АЛЕКСАНДРИЯ САЛАФИЛЕРІ НЕМЕСЕ «САЛАФИ ҮНДЕУІ» ҰЙЫМЫ
«Салафи үндеуі» өткен ғасырдың жетпісінші жылдары египеттік студенттердің белсенділігі нәтижесінде пайда болған «әл-жамаға әл-исламия» ұйымынан бөлініп шыққан студенттерден құралған ұйым. Тарихтың сол кезеңдерінде исламдық ұйымдар мен жамағаттар, соның ішінде «әл-жамаға әл-исламия» ұйымының көптеген өкілдері МБ («МҰСЫЛМАН БАУЫРЛАР») қозғалысының мүшелігіне кіре бастады. Сауд Арабия тарапынан таралып жатқан салафилік идеялардың ықпалымен МБ қатарына кіруден бас тартқан Александрия университетіндегі медицина факультетінің бір топ студенттері – Мухаммад Исмаил әл-Муқаддим, Ахмад Фарид, Саид Абдуль Азим және тағы басқалар 1972 жылы «ад-Дағуат ас-салафия бил-Искандария» ұйымының негізін қалады. Кейіннен бұл ұйымның жетекшілігіне александриялық дәрігер-педиатр Ясир Бурхами және Ахмад Хутайба секілді діни қайраткерлер келді. 2011 жылдың жазында бұл ұйымның басшысы ретінде Мухаммад Абдуль Фаттах Абу Идрис сайланғанымен, жамағаттың шынайы билігі басшының орынбасары ретінде қызметін ондаған жылдар бойы жалғастырып келе жатқан 55 жасар Ясир Бурхамидің қолында. Ұйымның саяси позициясы мен жасайтын қадамдары осы тұлғаның қатысуымен айқындалады.
Марлен МҮСІЛІМОВ,
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы
Исламды зерттеу бөлімінің бас ғылыми қызметкері.
Александрия университетінде 1980 жылы МБ мен салафилікті ұстанған студенттердің арасындағы текетірестерден соң, салафилер өз қызметтерін ресмилетуге кірісті. Олар алдымен 1977 жылы өздерінің тобын «Салафи медресесі» деген атаумен бөліп алды. Бұл топқа Мухаммад Абдуль Фаттах (Абу Идрис) басшы ретінде келді. Салафилер өздерінің кітаптары мен бағдарламаларындағы іс-әрекеттеріне, қызметтеріне қатысты тұстарда «ұйым» сөзін қолданбайды. Бұл сөзді олар «жамағаттық әрекет» немесе «жамағаттық қызмет» секілді атаулармен ауыстыруға тырысады.
«Салафи медресесінің» атауы бірнеше жылдан кейін «Салафи үндеуі» деп өзгертілді. Халық арасында олар «александриялық салафилер» деген атаумен де атала бастады. Салафи үндеуінің діни көзқарастары Ибн Таймия, Ибн Қайим әл-Жәузи, Мухаммад ибн Абдуль Уаһһаб және т.б. әйгілі салафилік авторлардың діни еңбектеріне негізделіп, жаңа заманда саудиялық Абдуль Азиз ибн Баз, Мухаммад Насыриддин әл-Әлбани, Мухаммад ибн Салих ибн Усаймин, әл-Фаузан және т.с.с. идеологтардың пәтуаларымен қалыптасты. Сондай-ақ, бұл ұйымның діни көзқарастарының дамуына «Ансар ас-Сунна әл-Мухаммадия» атты салафилік ұйымның идеологтары елеулі үлес қосты. Осыған байланысты Египеттегі «салафи үндеуі» жамағатының ұстанымдары мен көзқарастық ерекшеліктері жағынан саудиялық «мадхалия» салафилеріне өте жақын келеді. Олардың тіпті идеологиялық негіздері де бір фундаменталды еңбектерден – Мухаммад ибн Абдуль Уаһһабтың және Сауд Арабия муфтилерінің кітаптарынан алынған.
Қазіргі таңда бұл ұйымның әйгілі уағызшылары – Мухаммад Хассан, Мухаммад Хусайн Яғқұб және Абу Исхақ Хуайни. Олар Египеттің және басқа елдерге тиесілі кабельді телерадио арналарда, интернет платформаларында белсенді насихат жұмыстарын жүргізетін уағызшылар ретінде араб әлеміне өте танымал.
Александрия салафилері өздерін елдің саяси өмірінен алшақ деп көрсеткісі келгенімен, саяси үдерістерге белгілі бір дәрежеде ықпалын тигізіп жүргені белгілі. Олар «Ансар ас-сунна» салафилеріне қарағанда Египеттің саяси өмірін талқылауға көбірек белсенділік танытады. Сондай-ақ, олар елді ислам шариғатымен басқармайтын басшыны «кәфір» деп санайды. Алайда, мұны ашық айту үшін бұлтартпас анық айғақ қажеттігін алға тартады. Салафи үндеуі Египеттегі ислами емес мемлекеттік институттармен, мекемелермен байланысудан, олармен бірігіп жұмыс істеуден бас тартады. Дегенмен, бұл тақырып аясында салафи ғалымдарының арасында көптеген пікірталастар өтіп жатыр. Солардың ішінде, мысалы Мухаммад Хассан салафилерді саясатқа араласуға және саяси партияны құруға жиі үндеп келеді.
Ал египеттік жазушы Жамал Сұлтанның пікірінше «салафи үндеуі ғылыми-насихаттық, ағартушылық функцияны басшылыққа алған ұйым болып қалыптасқандықтан саяси ұйым немесе партия құруды керек етпейді. Салафилердің, жалпы алғанда арнайы саяси жобасы жоқ. Сондай-ақ, оларда саяси ұйым ретінде құрылу үшін бұл салада заманауи тәжірибелік біліктілігі жинақталмаған. Оларда тіпті мұндай ұйымды жетелейтін саяси пікір толыққанды қалыптаспаған. Өйткені, кез келген жамағат саяси ұйымға айналуы үшін өзінің саяси жобасын қалыптастырып, ұйым мүшелері күн тәртібінде арнайы бағдарлама бойынша жүйелі жұмыс жасауы қажет». Алайда, бұл тұжырымның негізсіздігі Египетте орын алған қазіргі саяси-әлеуметтік жағдайлардың көрінісінен-ақ байқалады.
Бүгінгі таңда александрия салафилері мен мүдделес басқа да салафилік топтар қысқа мерзімнің ішінде-ақ өз жақтастарының санын айтарлықтай арттырып, мемлекетке ықпал ете алатын зор саяси күшке айналып үлгерді. Атап айтар болсақ, салафилер құрған «ан-Нур» партиясы өткен жылғы сайлауда жалпы халықтың 24 пайыз дауысын иеленді. Қазіргі мемлекеттік кеңесте 20 пайыздық орын иеленіп, МБ партиясынан кейінгі екінші саяси ұйымға айналып отыр. «Ан-Нур» партиясы мемлекеттік билікке араласа бастағаннан Египеттің діни ахуалына біршама ықпалын тигізе бастады. Салафилер бүгінде Уақыптар уәзірлігіндегі өз адамдарының санын көбейтуге мүдделі. Тіпті, мың жылдық тарихы бар әйгілі «Әл-Азһар» университетінің жүйесін өзгертуге барын салып жатыр. Барлық мешіттерде уаһабшылдық ілімнің насихатталуына заңдық тұрғыдан жол ашылды. Каирдің мешіттеріндегі 5000 имамды қызметінен кетіріп, орнына өз кадрларын әкелуді ұйғарып отыр.
Салафилердің Египетте бірден саяси ұйым болып құрылмағандығының басты себебі – олар аймақта тарала бастаған кезде бұл жерде МБ, «әл-жиһад», «әл-жамаға әл-исламия» секілді ықпалды ірі діни-саяси ұйымдар жұмыс жүргізіп жатқан еді. Аталмыш ұйымдардың ішінде саяси билікті қолға алуға мүдделі, әрі әскери әлеуетке ие ұйымдардың үкімет тарапынан қудаланғандығына куә болған салафилер өз қызметінің түрін, формасын, тактикасын өзгертуге кірісті. Осыған орай салафилер діни көзқарастары мен идеяларын мешіттер мен оқу орындарында уағыз-насихат жолдары арқылы тарату қызметін жүргізуден бастады.
Жалпы алғанда, салафилік жамағаттар, топтар мүдделес істерде ұжымдасуға әр уақыт дайын екендігі белгілі. Мұны салафилік топтардың 2011 жылы Египетте өткен парламенттік сайлаулардағы әрекеттерден айқын көруге болады. Аталмыш парламенттік сайлауларда МБ 40% жуық дауысқа, ал салафилердің «ан-Нур» партиясы 24 % дауысқа қол жеткізген еді. Билікті қолға алуды дәметкен салафилер МБ партиясымен бірлесе отырып, екі партия 70 %-ға жақын дауысқа қол жеткізді. Алайда, 2013 жылдың жазына қарай бұл екі партияның арасындағы қатынас бұзылып, салафилер армияның позициясын жақтап кетті. Мұнымен, әрине, салафилер Саудияның материалдық қолдауына қол жеткізу арқылы жаңа келетін биліктің әрекетіне вето білдіру құқығына ие болуды көздеген.
Осы айтылғандардан египеттік салафилер жайында біршама қорытынды ой-пікірлер түюге болады:
1) Александрия салафилері идеологиялық және қаржылық тұрғыдан алғанда Саудияның ықпалындағы топ. Саудтықтардың мүдделерін қорғап, талаптарын орындайтын ұйым. Өйткені, олардың құрылуы да, әрмен қарай дамуы да Сауд Араб елінің қаржылық және басқа да көмектерімен жүзеге асты.
2) Өздерін «саясаттан алшақ, байсалды» жамағат ретінде көрсетуге тырысатын салафи үндеуінің өкілдері өз қызметіне кедергі келтірмеу мақсатында, әрі ресми биліктің қатаң қадағалауынан құтылу үшін зайырлы үкіметке қарсы наразылығын білдірмеу қағидатын ұстанады. Яғни александрия салафилері құрамы мен ықпалын күшейту үшін «мадхалия» тобындағылар секілді өздері қызмет етіп жатқан елде үкіметтің разылығына бөленуге әрекеттеніп, ресми биліктен қолдау жинайды.
3) Салафи үндеуінің ықпалына түскен қазақстандықтар елге оралғанда көзқарастары мен идеялары үшін дәстүрлі дін өкілдері тарапынан біршама сынға ұшырады. Дегенмен, александрия салафилері секілді елдегі уаһабшылдық ілімнің технологтары қазақ қоғамына сыйымды болу үшін қызметтері мен мақсаттарын жасыра түсті. Осылайша уаһабшылдар «қалыпты немесе байсалды салафилер» деген ғылыми негізсіз, жалаң тұжырыммен жұмыс жасауға көшіп, радикалды әрі деструктивті сипаттардың барлығын салафиліктің «тәкфіршілер» тобына тиістіре бастады. Уаһабшылардың бұл әдіс-айласы теология ғылымында «тахия» (жасырыну) деп аталады.
4) Қазақстандағы александриялық салафилердің әрекеттері мен қызметінің стратегиясы Египеттегі жағдайға өте ұқсас. Дәстүрлі діндегі көпшілікке тап болған салафилер ең алдымен үкіметтің қысымына түспес үшін өздерін «саясаттан алшақ әрі Елбасын қолдауға үндейтін» ұйым ретінде танытады. Содан кейін біртіндеп, жүйелі түрде үкіметтегі және парламенттегі орындарға өз адамдарын қоюға әрекеттер жасай бастады. Бұл үдеріс салафилік азшылықтың жетерліктей саяси-әлеуметтік әлеуеттілікке жеткенше созылатындығы тайға таңба басқандай айқын.
Қазақстанда өз идеологиясын ашық және астыртын тиімді насихаттауды ойластыра білген салафилер аз уақыт ішінде мүшелерінің санын күрт көбейтті. Қазіргі таңда салафилер қозғалысына ерушілер қоғамның барлық саласында кездеседі. Әсіресе, қара халыққа екпінді ықпал ете алатын көптеген өнер иелерін, спортшыларды, журналистерді, ақын-жазушыларды, ірі кәсіпкерлерді, кейбір молдаларды, тіпті базбір мемлекеттік қызметкерлер мен саясаткерлерді де осы ағымның сапынан көруге болады.
2013 жылы Қарағанды облысы бойынша Кедендік департаменті 331 дана араб тіліндегі әдебиеттерді шекарадан ұстап, ҚР Дін істері агенттігіне дінтану сараптамасын жүргізу үшін жіберді. Осы кітаптардың басым бөлігінің авторлары александриялық салафилер жетекшілері – Ясир Бурхами мен Ахмад Фарид екені анықталды. Яғни александрия салафилерінің қызметі Орталық Қазақстан аумағында белсенді жүріп жатқандығын осыдан-ақ байқауға болады.
Салафилер санының көбеюі мен стратегиялық маңызы бар үкіметтік орындарда күш жинауы Египеттік сценарийдің Қазақстанда орындалуына әкеп соғуы мүмкін. Ал салафилердің Қазақстан үкіметіндегі белсенділігі елдің конституциялық құрылымына, зайырлы сипатына қауіп төндіреді.