АСТАНА — ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАРҚЫН КЕЛБЕТІ
13.12.2024
358
1

Астана – мемлекетіміздің басты ордасы ғана емес, өнер мен руханият­тың да темірқазығы іспет­ті. Белгілі ақын, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан әдебиет пен мәдениетке қатысты бірқатар сұрағымызға жауап беріп, Қазақстан Жазушылар одағының тоқсан жылдық мерейтойына орай ақ тілегін жолдады.

— Аға, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдағы «Әділет­ті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» ат­ты Қазақ­стан халқына Жолдауында бірқатар жайлар талқыланып, көптің көкейінде жүрген мәселелер жүйеленгендей болды. Осы Жолдауда сізге қандай бағыт-бағдарлар ерекше әсер ет­ті?
— Ұзақ жылдар халықаралық саяси аренада еңбек етіп келе жатқан, әлемдік экономикалық реформалардың бүгіні мен ертеңіне қанық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауында бізге ғана емес, қоғамға ерекше әсер еткен бағыт-бағдар — «Жаңа экономикалық саясат» және «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция». Түп-тамырында сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арт­тыруды көздеген Жолдауда Президентіміз: «Қазақ даласының асты мен үстіндегі ен байлықты өзімізде өңдеп, өндіру үшін макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамытуға баса назар аудару керек», — дей келе, шикізатқа тәуелділіктен арылудың жолдарын қарастырып, тоқсаныншы жылдардан бері тоқырап қалған өңдеу өнеркәсібін қайта жандандыруға қатысты маңызды ой-тұжырымдарын жеткізді.
Жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандырып, бәріне бірдей мүмкіндік беру арқылы әділ, адал бәсекелестікті дамыту — Президентіміздің мемлекет басқарудағы, ел экономикасын дамытудағы басты ұстанымдарының бірі және осы Жолдауында экономикаға еркіндік беру арқылы мемлекет­тік капитализмнен арылуды да елдің есіне тағы бір қайтара салды. Мемлекет басшысы әлемдік геосаяси, экономикалық дағдарыс жағдайында еліміздің бюджет саясатын реформалау қажет деп санайды. «Көрпеге қарай көсілу қажет», — деген ол Ұлт­тық Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсау қажеттігін ескертті. Жауапты мекемелерге Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәлімет­тер банкін құру жұмысын ертерек аяқтап, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тартуды жүктеді. Естеріңізге салар болсақ, Президент тапсырмасымен еліміздегі барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі зерт­теліп, бағаланған болатын. Президент Жолдауында экономикалық аймақтарға шетелдік компанияларды инвестициялық жеңілдіктер арқылы көптеп қаржы салуға ынталандыру жағы да қамтылған.
Тәуелсіз еліміз үшін ең басты байлық — адам капиталы. Зерделеп қарасақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары республикалық бюджет­тің басым бөлігі әлеумет­тік салаларға бағыт­талған. Ұлт саулығын жақсарту бағыты соның айқын дәлелі болса керек. Ел демографиясына қолдау көрсеткен Президент 2023 жылдың басынан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзарту, Ұлт­тық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуы туралы да осы Жолдауда айтып, алтын құрсақ аналарды бір қуантып тастады.
Қорытып айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында айтылған бұл келелі тұжырымдар Жаңа Қазақстанның дамуына бағыт-бағдар беретін кешенді құжат саналмақ. Президент Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке сенім артып тапсырған экономикалық міндет­тер өз деңгейінде орындалса, елдің ертеңі мұнан да жақсы болары анық.
— Мемлекет басшысының Атырауда өткен үшінші Ұлт­тық құрылтайда қозғаған өзекті ойлары мен Жолдауда нақтылаған түйіндері бір-бірімен ұштасып жатыр. Нәтижесінде, Парламент Мәжілісінде қандай заңдар қаралды? Қандай заңдар қабылданды? Қандай мәселелер талқыланып жатыр? Осыған тоқталып өтсеңіз?
— Мемлекет басшысы Атыраудағы Ұлы жиында ұлт­тың жаңа сапасын қалыптастыру жолында Ұлы Абайдың: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген ұлағат­ты сөзінен цитата келтірді. Келелі жиында Кемелұлы заман ағымымен бүгінде ұлт­тың қас жауына айналған бірнеше теріс әдет­ті тізбелеп, одан арылуға оңтайлы жол сілтеді. «Нашақорлық, әсіресе балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі зат­тарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламент­ті бұл бастаманы қолдау­ға шақырамын. Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлт­тың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажет­тігін айт­тым. Қазір Парламент­те вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін Заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін», — деген Мемлекет басшысы еліміздегі Заң шығарушы органға сенім артып, нақты бағыт-бағдар көрсеткен болатын. Бүгінде «Есірткі, психотроптық зат­тар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасы» Мәжілістің пленарлық отырысында талқыланып, әріптестеріміздің қолдауымен Парламент Сенатына жіберілді.
Президент ұлтымыз үшін, көптеген отбасылар үшін үлкен трагедияға айналған лудомания дерті жайлы: «…тағы бір қауіпті кесел — лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәлімет­терге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат — букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл — тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания — бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады», — деп Атырау төрінде ашына айтып қана қоймай, Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті Заң жобасын жеделдетіп аяқтауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң Парламент­тің қос палатасында талқыланып, толықтырылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекет­тік еңбек инспекциясы, мемлекет­тік бақылау және артық заңнамалық регламент­теуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ­стан Республикасының Заңына Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қол қойды. Бұл Заң жобасы қоғамда ауырдың үсті, жеңілдің астымен оңай олжа табуды ойлайтын жастардың қатарының азаюына, тату-тәт­ті отбасылардың шаңырағының шайқалмауына кепіл болады деп сенеміз.
Атырауда Президент жіліктеп берген бес кеселдің ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да — қазіргі уақыт­тағы қатерлі үрдіс. Қазіргі таңда осы бағыт­тар бойынша да Парламент­те жазылған Заң жобалары ел-халықтың құқықтық мүддесі үшін өз миссиясын атқара бастады.
Айта кетерлігі, биылғы Құрылтайда Мемлекет басшысы басымдық берген «Креа­тивті индустрия» тұжырымы Мәжілісте Заң жобасы ретінде қабылданып, алдағы уақыт­та жұмыс топтарында қаралатын болады.
— Жалпы, Астананың саяси ахуалына қандай сипат­тама берер едіңіз?
— Астана қаласының бүгінгі саяси келбеті, экономикалық бедері турасында ұзағынан толғап айтуға болады. Еліміздің ішкі саяси-әлеумет­тік кеңістігінің негізгі шешуші факторына айналған, саяси шешімдер қабылдайтын басты қаламыз осы – Астана ғой. Қазақстан үшін ғана емес, қажет жерінде әлемдік қоғамдастық пен дүниежүзілік саясат­тың қазанының көрігін қыздырып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекет­тердің көшбасшылары келіп бас қосатын, саяси бағыт­тарын анықтайтын, экономикалық ендіктерін белгілейтін, сонымен қатар бір үстелдің басында бас құрай бермейтін, көсемдері қос тарапқа қарап тұратын, бір-бірімен қырғиқабақ елдердің діни басшылары да бір жиынға табан тіреп, ортақ пікір алмасатын ордаға айналды Астана бүгінде. Ай сайын, жыл сайын үлкен-үлкен халықаралық шаралар өтіп жатады. Президентіміздің шақыртуымен дамыған, жетекші мемлекет­тердің басшылары шаһарымызға келіп алқалы жиындарға қатысады. Бұның барлығы да Астана қаласының әлемдік саясат­тағы рөлін көрсетсе керек.
Елордамыздың тағдыры да, талайы да елге мәлім. Бір кездері облыс орталығы болған, үш жүз мыңға жетер-жетпес халқы бар қаланың бүгінде, мінекей, бейресми тұрғыдан бір жарым миллионға жуық, ал ресми мәлімет бойынша, бір миллион үш жүз елу мыңнан астам халқы нақты тіркелген алып мегаполиске айналғаны көңілімізге қуаныш сыйлайды. Егер Астана осы Есілдің жағасына көшпеген болса, бұл өңірдің көрінісі қандай болатыны беймәлім еді. Ұлт­тық азшылық жағынан негізгі мемлекет құраушы халықтың үлесі жиырма пайызға жетпейтін қалада қазіргі кезде мемлекет­ті құраушы ұлт­тың жалпы құрамы сексен бір пайызға жуықтады. Сан түрлі ғимарат­тармен толығып жатқаны, зиялы қауымның шоғырланып жатқаны, үлкен саяси шешімдерге бастамашы болуы – бәрі Астананың көктеп-көгеріп келе жатқанын көрсетеді. Заң шығарушы орган, Үкімет, министрліктер, жергілікті атқарушы билік, қоғамдық ұйым, азамат­тық қоғам бар, барлық мемлекет­тік органдар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мемлекет­тің мүддесі үшін аянбай күш біріктіріп жұмыс істеуде. Сол үшін де Астананы Тәуелсіз қазақ елінің жарқын болашағының кепілі болар шешімдер қабылдауға тікелей ықпал етіп отырған үлкен шаһар деп бағалауымыз керек. Астанада қабылданған шешімдер Қазақстанның бүкіл аймағына, алыс ауылдар мен аудандарға қантамырдай таралып жатқан нәзік желі іспет­ті. Қалың қазақтың бойына қан жүгірту — Астананың асыл парызы.
Жан-жақтан келген Қазақстанның өз халқы, алыс-жақыннан келген шетелдік қонақтар, туристер Астананың жасанып-жаңғырған жаңа келбетіне, әлеумет­тік дамуына куә. Бір сөзбен түйіндейтін болсақ, Астана — Тәуелсіз Қазақстанның жарқын келбеті. Азат­тықтың алтын бесігі саналатын Алматыдан ел астанасының Елордаға келіп тұрақ табуы — ұлт­тық тарихымыздағы айтулы кезең. Бұл қалаға қоныс аударғаныма, міне, төрт жылға жақындапты. Екі мың жиырма бірінші жылдың он бірінші қаңтарында келгенбіз, содан бастап, осы мекендегі түрлі үрдістерге араласа жүріп, Заң шығарушы органда қабылданған заңдық құжат­тармен таныса жүріп, Астананың ғана емес, Қазақстанның да даму деңгейін бағамдай алдық.
— Биыл қара шаңырақ Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Өзіңіз де осы руханият ордасында ұзақ жыл қызмет ет­тіңіз. Қазақстан Жазушылар одағының табалдырығын ең алғаш ат­таған сәтіңіз есіңізде ме? Қандай сезімде болдыңыз?
— Жазушылар одағы — қабырғасын сонау Алаш арыстары мен алыптары қалаған қасиет­ті де қастерлі рухани орда. Заманның ағымына, уақыт­тың тынысына қарай, Тәуелсіздік алғаннан кейін Одақ шығармашылық ұйым ретінде тіркелді. Бүгінгі күнде бізде бес мыңға таяу қоғамдық ұйым бар екен. Қадірі зор қара шаңырағымыздың құжат жүзінде солардың бірі ретінде қалып тұрғаны, әрине, жанымызға батады. Қалай болғанда да, өз пайымымда еліміздегі он бір шығармашылық Одақтың ең бастауында Қазақстан Жазушылар одағы тұр деп есептеймін.
Мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылы жоғары оқу орнына құжат тапсыру үшін Алматыға бардым. Міне, сол кезде Жазушылар одағының есігінен ең алғаш еніп, «Қазақ әдебиеті» газетіне өлең алып барғаным есімде. Одақтың одан кейінгі кезеңдерінің бәрі көз алдымда… Тәуелсіздік жылдарының енді қалыптасып жатқан елең-алаң шағы. Одақ өте бір қиын ахуалдарды өткерді сол тұста. Он жеті-он сегізге толар-толмас шағымда «Қазақ әдебиеті» басылымына барып, бір бөлімде отыратын Рафаэль Ниязбек, Иран-Ғайып, Әнуарбек ағаларды көрген едім. Студент кезде де Одақ қабырғасына жиі бас сұғып тұрдық. Есімде ерекше қалғаны, өте қиын кезеңде Жазушылар одағының басшылығына келіп, жиырма екі жыл басқарған Нұрлан Оразалиннің қолдауымен екі мың бірінші жылы Алматы қаласында Республикалық жас ақындардың үш күнге созылған форумы өт­ті. Қазақ­станның барлық өңірінен ең талант­ты деген үш жүзге жуық жас жиналды сонда. Сол кездегі Жазушылар одағының бас хатшысы Ғабиден Құлахмет ағамыз бәрімізді бастап, бас-көз болып, қолдап, қуат­тап жүрді. Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Сәкен Жүнісов, Ақселеу Сейдімбек, Қалихан Ысқақ, Ибрагим Исаев сынды қазақ классиктерінің бастауымен секциялар өтіп жат­ты. Нәтижесінде, үш жүз жас талант­тың ішінен отыз дарын иесі іріктеліп, бірінің кітабы шыққан, бірінікі шықпаған, соған қарамастан, Жазушылар одағына қабылдау туралы шешім қабылданды. Сол қыз-жігіт­термен бүгінде дос-бауырдай болып кет­тік. Солардың әрқайсысы әдебиет­тің бір-бір кадры болып қалыптасты. Бақыт Беделхан, Бақытжан Алдияр, Алмат Исаділ, Алмас Темірбай, Дәурен Берікқажы, Танагөз Ілиясова, Қанағат Әбілқайыр, Мәди Әлжанбай, Роза Сейілхан, Анар Шамшадинова, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрак сынды жап-жас талант­тар Алматыға табан тіреп, танысып, табысып, Жазушылар одағының сахнасында өлең оқып, әдебиет әлеміне мандат алды. Сонда аға буынның, орта буынның: «Оңы мен солын білмейтін жастарды Одақ мүшелігіне алды», – деп, Одақ төрағасы Нұрлан Оразалинге сын айтқандары жадымызда. Уақыт­тың өзі дәлелдегендей, сол жастардың барлығы бүгінде әдебиет­тің бір-бір уығы, қоғамдық, рухани, мәдени шаралардың бел ортасында жүрген айтулы тұлғалар болды.
Осы форумда алдымыздағы Жарас Сәрсек, Маралтай Райымбекұлы, Әмірхан Балқыбек, Бауыржан Бабажанұлы, Дәурен Қуат, Айгүл Кемелбаева, Батырболат Айт-Болатұлы, Сәмдібек Жұбаниязов бастаған аға буынның да орны ерекше болып, әдебиет­тегі толқын мен толқынның жалғасуының жарқын үлгісін көрсет­ті.
Өзімнің Одақтағы қызмет жолым екі мың сегізінші жылдың қаңтарынан басталады. «Жас Қазақ» газетінің бас редакторының орынбасары қызметінде жүргенімде, сол кездегі Одақ төрағасы Нұрлан Оразалин арнайы шақырып, екі сағат­тай сөйлесіп, ұсыныс жасады. Баса айту қажет, әдеби басылымдар бұрын Ақпарат министрлігіне қарайтын. Нұрлан Мырқасымұлы сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына кіріп «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» әдеби басылымдарының Жазушылар одағының құрылтайшылығына қайта оралуына мұрындық болды, осы мақсат жолында айрықша қажыр-қайратын көрсет­ті. Ағамыз мені, міне, осы қайтып оралған әдеби басылымдардың басшылығына шақырды. Мен Одаққа қызметке келген бойда «Қаламгер медиа» орталығын құрып, жұмысқа кірісіп кет­тім. Хатшылықпен кеңесе отырып, төрағаға нақты ұсыныстар айта отырып, газет-журналдардың басшылығын сапалық деңгейде көтеру үшін жұмыстандық. «Қазақ әдебиетінің» бас редакторлығына қазақтың көрнекті жазушысы, марқұм Жұмабай Шаштайұлының келуіне тікелей ықпал ет­тік. Қазақтың ғажап ақыны Темірхан Медетбек ағамыз зейнеткерлікке шығып, Ұлықбек ағамыз «Жұлдыз» журналының басшылығына ауысты. «Ұлы жұт» ат­ты қазақтың алмағайып тарихын арқау еткен шығарма жазған қазақ жазушысы Валерий Михайловты «Простор» журналына бас редакторлыққа тағайындадық. Әдеби басылымдардың басынан талай алағай да бұлағай шақтар өт­ті. Осы басылымдардың материалдық, техникалық базасынан бастап, қаржылық ахуалын жақсартуға, таралымын арт­тыруға бар күш-жігерімізді жұмсадық. Талант­ты жастарды Жұмабай ағаның маңайы­на топтастырдық, осылайша, Жазушылар одағының айнасы — «Қазақ әдебиетінің» жаңа дәуірлеген кезеңі басталды.
Мен екі мың сегізінші жылдан екі мың он екінші жылға дейін «Қаламгер медианың» бас директоры болдым, одан екі мың он екінші жылы Құрылтайда төрағаның орын­басары болып сайландым. Содан бастап әдеби басылымдардың үйлестірушісі әрі төраға орынбасары ретінде күндіз-түні әріптестермен бірге тынбай қызмет ет­тік. Төрағаның бірінші орынбасары көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай ағамыз, Берік Шаханұлы ағамыз, Маралтай Райымбекұлы төртеуіміз төрт құбыламызды теңдей жүріп, Жазушылар одағының «ыстығына күйіп, суығына тоңып», тік жүріп қызмет жасадық. Аға буын қаламгерлердің мерейтойларына, шығармашылық кештеріне, олардың кітабының жарыққа шығуына ұйытқы болып, жұмырбасты пенде болған соң әр жазушының тұрмысы әр қилы болады, бірінің жағдайы бар, бірінің жағдайы жоқ дегендей, қаламгерлердің түрлі әлеумет­тік мәселесін рет­теуге тырыстық. Жалпы, қай кезеңде, қай дәуірде болмасын, сонау Сәкен, Ілиястар іргесін қалап, отыз жетінші жылдары Сәбит Мұқановтар, бертін келе Мұхаметжан ағаларымыз басқарған шақта да, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, оның алдындағы Дихан Әбілевтер, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев, тіпті Нұрлан Оразалин басшылық тізгінін ұстап тұрған кезеңдерде де у-шу болып тұратын. Әр жазушының өзіндік мінезі, өзіне тән шығармашылық болмысы бар. Түрлі көзқарас, бір-біріне ұқсай бермейтін ұстанымдар бар. Жазушылар одағын басқару оңай емес. Қандай сын, қандай сөз айтылмасын, 2018 жылғы Құрылтайға дейін бәрінің орайын келтіріп, үйлесімді жұмыс істедік деп ойлаймын.
Осы жерде тағы айтқым келеді, Жазушылар одағын 22 жыл басқарған Нұрлан Мырқасымұлының еңбегін дұрыс бағалауымыз керек. Әдебиетшілер үйі бөлек, қазіргі Жазушылар одағының аппараты отырған жер бөлек, Шығармашылық үйі бөлек сатылып кеткен болатын. Осы үшке бөлініп сатылған дүниенің басын құрауда Нұрлан ағаның еңбегі зор. 1996 жылдан 1999 жылға дейін созылған сот­тың нәтижесінде, Жазушылар одағының бүкіл мүлкі өзіне қайт­ты. Бұл – үлкен тарихи еңбек. Қазіргі еліміздегі шығармашылық одақтардың ахуалын байқап қараңыз, Суретшілер одағы, Сәулетшілер одағы, Композиторлар одағы, Театр қайраткерлері одағы болсын, барлығының сайда тасы, құмда ізі жоқ, ғимарат­тары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен.
— Жуырда өткен «Көшпенділер ойындары» ұлт­тық болмысымыздың айшықталуына үлес қоса алды ма? Елордада «Алтын домбыра» ақындар айтысы, жыр мүшәйралары да жиі ұйымдастырылып тұратынын білеміз.
— Биыл Елордамызда өткен «Көшпенділер ойындары» өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған ашылуынан бастап, апталар бойғы бүкіл ұлт­тық ойындарға қатысты шараларына, өнер бағытындағы бағдарламаларына, ең ақырғы жабылу сәтіне дейін – бәріне куә болдық. Ұйымдастыру жұмыстарының тікелей басы-қасында жүрдік. Мәжіліс депутаты ретінде дайындық жұмыстарына, инфрақұрылымдардың дайындығына, бөлінген қаржыға, келетін қонақтарды күтіп алуға қатысты алаңдау­шылығымызды білдіріп, осы шараның басталуына он ай қалғанда депут­тат­тық сауал жолдадым. Еңбек министрі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Спорт және туризм министрлігі, Астана қалалық әкімдігі сауалда көтерген мәселелерге
жауап беріп, бағдарламаларымен таныстырды. Қырғызстандағы, Түркиядағы «Көшпенділер ойындарына» да барып қатысқам. Солармен салыстырғанда, Астанада өткен бұл ауқымды шара сондай жоғары деңгейде өт­ті. Шетелдерден келген үш жарым мыңға жуық спортшының ат­тарынан бастап, өздерінің спорт­тық құралдарының дұрыс орналасуына дейін, жатын орындары, бабы мен күйі, туристердің жағдайы, сол уақыт аралығындағы қала тұрғындарының ахуалы, мектеп оқушыларының уақытының дұрыс үйлестіріліп, ұлт­тық ойындарға көрермен болуы, барлығы оңтайлы ұйымдастырылды. Бұл, әлбет­те, ұлтық кескініміздің жарқын имиджі болмақ. Түркі халықтарының достық қарым-қатынасының нығаюына ықпал етпек. Жаңа инфрақұрылымдар бой көтеріп, ипподромдар салынды сондай-ақ.
Біз де — әлемнің бір бөлшегіміз, бөлініп-жарылып отыра алмаймыз. Еңдіктерімізден күн сайын әртүрлі керуендер өтіп жатыр. Қазіргі жаһандану дәуірінде жақсы іскерлік байланыстардың, рухани селбесулердің Астана төрінде өтуі, қазақ елінің мемлекет ретіндегі әлеуетін айшықтайды және тиімді инвестициялық жобаларға жол ашады.
«Алтын домбыра» — Астана көрермендері асыға күтетін жұлдызды жобалардың бірі. Күні кеше Елордада биылғы жылдың қорытындысы ретінде «Аманат» партиясы мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей ұйымдастыруымен «Алтын домбыра» ақындар айтысы өтіп, жыл бойғы Жүрсін ағамыздың орынбасары, бүгінгі айтыстың тізгінін ұстап келе жатқан ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевтың ұйымдастыруымен өңір-өңірлерде өткен айтыстардың жеңімпаздары бақ сынады. Қуанышбаев театрының залында екі күн бойы ине шаншар орын болмады. Ақсақалдарымыз, апаларымыз, орта буын мен жастар тамаша жыр жәрмеңкесін тамашалады. Барлық ақындар үлкен дайындықпен келген екен. Солардың ішінде бабы мен бағы қатар шауып, қызылордалық ақын Мейірбек Сұлтанхан осы жылдың «Алтын домбырасын» жеңіп алды.
— Әдебиет пен жазушылар қауымына қатысты қандай заң жобалары болу керек деп санайсыз? Қазір қалам ұстағандар тарапынан «Өнер мен мәдениет туралы» тармақта әдебиет, көркем шығарма деген бір ауыз сөздің жоғына қынжылыс туындап білдіріліп жатады. Бұл туралы не айтар едіңіз?
— Мәдениет туралы заңда қаламгерлерге қатысты сынық-сүйем сөз жоқ деп айтуға болмас, өйткені біздің алдымызда да Мәжіліс депут­татары ретінде Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Сауытбек Абдрахманов, Алдан Смайыл, сенатор болған Нұрлан Оразалин ағаларымыз кезең-кезеңімен өз миссияларын лайықты атқарып, әдебиет­тің бәсін биіктетуге қызмет ет­ті. Нұрлан Оразалиннің қаламгерлердің қаламақысы мәселесін шешуге байланысты ұсынған нормасы Мәдениет министрлігінде қолдау тапты. Қазіргі күнде қаламгер әріптесім Қазыбек Жарылқасынұлы Иса екеуіміз Жазушылар одағының шығармашылық ұйым, қоғамдық ұйым ретіндегі дамуын рет­теу бағытында, тиісті мәртебесін орайластыру бағытында біраз ұсыныс бергенбіз. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ішкі ережелеріне орай біраз келісімшартқа қол жеткіздік, соған орай әртүрлі байқаулар, әдебиет­тің жанрларына қатысты үлкен жобалар жасалып жүр. Біз оның бәрін айқайлап айтып, дабыра қылып, одан бір саяси ұпай жинауға тырыспаймыз, әйтсе де мемлекет­тік органдармен ымыраға келе жүріп атқарып жатқан шаруалар көп.
Парламент қабырғасында мәдениетке, креативті индустрияға, кино өнеріне, өнер саңлақтарына, жекелеген тұлғаларға қатысты түсіп жатқан заң жобалары талқылануда. Алда әлі де біраз дүние оң шешімін табады деп сенеміз. Мемлекет­тің бюджетіне, Үкімет­тің қоржынына сәл көңіліміз алаң болып тұр, дегенмен қаламгерлерге жақсы деңгейдегі қаламақы беру мәселесі дұрыс шешімін табады деген үміт­теміз. Сондықтан кеңесіп, келісіп, Жазушылар одағының, жазушылардың барын арт­тырып, жоғын түгендеуге, уақыт­тың сын-қатерлеріне төтеп беруіне біз де барымызды саламыз.
Қаншама жылдар бойы қағажу көріп келген Ғылым академиясы Мемлекет басшысының ұйғаруымен мемлекет­тің толық қолдауын сезініп жатыр ғой. Президент Қасым Жомарт Тоқаев барлық Жолдауларында, Үндеулерінде қаламгерлер қауымына да қайырыла отырып, оларды қолдау бағытында нақты ұсыныстарын, тапсырмаларын беріп жатады, соның нәтижесінде жүзеге асқан жұмыстар аз емес. Биылғы Ұлт­тық құрылтай мінберінен Президент бір емес, екі мәрте Жазушылар одағының бүгінгі төрағасы Мереке Құлкенов ағамыздың есімін атап, жазушыларға деген көңілін, құрметін білдірді. Осының өзі де – біраз дүниенің дәлелі.
— Тоқсан жылдық мерекелік датаға орай, қаламдастарыңызға қандай тілегіңіз бар?
— Осынау қара шаңырағымыздың тоқсан жылдық торқалы тойының қарсаңында жүрекжарды тілегіммен бірге қаламгерлерге деген базынамды да айтсам деймін. Бізге қазіргі уақыт­та көпке күлкі, бір-бірімізге түрпі болмай, аға буын, орта буын, жас буын бар, қалыптасып келе жатқан жеткіншектер бар – бәріміз жұдырықтай жұмылып, бірлігімізді сақтағанымыз жөн. Айдың-күннің аманында ақ-адал жолынан тайып, бір-бірін күстәналап жататын жайт­тар кездесіп қалады. Есімі дардай қаламгерлеріміз болмайтын тақырыптың айналасында жүз шайысып жатады. Таза шығармашылық бағыт­тағы пікірталастарды, қоғамдық ахуалға қатысты талқылауларды құптаймыз. Ал енді кей қалам ұстаған жандардың жеке басқа өтіп, ауыр айыптаулар айтып, бет көрместей болып жатқаны менің жанымды ауыртады. Өзім қызмет еткен жылдардан білемін ғой, түрлі жиындарды, Жазушылар құрылтайын ел-жұрт әлдебір театрлық көріністі күткендей күтетін болды, бұл — ұят.
Жазушылардың елдіктің, ұлт­тық болмыстың туын биік көтеріп, ауызбіршілікте болғанын тілеймін. Тоқсан жылдықтың бедерінде сөз өнерін серік еткен қауымға халыққа сөзін өткізе алатын, өзінің сүйкімін арт­тыра алатын, халықтың кітапқа деген сүйіс­пеншілігін өсіретін тұлға болуды тілеймін.
— Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбат­тасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР1
Аноним 14.12.2024 | 18:20

Тамаша әңгімелесіу

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір