МЕНІҢ ҚАҒАЗЫМ – АКТЕРЛАРДЫҢ КЕЛБЕТІ
Актерлардың сомдаған рөліне жан бітіріп, кейіпкердің ішкі әлемі мен сыртқы болмысын үйлестіру – грим мамандарының еңбегі. Жуырда осы саланың қыр-сырына үңіліп, түрлі образдарды жасаудың ерекшелігін жан-жақты талдаған «GRIM» кітабы жарыққа шықты. Альбом-жинақтың авторы, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің оқытушысы Жазира Әбілқайырмен әңгімелесе отырып, аталған саланың біз білмейтін құпиясы көп екеніне көз жеткізгендей болдық.
– Жазира ханым, «GRIM» атты альбом-кітабыңыз жарыққа шықты. Осы сала бойынша Қазақстанда мұндай еңбек тұңғыш рет жарық көріп отыр екен. Кітап құрастыру идеясы қашан, қалай туды?
– Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің бұрынғы директоры Бибігүл Нүсіпжанова: «Грим саласына қатысты кітап жазу керек. Грим туралы ешқандай материалдар жоқ», – деп жиі айтатын. Әріптесім Гүлмира Төлеубекқызы да: «Кітап жазуды қолға алуымыз керек. Мынадай кітап жазылса, министрлік тарапынан қаламақы төленеді, мынадай кітап жазылса, онда осындай профессорлар тұруы қажет», – деп бағыт-бағдарларын көрсеткен болатын. Алайда оның ешбірі менің көңіліме жақпады. Сондықтан грим туралы кітапты өзім жасап шыққым келді. Бізде адамдардың көбі, керек десеңіз, өнерде жүрген кей жандар да грим саласын онша түсіне бермейді. Осы бағыттың мән-мазмұнын жан-жақты ашып, айшықтап көрсетуді мақсат еттім де, материалдарды, эскиздерді жинап, реттей бастадым. Кітаптың дизайнын жасау да оңай дүние емес екен. Бірнеше дизайнер ауысып, төртінші дизайнердің өзі сандаған нұсқаны жасап көрсетті. Ақырында дизайнердің он екінші нұсқасына тоқтадық. «Грим дегеніміз не? Оған не кіреді? Қай грим түрі қалай жасалады?»… Осы және басқа да сұрақтарға жауап беретін бұл жинақты қарапайым халықтан бастап, актер, режиссер, продюсерлерге дейін анықтамалық-ақпарат ретінде қолдана алады.
– Осынау еңбек жолына келу барысыңыз жайлы айтып берсеңіз?
– Кішкентай кезімнен өнерді қатты жақсы көретінмін. Театрға ерекше қызығатынмын. Сол қызығушылықтың, арманның ықпалымен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Өнер академиясын тәмамдаған соң ары қарай қызметтік жолды осы оқу орнында ұстаздық етіп, оқу театрында грим маманы ретінде жалғастырдым. Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне қосымша жұмысқа кіріп, бертін келе телевидение саласында қызмет істеп, бірте-бірте киноға бет бұрдым.
– Жалпы, фильмдер көрермен назарына ұсынылғанда ең әуелі артистер мен режиссерларға мән беріледі де, негізгі күш, соның ішінде гримерлар еленбей қалады. Бұндай жағдай грим мамандарына әсер етуі мүмкін бе?
– Грим мамандарының жұмысының бағаланбай, көрінбей жататыны, елеусіз қалатыны рас. Тек гримерлар ғана емес, киім стилистері де, жарық мамандары да бар бұл санатта. Режиссерлар мен актерлар ғана аталады көбіне. Мұндай жайт көңіл күйге едәуір әсер етеді деуге келмес, қайткенде де, еңбек түбі бағаланады.
– Қазақстандағы бұл бағыттың кешегі, бүгінгі беталысы жайлы не айтар едіңіз?
– Елімізде гримді кенже дамыған өнер деуге болады. Әуезов театрында елу жылдан астам қызмет еткен Виктор Алексеевич Щербаков Өнер академиясына келіп, осы сала бойынша төрт группаны оқытты. Ол тұста аталмыш мамандыққа студенттер төрт жылда бір рет қабылданатын. Біз –ағайдың екінші түлектеріміз. Төртінші түлектерін академия қабырғасынан ұшырар сәтте ұстазымыз дүниеден өтті. Жалпы, нағыз грим мамандары санаулы ғана. Қазір түрлі-түрлі жаңа сериалдар, бүгінгі заманды бейнелейтін кинолар шығып жатыр ғой. Көпшілігінде грим мамандары емес, тек бетті бояндырып, шашты тарап беретін визажистер жұмыс істеуде. «Визажистің» қазақшасы – әрлеуші. Грим мамандарының жұмысы бөлек. Бізді көбіне титрларда, басқа жерлерде «грим жөніндегі суретші» деп қате жазады. Дұрысы – «грим суретшісі». Бізге диплом осылай берілген. «Ауқымды, үлкен тарихи жобаларға грим керек», – деп жатады. Сақал-мұртты бір талдап отырып құрастыру, жасанды шаш үлгілерін дұрыс пайдаланып, түрлі шаштардан (қыл түрлерінен) өнімдерді жасау, шабылған бас, қол-аяқ болсын, шыққан көз, нешетүрлі жарақаттар болсын, портреттік образдарды жасарту, қартайту болсын, осының бәрі қолынан келетін, кез келген жанды тұтастай өзгертіп жіберуге қауқарлы, әрі айналасындағы өзге мамандарды да маңайына топтастыра алатын адамды грим маманы деп атайды. Айтып өткенімдей, Қазақстанда мұндай мамандар өте аз. Он саусағыңыз еркін жетеді санауға. Және әлі күнге дейін гримді дұрыс түсініп, дұрыс бағалап жатқан жоқпыз. Он күндік, бір айлық курсты оқып алып, грим маманымын деп жүрген азаматтар жеткілікті. Осындай жайларға көңілім толмайды.
– Өзіңіз грим жасаған фильмдерге тоқталып өтсеңіз. Ішінде ең оңайы, ең күрделісі қай туындылар болды?
– Әр жобаның өз қиындығы болады. Жалпы, қай жұмыс та маған оңай келген жоқ. Ең алғаш өзім өз болып жасаған жұмысым – он алты сериадан тұратын «Алдар көсе» телехикаясы. Режиссер Алдар көседен басқа кейіпкерлердің бәрінде, тіпті қарапайым халықта да сақал-мұрт болуы қажеттігін айтқан. Әр образдың сақал-мұртын, гримін орындап шықтым. Одан кейінгі жобам – Бауыржан Момышұлы туралы фильм. Бұл жерде де портреттік ұқсастықтар жасау, соғыс даласында өтетін эпизодтарға жарақаттар қосу, әскери адам болған соң шаштарын да болмысына лайықтап ретке келтіру міндеттерін атқардым. Шетелдік телехикаяда Пол Патинсонмен бірігіп жасанды шаш үлгілерін жасағаным бар. Бертін келе «Тар заман» тарихи сериалындағы Алаш зиялыларын сомдайтын актерлардың шаш үлгілерін жасап, сақал-мұрттарын бастырып, өзге де қажетті дүниелерді бет-келбеттеріне үйлесетіндей етіп образдап беруге тырыстым. Бұл да – өзінше бір күрделі дүние. Көпшілік «бояуды қалыңырақ жағып, сақал-мұртты қалыңдап желімдеп, шашын қайырып тарай салса болды, ұқсап шыға келеді» деп ойлайды. Ал шындығында, грим білінер-білінбес болуы керек әрі ол актерға өте жарасымды болуға тиіс. Жарасымды бола тұрып, бекітілген образға лайықты болғаны жөн.
Қай жұмысымды айтсам да, әрбірінің өз күрделілігі, өз жеңілдігі бар. Басын бастау әр кезде де қиындау. Ары қарай жалғасын тауып, ілініп кеткенде бірте-бірте үйреншікті жұмысқа айнала бастайды.
– Шетел фильмдерінен сізге қатты ұнаған, таңдандырған грим жұмыстары бар ма?
– Таңданыс тудырған шетел фильмдері көп. Жаңадан шыққан фильмдерді қалт жібермей қарап, жаңалықтарымен танысып отырамын. «Бенджамин Баттонның жұмбақ әлемі» фильмін ерекше атар едім. Мұнда елу пайыз грим, елу пайыз графика маңызды рөл ойнап тұр. Әрі осы грим мамандары да, графика мамандары да Оскар алған. «Гранд Будапешт қонақ үйі» фильмінде де грим өте сапалы. «Лабиринт фавна» фильмінде грим тіпті керемет жасалған. «Чернобыль» деген ағылшындардың сериалы бар. Ол туындыда апаттан зардап шеккен жандардың образын, уланудың түрлі зардаптарын медициналық тұрғыдан өте шынайы кейіптеген.
– Сол секілді олқылығы бірден байқалып тұратын фильмдер де кездесе ме?
– Әрине, кемшін тұсы көзге ұрып тұратын кинолар да жетерлік. Атын атау қажет емес деп ойлаймын. Өрескел қателікпен шығып жатқан отандық кинолардың да қатары аз емес, шетелдік фильмдерді айтпағанда.
– Грим жасағанда қандай заңдылықтарға жүгінесіздер? Бұл процесс қалай жүреді?
– Ең бірінші режиссердың ой-пікірін тыңдаймыз. Екінші кастингтен өткен актерлардың фотосуреттеріне қарап немесе өздерімен жолығып, кеңесіп аламыз. Өзім көп жағдайда актерлармен ақылдасқанды жөн санаймын. Шаш өсіре ме, тақырлап ала ма, сақал-мұрт өсіре ме, өсірмей ме, бет терілерінің сезімталдығы қандай, аллергиясы бар ма, жоқ па, осының бәрін ескеремін. Осы сатылардан кейін оператор мамандарға бағынамын. Өйткені операторлар жарықты қалай қояды, қандай түспен көп жұмыс істейді, соны естен шығармау – түсірілім барысында өте маңызды.
– Грим маманының бойында қандай қасиеттер болғаны жөн?
– Грим маманының бойында ең әуелі суретшілік, мүсіншілік қасиет болғаны дұрыс. Анатомиядан, медицинадан, психологиядан хабардар болғанда ғана ол бассүйек, бетсүйек, денедегі басқа да сүйектердің орналасу ретін, бұлшықет қимылдарын, тері қабаттарының ерекшелігін түйсіне алады.
Ең маңыздысы – тазалық, ұқыптылық. Алдындағы актердың келбетіне сызат түсіріп алмайтындай тазалық сақтағанда ғана, актер маманға сенім арта алады.
Кейде түсінбестіктер туып қалады. «Мен – суретшімін, маманмын. Қалай жасайтынымды өзім шешем, осылай көріп тұрмын, осылай әдемі», – дейтіндер де кездеседі. Иә, біз – маманбыз. Бірақ біз ұжымға тәуелдіміз. Бұл – ұжымдық жұмыс. Себебі грим ең бірінші жарыққа тәуелді, ал жарықты қоятын – оператор мамандар. Олар камерасына тәуелді. Кейде грим киім үлгісіне қарай жасалса, енді бірде бірінші грим жасалып, соған сай киім таңдалады. Екеуі бір-бірін толықтырып отырады. Жалпы, киім мамандары мен стилистер, актерлар мен режиссерлар, гримерлар ортақ мүддеге жұмылып әрекет етеді.
Гримерлардың шеберлігін танытатын жұмыс түрі – қарттық кезеңге жан бітіру. Әсіресе жас немесе орта жастағы актерлар егде адамды ойнаса, беттеріне әжімді дұрыс түсіру, кейіпкер ретіндегі мінез-құлқын жүзіне қондыру асқан сақтықты қажет етеді. Қарттық қажет екен деп, рөл сомдаушының өз әжімдерін қоюлап бояп, тағы қосымша артық сызықтар салып, тор-тор әжімдерді қаптатып тастауға болмайды. Мұндай кезде көңілді адамдардың әжімі сәл басқаша түседі, ызақор, ашушаң адамдардың да әжімі бөлек. Мейірімді, көңілшек адамдардың әжімі мүлде басқа болады. Мейірімді, ашушаң, жылауық… Осы үш эмоция иелерін бір-бірінен сәтті ажырата алғанда ғана дұрыс образ туады.
Қазір өзім ерекше қызығушылық танытып жүрген физиогномика деген сала бар. Ол адамның жүзіндегі әжімдерді жандүниесімен, жүріп өткен жолымен, психологиялық ахуалымен байланыстыра отырып зерттейді. Жиі қайталанатын бет қимылдарына қарай бетте пайда болатын әжімдер бар. Ол – табиғи. Сонымен қатар жанкүйзелісі де, тіпті қиындықтан сабақ алса да, келбетке өз қатпарын қалдырады. Осы ғылыми негізді білу де бізге аса қажет. Кейіпкердің жүзіне оның адами болмысын ғана емес, өмірде жүріп өткен жолын да қондыра білу – басты талаптардың бірі.
Гример жасай алуға тиіс тағы бір дүние – тату. Бұл ағылшын сөзі – «денедегі көркем сурет» дегенді білдіреді. «Қазақ боянбаған, қазақта ондай болмаған», – деп бізде көп жайларды жоққа шығарып жатады. Тарихқа зер салып қарасаңыз, сақтар дәуірінде тату өнері өте жақсы дамыған. Кеңесші тарихшылардың айтуынша, 1943 жылы екінші Пазырық қорғанынан табылған жас ханзаданың бүкіл денесі татуға толы болған екен. Бұл Алтай өңіріндегі қазба жұмыстары кезінде табылған ғой. Менде: «Қара топырақты жер. Суық, мұзды аймақ. Адам денесі де қанша жылда шіріп жоқ болып кетеді. Тату көріністері қалай сақталған?» – деген сұрақ туған. Сақтар қабір қазғанда жан-жағын ағашпен бекітіп, астына асфальт секілді тас төсеген екен. Сонда ғасырлар бойы жауған жаңбыр қабірге тамшылап, жиналып мұзға айналған деседі. Сол мұзды арнайы апараттармен зерттегенде ханзаданың білегінен жауырынына дейін, екі қолында, оң аяғында тізесінен тобығына дейін тату суреттері болғаны анықталған. Сондай-ақ тағы бір қазба жұмыстары кезінде әйел адамдардың денесінің мумиясы табылған. Онда да денедегі тату суреттері көптеп кездесті. Әрі ер адам мен әйел адамның денесіндегі суреттер екі түрлі көрініске ие. Осы тату суреттерін «Томирис» тарихи жобасында қолданған болатынбыз.
– Шәкірттеріңіз тәрбиелеп жүрсіз бе?
– Дәл грим суретшісі мамандығынан әзірге шәкірт тәрбиелеп шығармадым. Өнер академиясында төрт жыл істедім, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде он жеті жыл болды ұстаздық етіп келе жатқаныма. Болашақ драма театрының, музыкалық драма театрының қуыршақ театрының актерларына, цирк әртістеріне, хор әншілеріне, эстрада-вокал әншілеріне, дәстүрлі өнер жұлдыздарына өз-өздеріне грим жасауды, қай кезде қандай грим түрін қолдану керектігін үйретеміз. Бұны білу өнер иелеріне аса қажет. Өйткені, бұған дейін де айтып өткенімдей, үлкен театрдың өзінде, әрі кетсе, төрт гример ғана қызмет етеді. Гример тапшы кездерде сахна иесі өзіне дұрыс грим жасай алғаны дұрыс.
– Өзіңіз ойлап тапқан образдар бар ма?
– Мана айтып өткенімдей, біз режиссердың талап-тілегіне сай образдарды жасаймыз. Дегенмен өзім құбыжықтың бейнесін жасап көргенмін. Оны қолға аларда да бірдеңе ойлап табайын деген жоқпын. Қазақстанда материалдар өте тапшы ғой. Латекс деген материал гримге, маскаға қандай мөлшерде кетеді, оны дайындауға қанша уақыт кетеді, соны білмекке өзім үшін жасағанмын бұл бейнені. Өйткені қандай жоба болмасын, кейіпкерді жасартуға, қартайтуға, басқа да өзгерістерге қай материалдың қандай көлемде қажет болатынын нақты айтып беруіміз керек. Қазір, мысалы, мен жоба барысында «осындай материал керек, бұл материалмен мен осындай образдарды жасап бере аламын» деп нақты айта аламын.
– Оқушы кезіңізде сурет салған екенсіз. Грим маманы болып, сурет салу қалыс қалып қалды-ау деп өкінген сәттеріңіз болмады ма?
– Сурет салудан тыс қалдым деп өкінбеймін. Себебі суретшілер ақ қағазға салып жатса, менің қағазым актер-актрисалардың бет-келбеті ғой.
– Алда қандай кейіпкерлерге грим жасағыңыз келеді?
– Арманымдағы образдардың барлығын дерлік жасап келе жатыр екенмін. Портреттік образдарды жасағым келген, оны «Тар заман», «Мағжан», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін», «Қаламгер», «Бекзат» сериалдарынан көрулеріңізге болады.
Адамды қарттық кейпіне енгізу, арнайы әсерлі (спец. эффект) гримдерді де жасадым. Көптен ойымда жүрген дүние бар еді, ол – бір адамның түрлі кезеңдегі бейнелерін образдау. Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы жайлы түсіріліп жатқан «Соңғы үкім» фильмінде белгілі актер Азамат Сатыбалды басты кейіпкерді сомдайды. Мұнда Ұлт ұстазының жас кезінен өмірінің соңына дейінгі кезеңді (1896 жылдан 1937 жылға дейінгі уақыт) қамтитын сегіз жасын көрсетеміз.
– Жақында көпшілікке жол тартқан «Мағжан» сериалы мен «Дос-Мұқасан» көркем фильмдерінде де жасаған жұмыстарыңыз оң бағасын алып жатыр. Бұл жобаларға дайындық қалай жүрді?
– Тарихи фильмдермен жұмыс кезінде, режиссердың талаптарынан бөлек, кейіпкер туралы мәліметтерді, материалдарды жинап, егер ол шығармашылық адамы болса, оның өмірбаянын, туындыларын түгел оқуға тырысамын. Өнер адамының жандүниесін айқара көрсететін бірден-бір негіз – оның шығармалары, жанынан, жүрегінен шыққан туындылары, аузынан шыққан сөздері. Түсірілімде Мағжанның екі фотосуретіне сүйендім. Алғашқы кезде актердың шашын тарап, ұқсастырсақ, кейінгі уақыттағы бейнесінде парикті ақын шашына ұқсатып, реттеп әрі актерға жарастыруға тырыстым. «Дос Мұқасан» фильмін түсіру барысында Мұрат Құсайын ағамыздың образын, шашын жасауға шақырған. Шашты жасамас бұрын, рөлге бекітілген Ғани Құлжановпен кездесіп, бас формасының, көлемінің сызбасын сызып алдым. Сақал-мұрт жасаған кезде де, жасанды шаш жасаған кезде де, оның ең бірінші актерға жарасымды болғанын қалаймын. Байқасаңыздар, Мұрат Құсайын ағаның шашы сәл артқа қарай кеткен. Ол кісінің бас формасы бөлек, актердың бас формасы бөлек қой. Қандай өзгерістер жасалса да, актердың өз келбеті көрінбесе, танымал актерды таңдап қажеті қанша деп ойлаймын. Ғани ағаның бас формасын сызып алған соң, парикті жиырма күнде тігіп дайындаған болатынмын.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА