ӨНЕГЕЛІ ӨМІР СҮРУ немесе Professional Life
05.06.2023
1165
0

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» демей ме хакім Абай. Кім, қай салада қызмет қылсын сүйінер қылығы, үлгі алар өмір жолы болса, қанеки. Біз сұхбат құрып, кеңесін тыңдаған – 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, әділет генерал-майоры Әбіқадыр Кәрім, әне, сондай айтары бар, көргені көп жанның бірі. Генералмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсындық. 

Жас Әбдіқадыр ел ағаларымен бірге

 Сталин фермасынан Қыдыр ауылына дейін

– Алматыда және біраз облыстарда прокурор болдыңыз, лауазымды қызметтер атқардыңыз. Әңгімені өскен өңір, өткен дәуреннен бастасаңыз…
– «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деп баяғыдан айтылып келе жатқан Қазығұрт өңірінде туып өстім. Ауылымыз ол кезде «Сталин» атындағы ферма еді, кейін, 2008 жылдары атам Қыдыр Мамбетұлы атымен аталды. Балалық-шағымыз есте, сол ауылда өтті. Әкем сол уақытта прокуратура қызметінде болғандықтан, көбінде қалада болды. Біз балалары атамыз Қыдыр, әжеміз Бейсекүлдің тәрбиесінде болдық. Біздің болмыс-бітім, мінезіміздің қалыптасуына сол үлкен кісілер ықпал етті. Атамыз Қыдыр ортасына абыройы артқан дана кісі болды.
– Кезіндегі «Сталин» атындағы фермаға атамыздың атын берді деп қалдыңыз. Абыройлы адам болғанын айттыңыз. Ол кісі кім еді?
– Швейцарлық психолог және психиатр Карл Густав Юнг адам болмысын зерттегенде «Professional Life» (профессиональная жизнь) деген терминді жиі қолданады екен. Мағынасы – адамға бір-ақ рет берілетін ғұмырды ар-ұятыңды жоғалтпай сүріп, көпке пайдаң тиіп, тіршілік сағатың тоқтағанда ақ өліммен арғы дүниеге алаңсыз аттануды меңзепті. Кез келген салада айналысқан дүниеңнің кәсіпқой маманы бола білу аса маңызды екені түсінікті. Ондай маман болсаң сұраныс болады, көп жалақы аласың. Ол түсінікті нәрсе. Ал өмірді сол дәрежеде (профессионалды) сүрудің өлшемдері қандай? Осы сауалмен бетпе-бет келгенде маған ақсақалымыздың кешкен ғұмыр, сүрген өмірі бірден ойыма оралады. Ғалым Юнгтің терминін (Professional Life) жалпақ тілмен қазақшаласақ, бізше – өнегелі өмір сүру. Атам Қыдыр солай өмір сүре алды деп айтар едім.
Ол кісі 1885 жылы өмірге келіпті. Аттай желіп анау-мынау заман өткен. Ақ патша құлап, қызылдар билік алған кезең болды. Небір саяси реформалар басталып, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» кер заман келген. Әр жерде артельдер құрылып, коллективтендіру басталады. Сол кезде совхоз орталығы болған Рабат ауылының батысында Ащы деген жер бар, атам немере інісімен бірге көп малды Ащыға айдап апарады. Жаңадан құрылған совхоздың іргесін кеңейтіп, мал өсіру ісін қолға алады. Сол уақытта Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын Жуалы ауданынан да мал айдап келеді. Сонымен 1928 жылдары құрылған кеңшар – Күйік аталады. Қыдыр атам бірте-бірте аты дүркіреп, бүкіл Одаққа танылған Күйік кеңшарын негізін қалаған, сол кеңшардың өркендеп, дамуына үлес қосқан адамдардың бірі болады.
– Бұл енді үлкен нәубет – ашаршылық басталған кезеңге жақын уақыт қой?..
– Иә, 1931-шы жылдары Голощекиннің қолдан ұйымдастырған ашаршылық нәубеті басталды ғой. Халық аштық пен сүзектен қынадай қырылады. Елді аштық әлсіретіп, санасын белгісіздік жайлап, беті ауған жаққа тентіреп кетті. Қаншама қазақтың сүйегі сай-салада шашылып қалды. Әрине, бұл нәубет біздің ауылды айналып өтпепті. Сондай қиын кезеңде Қыдыр атам Қаратас аудандық партия комитетінің тапсырмасымен халықты ашаршылықтан аман алып қалу жөніндегі комиссияның құрамында, қызмет қылыпты. Адамның осындай нәубет кезінде айуаннан бетер азғындап, бірін-бірі талап жеп, діни, құқықтық, моральдық, этикалық өлшемдерден жүген ұстайтынын талай ғалым айтқан. Ақсақалымыз адамның адамдығы сыналатын қиын сәтте жарғақ құлағы жастыққа тимей өзге үшін қызмет қылғанын – жоғарыда айтқан өнегелі өмір сүрудің («Professional Life») бірден бір жарқын мысалы деуге болатын шығар.
Нәубеттің беті қайтып, ел есін жия бастаған сонау 1934 жылы Қаратас аудандық партия комитеті мен Күйік совхозы басшылығы ақсақалымызды арнайы білімі жоғына қарамай, совхоздың №1 фермасына (кейінгі Сталин фермасы) басшылық қызметке жіберіпті. Сол ферманы өркендетеді, дамытады.
– Екінші дүниежүзілік соғыс уақы­тын­да бұл шаруашылықтардың жағдайы қалай болған екен?
– Ашаршылықтан ел енді-енді есін жиып, еңсесін тіктеуге мүмкіндік алған кезде соғыс басталып, қанатын жайған шаруашылықтың бар ауыртпалығы қарттар мен әйелдердің, балалардың мойнына түседі. Жасы ұлғайып қалған атам Қыдыр Еңбекші және №1 ферманы көтеру ісін мойнына алады. 1941 жылғы басталған соғысқа, қажеттілікке байланысты Қыдыр атамызға совхоздың түкпіріндегі Амангелді фермасын ашуды тапсырыпты. Еңбекке жарамды адамдардың бәрі соғысқа кеткен. Ашылған ферма небір қиындықтармен аяғынан тұрады. Бұл жерден әскерге қажетті азық-түлік, киім-кешек те жөнелтіледі. Түрлі оқиғаларға, ситуацияға толы өмір адамның дара болмысын тіптен айқындай түспей ме? Осы кезеңдерде де ақсақалымыздың басынан небір оқиғалар өтеді. Адамның өмірін сақтап қалудан ұлы іс болсын ба?
– Ол қандай оқиға, қандай істер екен?
– Бұл енді ұзақ әңгіме. Қысқаша, түйіндеп үш оқиғаны айтайын. Соғыс жылдары алдыңғы шепті азық-түлік, киім-кешекпен қамдау үшін елден жиналған керек дүниелерді тиеп, әрі-бері жүйткіген ескі пойыздар фермаға жақын теміржолдардан жиі қатынайды екен. Ең жаманы – жаз айларында пойыз рельсінен ұшқан от ұшқындары қураған шөпке түсіп, өрт апаты жиі болып тұрады екен. Теміржол бойында істейтін санаулы теміржолшы, станцияда жұмыс атқаратын әйелдер ол өртті өшіруге қауқарсыз. Өрт тұтас даланы жалмап, жұтып ферманың адамына, малына қауіп төндіретін жағдайлар жиі болыпты. Тепсе темір үзетін азаматтың бәрі ұрыс даласында, өртті ауыздықтайтын жан жоқ. Өңкей кәрі-құртаң, қатын-қалаш, бала-шаға. Сондай алапат өрт болған жаздың бір күні он бір адам жалаңдаған өрттің ішінде қалып, өмірлеріне қауіп төнеді. Сол кезде жирен қасқа айғыр мінген атамыз жұлдыздай ағып өрт бол­ған жерге жетеді. Басында ол кісінің астындағы айғыры тік шапшып, өртке кірмей бұлталақтай берді. Жамбасына сарт етіп қамшы тигенде ышқына бір кісінеп барып, өртке қояды да кетеді. Үш баланы алдына, бір бала, бір әйелді артына өңгерді. Екі әйелге үзеңгісін ұстатты да әп-сәтте оларды өртен алып шығады. Іле-шала іште қалған төртеуін де құтқарады. Соңғы шыққан төрт әйел­дің бет-аузын, аяқ-қолдарын өрт шалып, көйлектері жана бастаған екен. Әйтеуір аман шыққандарына тәубе қылды бәрі. Өртке жасқанбай кірген жануардың омырау жүндері күйіп, терісі қызарып, шашасы үйітіліп қалыпты сонда.

Ақын мен генерал

Екінші оқиға 1946 жылы болыпты. Соғыс енді аяқталған кезең. Ол кезде №1 ферма Сталин атына ауысқан. Қалай ауысқанын да айта кетейін. 1944 жылы Қыдыр атам «Совет әскерінің жеңіске жетуіне қосқан үлесім, отан алдындағы борышымның өтеуі болсын» деп өзінің жекеменшік малдарын түгел сатып, соғысқа 500 000 сом ақша атайды. Бұл енді аса үлкен көлемдегі қаржы. Әлемге әйгілі палуан, цирк өнерімен де қаржы тапқан Қажымұқанның соғысқа атаған қаржысы жүз мың сом деп айтылады. «Үлкен көлемдегі сома» деп отырғаным сол. Қыдыр атамның ел құлағын елең еткізген осы ісін жоғары бағалаған Сталин алғысын білдіріп, хат жазыпты. Алғыс хат 1944 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған екен. Кейін №1 фермасының көп жылдар бойы Сталин атымен аталуының астарында осындай бір үлкен тарихи оқиға жатыр. Сол ферма қазір Қыдыр Мамбетұлы атындағы ауыл аталды. Енді жаңағы екінші хикаяға кезек берейін.
Сұрғылт күздің қатты желі соғып, табиғат тосын мінезін көрсеткен бір күні түнде Адамтас деген жердегі Жақып деген шопанның қорасы өртенеді. Әп-сәтте мал қора күлге айналып, күңірсіген иіс қолқаны қабады. Қорадағы жеті жүз қой түгелге жуық жанып кетеді. Ол байғұс шопанның мемлекеттің мүлкіне аса ауыр зиян келтіріп, жиырма бес жылға сотталып, сүргінге айдалатыны белгілі. Болған жайды естіп, тізгін ұшымен жеткен ақсақалымыз аудан прокурорына, милицияға барады. «Қазақтың бір баласын тышқақ мал үшін соттатып, итжеккенге айдатқанда не ұтасыңдар? Совхоздың шығыны орнына келе ме? Ол бейбақтың тірі жетіп болар шиттей бала-шағасын кім асырайды? Маған бір апта уақыт беріңдер, совхоздың өртенген малын орнына қойып беремін», – депті оларға Қыдыр атамыз. Ақсақалдың сөзін жерге тастамай, олар да келісіпті. Бір апта алыс-жуыққа шауып, көрші фермаларды түгел аралап шыққан ол кісі ақыры айтқанында тұрып, совхоздың малын орнына қойып беріпті. Шопан да үлкен жазадан аман қалыпты.
Үшінші әңгіме де ақсақалдың жемі кем шығып, ісі қаралып, сотталып кетудің аз-ақ алдында қалған қойма меңгерушісін амалын тауып, алып қалған оқиға еді…

Асанбай Асқаровтың көмекшісі – Әбдіқадыр

Пенденің адами болмысы

– Талай жыл прокурор болдыңыз. Адам өмірі, адам тағдырына қатысты салада ұзақ жыл қызмет еттіңіз. Атаңыз Қыдырдың бұл істерін қалай сипаттар едіңіз?
Бір философиялық-психологиялық кітаптан «адамның рухы – оның мінез-құлқын ғана емес, болмысын да мәңгі бақи сақтайтын ерекшелігі. Бұл – жан-жануарда жоқ, адамда ғана бар қасиет. Бірақ адам өзінің рухани болмысын көрсеткенде ғана нағыз адамдық өмірін бастайды. Мұны мысалмен былай түсіндіруге болады. Ұшақ көкке көтерілмей, әуе алаңында машина секілді жүйткіп жүргенде де «мен ұшақпын» деп айта алады. Солай сенейін десең, әлі ұшқан жоқ. Сенбейін десең, түр-сипаты машинаға ұқсамайды. Бірақ ол көкке көтеріліп, самғай жөнелгенде ұшақ екеніне күмәнсіз сенеміз. Адам да солай. Барлық пенде өзін «адаммын» деп айта береді. Бірақ ұшақтың көкке көтерілгені сияқты пенде адами болмысын көрсеткенде ғана оны – Адам деп айта аламыз. Бұл мүмкіндік адамша тіршілік етудің көрінісі. Жеме-жемге келгенде өзін игеру – жанға жасырынған сансыз мүмкіндікті жарыққа шығару деген сөз. Өмірдің сенен не талап етіп тұрғанын дәл аңда. Әр сәтте сергек бол. Болмысыңды айшықтайтын сәтті жіберіп алма. Өзіңді құрбан қыл. Субъективті мүддеңнен бас тарт. Басқаның өмірі үшін күрес…» деген жолдарды оқыдым. Ақсақалымыздың іс-әрекеті осы пайымымен сайма-сай келеді. Осылай сипаттаған дұрыс шығар.
– Әкеңіз де прокуратура саласында қызмет етті ме?
– Әкем – Кәрім Қыдырұлы 1930 жылы дүниеге кепті. Әкемнің балалық шағы «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» қиын кезең, тар заманда өтіпті. Әкем жетінші сыныпты бітірген соң (1946-1947 жылдары) Сарыағаштың Қапыланбек ауылдық округіндегі зоотехникумға оқуға түсіп, екі жыл оқып, оқуын үздік бітіріп, ауылда жұмыс істейді. Онан соң өз күшімен Ташкент қаласындағы заң институтына оқуға түсіп, оны да 1953 жылы үздік нәтижемен бітіріп шығады. Ташкенттегі оқуы біте салып әкем Өзбекстан Республикасының Әділет минстрлігінде аз уақыт қызмет етіп, елге оралады. 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының қызметіне келіп, Түлкібас аудандық прокуратурасында тергеуші болған. Кейін Қазақ ССР прокуратурасы аппаратының тергеу бөліміне қызметке алынады. Сол қызмет байланысымен 1958 жылдары отбасымыз аз уақыт Алматыда тұрдық. Ол кезде мен бес жаста едім. 1959 жылдары әкем 29 жасында Оңтүстік Қазақстан прокурорының орынбасары болып тағайындалып, Шымкентке көшіп келдік. 1962 жылдары Кеңес одағы бойынша «өлке құру» деген саясат болды. Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарының барлығы – Оңтүстік Қазақстан өлкесі болып, өлкелік прокуратура құрылды. Әкем сонда – Оңтүстік Қазақстан өлкесі прокуратурасы тергеу бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Сол кезеңдерде қызметтік сапарда жүріп ол кісі Кәрім әкем жол-көлік апатына түсті. Ол кездегі медицинаның жайы белгілі, дәрігерлер де, өзі де сыртқы жарақат деп жеңіл қараса керек. Кейін сол зақымнан басы жиі ауырып, сырқаты ауырлай берді. 1974 жылы мидың ісігіне байланысты әкеме Мәскеу қаласында екінші рет операция жасалды. Өкінішке қарай, емдеу өнім бермей, асқар тау әкеміз сонда қайтыс болды. Біз үшін өте ауыр жыл, қиын кезең болды. Көкірегіміз қайғыдан қарсы айырылды. Кемеліне келген шағында кемеңгеріміз келмеске кетті. Арқа сүйер асқарымыз құлады. Бұл дүниеде әкеңдей қамқор, әкеңдей абзал жан бар ма?! Көзге жас, көңілге мұң ұялады. Дүние бос қалғандай, есеңгіреп жүрдік. Қазақ «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп тегін айтпапты. Әкеммен қызметтес, бірге жұмыс істеген кісілер бізді қамқорлығына алды, көмектесті. Жұмысқа орналастырып, қолдан келген жақсылығын жасады.
– Үлкен өмірге аяқ бастырған, сізге ұстаз бола білген кісілер кімдер?
Өзім де Ташкент мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқыдым. Міне, содан бері еліміздің он қанша аймағында, құқық қорғау саласында қырық жылға жуық қызмет еттім. Атап айтсам, ҚР Бас прокурорының орынбасары – Бас әскери прокурор, Алматы қаласы, Батыс Қазақстан, Жамбыл облысында екі рет, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының прокуроры, Батыс аймақтық көлік прокуроры, Алматы, Жамбыл облыстары бойынша Мемлекеттік Тергеу комитеті департементтерінің басшысы қызметтерін атқардым. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, бұрынғы Шымкент облысының 10 жыл прокуроры болған Аркадий Мызников, Бекбосын Көбеев, көрнекті мемлекет, саясат және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров, Жармахан Тұяқбай секілді белгілі тұлғалар маған ұстаз болды.
– Асанбай Асқаровты қандай мінезі, болмысымен еске алар едіңіз?
– 1981 жылы Шымкент қаласы Еңбекші ауданы прокурорының орынбасары болып жүргенде партия қызметіне ұсынылдым. Әкімшілік органдар бөлімінде нұсқаушы, одан кейін Партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек ері Асанбай Асқаровтың көмекшісі болдым. Ол кісі Қазақстанға ғана емес, бүкіл Одаққа әйгілі қайраткер ғой, басқа бір әлемге енгендей күй кештім. Халық үшін күш-жігерін аямай, адал қызмет етудің үлгісін көрдім. Ой-өрісі кең, іскер, талап қоя білетін басшы еді. Ашуланып, дауыс көтеріп ешқашан ешкімнің ар-намысына тимейтін. Әрқашан терең білім, пайым-парасаттың иесі екенін көрсетіп, мәселені шешу жолына көбірек бас қатыратын. Үлкен жиындарда, тарихи тұлғалармен кездескенде қасында болдым. Мысы басып тұратын, ер мінезді, дана адам еді. Енді ол кісі туралы көп айтуға болады, жұрт та біледі. Зейнетке шыққаннан кейін де Асанбай ағаның басынан талай нәрсе өтті. Жазықсыз төрт жарым жыл түрмеде де отырды. Бірақ қиянатшыл жүйе ол кісінің сағын сындыра алмады, ақталып шықты. Мен ол кезде өзім де қуғынға ұшырап, жұмыссыз қалдым. Бірақ Асанбай ағадан хат-хабар алып, жағдайын ұғысып тұрдым. Бішкекте болған сотына да бардым. Ағам автозактан бойын тік ұстап, бұрынғыдай тап-таза киімімен түскенде: «Қайран ағам-ай!» деп көңілімде шер толқыды. Сол кісінің қасында болып, тәрбиесін алып, өмірінің соңына дейін араласып-құраласып өткен тағдырыма ризамын. Атамыздың, әкеміздің, ұстаздарымның күткен үмітін қаншалықты ақтай алдық? Біздің өміріміз де халықтың көз алдында өтіп келеді, бағасын жұрт берер.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Ырысбек ДӘБЕЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір