САЛ-СЕРІЛЕРДІҢ САРҚЫТЫ немесе ӘН-ҒҰМЫР
Қорабай ағамызбен жеке, жақын таныстығымыз 2000-шы жылдардың бас кезінде басталған еді. 2001 жылы Көкшетаулық бауырларымның басын қосып, өзім мектебін бітіріп, өсіп-өнген Жаңаарқа ауданы, Ескене ауылында мешіт салып беру қамымен жүрген болатынмын. 2003 жылы мешіт құрылысы аяқталып, оның ашылу салтанатында жиылған халыққа, сырттан келген қонақтарға тарту етуі үшін Жаңаарқалық әншілердің орындауындағы әндер жинағын шығармақ болдық. Алдында 60 минуттық кассета болар деген жинағымыз әр әншінің орындауындағы екі әнін ғана кіргізгеннің өзінде 90 минуттық екі бірдей кассетаны толтырды. Сөз реті келгенде айта кетейін «Басынан Иманақтың ән ұшқандай!» деген атаумен шыққан бұл жинақ жаңаарқалық әншілердің орындауындағы тұңғыш антологиялық әндер жинағы болып шықты. Оған елге танымал И.Омаров, Қ.Байбосынов, Ф.Тұтқабеков (күйші), Б.Тұтқабеков (баласы), М.Тілеуханов (күйші), Б.Тілеуханов, С.Үмбетбаев (қобызшы), Қ.Мұхамедин (әнші әрі күйші), Ғ.Мұхамедин, Б.Көшенов, С.Оспанов, Ж.Кемалов, А.Нығызбаев, Қ.Әбілдина, т.б. бастаған 30-дан аса жаңаарқалық әншілер мен күйшілердің орындауындағы әндер топтастырылды. Жинаққа Қорабай ағамыздың орындауындағы «Жас қалам» және «Досыңның көзін ұғарсын» деген қос әні енгізілді. Сол кезден аға-іні болып, сыйластықпен басталған таныстығымыз кейіннен үлкен достыққа ұласып кеткен еді. Осы жерде болашақ қорабайтанушыларға аманат ретінде қосарымыз көпшілік назарынан тыс қалып жүрген Қорабай ағамыздың әкесінен мирас болып қалған күйшілік өнері де кейінгі зерттеушілер мақалаларының өзегі болар деген сенімдеміз.
Әрине, біздің таныстығымыз сырттай болса да бұдан да ертерек басталған еді. Ол кезде Жаңаарқа өңірінде Республика көлемінде таңылып келе жатқан жас дарын иелері екеу болса, соның бірі – көненің күмбірін, өткен ғасырлардағы сал-серілердің дүбірін жеткізген, дүлдүл әнші Қайрат Байбосынов, екіншісі сырбаз да талғампаз әнші, сырлы сазгер Қорабай Есенов болатын. Енді араға жылдар салып, өнер әлемінде қатар самғаған қос қыранның талантына бас ие отырып, өткен жолдарын бағамдай білсек, бірі өткен ғасырлардағы түр сипаты түгілі, әу деген үнін де құлағымызға қондыра алмай жүрген сал-серілерді (Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, т.б.) халық жадына қайтарып, қайта тіріліткендей болған Қайрат десек, сол дәстүрді гитараға салып, қазақи иіріммен қазақи әуезге түсірген, жаңа бір биік белеске көтеріп, одан әрі жалғастырып келе жатқан Қорабай ағамыз екені даусыз. Шынында домбыраның қос ішегіндей болып өнер әлеміне қатар шыққан қос саңлақтың қадіріне әлі де жете алмай жүргендейміз. Қай халықты болсын оны әлемдік деңгейге көтеретін оның мемлекетінің ұлан-ғайыр жері емес, халқының саны да емес, елінің мәдениеті мен өнері. Мәдениеті мен өнері жоғалған елдің өзі де тарих сахнасынан түсе бастайды. Осы тұрғыдан алғанда он тоғызыншы ғасырды біз «қазақ өнерінің алтын ғасыры» десек, ал жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін жарты ғасыр бойы қазақтың басына бұлт үйірілген (патшалық отарлау және советтік империялық) заман болды. Саяси қудалаулар күшейіп, өнер де қауіпті кәсіпке, саясаттың құрбанына айналып, қаншама қобыз, домбыра күйлерімен даланы күңіренте тербеткен тұлғаларымыз (Үкілі Ыбырай, Әміре Қашаубаев, т.б.) сол жолда құрбан болды. «Отар елдің тарихын отарлаушылар жазады» (М.Ганди) дегендей біздің де өнер туындыларымызды бөтен елдің тумалары (Е.Брусиловский, Б.Ерзакович, Д.Д.Мацуцин, В.В.Великанов, Л.Хамиди, С.Шабельский, Қ.Қожамияров, т.б.) жаза бастады. Әрине, олардың шығармалары советтік саясатқа сай келсе де халықтың көңілінен шығып, рухын оята алмағаны көпке мәлім. Өнердің өміршеңдігі ұлт мүддесін қорғаумен байланысты. Сол саяси репрессия дауылы өршіп тұрған отызыншы жылдары тұңғыш рет қазақ домбырашыларының басын қосып, оркестр құрған, Ресейден арнайы музыкалық білім алып, оқып келген жас маман, кәсіби дирижер әрі композитор А.Жұбанов «Қазақ сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы» атты кітабы үшін қатаң сынға ұшырап, арнайы мәжілісте оны Б.Г.Ерзаковичтің «ұлтшыл әрі космополит» деп айыптағаны да тарихтан белгілі. Қазақ музыкалық мәдениетінің дамуына жылдар бойы кедергі болған осындай саяси резонанстар тек елуінші жылдардың орта тұсына қарай бәсеңси бастады.«Түн қараңғылығын қаншалықты тұмшалап ұстаймын десе де, күн шықпай қоймайды» дегендей сол елуінші жылдардың орта тұсындағы «жылымық» кезеңде бұлт астынан шыққан күндей болып, қазақ өнері де жаңа қырынан көрініп, таныла бастады. Мұқағали ақын: «Кең дүние кеудеңді аш мен келемін, алынбаған еншім бар сенде менің» деп, жырға қосқандай Ә.Еспаев, Ш.Қалдаяқов, Ж.Нәжмиденов, т.б. екпіндері тау қопарғандай жас дарындар өнер әлеміне еркіндеп кіріп келе бастады. «Менің Қазақстаным», «Ұстазым» және басқа да лирикалық әндер қазақ тұрмысының бір бөлшегіне айналып, түңілген түрімізді, бүгілген белімізді, езілген еңсемізді жазып, қоғамдық санаға зор сілкіністер әкелгенін алдыңғы толқын ағалар әлі ұмыта қоймаған болар. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей Тәңірге тәубе дей отыра, арада жарты ғасырдан аса уақыт өткенде «таулар алыстаған сайын биіктейтінін» өкшемізді басып келе жатқан «бала ұрпақтың» санасына жеткізу – сол кезеңнің куәсі болған аға ұрпақтың парызы еді. «Құнанбай болмаса Абай қайдан туар еді» дегендей, осындай тарихи тағдырымыз Қорабай мен Қайрат ағаларымызды өмірге әкелді. Бұл да болса тағдырдың сыйы, табиғи заңдылық болар.
Біздің қатарлас тұстастарымыздың осы ағаларымызға еліктеп, соларға қарап ой түзеп қана қоймай, бой да түзеп өскендігі даусыз. Ағаларымыздың өнері сол дәуірдегі тұтастай бір ұрпақтың заман ағымынан қалыспай, жарастық жолына бет бұра қалыптасуына бағыт, бағдар бергенін арада жарты ғасыр өткенде, енді ғана сезіне бастағандаймыз. Жалындаған сол бір жастығымызды Қадыр ақынның мына бір өлең жолдарымен түйіндесек: «Қалшылдаған қысыңды қыс демедік, Қысыңа да өзіміз үстем едік. Күлсе күлсін кәрілер ол кезде біз, Ұнау үшін қыздарға не істемедік» – деп, кең балақ шалбар, балоновый куртка киіп, шашымыз жалбырап желкемізге түсіп, туфлимен (лакированный) қар кешкен күндеріміз еске түседі (Бір кездері, сонау жетпісінші жылдары «модаға» айналған мұндай киімдердің болғанын кейінгі жастар білмеуі де мүмкін). Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың бас кезіндегі талай бозбаланың Қорабайдың әндерін тыңдап ержетіп, талай ару қыздарымыздың Қорабайдың сазды әуендері арқылы бойжеткендері қазір самайларын ақ қырау шалған ағаларымыз бен апайларымыздың күні бүгінге дейін есінде болар. Осыдан 40-50 жыл бұрын қазір аға буын қатарына қосылып отырған ұрпақтың (оның ішінде өзіміз де бармыз) жаңа шыққан әндерді радиоқабылдағыштан тыңдамағаны кемде-кем шығар-ау. Иә, шынын айтқанда, Кеңес дәуірінің жиырмасыншы жылдарынан басталып, алпысыншы жылдарға дейін жалғасқан қазақ өнерін тұсаулап ұстаған саяси империялық таным-түсініктің көбесі сөгіліп, санамызға сілкініс тудырған, баяулап жылжыған «жылымық» жылдардың тарихи маңызын біз әлі күнге дейін түсінбей жүрміз. Дәл сол алпысыншы-жетпісінші жылдары біздің замандастарымыз домбыра мен гитараға әуес болып, кеш бата салысымен көшеге шығып, гитарамен қазақша ән айту үрдісі бұқаралық сипат алған еді.
Еліктеу дегеннен шығады, жетпісінші жылдардың жастары – біздер де жақсылық атаулыға еліктеп өстік. Әсіресе сол жылдары «құлақтан кіріп, бойды алған» эстрадалық әуендерге («Қарагөз», «Дос-Мұқасан», «Жез Киік» ансамбльдері орындауында) ілесіп, жер-жерлерде құрылып жатқан ансамбльдерден қалыспай біз де аты дардай «Ескене» (қазіргі ауыл аты, ол кезде «Дружба» совхозына қарасты Ленин атындағы бөлімше болатын) вокальды аспапты ансамбль құрған едік. Гитаралармыз негізінен қолдан жасалынған (көбінесе шифонердің есігі, т.б.), өзіміздің «творчестволық қол еңбегіміз» болатын. Репертуарымыздағы әндеріміз сол кездері танымал болған: «Той жыры», «Алматы түні», «Неге солай?», т.б. елге танымал эстрадалық шығармалар. Әрине онын ішінде Қорбай ағамыздың орындауындағы әндер бар еді.
Сексенінші жылдардың бас кезінде мен Алматыдағы С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) мемлекеттік университеттің тарих факультетінің студенті едім. Көктемнің жанға жайлы, шуақты күндері болатын. Түске қарай бірінен соң біріне жалғасқан лекциялар, семинар сабақтары мен лабороториялық практикалардан шаршап, Алатауды бөктерлей орналасқан жатақханаларымызға ілби басып келе жатқанымызда алдымыздан еңсемізді көтеріп, көңілімізді жадыратып, жүрекке нұр сәулесін құйғандай болып радиодан керемет бір әуендер төгілер еді. Бірден қалт тұра қаламыз. Әдейі студенттердің көңіл-күйлерін тап басқандай екі әуен күнде қайталанып, төгіледі де тұрады. Кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Бірі – елге енді таныла бастаған Қарағандылық жерлес қарындасымыз, жас әнші Мақпал Жүнісова. «Бақытым менің, Жақұтым менің, кел, кел, кел! Ғашығым менің, Асылым менің, сен, сен, сен!». Белгілі лирик ақын И.Сапарбаевтың «Сағыныш сазы» әні. Жүрек дүрсілдеп, көмейге жас тығылады. Дүрмекке толы думаны басылмайтын ауылды еріксіз еске аласың. Екіншісі – өзіміздің жаңаарқалық, сол кездің өзінде-ақ бүкіл қазақ жастарының кумиріне айналған Қорабай Есенов: «Жылжиды аққу айдында, жылжымайды, Мұңаяды ол неге, тұнжырайды? Сыңсып салған әніне тебіреніп, Қамыс басы қамығып, су жылайды». Айтары жоқ, бір-бірімен жымдаса төгіліп тұр, бір сөз қосып немесе түзетсең бүлдіресің, қайта түзерің неғайбыл… У-дуы бір басылмайтын студенттік өмір. Түстен кейін футбол, волейбол ойындарынан шаршағаннан кейінгі кешкі бас қосар орындарымыздың бірі – көршілес филология (тіл-әдебиет) факультетінің жатақханасы. Күнде қызу дискуссия, әдеби талдау. Кезек әнге келеді. Әсерге бөленген бір студент тұрып, осы әнді бір түсінбей-ақ қойдым: «Жылжиды аққу айдында, жылжымайды» немесе «Қалқиды, қалқымайды» одан әрі «Сырғиды, сырғымайды» … жарайды, жылжитынын түсіндім, ал бірақ жылжымайды деген не? Қарап тұрсам, расында да жылжымайтын сияқты ғой. Бірақ жылжып бара жатады..». Араға тағы бір жерлес ақын қызымыз Қымбат Әбілдина (ол кезде филфактың 3-курс студенті) түседі: «мұны жазған нағыз ақын ғой. Тұнып тұрған лирика, сондықтан да ол «жылжиды, жылжымайды; сырғиды, сырғымайды; керек болса қалқиды, қалқымайды..». Студенттер томаға тұйық ойға батады, расында да тұнып тұрған философия: «қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, біреу ерте біреу кеш бір құлайды»… Шынында да Қорекең – сыршыл, талғампаз әнші. Оны Кәкімбек ағасы өлеңін жазып, Жағыпар досы әнін шығарған «Досыңның көзін ұғарсың» деген өлең жолдарына зер салсаңыз да бірден ұғасыз, түсінесіз.
«Көп жұлдыз көкте ай болмас, Сәулесі жерге жетпейді. Көрінбей кетсе кей жолдас, Адал дос тастап кетпейді».
Немесе: «Туыстың дос боп өтуі, Некен-саяқ, неғайбыл. Досыңды туыс етуің, Өмірдің заңы санай біл». Одан әрі: «Жүрсең де қандай жұмақта, Түссең де қанша сынаққа, Досы жоқ өмір жұтпен тең, Достықтың туын құлатпа!».
«Әннің де естісі бар, есері бар» екенін жаттап өскен қазаққа бұл өлеңді талдап, дәріптеп жатқанымыз артық болар. Өлеңнің де киесі бар десек, сол әнді орындайтын иесі де бар екенін мойындаймыз. Сенбесеңіз қазір көкте қалқып жүрген «жұлдыздарға» осы әнді орындатып көріңіздерші, әсері қандай болар екен, ішіңізден «әжептәуір ән еді-ау…» деп күйінуіңіз бек мүмкін. Шыны керек, кейінгі аты шығып жүргендердің көбі әнді нәшіне келтіріп айтуды ғана көздейді де, әннің мәтініне мән бере бермейді. Әндердің шумағын немесе бірер сөзін өзгертіп айта беру – бұл күнде «тексіз шығармашылыққа» айналған. Қадірлі қарт қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ұзақбай Мұқышұлы ағамыз да Қорекеңнің орындаушылық шеберлігіне тәнті болып, облыстық газетке ішкі жан тебіренісін былайша өрнектеген екен: «Жан едім өмірге еркін бойламаған, Күні ертең не боларын ойламаған. Шарықтап кетсем-дағы қанат қағып, Өзіңдей қамқор адам қайда маған». Әкеге деген сағыныш, ішкі толқу жүрек түкпірінен шымырлап шығып, бойыңды билейді. Қоңыр әуен гитара үнімен астасып, сезіміңді билеп, баурап ала жөнеледі. Әкеге деген махаббат, оның алдындағы перзенттік парыз – бәрі-бәрі осы ән әуені ауқымына сыйып кеткендей. Іс-сапармен сол кездегі ауданға қарасты «Қызылтау» кеңшары клубының маңдайшасындағы радиодан осы «Әке жырын» естіген сәттен көңіл-күйім алабұртып, ән әуенімен тербелумен болдым. Оның орындаушысы Жаңаарқаның тумасы, жерлесім болғанымен жүзін көрмеппін. Сол жігіттің өзгелердей емес, асқақ ырғақты үнін, жан толқуын тыңдаушысына қоңыр әуенмен жеткізетініне ерекше тәнті болдым. Содан бері қаншама жыл өтсе де, қияқ мұртты, қоңырқай, сұлу келбетті Қорабайдың гитарамен сүйемелдеуіндегі әндерін тыңдай бергім келеді, тыңдай бергім келеді. Ойпырым-ай, ақын жүрегінің бұлқынысын, тебіренісін әнші Қорабай қалай тап басады» деген суреттеулерінен асқан баға болмас (Орталық Қазақстан.-2002.-23 қазан (№169/170). – 16 б.).
Серіліктің, өнердің қай түрі болса да қазаққа жат емес. Әрі өнер атаулыны жанымен қабылдайтындары да рас. «Күй атасы – Құрманғазы, ән атасы – Әміре деп жатамыз. Ал Қорабай Есеновты «қазақи гитара өнерінің падишасы» десек болмас па? Ағамызды үлгі тұтып, ұстаз санап, қолына гитара алған Нұрлан Өнербаев, Ерлан Белғозиев, Табылды Досымов, Гаухар Әлімбекова, Гүлмира Ақүрпекова, Сейіл Аяғанов сынды саңлақтарымыз сахнадан көрініп жатса, бұл да алдыңғы толқын ағалардың кейінгі толқын інілеріне ерекше бір серпін беріп, жаңа жолға бастаған ұстанымы болар. Гитараның да қазаққа жат аспап еместігін тұңғыш рет жария қылған да Қорабай ағамыз еді.
Өзінің бұл өнер жолына қалай келгенін әнші былай деп еске алады: «…оқушы кезімде гитараны ұстап көрген жан емеспін. Бірақ әкем Әбікен домбыраның құлағында ойнайтын еді, күй тартатын. Әншіліктен де, ақындықтан да құралақан емес-ті. Бірақ өмір бойы қарапайым теміржолшы, парауыз машинисі болып істеді. Содан жасымнан мен де домбыраға қол созып, мектеп оркестірінде ойнап жүретінмін. Гитарамен ойда жоқта достастым. Институтқа (Целиноград қаласындағы Ауылшаруашылық институтының агрономия факультеті) түскеннен кейін, бірінші курста сексен студент ауыл шаруашылығы жұмысына бардық. Сонда жатақханадағы екі қатарлы кереуеттің жоғарғысында жататын Николай Литовченко деген украин жігіті болды. Сол түнімен гитарасын сабалап ән айтады, таң атқанша ұйқы бермейді. Өзі әскерден келген, оқуға есейіп келіп түскен. Ақыры ұйқы жоқ болған соң: «Коля, маған да гитара тартуды үйретші» ,– деп қолқа салдым. Гитараны екі-үш күнде игеріп алдым, домбыра тартқан кісіге қиындығы шамалы екен. Николай: «Сен бұрыннан гитара тартатын шығарсың, сірә, қалай тез үйрендің?» деп таңғалды. Мен сол күннен бастап гитара деген ауруға ұшырап, күзде сол аспапты сатып алып тындым», – деп еске алады.
«Мен небары екі ән ғана жазған адаммын. Алғашқы әнім – «Жас қалам». Оны он жеті жасымда шығардым. Бір күні бір курстасым сол әннің сөзін әкеп берді, оқып отырсам, сөзі ғажап:
«Кездессем, ұрлана қараймын, Асаудай тулайды жас жүрек. Мен сені жаныма балаймын, Сен үшін менде бар бір тілек».
(Өлеңнің сөзі біздің жігіт бола бастаған албырт шақта бастан кешетін сезімді дөп басып жеткізіп тұрғандай. Кейбіреулер осы әннің алғашқы жолын бұрмалап «кездессем нұрлана қараймын» деп те орындап жүр – автор). Сөйтіп, 1966 жылы жаңа жыл мерекесінің алдында ойда жоқта жаңа ән туды. Қолым қалт еткенде сол әнді айтамын. Институтта атым шыға бастады. «Жас қаламға» қатысты айта кетейін. Біреулер «Әннің сөзі Қорабайдікі емес» деген әңгіме айтыпты. Мен де оның сөзіне таласудан аулақпын, ал әні – менікі» деп ағынан жаралған екен. Бұл сөзден біз Қорекеңнің өнерге деген адалдығына, ардан аттамаған өмірлік ұстанымына көз жеткіземіз. Қорекеңнің бұл ішкі сырына сырлас інісі бола жүріп, өзім де талай куә болғанмын. Талай-талай отырыстарда «Жас қалам» әңгіме өзегіне айналғанда Қорекең бұл сөздерінен бірде-бір рет айныған емес. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қытаймен шекаралас Үржар ауданына экспедициялық зерттеулермен жүрген сапарымызда арғы беттен көшіп келіп, тұрақтап қалған ақсақал Сәбит Шөмшеков (бұл кісі сол кезде жасы сексеннің үстінде екен. Ауылды сағынғанда «кіндігімнің жас қаны, тамған жерім ауылым» деп жүрегіміз елжіреп, жалықпай шырқайтын «Ауылымның» сөзін жазған Жабайыл Бейсеновпен қатар, сырлас болып едік деп еске алып отырды). «Жас қаламның» авторы өткен ғасырдың 60-жылдардағы «жылымықты» пайдаланып, арғы беттен бері өтіп алған жас ақын Төлеубек Жақыпбайұлы екендігін және ол әннің әу бастағы аты «Ыстықсың сен маған» болып таралғанын айтып қалды. Арамызда әңгіме тұздығына араласып отырған облыстық «Дидар» газетінің Аякөз және Үржар аудандық меншікті тілшісі Берікхан Тайжігітов бұл мәселені кейінге созбай, сол жерден ән авторымен байланысқа шығуды ұсынып, ағамызға қалта телефонынан қонырау шалдық. Қорекеңнің дауысы жарқын шығып, хабарласқанымызға шын ниетпен қуанышын аңғартты. «Бұл әннің мәтінінің авторы басқа адам. Мен сөзі көкейіме қонып, ішкі дүниеммен үндес шыққан соң ғана орындап жүрмін», – дейді ақтарыла сөйлеп. Егер әннің шын иесі табылып, Қорекең бұған қуанбаса, ренжімесі анық. Бірақ «Жас қаламның» осы уақытқа дейін жоғалып кетпей, оранжировкасын жасап, бағын ашқан Қорабай Есенов екендігі даусыз.
«Жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейді» демекші Қорекең көрінген сөзге ән жазып, сөзі келіспеген әндерді орындай да бермейді. Әншінің сонау алпысыншы жылдардың орта кезінен бастап өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар аралығындағы ширек ғасыр ішіндегі репертуарын алып қарасаңыз, олардын жалпы саны жиырмашақты әннен аспайтындығына көз жеткізер едіңіз. (Қазір кейбір әншілеріміз репертуарымда бес-алты жүздей әнім бар деп шалқалайды).
Сол киелі өнерге деген адалдығының қайтарымы да болар бүкіл саналы ғұмырын ел ішінде жүріп, ауыл шаруашылық жұмыстармен өткізсе де, атақ-дәреженің бәрін өнері үшін алған сияқты. Тұңғыш президенттің қолынан алған «Құрмет грамотасы», «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері», Жаңаарқа ауданының «Құрметті азаматы», т.б. атақ-даңқы бола тұра Қорекең қарапайымдылығы мен кішіпейілділігінен бір тайған емес.
Жаңаарқа өңірі –арқаның ән мектебі қалыптасқан киелі өңір. Бұл өңірден елімізге аты әйгілі ақындар мен бұлбұл әншілер де, дәулескер дүлдүл күйшілер де шыққаны белгілі. Қорабай десек, Жаңаарқа, Жаңаарқа десек, Қорабай еске түседі. Жаңаарқа топырағы Қорабайды дүниеге әкелсе, ал Қорабай Жаңаарқаның атын әлемге танытты. Туған жерден, өскен елден жырақ кетпей, ауылда жүріп-ақ халқының құрметі мен қошеметіне бөленген, жетпістің бесеуіне келсе де қолынан гитарасын тастамай, киелі өнерге деген адалдығын сақтап жүрген бір дәуірдің құбылысы болған тау тұлғалы Қорабай Есенов қандай құрметке болса да лайық.
Дәуренбек ЕСКЕКБАЕВ