Ұлықбек Есдәулет: Түрксой ұйымы Алматыда құрылған
Түркі мәдениеті мен өнерін дамытуды мақсұт тұтқан Түрксой ұйымының құрылғанына да отыз жыл толды. Биыл сол ұйымның жанынан Түркі дүниесі Жазушылар Одағы бой көтерді. Аталмыш Одақ өзіне қандай міндет жүктеп отыр? Алдағы уақытта қандай істер атқарылмақ? 30 жылдық мерей-той қай дәрежеде өтеді? Біз осы турасында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Түркі дүниесі Жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен әңгімелескен едік.

– Түрксой ұйымының құрылғанына биыл 30 жыл толады. Атаулы күнгі той қашан, қай қалада болады? Мереке қай деңгейде тойланбақ, оған неше мемлекет қатысады?
– Түрксой ұйымы 1993 жылы 12 шілде күні Алматы қаласында түркітілдес елдер мәдениет министрлерінің басқосу-құрылтайы нәтижесінде құрылған. Сондықтан осы беделді ұйымның 30 жылдық мерекесі де Қазақстаннан, оңтүстік астанамыз Алматыдан басталып жатыр. Түпкі тамыр-төркіні Алтайда туып, өсіп-өніп, өрбіп шығып, дүниежүзіне жайылып, өркендеп кеткен түркі халықтарының қайта бірігу процесінің де атажұртта бастау алуында да терең символикалық мән бар.
Тарата айтсақ, 2023 жылғы 7 маусым күні Алматы қаласында Орталық музейде ежелгі сақ дәуірінің асыл жәдігерлерінің, Алтын адам мен қазақ тарихын бедерлейтін басқа да археологиялық экспонаттардың бай көрмесі ашылды. 8 маусымда Ұлттық кітапханада түркі дүниесінің мәдени, өнер, әдебиет мұралары қойылған фото, көркем өнер көрмесі басталды. Ал 9 күні Абай атындағы Мемлекеттік Опера және балет театрында Түрксой-дың 30 жылдық мерекесі 5 түркі елдерінің Мәдениет министрлерінің қатысуымен ресми түрде ашылып, түрік дүниесі өнер шеберлерінің салтанатты концертіне ұласады. Көпшілік қауым түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек, түркімен, қазақ және саха әншілері мен музыканттарының өнерін тамашалайды. Бұдан кейін түрік дүниесінің бұл мерекесі, бұйырса, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан, т.б. елдерде жыл бойы жалғасады. Бұл мерейлі шаралар «Біз – біргеміз!» деген ортақ ұранмен өткізіледі.
– Түрксой ұйымының жанынан құрылған Түркі дүниесі Жазушылар Одағының төрағасы болдыңыз. Осы ұйымның түркі дүниесіндегі ықпалы қандай?
– Түрлі дереккөздер бойынша саны 170-300 миллион шамасындағы түркі халықтарының әлемде 7 тәуелсіз, 17 автономиялық мемлекеті және көптеген ұлыстары мен қауымдары бар екен. Бұған қоса, әртүрлі елдерде, негізінен Азия мен Еуропада, қала берді Америкада тұратын түркі жұртының ірілі-ұсақты диаспораларын да ұмытпауымыз керек. Бұл әралуан әлемдік дүние дидарында, географиялық құрлықтар мен өз аймақтарында ғұмыр кешкен түркі елдері өз тілінде және оның әртүрлі диалектілерінде әдеби шығармалар туғызып келе жатқаны белгілі. Олардың біразының өз мектептері, оқу орындары, газет-журналдары, басқа да ақпарат құралдары, баспалары, радио-телевидениесі, өз театрлары бар. Олар түбі бір түркі жұрты ретінде бұрынғыдай бытырай бермей, жуықтап, біріккісі, бірлескісі, бір-бірімен жақындасқысы, туыстығын арттырғысы келеді.
Бұған дейін Түрксой ұйымы жанынан үш бірдей өнер шаңырағы құрылған екен: Жастар камералық оркестрі, Жастар камералық хоры және Халық аспаптар оркестрі. Бұлардың үшеуі де өнер ұжымдары, музыка саласы. Ал бізге ортақ түркі әдебиетін дамытатын жаңа, дербес құрылым қажет екені айдан анық болды.
Осы тұрғыда жуырда Анкара қаласында ТҮРКСОЙ ұйымы аясында әдебиет саласындағы ынтымақтастықты арттыру, түркі әлемінде ортақ басылымдар дайындау, мүше елдердегі көрнекті әдеби шығармаларды басқа түркі тілдеріне тәржімалау, осы салалардағы зерттеулерді ынталандыру және осы әдеби ықпалдастық процестерінің барлығын үйлестіру мақсатында «ТҮРКСОЙ Жазушылар Одағын» құру туралы шешім қабылданды.
Оған алты мемлекеттің Жазушылар ұйымдарының басшылары қатысып, құру жарғысына қол қойды. Төрағасын сайлады, кейінірек басқарма мүшелерін бекітті.
ТҮРКСОЙ жанынан құрылған халықаралық шығармашылық ұйым ретінде біздің мақсатымызға әр елде тұратын жазушылардың бір-бірін тануына, ортақ проблемаларын анықтауға және авторлар мен олардың шығармаларының аударылып, жарық көруіне мүмкіндік туғызу кіреді. Ұйымымыз жыл сайын бір немесе бірнеше елде түркі әлемінің қабырғалы жазушыларының басын қосып, форумдар, фестивальдер өткізіп, аударманы қолға алып, кітап шығарумен айналысып, әдеби саладағы алыс-беріс, барыс-келісті жүйеге келтіріп, ақпарат алмасу, хабардарлықты арттыру мәселесін жолға қоймақ. Әлеуметтік желіде өз парақшамыз ашылады, бірнеше тілге жеңіл аударылатын ортақ Әдеби порталымызды жасауды анкаралық бағдарламашы-дизайнерлер қолға алды. Түркі дүниесіне ерекше үлес қосқан жазушыларға берілетін «Тұран» сыйлығы тағайындалып жатыр. Бұл түркі әлемінің Нобелі дәрежесіне жетсе деген арманымыз бар.
Сондай-ақ біздің Түркі дүниесі Жазушылар одағы Түрксой ұйымының мақсат-мүддесіне сай келетін:
— түркі тілдерінде сөйлейтін, жазатын халықтар, елдер мен этностар арасындағы әдеби байланыстарды дамыту;
— түркі әдебиетінің озық үлгілерін зерттеу, зерделеу, қорғау және шетел әлеміне жеткізу;
— түркі халықтарының әдебиетіндегі тарихи, саяси-географиялық себеп-салдарға байланысты және басқа елдердің, отаршылықтың ықпалымен туындаған айырмашылықтарды жою;
— түркі әдебиетінің ортақтығын дәлелдеу;
— түркі мәдениетін бөгде мәдениеттердің зиянды әсерінен әдебиет арқылы қорғау және оны түп-тамырына оралту;
— географиялық кең аумақта тұратын түркі мемлекеттері мен қауымдастықтары арасындағы ана тілді әдебиет арқылы сақтай отырып, дамыту;
— дүниежүзілік мәдениетте маңызды орын алатын түркі әдебиетінің басқа жерлерге таралуы;
— түркі әлемінің көрнекті тарихи тұлғаларын, ойшылдарын, ақын-жазушыларын, сондай-ақ мемлекет қайраткерлерін бүкіл әлемге танымал ету және т.б. айналысатын болады. Бұл мәселелерді іске асыруда түркі дүниесінің ұлы қайраткері Исмайыл Гаспралының «Тілде, істе және пікірде – бірлік!» деген өсиеті темірқазық жұлдызымыз болады.
Жарғы бойынша, Түрксой жазушылар ұйымын құрған әрбір жазушылар одақтарының басшылары Түрксой Жазушылар одағы төрағасының орынбасарлары болып саналады.
– Демек, олар сіздің орынбасарларыңыз ғой?
– Иә. Дәл солай. Жарғы бойынша, Түрксой-ға кіретін елдердің жазушылар одағының әрбір төрағасы менің орынбасарым.
Ал әңгімемізді жалғастырсақ, Түрксой жазушылар бірлестігінің басқарма мүшелігіне әр елдің Жазушылар одақтары төрағаларынан басқа 3 жазушыдан кірді. Қазақстаннан басқарма мүшелері болып Төлен Әбдік, Смағұл Елубай, Жүсіпбек Қорғасбек ұсынылып, бекітілген.
Әлгінде жаңа ұйымның әлемдегі ықпалы туралы сұрадың. Ортақ Одағымыз құрылғанда қатарымызда 6 мемлекеттің әдеби ұйымы бар еді, ертеңінен бастап, бүкіл түркі әлемінің Жазушылар одағы біздің қатарымызға кіруге жамырай тілек жаудырды. Олардың құрамында татар, башқұрт, тыва, алтай, хакас, саха, гагауыз, солтүстік Кипр бар. Венгр Жазушылар ұйымы да өздерін мадияр-қыпшақ елі ретінде тұран бірлігіне мүшелікке қабылдауды өтінді. Оларды әзірге Түрксой әдеби ұйымына бақылаушы ретінде қабылдауға шешім қабылдадық. Мұның өзі біздің түркі Жазушылар бірлестігінің келешектегі ықпалдылығының кепілі сияқты.
– Жаңа құрылып жатқан Түрксой жазушылар одағы тұңғыш қадамын қалай бастады?
– Алғашқы басқосуымыз Өзбекстанның Науаи қаласында өтіп, онда Шығыстың ұлы шайыры, данышпан Абай бабамыз пір тұтқан Науаиды ұлықтадық. Онда Науаидың 5 кітаптан тұратын «Хамсасын» аударуға 40 жыл ғұмырын арнаған Несіпбек Айтұлын өзбек халқы төбесіне көтерді. Өзбекстан жазушылар одағының Құрметті мүшелігіне қабылдады, «Науаи қаласының Құрметті азаматы» атағы беріліп, Науаи «Алтын медалімен» марапатталды.
Ал кеше Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратынан өз офисімізді ашып, төріне Түрксой мен Қазақстан байрағын қатар тіктік. Тұсаукесерге Түрксойдың Бас хатшысы, Қырғызстанның Халық жазушысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түрксой-дағы өкілі Бақытжан Омар, Түрксой-дың әдеби мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Мұрат Қахраман, «Атамұра» баспасының директоры Рақымғали Құл-Мұхаммед, ҰҒА-ның Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Ахмет Тоқтабай, т.б. қатысты.
Биыл түркі дүниесінің ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдығы екені өздеріңізге мәлім. Осыған орай, алдағы шілденің аяғы, тамыздың басында Солтүстік Қазақстан облысында Мағжанның рухына арналған Түркі дүниесі поэзиясының фестивалін бірлесіп өткізуге облыс әкімі Айдарбек Сейпілұлы Сапаровпен уағдаласып, ұйғарым жасадық. Оған түркі мемлекеттерінен бір-бір ақыннан, өз елімізден 20 ақын қатысады. Сондай-ақ алдағы уақытта қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясын, Мағжан Жұмабайұлының, Жүсіпбек Аймауытовтың, Тобық Жармағамбетовтың, Оралхан Бөкейдің, т.б. бір томдық шығармаларын түрік тілінде шығару Түріксой жоспарына енді. Осылайша, әр жыл сайын кемінде 5-6 кітап шығарып отыратын боламыз.
Сұхбаттасқан
Асылан Қуанышұлы