Айыр қалпақтылар еліндегі ауыл келбеті
22.07.2022
484
0

Қырғыз жазушысы, публицист Әбдікерім Мұратовтың әңгімелер топтамасы Гүлнұр Қыранбайдың аударма жасауымен «Шегемдік қыз» ат­ты жинақ болып «Shabyt» (Алматы, 2022) баспасынан басылып шықты. Жазушы шығармашылығының арқауы қырғыз халқының күнделікті тіршілігін танытатын ауыл тұрмысынан алынған, қырғыз халқының дәстүрлі қоғамнан ажырамағандығының нақты көрінісін әңгіме желісімен бірге өрбітіп отырады.

«Қырғыз қазақ бір туған» деген халық танымының ақиқаты ортақ құндылықтарымыздан көрінеді. Екі халыққа ортақ тұрмыс-салт жырының бірі «Жоқтау» үлгілерінде бауырын жоқтаған қарындастың, ерін жоқтаған әйелдің мінез-құлық, ақыл-ой дамуы анық көрінеді. Қырғыз жазушысы Әбдікерім Мұратовтың «Жесір жеңгемнің жоқтауы» әңгімесінде күйеуін жоқтаған әйел күйеуінің өмірден ерте озғанын: «Қияға жетпей құлаған», «Асуға жетпей адасқан», – деп жеткізсе, тірексіз, сүйеусіз қалған азасын: «Сен барда мен қырда бір тұрған қырандай ем», «Сен барда мен шоқыда бір тұрған ұлардай ем», – деген жолдармен айтады. «Жоқтауды» қазақ халқында да, қырғыз халқында да басына қайғы түскен адам ақындық қабілеті болмаса да өз жадынан шығарып, азалы мақамға салады. Әңгіме желісінде жесір қалған әйел көзі тірісінде ерінің озбыр мінезінен азап көрсе де, «құдай қосқан қосағының» қай қылығына болса да кешіріммен қараған. «Ақ мүйіздім, керілген», «Сәні едің ғой, елімнің», «Шахзададай келбет­тім», «Шат­тығы едің сауықтың», – деп, көңіл айта келген ағайын-туыстары, жора-жолдастары алдында ерін көзі тірісінде жігіт­тің сұлтаны ғана емес, сырт­таны болғандай сипат­тап, қырғыз әйелінің еріне деген құрметін көрсетеді. «Жоқтау» айту – екі халықта да, байырғы түркілік дәстүрден бастау алып, ислам дініне кірігіп, бүгінгі күнге жалғасып жеткен дәстүр. Інісінің өзі ағасын «озбыр күйеу» деп танығанымен, кейіпкер әйелге жоқтау айтқызу арқылы марқұм болған кісіні аза тұту ғұрпын көрсету ғана емес, ерінің алған жарына аманат деп қарап, өмірде құрметпен, сыйластықпен қарауға тәрбиелеу екені анық байқалады.
Неке – ислам шарт­тарына негізделген ер мен әйелдің отбасылық одағын бекіту. «Үркінбай. Үш талақ. Үш бала» әңгімесі арқылы некенің ең басты отбасылық құндылық екенін көрсете отырып, ер азаматқа алған жарына құрметпен қарауына уағыз, пәтуа айтқандай. Ал Бүзейнеп ерінің сөзін екі етпейтін, ерінің бұйрығын бір ауыз сөзге келмей орындайтын әйел образын береді. Бүзейнепке күйеуінің сөзі – хақтың сөзі, отбасылық тәрбие солай. Шариғат заңы бойынша талақ екі рет айтылып, идда мерзімі өтсе, онда қайтадан неке қиылады, ал үш рет айтылса, онда әйелі басқа ерге некелесіп, одан ажырасып, тек содан кейін ғана өз күйеуімен некелесе алады. Даладан ашумен келіп, әйеліне үш талақ айтқан Үркінбай отбасының ең қымбат құндылық екенін «Екі реткі талақта қайта табысуға болады» (Құран, Бақара сүресі, 229 аят); «Ері әйелін үшінші рет талақ етсе, онда әйел басқа біреуге тиіп шықпайынша қайта қосылуына рұқсат етілмейді» (Құран, Бақара сүресі, 230 аят) деген шариғат жолдарымен таныс болғанда ғана ұқты.
Мақал-мәтелдер – қай халықтың болмасын бірегей ақыл-ойының жемісі. «Ат қартайса есекпен дос болады, адам қартайса төсекпен дос болады», «Ешкі қойға сын тағады, құйрығына қыл тағады», «Балалы байтал алма, баласы тебер ішіңе», «Тусаң – тұяқ, тумасаң – ұят» деген мақалдарды әңгіме арқауына енгізу арқылы қырғыз халық ауыз әдебиетінің көне үлгілерін тілге тиек етіп отырады.
«Бозашы» әңгімесінде қырғыз ерлерінің сусағанын басатын боза сатуды кәсіп еткен «бозашы үйдің» болуы халықтың күнделікті өмірінің бір көрінісіне айналғанына емес, өзім этнограф маман ретінде бидайдан боза жасаудың халықтық білімін танытатын технологиясымен қатар, оның бидайдан, жүгеріден жасалатын түрлеріне көңіл аудардым. Боза жасау қазақтардың тұрмысында қолданыстан шыққанымен, кезінде көңіліңді сергітетін дәстүрлі сусынның бірі болғаны баршамызға аян.
Әбдікерім Мұратовтың «Ошақ», «Сүндет­теуші», «Азаншы», «Арша астындағы айлы түн» әңгімелеріндегі дәстүрлі тіршіліктің көріністері оқырмандарды қырғыз ауылының ортасына алып барады. Өзіңді сол ауылдың бір тұрғынындай сезініп, әңгімеге арқау болған оқиғаның ішінде жүргендей күй кешесің. Этнографиялық көріністер тамызық болған әдеби шығармалардың маңыздылығы әсіресе қазіргі кезеңде байырғы тұрмыстан дерек беретін көнекөз қариялардың азайған тұсында ерекше арта түседі. Әбдікерім Мұратов жазушы, публицист ғана емес, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Жазушының дәстүрлі тұрмысты, халық білімін әңгіме арқау етуі зерт­теумен бірге ұштасып отырған.
Түркі тілдерінің қыпшақ тобының қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдері – қыпшақ-ноғай тіл тармағына, ал қырғыз, алтай тілдері – қырғыз-қыпшақ тіл тармағына бөлінеді. Қырғыз, қазақ тілдері түркі тілдерінің ішкі топтасуда екі тармақта болуы екі халық тілінің лексикасының айырмашылығында, сондықтан кәсіби шығармалар кәсіби аудармаларды қажет етеді. Аудармашы Гүлнұр Қыранбай қырғыз әдебиетінен Әбдікерім Мұратов прозалық шығармаларын аударып қазақ оқырманына танытуда таңдау жасаудан еш жаңылмаған екен.

Тәт­тігүл ЕРСАЙЫНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір