Өркен жаяр өнегелі шығармалардың авторы
01.12.2023
261
0

Қазіргі таңда балаларға арналған прозалық шығармалардан психологиялық талдаулардың түрлі үлгілері бар екендігін аңғару қиын емес. Бірақ ондай ізденістердің бәрі сәтті шыға береді деуге болмайды. Неге болмайды деген сұрақтың жауабы онша қиын емес, ол автор шеберлігінің жетіспей жатуына тікелей байланысты. Жас оқырманға арналған туындының өзіндік спецификалық ерекшеліктері болатындығын бұл арада тарата түсіндіріп жатудың қажеттілігі шамалы.

Көркем прозамыздағы осынау өнімді тәсілді орнымен қолданып жүрген авторлардың қатарында Толымбек Әбдірайымның есімінің аталып қалуы тегін емес. Бәрінде болмағанымен, оның көптеген туын­дыларында психологиялық талдау мысалдары кездесіп отырады. Мұндай типтік талдаулардың үлгісі көбінесе бас кейіпкердің төңірегіндегі оқиғаларды суреттеу барысында көрініс табатынын байқаймыз.
Жазушы – жас оқырманның ықыла­сын баурап алатын көптеген әңгіме повесттердің авторы. Оның шығармаларының ерекшелігі – шынайы жазылуында, таза сезім мен тұщымды тілінде. Көлемділеу туындыларының бірі «Тұнжыр» хикаятында өгей бала­ның буырқанысқа толы жан дүниесі суреттеледі. Бұл шығарманың кейіпкері он екі жасар бала болғанымен, ересек оқырманды да енжар қалдырмайтын деңгейде. Өйткені мұнда көтерілетін негізгі мәселе – ата-ананың ұрпақ алдындағы парызы. Өзі ішкіш, өзі ынжық әке ұлын кейінгі үйленген әйелінің тепкісінен қорғауға құлықсыз. Өзінен туған перзентіне пана бола алмай жүрген әкелер бүгінгі бейбіт өмірде де кездесетіні қынжылтады. Жазушы сол моральдық проблеманы дәл басқан.
Оқып отырып, жас кейіпкердің жан дүниесінде болып жатқан нәзік құбылыстарды оқырман жақсы түсіне алады.
Филология ғылымдарының док­торы, профессор С.Негимов: «Толым­бектің шығармашылығына келсем, Толым­бек әсілі аз жазса да, саз жаза­­ды. Еш уақытта асықпайды. «Аю­құ­лақ» жинағындағы балаларға арнал­ған әңгімелері оймақтай. Оюлы, сырлы, мағыналы һәм мазмұнды. Балалардың жанын керемет түсінеді. Кәдімгі Ыбырай Алтынсариннің алақандай әңгімелері бар ғой, сол сияқты. Ал Алтынсариннің бір әңгімесі бір романның жүгін көтеріп тұрса, Толымбек те осы ұлы дәстүрді ары қарай жалғастырған», – деп жоғары баға береді. Жазушы талантына берілген айқын бағаның осындай болуы көңіл қуантады.
Жазушы шығармаларының реалис­тік сипаты басым. Оның әңгімелері мен хикаяттары, ертегілері мен мысал­дары жас оқырманды Отанына адал қызмет етуге, жақсы­лыққа ұм­тылу­ға, қайырымды жүректің иесі болуға үндейді.
Жазушы шағын әңгімелерінде жалғыз детальды ұстап алып, соны көркемдік тұрғыдан ұнасымды идея­ға иіп әкелуге машықтанған. Бұған дәлел – психологиялық талдау сипаты байқалып тұратын «Бағың нұрлансын, балам!», «Ұлжанның жеңісі», «Тарқаған өкпе» және басқа да шағын әңгімелерінің көркемдік шешімдері. Қаладағы баласының үйіне келген Әбуталап қария көп қабатты үйдің шағын пәтеріне сыймай, есік алдына шығып отырады. Бар бітірер шаруасы – кіріп-шыққан әркімге жалтақтап, кірген-шыққанның қас-қабағын бағу.
Сөйтіп жүргенде оның көзіне түскені – ұқыпты киінген, сүйкімді бала. Қария оған іштей сүйсінгенімен, көңіліне қонбайтын бір детальды ұстап қалады да, соған мазасыздана бастайды. Әлгі сүйкімді бала отырған үлкен кісіге сәлем беруді білмейді екен. Осы кемшілікті жөндеуге Әбуталап ақсақал өзі кіріседі. Баланы үйге кір­гізіп, шығып келе жатқанында «Ас­салау­мағалейкум!» деуге үйретеді. Бала­сының бойындағы бұндай өзгеріс­ке алдымен қуанатын – оның әкесі.
Тәжірибелі қарт жас ата-ананың жіберіп алған кемшілігін бетіне бас­пай, осылайша тәсілдеп қана жас буын­ды адамгершіліктің қарапайым қағидаларына қалай баулуға болатын­ды­ғын көрсетеді. Қарапайым сюжетте реалистік бояулар жұқалап қана жағылған.
Ал «Ұлжанның жеңісінде» айтыла­тын түпкі идея патриоттық сезімді тәр­биелеуге келіп тіреледі. Орыс сыны­бында оқитын Ұлжанның құрбылары Тұрсынгүл, Ләзиза – қазақша білім алып жатқан шәкірттер. Олар Тәуелсіздік күніне байланысты салтанатты іс-шараға дайындалуда. Құрбыларынан қалыспай, сол жиынға барайын десе, Ұлжан қазақша ән салып, тақпақ айтудан мақұрым екен. Достары оның ондай өнері жоқ екендігін бетіне басқаннан кейін барып, өзін әлденеден кем санап қалған Ұлжанның жан дүниесі құлазиды. Соның нәтижесінде ата-анасына «Мені қазақ сыныбына ауыстырыңдар» деп қиғылық салуы табиғи шыққан. Ұлжанның жеңісі – оның өз қалауымен қазақ сыныбына ауысуы.
Балалар мен жеткіншектерге арналған шығармалардың тақырыпта­рының ішінде көнермейтін тақырып­тың бірі достық турасында болып келе­тіні мәлім. Т.Әбдірайым әңгімеле­рінде өрілетін психологиялық талдау­лар­дың бірі осындай түйіндерді ше­шу барысында көрініс тауып жата­ды. Бұның бір кезекті мысалын аңғарта­тын – «Тарқаған өкпе» әңгімесінің фабуласын жеткізу тәсілі. Суық тиіп сырқаттанып қалған Алдан шыдап-шыдап келіп, ақыр соңында ауруханадан бір-ақ шығады.
Адами қарым-қатынастың бір қырын көрсететін қазақи дәстүрдегі факторлардың бірі – көңіл сұрау. Өзі күтпеген сыныптастары келіп көңіл сұрап жатқанда, бір ғана баланың төбе көрсетпеуі көңілге қаяу түсіреді. Ол – Алданның жақын досы Сәруар. Басына іс түскен кезде ет жақын досының бұндай салғырттығын қалай түсінуге болады? Мұндайда өкпелемей тұру мүмкін емес екендігі психологиялық талдаусыз-ақ түсінікті нәрсе.
Сөйтсе, ең жақын досы аттан құлап, аяғын сындырып алған екен. Ауруха­надан шыққаннан кейін Алданның алып-ұшып сол досының көңілін сұрауға асығуы оқырманның көңілін жылытады.
«Ақшабақтың ішкені ірің, жегені желім. Біреуден ілгері, біреуден кейін, ың-шыңсыз тұрып жатқандарына шүкіршілік ететін. Біртоға мінезді, орнықты отағасынан оғаш қылық шығарын кім білген?! Он ойланса да миы жетер емес. Екі қызының әкесі елуден асқанда аяқ асты өзгереді деп кім ойлаған? Бәрінен бұрын «оның аяғы ауыр, үйленем» дегені жынын қоздырды. Еркектерге сеніп көр!.. Тағы біреуі алимент даулап жүрмесін!.. Ой, Алла-ай?!. Өзіңе де сол керек, ашық ауыз Ақшабақ!..».
«Тағдыр сыйы» хикаятындағы әйел кейіпкердің бұл толғанысының мәні тереңде. Бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүретін күйеуі бір қызбен көңіл қосып қойыпты. Жай ғана көңіл қосса қанеки, әйел етіп алмақ. Бұл арадағы кейіпкерлердің әрқайсысының бойында кездесетін сезім күйлері мен адамгершілік ұстанымдарын тәптіштеп жатудың өзі артық.
Келіншектің толғанысын шешіп беретін бірден бір адам – дін ұстазы молда. Оның айтқан уағызы көңілінен шыққан Ақшабақтың ақыры келісімін беруі де осы діни адамның жетесіне жеткізіп, санасына сіңіре айтқан уағызының нәтижелі әсері.
Әрине, бұл шығармаға бұрыннан бар кейбір сюжеттер мен көркемдік шешімдердің ықпалы тигені байқалады. Мәселен, нақ осыған ұқсас жағдайдың «Көнбіс бәйбіше» әңгімесінде де төбе көрсететіні еске түседі.
Бірақ қалай болған күнде де Т.Әбдірайым өз шығармаларында адамгершілікті, имандылықты алдыңғы планға шығара отырып, жалаулата алады. Айтар ойын құрғақ дидактикаға ұрынбай, қажетті штрихтарды екшей отырып жеткізуді берік ұстанады. Оның әңгіме-повестеріне адамның ішкі әлеміндегі психологиялық, түрлі сезім құбылыстарын оқырманды жалықтырмай, дәл суреттей алатындығына осы талдаулардың өзі-ақ жеткілікті болса керек.
Қазақ балалар прозасына өзіндік үнімен келген Толымбек Әбдірайымның үлкенді-кішілі әңгіме-повестерін жас оқырмандар жылы қабылдап келеді. Өзіне тән жазу машығымен жазатын шығармаларында балаға деген жылылық лебі басым. Жас кейіпкердің жан дүниесін аша отырып, оқиға дамыту ұстанымы – Толымбек Әбдірайымның прозалық шығармаларының табиғатына тән.
Балаларға арналған ең үздік шығармалары жиі-жиі жарық көріп тұрды. 2014 жылы Мәскеу қаласындағы «Дружба народов» атты әйгілі журналдың №6 санына Толымбек Әбдірайым­ның 15 әңгімесінің енуі – жазушы қаламының қарымдылығынан хабардар ететін қазақ балалар әдебиеті тарихындағы елеулі оқиға болды.
Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Кекілбаевтің: «…Тарихтың әр батырдың әр шайқасының жай-жапсарын бажайлай баяндағаны сияқты әр суреткердің әр туындысының да егжей-тегжейіне емірене үңіле білген лазым екен».
Т.Әбдірайым әдебиетімізде дәл сондай мақсатпен тыңға түрен салып, «Ағыл-тегіл» атты деректі әңгімелер мен эсселер кітабын тудырыпты. Бұл бір өркен жаяр өнеге болса керек. Оның бүгінгі тыңдарман қауым мен ертеңгі зерттеуші қауым тарапынан бірдей ризашылыққа ие болатынына кәміл сенеміз» – деп, бағалауы жазушы шығармашылығының көркемдік деңгейінің қандай екендігін байқатса керек.

 

Нұрдәулет БӘБИХАНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір