ӨНЕГЕЛІ ЖОЛ
Өткен ғасырдың 60 жылдарының бас жағында бал-шырын тілімен балалар поэзиясына келіп қосылған ақын – Қастек Баянбаевтың 1966 жылғы жарық көрген «Адамға хат» атты үлкендерге арналған өлеңдер кітабының тәп-тәуір дүние екенін айтпағанның өзінде, оның мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына лайықтап жазылған «Арғымақ» (1962 ж.), «Солақай қарт» (1964 ж.), «Балаларға базарлық» (1966 ж.) кітаптары балалар поэзиясына қосқан сәтті бастауы болды. Бұлай болуына Баянбаевтың еңбекқорлығы, табандылығы, аңғарғыштығы, ең бастысы – табиғи талантының молдығы аса қажетті себептердің бірі деп есептеу орынды. Осы айтылғандардың тым болмаса біреуі жетіспей жатса, Қастекеңнен мұндай дүниелер туа бермес еді, ересектер сәбилеріне қызықты суреттері үшін ғана сатып алатын көп кітаптың бірі болып қалар еді.
Бірақ Қастекең шығармалары ондай арзанқол дүниелер қатарына жатпайды. Ол өз оқушысының түсінік, талғамына қашан да жол таба біледі. Балаларға бір нәрсені айту үшін, өзі бала болып сөйлеп, сәбилерше үн қатады.
Ақынның Қанат деген кейіпкері – кішіпейіл де еңбекқор, иланғыш та тіл алғыш үлгілі бала. Автор оның түрлі-түрлі істері мен мінездерін сенімді етіп бейнелеп отырады.
Қарағайдың қалдығын
Қанат қиып, қашады.
Қиыстырып барлығын,
Бір орындық жасады.
Бөлмесінде бос тұрса,
Орындығы сүйкімді-ақ.
Үлкен кісі отырса,
Ұнатпайды шиқылдап, –
деп «Орындық» атты өлеңінде Қанаттың іскерлігін, орындық жасағанын айтып, мақтап алады да, әлі де болса шегесінің нық қағылмағанын жеңіл ғана сынап өтеді. Автор Қанатқа ұрыспайды, талабын қайтармай, қайта ұштай түседі. Әттеген-ай, бұдан да тәуір етіп, сәл мығымдау жасағанда, түйе ойнақтаса да көтерер еді деп, аз ғана жетіспей тұрған жерін көрсетумен шектеледі. Автордың бұл ойына оқушы да қосылады. Оқушы да Қанаттың ынтасын, тіршілігін ұнатады. Оның да айтатыны сол кішкене ғана «әттеген-ай!», «әттеген-айды» өзі айтқан оқушы енді Қанаттан кеткен қателікті жібермеуге күш салып бағады.
Бұл өлең осы тұрысында айтар ойы жағынан да, жинақтылығы жағынан да, тілі жағынан да өте әдемі өрнектелген, тұтқиылдан туа қалған дүние. Қанатты осы өлеңдегіден кемдеу сынаса, өлеңнің ешқандай әсері болмай қалар еді, артықтау кетсе, Қанаттың көңіліне дақ салуы мүмкін. Бұл сын Қанатқа артық, кем емес, тәртіппен айтылған сын.
Ал Қ.Мырзалиев нақ осы құбылысты өзінше сынайды. Сынағанда да Қастектен гөрі батыра сынайды. Сыны бір топ балаға бағытталады. Бұл ауырлау сыннан ешкімнің көңілі қала қоймайды. Өйткені, ауыр болса да көтереді. Бір-біріне күледі. Күледі де барлығы ұйымдасып, сол сыннан нәтиже шығаруға тырысады.
«Көрші үйдегі ағай әкеп беріп, балалар орындық жасады» дей келіп:
Ол сізге ұнайды қалайда,
Отырып байқаңыз алайда.
Істеңіз барлығын абайлап.
Басады ол «әніне» ойбайлап,
Қозғала бермеңіз сіз текке,
Әйтпесе ол алады тістеп те, –
деп аяқтайды.
Қалған-құтқан ағаштан жасалған орындық шиқылдап, кісінің мазасын алғанымен, оны кешіруге мәжбүр боласыз. Арнайы тақтайдан жасалғанда, жақсы, мықты орындық шығарар еді деп үміт артасыз.
Қанаттың қайырымдылығы «Әжем туралы әңгімеден» анық көрінеді. Оның үлкенді сыйлау, оларды құрмет тұту қасиеттерін ақын табиғи, өте әдемі үйлестіріп айта білген.
Асылы, адамның Отанға сүйіспеншілігі ата-анаға, апа-қарындасқа, туған-туысқандарға сүйіспеншілігінен басталса керек. Қанат әжесі үшін қолынан келетін бар жақсылықты істеуге әрқашан да даяр. Ол әжесін былай суреттейді:
Білетін үлкендер
«Ауылда
Әжемнен кәрі адам жоқ», –
дейді.
Ал жасын есептеп жатуға
Менің бар саусағым жетпейді.
Ақынды «балаша сөйлейді»
дедік қой әлгінде. Балаша сөйлеуі үшін балаша ойлауы керек, балаша ойлауы үшін өзін баламын деп сезініп отыруы керек. Сондықтан да:
Ал жасын есептеп табуға
Менің бар саусағым жетпейді, –
деп ол әлі оннан асырып санай алмайтын, кішкене баланың тілімен сөйлеп отыр. Бала мінезін, бала психологиясын жете білетін, балалар поэзиясына жан-тәнімен берілген ақын болмаса, мұндай жолдардың кез келген ақынның аузынан шыға беруі мүмкін емес.
Қандай образды сурет! Бар саусағын жайып әңгіме айтып отырған бала екеніне тіпті де дауласа алмайсыз. Бала: «жасы жетпістің немесе сексеннің шамасында» деп безеріп отырса, оның кішкентай бала екеніне сене қоясыз ба? Әрине, сенбейсіз. Қанат әжесінің қолқанаты, кебісін қойып, таяғын әкеліп ұстатады. Көшеде жетектеп жүреді. Әрі қарай сөзді Қанаттың өзіне берейік:
Әжемдей аяулы кісіге,
Мен қызық жаңылтпаш айтамын.
Жатарда жылы пеш үстіне,
Жаямын апарып байпағын.
Қандай әдемі көрініс! Қандай инабатты бала! Өз байпағын өзі жаймақ тұрмақ, әжесіне жайғызатын балалар мұны оқыса, сөзсіз ұялады. Қанаттың қарапайым тірлігіне қызығады, енді әжесіне елжірей қарайтын болады.
Қанат әжесін бақшаға ертіп барады, әжесі жүргенде тез алқынып қала береді. Осыны байқаған Қанат әжесіне қолқа салады.
– Әжетай, алайық тынығып,
Шаршадым, – деймін мен өтірік.
Ол менің ойымды шын ұғып,
Дем алар көгалға отырып.
Қанат бұл жерде «Шаршадым» деп көпе-көрінеу өтірік айтып тұр. Өтірік айтқан кісіні адам ұната ма? Әрине, ұнатпайды. Бірақ сіз Қанатқа осы өтірігі үшін еміренесіз, осысы үшін сүйесіз оны.
Оқушылар да осы «өтірігі» үшін құрметтейді. Өзінің жақын көретін адамы үшін тигізетін пайдасы болмаса, өзінен басқаға мысқылдай зияны жоқ «өтірік» айтуға болатынын түсінеді. Мұндай «өтірік» кісіге сүйіспеншілік пен ілтипат, адамгершілік пен қайырымдылықтан басқа ештеңе де әкелмейді. Ендеше, адам баласына керегінің өзі де – сол ғой.
Қанаттың әжесіне деген балалық пәк көңілінің қаншалықты екенін өлеңнің аяқталу кезеңінен де көруге болады.
Жүрерде жер тіреп таяғын,
Орнынан тұрады ол әрең.
Әттең, мен кішкентай баламын,
Әйтпесе арқалап алар ем!.. –
дейтін екі жолынан анаға деген, әжеге деген кішкене баланың үлкен махаббатының құдіреттілігін, шеберліктің шыңында тұрып бейнелей білгенін мойындамасқа лажымыз жоқ.
Қанат – үй ішінің де қолқанаты. Бөпесі жыласа, жұбатады. Бірақ есін білмейтін бала сөзге, істеген ісіне түсіне бере ме? Ондай баланы жұбатудың амалы – тек мама мен емізік қой. Осыны ескеріп, бөпесін жұбата алмай отырған Қанаттың ойын ақын өте шебер де, нанымды бейнелейді.
Тәуір айтам әнді мен,
Әрі қызық әңгімем.
Бүркеніп ап шапанды,
Қорқыта алам апамды.
Сан бұралтып тілді мен,
Әкемді де күлдірем.
Тек жылауық ініме
Ұнамайды бірі де!
«Балалы үй базар» дейді ғой қазақ. Бала осындай ерке қылықтарымен қызық. Апасына шапан бүркеніп барып, қорқытып еркелейді. Апасы да соны біліп, өтірік қорқа қалады. Әкесіне тілін бұрап сөйлеп еркелейді.
Бір жағынан, осындай ерке мінездерімен Қанаттың ойнақы образы ашылып жатса, екінші жағынан, бөпесін жұбата алмай налуынан бөпесін аяғанын көріп, оның сәби жанының нәзік, мейірімді болып өсіп келе жатқанын байқайсыз.
Бар болғаны екі шумақ өлеңде «жұбату» деген бір сөз кезікпейді. Сонда да бөпесін жұбатып отырғаны сезіліп тұрады. Көркем шығарманың құдіреттілігінің өзі де, бір нәрсені натуральды түрде тік айтып жатпай, жанамалай ұғындырып, сол ойды образды тілмен жеткізуінде болса керек.
Баянбаев өлеңдерінің өзегі – юмор. Бұл – балалар поэзиясы үшін ең қажетті шарттардың бірі. Көзіміз түсіп кеткен көп өлеңдердің ішінен «Әндерін тыңдаймынын» оқып көрейікші.
Көбіне кәрі атам
Отырар қамшы өріп.
Мұндайда болатын
Жанына ән серік.
Қабағы шытылып,
Ұмытар басқаны.
Қояды түкіріп,
Тартады таспаны.
Болмаса ермегім,
Зерігіп ондай күн.
Көрген боп өргенін,
Әндерін тыңдаймын.
Сол кезде ойлаған
Шаруасы – қамшы анық.
Білмейді ол маған
Бергенін ән салып.
Үнемі шұғылданып жүрмеген соң, қарт адамның ән салғанының өзі де қызық қой, немересі қанша өтінсе де соншалықты сәтті шыға бермейтінін сезіп, атасы айта қоймайтын болуы керек. Енді жұмыс үстінде кісі өзін-өзі ұмытып кетпей ме? Еңбек ләззатына бөленіп отырып, ыңылдап қойған атасының тірлігіне сүйсініп, әрі қамшы өруді үйреніп, әрі ән тыңдап, екі қоянды бір оқпен соғып алып отырған Қанаттың байқағыштығы еріксіз езу тартқызады.
Оның үстіне немересінің атасына деген ілтипатын түсінесіз. Қанат атасын тіпті де әжуалап отырған жоқ. Одан қулығын асырып, өз ісіне өзі мәз болып күледі.
Қанат Қ.Баянбаевтың үшінші кітабы – «Балаларға базарлықта» бұрынғыдан есейіп көрінеді. Бірінші класқа барады.
Енді пайдалы аң-құстарды да айыра бастайды. «Тирде» деген өлеңде жазықсыз аңдарды – қоянды, байғызды атып жатқан екі баланы сынайды. «Ойыншық болса да обал ғой». Шіркіндер нені атуды білмейді.
Мерген болсам мен өзім,
Тап жаңағы баладай.
Қасқырлар мен құзғынды
Атар едім аямай.., – деп, ойының да есейіп қалғанын байқатады. Жауыздарды ғана ату керектігін меңзейді. Бұл өлеңде юмор болмағанымен, салиқалы ой айтылған. Мұндай өлең де бізге керек. Қ.Баянбаев қысқа өлеңдермен бірге көлемді туындыларға да шебер ақын. Әсіресе, қарттар туралы жазғанда, тайпау жорғадай көсіліп сала береді. Оның «Жылқышы атай», «Менің атам», «Солақай қарт» өлеңдеріндегі қарт кейіпкерлер – бала ұғымына жарасты, еңбегін өнеге тұтарлық, мінезі, жүріс-тұрысы да үлгі боларлық сом тұлғалар.
Қастекең балалар әдебиетіне өзінің жеке шығармашылығымен ғана үлес қосқан жоқ, бүкіл балалар әдебиеті төңірегіндегі қаламгерлердің кітаптарын шығарып, тіпті әлем елдері балалар ақын-жазушыларының таңдаулы шығармаларын ақын-жазушыларға аудартып, кітап етіп шығарып, еліміздің кішкентай оқырмандарының таным-білімдерін кеңейтіп, өзге елдің балаларымен сырттай болса да достастырып отырды. Өзі де топтасқан аудармашы ақын-жазушылардың қатарында аянбай еңбек етті.
Қастекеңнің тұңғыш кітабы «Арғымақ» туралы сыр шерткен болдым. Оның өзінде айызымыз қанып еркін көсіле алмадық. Ал отыздан астам кітабы жайында қалай көсіліп айтуға болады? Ал жан-жақты талдап айту, кеңінен сыр шертіп кеңінен қамтып, молынан айту арнайы кітапқа жүк болар ерекшеліктерін қамтып айту – үлкен айтулы ғалымдардың міндеті болуы керек.
Біз «Арғымақ» атты барлық жинағын рахаттана оқып келеміз. Кітаптары мектептерге де, ел-жұртқа да кеңінен таралған.
Қастек Баянбаев – қатардағы балалар ақыны емес, алдыңғы қатардағы санаулы топтың қатарындағы қазақ балалар әдебиетінің ірі өкілі.
Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.