компоненті ретінде оқу үдерісіне енгізді. Білім мен ғылым саласының өзекті проблемаларын бес саусағындай білетін қайраткер педагогтың осы ілім аясында енгізген тағы бір тың идеясы – «Абай таксономиясы» да атап өтуге тұрарлық ғылыми-әдістемелік жаңалық деуге болады. Бұл жөнінде ғалымның өзі: «Абай таксономиясы, Абай таксономиясының иерархиялы моделі Абайдың өз шығармашылығының өзегінде өрілген ойлар желісі негізінде сипатталды. Таксономия құрамдастарының маңызы мен мәні, иерархиялық жүйедегі орны, қызметі Абайдың қағидаларына, өзекті ойларына жасалған нақты талдаулар нәтижесінде парықталды. Абай таксономиясы – отандық оқу теориясы, оқу мен оқытудағы танымдық үдерістер психологиясы саласында пәнаралық деңгейде арнайы жүргізілетін зерттеу жұмыстары мен білім беру ісіне теориялық негіз болғандай ерекше маңызды құндылық», – деп маңызды тұжырым жасайды да, Абай таксономиясындағы танымдық үдерістерді жүзеге асыруға қажетті ойлау амалдарын нақты көрсетіп береді. Ғалымның осы тың концепциясы болашақта білім беру саласында қазір қолданып жүрген «Блум таксономиясын» алмастыра алатын ұлттық білім беру тұрғысынан өзекті, маңызды ғылыми концепция деп санаймыз.
Бағамдай келгенде, ұлттық гуманитарлық ғылымның көрнекті өкілі, ғалым-ұстаз
Ж.Дәдебайұлының замана талабына жауап бере алатын тың концепциялары, «Абай ілімін» ғылыми категория деңгейіне көтерген іргелі зерттеулері Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Жаңа Қазақстан жағдайындағы «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» сынды маңызды да, өзекті идеяларына үндес келіп, оларды жүзеге асыруға қызмет ететініне көз жеткізу қиын емес.
Әдебиеттанудағы жаңа бағыттардың көшбасшысы Жанғара Дәдебайұлының қай салада да жазған еңбектері пәнаралық зерттеудің бірегей үлгілері. Әсіресе ғалымның абайтануды жаңа заман тұрғысынан тың ғылыми концепциялармен байытып қоймай, Абай ғылыми-зерттеу институтының жұмысын халықаралық деңгейде үйлестіруге жолбасшылық етіп, іргелі зерттеулерде қолы жеткен елеулі нәтижелері де ғалымның биік парасаттылығы мен кісілік кемелдігінің айғағы болса керек.
Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,
Ләйла МҰСАЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ