ӨМІРДІҢ МӘНІ ШҮКІРШІЛІКТЕ
Өнер жолында жүрген адамнан сұхбат алуға қамданған тілшінің өнер туралы көп ойланатыны бар. Театр атты сұлу өнерге сүйсіну мен оның тереңіне бойлау қанша қиын болса да өзіңше талпынып бағасың. Ал өмірінің алпыс жылын өнерге арнаған сексен жастағы ананың айтары теңізден де терең екенін білгенде әр нәрсенің қадіріне қайта мән бере
бастайды екенсің. Ана жүрегінің мейірімі, ана пейілінің кеңдігі, оның темірдей төзімі бір ұлтты ғана емес, күллі адамзатты қорғап тұрғандай.
Нүкетай МЫШБАЕВА,
Қазақстанның халық артисі,
«Парасат» орденінің иегері
– Алғашқы рөліңіз Ә.Мәмбетовтің «Беу, қыздар-ай» спектакліндегі Айсұлу екенін көрермен жақсы біледі. Өмірге Айсұлудың көзімен қараған жас шағыңыздан бергі уақытта не өзгерді?
– Мен кішкентайымнан әкемді білмей өстім. Шешем бала күнімнен әртіс бол, әртіс бол, деп құлағыма құйды. Оттың басы, ошақтың қасындағы кемпірдің миына әртіс болу деген ой қайдан кірді дейсің ғой, себебі ол өзі суырыпсалма ақын, әнші адам еді. Мені екі-үш жасымнан билетіп, ән айтқызып өсірді. Үйдің кенжесі болдым, менен үлкен бауырларымның төртеуін де қанды соғыс алып кеткен. Ол жалғыз біздің басымызда ғана емес, сол замандағы барлық отбасындағы жағдай еді. Бүткіл ауылдың қайғысын өз көзіммен көрдім. Соғыс басталған жылдары мен алты-жеті жаста болатынмын. Кемпірлердің балаларының шаужайынан ұстап жылағанын көрдім. Бізді бағып-қағу үшін шешем сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс істеді. Сол себепті де «Беу, қыздар-ай» спектакліндегі сауыншы қыздардың бейнесі маған жақсы таныс. Бригадирдің рөліндемін. Шешем не істесе, сол жұмысты бірге істеп өстім, балалығымыз қиын болды. Шешем сиыр сауса, оның бұзауын тарттық. Сауыншыларға ешкім майлы сүт бермейді, бригадир сүт ұрламасын деп төбеден төніп қарап тұрады. Мені аяй ма, білмеймін үндемейді. Кішкене ғана топатайым бар еді, сол топатайыммен сүттің жебіндісін сауып аламын. Шешем, бойы тапал бір сиырды Нүкетай сиыр деп атайтын, менікі деп иемденіп оны да сауып алып, шайға қатып ішемін. Шешем «Беу, қыздар-ай» спектаклін көріп отырып «Е-е-е, жарығым, өзіміздің өміріміз ғой, соны ойнап отырсың. Бірақ сен мына жерде бастықсың, өлең айтып жүрсің. Ол кездегі сауыншы мен бұл кездегі сауыншымен салыстыруға болмайды», – деуші еді. Спектакль болатын күні шешемді екінші қатарға отырғызып қоямын. Бір күні бір қыз бен жігіт келіп, апа, мына орын біздікі еді, билетіміз бар деп билеттерін көрсеткен екен, шешем оларға «Мына қағаз билеттерің бе, менің тірі билетім әне, сахнада жүгіріп жүр, менің орным дейсің бе? Ендеше тұрайын», – дейтін көрінеді. Сонда әлгі жас балалар жо-жоқ апа, отыра беріңіз деп басқа орынға кетеді екен. Шешемнің әзілі жақсы еді. Біз «Беу, қыздар-айда» сауыншылардың рөлін тек ойнап қана шыққан жоқпыз, сол өмірді, сауыншылар көрген қиыншылықты көрдік. Ол кездің көзқарасымен қарасам, қазіргі өмір мүлде басқаша. Бұрын соғыс болып жатса да адамдар жайдары, бір-біріне деген сенімі мол еді. Қыздар бірігіп әндетіп жүріп масақ тереміз, масақ дегенің бидайды орып кеткеннен кейінгі қалдық қой. Әкем-ау, сол қалдықты аяйды ғой бізден. Кішкентай болсам да әлгі бригадирден бізден тартып алған масақты қайда апарасыз деп сұраймын. Солдатқа жібереміз дейді, өздері жей ме, солдатқа жібере ме, оны Құдай біледі?.. (күледі).
Мен қулыққа басып енді өсіп тұрған бидайдың тасасына тығылып дорбама төгіп аламын. Әпкемнің аты Күлиша, менің шын атым Нұриша. Еркелетіп Нүкетай, Нүкетай деп айта берген соң куәлігіме де Нүкетай деп жазылып кетті. Сол Күлиша әпкем өзінің бидайын бригадирге алдырып қояды. Ал мен үйге бір-екі күн жейтін бидай алып келемін. Сондай қиыншылықты көргеніміз біздің қазіргі өмірімізде көп пайдасын тигізді. Себебі, қиындыққа әбден пісіп өстік. Анам мені осы халге өз еңбегімен жеткізді, 75 жасқа келіп қайтыс болды. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Анасын» жылап отырып көреді. Үйге қайтар жолда, «Нүкеш-ау, менің өмірімнің барлығын Шыңғыс Айтматовқа айтып қойыпсың ғой. Жарығым-ай, айнытпай жазыпты. Шыңғысым-ай, ылғи Шыңғыс Айтматов деп айтып жүресің, ол кім еді?», – дейтін жарықтық. Сахнаға Майра боп ән айтып шыққанымда «жүрегім жарылардай қуандым ғой, менің арманым орындалды, жүрегім тынышталды», – дейтұғын.
– Бикен Римова, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова сынды өнердегі апаларымыздың көзін көріп, өнегесін алдыңыз.Олардың бойындағы жақсы қасиеттер кейінгі жастарға қаншалықты дарыды, өнердегі ұрпақ сабақтастығы қалай жалғасып келеді?
– Осы театрда менің де көп арманым орындалды. Әзірбайжан Мәмбетовпен бірге жұмыс істедім. Фарида Шәріпованың дауысы, үні, жүріс-тұрысы қандай еді… Түрі онша емес болса да сахнаға шыққанда жанып кететін. Құрманбек Жандарбеков институтта оқып жүргенімізде Раушан Әуезбаева, Асанәлі Әшімов, Сәбит, Райымбек барлығымызды осы театрға алып келді. Содан бері алпыс жыл өмір өтті. Театрды ешнәрсеге ауыстыра алмаймын. Трагедияда, комедияда, драмада ойнадым. Барлық рөлімді керемет ойнадым деп айта алмаймын, көрермен мен режиссердің көңілінен шықпаған тұсым бар шығар. Театрдың іргетасын қалаған керемет табиғи актерлермен қатар еңбек еттім. Біздің бақытымыз да сол. Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Хадиша Бөкеева, Хабиба Елебекова сынды табиғат талант берген артистердің өнегесін алдым. Адам баласы оқып әртіс болмайды, оқытушы әртісті оқыту арқылы тек жолға салады. Ал оның ішіне талант дарыта алмайды. Актер ең болмаса кітаптан оқып өмірдің қадірін білу керек. Сонда сенің сахнадағы сыбырың да болконға жетеді.
Қазір мен 80-нен астым, осы уақыт аралығында жарықты да, қараңғылықты да көрдім. Бір биіктікке көтеріліп алып сол деңгейде қалқып жүрсең тоғышар боласың. Арасында жаның қиналып, оны жеңіп пісуің керек. Қиыншылықты көрмей адам болмайсың.
Ал қазір заман бөлек дейміз, бірақ заман, заман деп итеріп салуға да болмайды. Біздің заманымыз жоқшылықтан баршылық жасаған заман, дүниенің бәрінің қадірін білген заман, үлкендердің сөзін тыңдайтын заман. Қазір ешкім ешкімді тыңдамайды. Біз үлкен апа-ағаларымыздың әр рөлін арнайы келіп көретінбіз. Тықақтап әр нәрсені сұрай беретін болған соң, маған Серағаң «Әй тықылдақ, тықылдап сөйлеме» деп айтып отыратын. Осындай өнегелі адамдарды тыңдап, тәрбиесін сіңіріп есейдік. Бикен, Сәбира, Шолпан, Хабиба апамдармен бірге серіктес болдым. Өмірде де анам секілді еді. Ауыл-ауылды аралап спектакль қойғанда біз ол кісілердің шәйін беріп, киімін кигізіп жүретінбіз. Сөйтіп жүрген жастарды жақсы көрмегенде апаларымыз кімді жақсы көрсін. Заманымыз, тәрбиеміз солай болды. Ал енді қазіргі жастардың заманы басқа. Қазір арпалыс заман. Үйде отырсаң да уақытың жетпейді. Зейнеткерлікке шығып кетсем де бір-екі спектакльге қатысамын, сериалдарға жиі шақырады. «Мен тіпті қартайдым, бара алмаймын» десем, бой бермейді. Жақында ғана «Қызыл алма» деген сериалға түстім, қалай болар екен деп ойлап ем, жаман емес, сөзімді жастардан бұрын жаттап аламын. Бірінші дублден-ақ барлығын айтып шығамын, режиссер мақтайды. Оған әлдеқандай мәз болам. Бұрын жарнамаға жиі түсетінмін, қазір көп бармаймын. Құдайға шүкір, өстіп өз еңбегіммен өмір сүріп келемін.
Қазір кейбіреулер өнерімді елге, халыққа арнаймын дейді. Олай емес, адам жұмысты ең алдымен өзі үшін істейді. Егер оның өнері халыққа ұнап жатса тіпті рахат. Ел үшін, жұрт үшін деген сөзге көп еліте бермеймін. Өзің үшін сапалы жұмыс істесең еліңе де, жұртыңа да көмектескенің. Әртістің еңбегі – адал еңбек. Менің ізімді басып келе жатқан актерлердің ішінде сахнадан кетсек өлеміз дейтіндері бар, қарақтарым, солардың еңбегі жансын.
– Әйелдің тағдыры туралы сізді не толғандырады?
– Әйел темірден жаратылғандай болып көрінеді. Темірді соққылай берсең майырылады ғой, мен өмірімде көп соққы көрген жерім жоқ. Жақсылықты көп көрдім, жақсы адамдардың жылы сөздерін естідім. «Әйелдің қырық жаны бар» дейді, мен оған әйел – ана – жер – ана деп қосар ем. Жер ананың көтермейтін тауқыметі жоқ әйел де сондай. Жақсылықты да, жамандықты да көтере біледі. Әйел мықты болса қай қиындықты да жеңіп шығады. Ал енді анау да жаман, мынау да жаман, жолдасым да жаман, үйім де пәлен-түгілен деп отырса ісі өнбейді. Әйелдің жүгі қашан да ауыр, әйел оны көтере білгенімен қадірлі. Сексендегі ана ретіндегі айтарым өмірдің мәні шүкіршілікте. Ел іші тыныш, халық аман болсын. Менің жасыма келгенде адамның одан басқа тілеуі де болмайды ғой. Қасымда Салиқа, Баян, Торғын сіңлілерім отырады, олардың да тілеуін тілеймін. Қазір әлемде неше түрлі жағдай болып жатыр ғой, ел ішін Құдай жамандықтан сақтасын. Адамзаттың тамағы тоқ болған сайын арпалысқа түсетіндей көрінеді. Сексенге келдіңіз деп қарашаңырақ театрдың ұжымы тойымды жасап жатыр. Бұл өнердің құдіреті, әйтпесе біз кімбіз… Өнерде жүрмесең қанша іс атқарсаң да атың шықпай қалуы мүмкін.
– Актрисаның бақыты неде?
– Кез келген адам ең алдымен отбасының, бала-шағасының аман болғанын тілейді.Ал актрисаның көкейінде ылғи да өнерімді халыққа көрсете алдым ба деген сұрақ тұрады. Далаға шықсам, сізді пәлен кинодан, түгілен бағдарламадан көрдік дейтін көрермен мерейімді өсіреді. Актрисаның бақыты осы. Көрермен сені танымаса, білмесе, демек өз қабілетіңді көрерменге көрсете алмадың, өз ісіңді жүрегіңмен жеткізе алмадың деген сөз. Актрисаның бақыты – көрерменнің көзайымы болу.
Әңгімелескен
Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ.