ПОЭЗИЯ немесе АНТИӨЛШЕМ…
16.04.2024
1254
3

Абайдың жолында

Абай өлеңдері ғарыштан түскен құдырет. «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған. Қиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағыны жетіп қайырған – Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең өзің біл…»!? Жалпы ұстыны ғажайып: – «Сезізаяқ» құбылымынан бастанған Абайдың өлеңдері әр ақынға айында бір рет егетін ваксина сықылды. Ұйғыр сазгері Құддыс Қожамиярұлы кезінде төрт дауысты ырғаққа бөліп көпдауысты бояулы әуенге қатты ынтық болған. Әуеннің өзі ақындықтан бастау алатын әуез. Түб – тереңі сана түкпірінде құлындай кісінеген поэзияға қарай түрен тартады.  Беу ғарыштық ұлы шайыр! Төлеген Айбергенов сағынған Абай. «Өмірде мынау сағынбағандар – бақытсыз, бақсыз, талайсыз, Қазақтың жыры Абайсыз!». Қайран да қайран Төлеген Айберген ақын: поэзиямен егіз туған шайыр бұны – аманат еткен мүмкін!?

Өлшем қайрағы – өрім

Демек, осы өліаралықтағы руһани поэзияның жеткен межесі мен әбден әлсіреген санамыздың дәл бүгінгі өлшем шебіне бір сәт көз жүгірте алдық па!? Әрине бізде аналитикалық сараптама мешелдеп қалды. Керісінше айтыс өнері айтарлықтай биікке көтерілді де ұлттық деңгейде бірсыпыра көрерменді өзіне тартты, бір кісі сандал жүйріктерді жинады, баптады. Енді сол трейдинглерді бағындырған ұзақ уақытта бақыттың биігінде тұруы һәм ұлттық тұғырдан бұлжымауы өз алдына бір қисын! Ал, бүгінгі поэзия үздіксіз өрге тырмысып, ғаламдық биікке көтеріліп келеді. Бірақ, поэзия дегеніміз кез келген «топты» бір межелі биікке тез жеткізер жедел саты тағы емес. Өлшем деңгейін сөзбен шамалау, көзбен долбарлау да өте күрделі және қиын іс. Биіктікті бағындыру әсіресе поэзияның биігіне жету деген қиямет-қайым. Темірхан Медетбек ақын – қазақ поэзиясының темір қағаны айтқандай поэзиямен «…тыныстап, кейде тұншығып…» өрлеп келеміз. Иә, Темір қаған ақын ғалам мен ғарышқа қарай қабағат тұма дауыспен былайша түренмен жар салады:

«…Кетсе  тек шабыт бiр есiп ақиық ақын сабазға, – қаламның сүйрiк ұшына
қырық екi әрiп iлесiп, жүгiрер аппақ қағазда.Үзiлiп әнiн созғанда табиғат тартқан дастаннан, құйқылжып барып бозторғай кетердей тамып аспаннан…».
Бұдан өзгеше қандай табиғи рәмізді сомдап жасауға болады!? Қазақ жырының алмас қылышы һәм көк түріктің үнін сезім иіріміне икемдеп, өлеңмен сызған ықпалды символизмнің темір қағаны – Тем ақаң.

Ендігі саптағы талпыныс …

Ақын – ұлы тәуелсіздіктің символы, ұлттық дәстүрдің қазақы болмысқа ұялаған адамзаттың ұлы падишаһ ойлы, сезім мен түйсікті біліммен екшеген жыршысы болуы шарт саналмақ. Ұлттық өнер деген тек қана жылына бір келіп кететін  – «жыл құстары» емес. Қаламұшында қаңқылдап жеткен, қайта қайтқан құстардың қиқуларын арқасы бар ұлы ақындар ғана бұны сүгірет етіп сыза алары хаһ.  Ал, социализм кезінде  өткен, бүгін де басымыздан ілгеріге өтіп жатқан мына өтпелі сәттерде де өз-өз бояуымен парақ бетіне қондырылуы тиіс. Десек те аңғал оқырман, момын жұртты сәл тыныштандыруға арналған «гео насихат» құралы ретінде таңдалған серуени «жырлар» ширек ғасырға жуық аса қарқынды дәріптелді. Ендігі кезекте соц жүйенің қалдырған құрғақ өкімді өсиетнамесімен өмір сүруге болмайды дейік… Хош! Жуықта ғана Тоқтарәлі Таңжарық ақын осының дәлелдемесін әлемжеліде жария етті де жұртты, саналы (санасы әлсізі де бар – РС.) оқырмандар алаңына ойран салды. Таңжарық ақынның бұл реткі өлеңіне кең көлемде пікірлер айтылды… Талданды, танылды… Әрине біреу біліп ілесіп, біреу сәл лағып ілесіп бақты… Өлеңдегі темірқазық: – «Сен осы қалада жүрген секілдісің» деген көлегейлі, күңгірт ойдың басын жұмбақтап келіп, шымбайлы нақтылағандай болса: – «…Соңыра өз жалғыздығымызды қолтықтап…» — деп ептеп ортадан салмақтап: «…Он жеті жасымда  тыңдаған әлдебір сыбызғы күйін аңсап…» барып бітеді… Иә, текті оқырманға бәрі де тұщымды сезілген сықылды.

Іле-шала талантты ақын Біржан Ахмердің «Ұмай Ана» поэмасы «Қазақ әдебиеті» газетіне (26.03.2024) жарияланып бірден «тәңірге» жол тартты… Әйтеуір екі шығарма да оқылды. Құп. Талдау біржақты болмайды. Шағын һәм үлкенді кішілі тіптен бір сөзбен болса да әдеби талдауға қатысты болса ол – біз аңсайтын аналитика! Шығармашының жеке басына шапшып, патша көңіліне қар жаудырып, мұз қатырғандай етіп «тілдеу» үлгісі де қонымсыз әрине.

 Көлегейленген терезеде

ХХ ғасырдың басындағы поэзияға нақтап орныққан бағыттарды біз нақты бағалай алмай тек қана «көз долбармен» өлшеп-тамап келе жатырмыз. Қазақ поэзиясы жаһанды жаңғыртар асқан жаңалықтардың сыртында да ішінде де болған. Бір кезеңдегі өзгенің көлегейлеген терезесі қазаққа  өңге ғаламға қарауға толық саңылау берген жоқ. Ағымдарды соц реализмнің шеңберінің тыс жағында ұстады. Өзгеше жазған ақындар бірден түртпекке түскен. Ештеңе оқымайтынын мақтан көретіндердің шығармаларымен «күн көрдік». Әуелі Иосиф Сталиннен сыйлық дәметіп, соңынан оған ащы эпиграмма арнап 1934 жылы қамауға алынған орыс ақыны Мандельштам Осип Эмильевич (Mandelshtam, Osip (Emilycvich 1891-1938) жаңашылдыққа ұмтылған.  Мынау модернизм – ( modernus) – жаңалығы: осыған дейін де кейін де оқырмандарға көрінген құбылыс емес құбыжық ретінде түсіндірілді. Мүмкін осы бір кезеңде Шығыс түстіктегі қытайдағы қазақ поэзиясының бір құбылысы – Омарғазы Айтанұлының әйгілі «Шығыс романтикасы» осы түренді ағымның арнасынан түрен салды: «…Ежелгі жыр-эпостардан мысал келтіріп. Білмеймін жаралғанымды, қайсы «Адам тектілерден»,қайсы орманда сақал-мұртым өсіп; Тастадым екем жапырақ шапанымды. қайысы сайларға шешіп?! «Мың бұрхан үңгірін» ақтарып шаршаймын, қалды екен қайысы ескі қоныста, Тозып жоғалған ескі сағанағым?!».Омарғазы Айтан түрмеде өскен шедевр еді. Ол, тым ертеректен өзін ойдың түрмесіне қамап, өлеңнің өртіне өртеген ақын. Осы кезде – «Шығыс қызарды, шықты Күн, Жуңгода туды Мао Зыдоң» деген жыр ғана көп айтылатын-ды… Бұл бір кездегі таңдау болтын-ды. Жолайырыққа келгенде әркім өз жолымен кетті… Батырхан Сәрсенхан деген хас талантты жас ақын үмітін  сүйретіп жүрген екінші жолмен: – «…Кеттік біз екіге жарылған жолдармен, сабылған жолдармен сүйретіп үмітті…»!? Рас та шығар!?

Модернизмге шейін бе, кейін…

Батыс қақпадағы Қошалақта туған  құдайы берген құбылыс, ұлы шайыр – Жұмекен Нәжмеденовтың – «Дыңғызыл» толғауы тоқсан түрлі әуезге толы… Мысалы, – «…Құмдар – сары, Күн – қызыл,Күн қызылы Дыңғызыл, жортып келем, көлеңкем, бірде қысқа, бірде ұзын…». Бұл толғау деген жанрдың ең биігі.

Тағдыр тағы да қазақ поэзия алаңына Төлеужан Ысмайлов деген бүтін бір әлемді ұсынды – «…Таныдым тарғыл тасынан, көзімнің тамған жасын да…». Төлеужан ақынның төлежіген тұсында аспандағы жұлдыздар, жартастағы жабысқан сүрі қардың бетінен сүзіп алып, сүң сүлейде сүмекті сүрлеу салды. Ол, өзінің көз жасына жасырған өңкей ерекше өрімдерімен есте қалған. Мысалы: – «…Аңқыған сезіп келем күз демін мен, қарақат айнымайды қыз меңінен…». Ғажайып осы сүгіретті қараңыз!? Саңғал ақын Төлеужан Ысмайлов салған әні?! Осы поэзияны бір ғана жолмен Несіпбек Айтұлы: «…Аққудың көз жасындай көлге тамған…» деп түренмен түрендетеді. Тұрсынжан Шапай оған ғаламат саз жазды! Несіпбек тек осы жалғыз әнімен де ғаламдық поэтикалық санатта мәңгі қала алады. Осы сүрлеулердің тағы бір жағынан оқыс дауыс шығады… Әрине әуелеп көшіп келе жатқан Файзулла Төлтайдың бармағының іздері мүлдемге бөлекше:

«…Біз ақымақ екенбіз – 
адалдықты,
ізгілікті іздеген, мына өмірден.
Жоқ!
Бар амалы.
Бәріне келістім мен.
Бұлдыр дүние біз үшін теріс мүлдем…»!?
 Файзулла Төлтайдың есте өзгеше қалатын өрім өзегі де осындағы – «Ессіздігі».

 Сағымдағы сарын…

Қазіргі замандық постмодернизм (postmodernism) – сана бостандығымен Ерлан Нұрдыхан есімді есіл ақын ел мен жерден жырақ шеткері жүрген бір шайыр бар. Еркіндік пен сағымдағы аласапыр сыр сағаттары Ерланның санасына сұрақ белгісін қадап,  супермодернизм (supermodernity) сарынымен тыраулап өтеді ақын кейде… Бұрқыраған ақ бұрқасын жырларымен  көшіп бара жатады. Шәкуртінің шақпақ тасынан от шашқан  ұшқын сықылды. Кейде біреуді әсіре «көтеру үшін» оның қойын-қонышына, қора-қопсысына ақындарды айдап әкеліп жүздеп ендеп, тізіммен енгізетін «дербездік» біздегі казармалық санадан әлі де арылмай келеді!  Ерлан Нұрдыхан секілді ақындар бұл «тізімнен» әдейі алынып қалады… «Айбоз» сықылды жарыста да аямай лақтырады кейде! Беу, Ерлан Нұрдыхандардың шетте жүргені де қорқыныш!

 «…Білмеймін,
Жоғалту ма, бостандық па?
Сақтаймын бір мұңымды ес-сандықта.
Жылайды ол. Әр таң сайын құлдық ұрып,
Ішімде жасырынған астамдыққа.
 Жылайды ол самайына қырау қонып,
Сұрайды бір еркіндік!
Мың әуре қып,
Кеңдікке, кеңістікке кеткісі бар,
Тырнадан тамшылаған тырауға еріп…»  

 Бұл Ерландардың сарынын Батыс пен Шығыс деген он еселі ендік, жүз еселі бойлықтан жақтан іздеу де бұрыс емес. Соңғы кезеңде келе жатқан бір топ жас ақындардың екпініне қараймыз. Түрен де тәуір…Күдік көп… Үміт туралы да болашақ жаққа жалтақтап қайта-қайта қараумен келеміз.

 Батыстан ескен самал…

 Дейтұрғанмен қазақ поэзиясының бір ірі деңгейі бұлдыр да болсын сайын сағымға оранған сұлбасымен көріне бастады! Көп дәлел, артықша көпшікті гәп келтіруге уақыт шығын болмақ. Сонау батыс жақтағы Еділбек Дүйсен есімді ақын өзіндік өрнекпен өлеңнің өзгеше бояуын тауып, поэзияның ішкі өңін өзгерте түсті… Мысалы;

…Биіктікті батпырауығым жеткен жермен,
Тереңдікті құдық түбіне лақтырылған таспен өлшедім.
Құдірет туралы ашық айтудан қорықтым,
Кейін, ашық айтпаудың құдірет екенін түсіндім.
Жылап аққан қанның өзінен Оған тəн реңді іздедім.
Кейін, Құдайды қарғаған шешем дауысынан селк етіп ояндым…

Жап-жаңа әуездердің жағымды сарыны жағынан әрине гипермодернизмнің (hypermodernism) жаңа сүрлеуінен жұққан із, өткен ғасырдың бір тілкім үлгісі, бір шөкім иісі сіңген сықылды үн бар мұнда. Бұларды біздің іріктеуімізден гөрі көрнекті әдеби сарапшылар мен текті оқырман: «көзіне шыбын тышпаған» саналы қауым тарапынан бірдеңе айтылуы керек. Әдебиет сыншысы мен тәуелсіз зерткер һәм зияткер аналитиктер түгенделсе бүткіл бәрін білуге ұмытылады. Алайда олар сәуегейлер емес. Біз үнемі сұрақ белгісіне сүріне береміз!?  «Неге?» сауалдың ең төменгі обаразы «0»-ге тең. Бүгінгі философияның құрылымынан тек қана жұқана идеалы қана қалады. Еділбек Дүйсен солай үндетіп жүр. Ол, тағы да бір ерекше лағыл сөзбен сүгірет сызып, әуенін құлағыңның түбінен қиқулата, қыраулата салады. Шап-шағын симфонизм!

…Кіп-кішкентай…айдалада…
Тірлік еді,не деген!
Қайда кеткен қайран ана,
Құм-бесікке бөлеген?!

Тамшы жасы мөлтілдеген,
Түсі көзден сырғанап.
Жолаушыдай жол білмеген,
Төңірекке тұр қарап…

Поэзия мен әуездің жымдасып, боялу сүгіретпен қиюласатын тұсын өте нәзік меңгерген, әр сюжетті шебер өрімдей алатын түйсікті, білікті ақындар осылайша көзге көріне бермебейтін бояуларымен сіңісе жететінін байқап азды-көпті саралап келеміз.

Альтермодернизм келді

Ұлттық сөз өнері – қазақ халқының өзін іздеп табуға арналған үлкен жорығы, жолы, бағдары. Ұлт деген адамзаттың бір жұлымы. Жұрттың санасын жаңғыртатын тек қана адамзаттық әдебиет пен өнер, азаматтық поэзия. Ендеше альтермодернизм (аltermodern) ұғымы саналы ғұмырдың саналы жұрттың санасына осы замандық  жас ақындардың өлең-жырлары арқылы тура жұғатыны сөзсіз.   Оның кілті – осы замандық жаңа поэзияда ғана!  Құлағында Құрманғазы, Тәттімбеттер, Қорқыты, Ықыласы бар ел – қазақ. Домбыра 9 пернеден тоқсан түрлі әуен шығатын, құлақ күйінің өзі патетикалық поэма сықылды өрімдей әуендер. Қайда дейміз!? Адасамыз іштей! Ұлимыз көкке қарап, көк бөрілерше! Темірхан аға өзінен бұрынғыны емес – өзі кешкен бұрынағы сәттерді іздейді қобыз үнімен… «Қайда, сол кездер?!» деп адамзаттық мұңды шертеді!

«…Құданың құдіретін-ай, Жығылатын жерден жығып, Ұтпайтын жерден
Ұтатын едім. Қара бұлттардың Қалыңына кіріп, Қып-қызыл найзағайларды
Бұтарлап сындырып жұтатын едім…»!
Темір қаған ақын ағам қоңыр домбыраның пернелерін кезіп, күңіреніп отырып: поэзияның күрделі мета сұлбаларымен тыныстайды, тынышталады. Жұлым-жұлым тамырларымен жұлдызға жалғасып, жасын мен найзағайларды аран азуымен күрт-күрт шайнап келе жатады!

Осы замандық қазақ поэзиясы адамзаттық арпалыстардың арасында шыңалып келеді дейік. Байбота Қошым-Ноғайдың ақ өлеңдеріне бір сүңгіп шықсаңыз сезінер едіңіз дер едім тағы да!

«…Кезiп жүр бiр ақ перiште қиял ғаламын,
оны ажырата алмайды ешкiм де менен.
Жұматайға ұқсап мен оған күй арнамадым,
Тагордай көмек күткем жоқ кескiндемеден.
Көбейдi қазiр ұйқысыз атырар таңым,
зер төгiп шерлi,
жырымды жазамын нұрмен.
Сонетi дағы дәрменсiз Петрарканың
айшықтауға сол арудың ажарын мүлдем.
Дүрсiлдеп байғұс жүрегiм кіл үмiтпенен,
дегбiрсiз жиi соғады бүгiн асыға.
Сұп-суық сол бiр жанардың
жылынып келем
жалғанда мынау бейопа шұғыласына!…».

Талаптан өнген талант, өңге кейіпті өлеңі өрескел, өресі жеткінге:  Расым, Байботаның – «Байбота Серікбаев» кезінде жазғаны түгел таңғайып айшықты, шуақты, түнекті, түренді!

 Бүгіннен кейін…

Осы жандүиені күйдірген күйлердегі бейкерім тылсымдықты қабылдауға аса сезімтал метомодернистік бағыттағы ақындар да айдай туып келеді. Жуықта мен тағы да Ақжан Аманжол есімді бір ақын қыздың «Сюрреалистің түсі» өлеңінде: «уақыт бар толған Айдың жанарында ойнаған…» деп келетін бір супер өлеңін оқыдым. Ей, мейірімді оқырманға дат дейік… Егер мүмкін болса бұл өлеңді шып-шырғасын шығармай өзіңіз оқысаңыз!? Біртүрлі сезімтал, секемнен туындаған өлең, өлең – мetamodernismі Ақ-Жанның! Иә!!! Метамодернизм (мetamodernism) ағымы бүткіл «изм»-аралық өтпелі құбылыстарды күрделі қисынмен, нәзік сезімталдықпен кодталған кілтті құрлықаралық жаһани жолдардан іздейді. Цифрлі қоғамның дамудағы бір көрінісі өлеңнің өрімінен көріне бастады. Әрқилы технологиялар пайда болған тұстағы ерекше таныммен келетін өрімі мен өлшемі ерекше өлеңдер болуы мүмкін. Тағы бір талантты ақын қыз Қарлығаш Қабайдың тосын  жырларының бір жолы: – «Өмірдің өксігін естідім, күрсініс кірпігін жұмғанда. Сызайын жүзіне күлкінің кескінін,өзім де ұмытпай тұрғанда…»! Технологиялық дамудың жылдамдығына жөнді ілесе алмай келеміз. Баласағұнды түк еске алмайтын тек «балықтын 8 секунттік есі» біздің санамызға тұрақтап үлгерді. Ешқашан келіспеуіңізге болады… Роза Аспан деген асау ақын құсап:«Ешкіммен келіспе… Ньютонмен де, Эйнштейнмен де. Спиноза да қателескен. Декарт жәй айта салған. Менің кеңістігім – сенің жүрегің, Сенің уақытың – менің өмірім…» дейді!? Мүмкін!? Муза шүңетіне сүңгіп жүрген топ қыздардан: Гүлнәр Салықбайдың соңғы сойқан аудармалары, «…жанарынан моншақ мұң құлаған…» Жанат Әскербектің – Миф-о-поэзиясы, Бақытгүл Бабаштың құмайт мінездес «…шыққа толы етегі…», Маржан Ершудің өлеңдегі өңге кейіпі, ереуіл кеңісі,  Гүлманат Әуелханның мәңгілік қыз мұңы, Жұлдыз Молдағали – сәл өкпешіл, нәзік жүрегі, Жәудір Нартайдың – ұзын өлеңнен қысқа әңгімеге қарай жол тартуымен келісуге тура келмекпіз ендігіде…

 Ән мен әуен мәтініндегі «әдеби жанр»

Өнер шеберлері шедеврлері – сананың инженерлері. Олар жалпыұлттық, жалпыадамзаттық мақсатты сүйреп келді. Ғасырларды ғасырға жалғасқан өнершілер. Қоғам мен саяси өмірді бүгін «шоу-бизнес» алға жылжытып келеді-міс. Шоу деген хит-изм  өнер емес. Шоу – уақытша ғана құбылыс, арбау. Өлең шоу бизнеске айналса – бүткіл руһаният түбірімен бүлдіріледі. Бүгінгі кино мен сахна өнері түгелімен араласып, бытысып кетті. Оның үстіне дәстүрлік санасы жоқ режиссердің дөрекілігін қосыңыз. Ән мен әуен, сазгер мен композитордың өзара үндестігі мүлдемге әлсіз. Қазақ поэзиясының «Тынық мұхиты» Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Куә бол» әні  ғарыштан төмен құлап, төменнен ғарышқа қарай шапшыған вариациялық ( variatio) формадағы адамзаттық мәнге ие ғажайып әуен. Жалаң талант, мисыз өнерші болмайды. Композитор мен сазгерді айырмайтын болдық. Әннің сөзіне әуен жазғанның бәрі  композитор емес. Соцреализм кезінде атақты сазгер Сыдық Мұхамеджанов (1924-1991) «Шаттық Отан» симфониялық поэмасын жазған. Әдеби жанрдың әуенге айналып поэма, баллада болуы оңай шаруа емес еді!? Сыдық Мұхамеджановтың классикалық музыкалық әуені – «Домбыра туралы баллада», «Айсұлу» опералық шығармасы күрделі сазды поэзия!

 Көшедегі әуеннен…

Соңғы мезеттердегі хип хоп, рок поп – жастарға қатты әсер етуде. Бұған Нобель сыйлығы да берілді. Америкалық әнші, композитор, жазушы, киноактер Боб Дилан (1941 жт.) Әдебиет аталымы бойынша 2016 жылдың Нобель Сыйлығының иегері атанды. Мексикада 1916 жылы туған 15 жасар сазгер қыз Консуэло Веласкес (Consuelo Velázquez Torres 1916-2005)  «Бесаме мучо» («Bésame mucho») әні әлемді таңғалдырған. Мәтін 20 тілге аударылып, американдық саксофонист Жимми Дорси (Jimmy Dorsey 1904-1957)  бұл әуенді 1944 жылы шырқаған және әйгілі «Битлз» ((Beatles – рок-группа) орындаған. Көше әуенінің жаһандық жаңа атағы осылай пайда болды.

Мұндай ғаламды бағындырған әуен қазақта да болмады демейміз!? Әміре Қашаубаевтың үні Еуропада естілді. Уақытынан бұрын, озып немесе уақытында тумаған талант Роза Бағланова ғаламдағы 54 елге барып, 25 тілде шырқаған бұлбұлкөмей әнші. Бірақ, «Ах, Самара городок!» соцреализмнің  деңгейінде қалды.

Ендеше Қазақтың әуени құдыретті симфонизмі қайда? Кейде Мәменнің күйі «Дүрбелеңді» симфония ма, монотематизм бе!? – деп сансырап жүргенде құдай қазаққа Димаш Құдайберген Қанатұлын сыйлады. Ол, тура Қытайда 2016 жылы жара бастады!

Поэзия – жадтағы подкаст

Бұл ХХІ ғасырдағы су жаңа үлгі. 2000 жылдан бастап шарықтаған  2003 жылы әйгілі Apple компаниясы iPod пле тетіктерін жариялаған сәттен бастап керемет дамығын нәрсе. Қазақ поэзиясы бұдан кейін осы үдеріспен жаңа қарқынға ие болуы шарт. Қазақтың мұратына жегілген ақын Мұрат Шаймаранның «Арбакеш жыры» деген отты жырды кезінде Латын Америкасының ақындары яғни Павло Неруда (Pablo Neruda)-лардың да сарынынан тым бөлекше лирикалық һә күшті тегеуірінді сарын бізде бар екен.

Бүгін бір өзін керемет санайтын  академик, жалы мен кежегесі есе  күжірейген  математиктер шығып келіп бәрі косинустар сызығымен поэтикалық саздар жазса ғана қазақтың музыка әлемі керемет гүлденетіндей пікірлер айтады. Баяғыда өткен 1687 жылы Исаак Ньютон әйгілі Табиғат Философиясының Математикалық Қағидалары (Mathematical Principles of Natural Philosophy) кітабы 1915 жылы немесе Эйнштейн салыстырмалылық теориясының негізін тапқанға дейін 228 жыл «тағынан түспегені» туралы түгендеп жатудың өзі артық.

Математикалық тәсілмен жазатын гректік сазгер Ксенос Александрос (1912-1995) қанша деңгейге жетті!? Ассириялық сазгер, атақты талант Арнольд Франц Вальтер Шёнберг (нем. Arnold Franz Walter Schoenberg 1874-1951) математикалық формуланы пайдаланып саз жазғаны бар. Бірақ, бұлардың қай-қайсысы да дәстүрлі үрдісті бұза алмады. Біздің осызамандық санаға қарай зара айтып жүрген Ықылас Ожайдың формулалары секілді сілкіністер. Алайда Мирас Асан ақын айтқандай: – «…өзімен күресте…» жеңіске жету жетпеуі өзге әңгіме. Мирастың жырлары ішкі үннен өрбитіні де өңге! Кейде айқайдан үнсіздік те жақсы ма деп қаламыз!? Олжас Қасым ақын  да үнсіздікті бейсанаға қарай көншіте түседі.

Айжарық Сұлтанқожа деген ақын азамат өлеңінде: «мен жерге орнатылған ғажайып құрылғымын… менің үнсіздігімді тыңдауға монахтар келеді…» дейді! Күңгірт бояуға орап ұсынған еңкіл иісті зімбір діңді дүние!

Қарабайыр баттасқан қара бояулар өлең немесе айқайы мен ұраны көп бір сарынды қарадүрсін шумақтар, тіпті немқұрайды жаза салған бірдеңелер «өлең» болғанымен поэзия бола алмайды… Осынау құйтұрқы қылықтың бәрі болашақта ұлттық руһты жұтып тынады… Күдік көп дедік… Үміт – тағы бір басқа! Демек, Айжарық Сұлтанқожа – «…өзін тастай алмай…» бұл кінараттан мүлдемге  өңге аулақта өсіп келе жатқан су жаңа «өсім»! Осы сәттер сәдеп жырлы қоңыр ақын Ұмтыл Зарыққанның қоңыр өң бетін өзгеше қоңыр өріммен көрсетті. Ал, Оразай Жеңістің «Жел сүлейі» тамаша екен.

Ақын өзін бір жалаңқат шеңберге салған сәттен бастап мүрдем кетеді һәм мүлдемге ұмытылады. Ұмытылу – ақ, қара өлеңнің қарғысы тиюі! Шеңбер мен шиырлы сызық, жарық – тағылым деген бірімен бірі туыс!

 Поэзиядағы өлшемдер…

Поэзия саған теңгірден берілген «ханның алтын тағы және патшаның жәуһерлі  тәжі» секілді дүние Мүшәйра бұрынғы бұлан-талан айқайлы еңіреушіліктен гөрі фанфик секілді фенклубтің жүйесіне қарай көше бастады. Ешкім поэзияның болашақ келуі тиіс келелі келешегімен шен таластыра алмайды және кезеңдерінен айналып өте де алмайды. Соңғы сәттерде поэзияны бағалаушылар өлең аламаны мүшәйраны тапты!? Өкініштісі, мүшәйра – поэзияның өлшемі емес.

Басталуы мен аяқталуы жоқ шеңберді қара өлеңде – «шыр айланған дүние-ай!» десе керек. Ал, ақ өлеңді күнде өндіретіндер өнім бере алмайтын өшіп бара жатқан ой санадағы «соцзауыттың қалдығы». Соңғы кездегі жастардың «түсінуге күрделі» өлеңдері жаңа құбылыс немесе жаппай олай емес деп дауласуға келмейді. Өзін аударып көрсетуге талпынған бір буын кемел поэзияның үстіңгі жақтағы өрісіне келіп қонды. Поэзия: өңге үнмен Тілеубек Батыс ақын «тәңірдің қап-қараңғы көзіне қарап тұрып: «жарықты өшіріңдер!» деп айқай көтере келді. Прозада: жоғарыдағы айтылған  Жәудір Нартаймен қоса  Мерей Қосын «мен жоқ жердегі менің өмірім…» деп селт еткізді! Сафина Ақтай «Күміс көбелек» пен тың шүңет түрендете жетті! Бұрынғы біздер енді олармен санасуға тура келеді. Бұрынғы шоқпардай галстук тағып шоң мінбелерден айқайлаған «ресми» поэзияның енді тарихта қалып бара жатқанын мойындау ауыр, бірақ, одан өзге айланба жол, бұлтаратын  тәсіл де қалмайды. Әлемдік үлгі де осыны көрсетеді. Сол дүбәрә шақты ойлағаннан кейін Айбол Иламғали ақынды еске алмай кетуге болмайды: – «…Сөйлесе жаңбыр тілінде көктің, Естісе сосын күлкімді… Мен ғасырлардың бірінде жоқпын, үнінде жоқпын… біртүрлі…»!? Бір түрлі үн!

 Қуаныштың қуанышсыз шеңбері…

Поэзия – КСРО-ға вассал болды да соцреализм атты жасанды түсікті өмірге әкелуге ұмтылды. Жүрегі жоқ және тоңдырмалы  қоғамнан жүрегі жоқ  «көбік ақындар» туады. «Қайда ұшып бара жатқанынан бейхабар көбелек…» – деген Біржан Ахмер деген талантты ақын жігіттің өлеңіндегідей теріс қараған кейіпті сүгіреттер! Советтік ойкісенді сталиншіл жазушылардың көбісінің өз ана тілінен безінген ұрпағының көрінісі – бүгінгі поэзияның бөгесіні. Олар соцреализмнің әлдиінде болашағын өзгенің әлемімен тәрбиелеумен күн кешті. Көбі солай.

…Айнымай сол баяғы лас сүреңнен,
Мінген қоғам суретке –
«Қасқыр емген»…
Айналып өтіп жатыр қалың тобыр,
Автобус алмай кеткен маскүнемнен.

Шықырлап табандарда қар ысқырып,
Сөнбек отты жұлдыздар қағыстырып…
Жалт қаратып тобырды,
тұрады алдап,
Жүрегі емес, қоғамның жағы ысқырып… (Қуаныш Дәлей)

Сұлу сөзбен ғажайып әлемді мүлдемге өзгеше сызып жүрген ақындарды оқығым келеді. Бірақ, әлемдік өзге өң, өзге бояулы ғажайып қазақы поэзияны. Ал өзінен өзі босқа ұрандап лағып «қызынып» жүргендерден ештеңе шықпайды. Ұлы поэзияның Ұмай  болашағы бүгіннен басталады да ғұмыры ұзақ ғасырларға жалғасады. Болашақтың ұлы бағасы тек ертеңде қалады. Дәл осы айқастарда «Айналсоқ»-тап өзін поэзияда өзгеше «тәрбиелеген» Дәулеткерей Кәптің поэзия алаңындағы «Ойқасы» үн жағынан да түрен тұрғысынан да бір бөлек тастұғырда тұратын болады.

Сол тұрғыда Қуаныш Дәлейдің мына өлеңі кейінгі жыр сүйер өте керек!

Адам ата заузатының ішінде,
Күнаға көп шатылғандар пішінде
Тұр екенмін,
Жүрегім де қап-қара,
Жанарым да қап-қара,
Қаламым да қап-қара!!!
Сол жұмақтық сезімді аппақ күйінде
Ас қып ішіп, киім етіп иінге
Бір адамға жасай алмай қиянат,
Жанарыңды аңқау құстар ұялап –
Бар адамды бауыр, туыс, дос етіп,
Жүрегіңнен ашып қойып қос есік…
Біреуінде бұл жалғанмен жалғасып,
Біреуінде арғы өмірмен алмасып –
Екі дүние ортасында тұрып ап,
Айналыпсың пәк ғұмырдың жырына!

Эстетика – маңызды мәдени қалыпты, эпика адамзатқа бағзы аңызды,этика тамаша пайымды ұсынады. Жаңа мақсат – жас өнершілерді әкеледі. Поэзия теріс қарай айланған сағаттың тілі секілді. Хас таланттың жалғыз сатымсақ емес  досы – жалғыздық. Жалғыздықтың жалпы  коды – түпсанада. Енді осы Қуаныш Дәлей не дейді екен!?

…Толқыған теңіз сынды санадағы,
Бір елес шалғай күннен келеді ағып…
Таң ата қайтады алып тау толқындар
Сыпырып мүрделерді жағадағы!

 Ырғаған мағынасын сөздің желі,
Өзгерген кеңістіктің бозғылға өңі…
Тербетер құшағында мәңгі алдилеп
Уақыты жоғалған мезгіл мені…

 Тоғысатын шығар деп жолы нөлде,
Қоштаспап ем
О, ажал…
Сенімен де
Шексіздікке жұтылып барам жайлап
Тиянақ жоқ зымыстан меңіреуде…

Поэзия – терең және биік подкаст деген ұғым осы. Поэзия сағыныш. Тағы да Қуаныш Дәлей деген есіл де есіл ақынның «Қойдың иісі» деген өлеңі бар. Тұп-тұнық лирика! Дүниеде ең керемет әтірлер бар: Eau de Rochas, Kenzo, нәкес, раушан, ләлә гүлдерінен жасайтын. Қуаныш Дәлей қорадағы көңнің үстіндегі жусаған қой һәм шопанатаның иісінен аңқыған жұпарлы жыр жазады.

Қойдың иісі –
Танауға ұрар мол иіс,
Қотан иісі –
Мені туған жер иіс!
Бала жастан сіңген менің қаныма,
Бұл ғаламда онан асқан жоқ иіс…

 Балауса арман айбын қосар айбынға,
Балалығым –
Қалған шырқау қай қырда?!
Бір кем емес қандас туған інімнен,
Тоңғақ сирақ жатқан қозы қойнымда.

Бұл жұпарлы жыр әрине ұзақтау жазылған, жасалған. Алайда жасминнен тұратын ғажайып «Jisky» иіссуы бұның қасында ештеңе еместей! Қуаныштың әр бояуы – жұпар сықылды. Ажарсыз аспандағы осы тақылеттес бірегей мезеттер мың ырғақты тірілте түседі!

…сүртіп тастап
Оның орнына жалығу мен кінәләуді алмастыр
Ізгілік пен шуаққа толы көктемге
Барар жолдарыңды
Лайсаң батпақ пен
Қар аралас жаңбыр жауып тұрған
Тар соқпақтармен жалғастыр!
Ақырында
Шаң- тозаң да қонбаған
Тұп- тұнық дүние тұрады мөлдіреп
Ешкімге риза болмаған қалпыңда
Көрдің ернеуінен
Айналаңа бір қарап қал
Соңғы рет!

Мен өз басым күзді (күз маусымы емес) жек көрем. Құс қайтатын мезет, ызғарлы мұңлы қайтқан сәт. Қайтқан құстың соңынан жылағым келеді. Көз жасымды көл етіп… Шаршаған құстар жүзіп жүретін көл секілді сағынышпен. Бұ жолы да Қуаныш Дәлейге жүгінеміз енді!

…Әне-еее, аспан бұлыңғыр, бозамықтау,
Көре алмайды әр нені көз анықтап…
Мынау алаң –
Бүрсеңдеп уайым жүр,
Анау бұрыш –
Қалтаңдап азап ықтап…!

 Бақтар иен.
Айнала тыныш, түнек,
Буырқанар бұл көңіл ұрыс тілеп…
Алакөз қоғам…
адам…
иттер
сосын,
Үрей мен суық жел жүр тіміскілеп…

Қызығу, қызғаныштың өзі қызықты – тірі өмір… Көзден ғана шығатын оттай ыстық шақпақты шағып, оттықсыз өртке ену… Қызығу – сөзден ұшатын алал сезініс. Қығаныш – қызыл көзден ұшатын ұшқын мен шала. Ол біреуді өртеп барып сөнеді. Өңменіңнен өткен өрт секілді, от шашқан көздер көп. Үрейлі. Өрт шашатын шатынақ көздерден жас тамбайды. Те қана от шашырайды. Көз жасы – (көп болса) көздегі қып-қызыл жалынды сөндіретін көл. Бұл баяғы өрттей тілсіз жау – өмірдің өрт сөндіретін мәшинесі!!! Қысқасы қуану мен жұбанудан тұратын Қуаныштың өрттей тәлейсі – «Өмірі»!

…Өтіп жатқан аппақ- аппақ уақытты
Нәжіс сөздеріңмен кұсталана
Сосын, бетіңе саңғырып ұшып өте шыққан құсқа қара!
Қуаныштан қайдағы бір қасіреттерді қопарып алып
Өз- өзінен кінә жасағанда ой- көңіл
Кір, лас саусақтарыңмен шимайла
Тап- таза кеңістіктің әйнегін.
Күмән мен тұманды
Сұрқиялық пен сұмдықты
Алып қал
Жақсылықтарды жібер де садақаға
Қасыңда тұрған адамның
Бетіндегі
Нұрды емес,
Тыртық пен меңді
Жексұрындықты қадағала!
Жарыңның көзіндегі жайнап тұрған махаббатты

Жаңа туған Ай – жас тынысты талпыныс, ескірген Ай – ескі мұң әкеледі. Бала күнімдегі Қараөткелдің үстінен төніп келіп тұп-тұнық өзенге бетін жуып дірілдеп тұратын қарала-қожалақ Айды сағынам!? Қараөткелде түннің жәудір  моншағын таққан мыңғыр жұлдызды Көктің қиқымы сүңгіп жататын-ды. Сүгіреті мөлтек сүңгіден тамған тамшы секілді. Бұлғында Қаракөл деген көл бар, өте жұмбақ тылсым қап-қара қарашық сықылды қара тұңғиық шалқар көл. Сол бір ботаның көзіндей мөлтең  көбелеуге көптен жалығығып, шалдыққан сәтімде барамын. Жағалауындағы толқын кемірген жұп-жұмыр бауыр тастардың бәрі ілкі інілерімдей етене таныс, дұшпандырым мен һәм бей кісілердің кейбірі секілді шалғай  бейтаныс…  Сол Қаракөлдің үстінде: түб үстінде емес айдынның ішінде тоңқайып басын батырған қарлы шыңдардың ғажайып сүгіреті  тұрады.  Көлдің түбінде ең кереметі – көкпекала бұлттардан шәлі ораған сұп-суық сұлу сұсты раушан аспаны жатады.

Қалай кеппей тұр екен кірпігіңде?!
Атаукере –  сол мұңын кім сарқымас
Өмірдің қап-қараңғы бір түнінде…
Тәрік қып қашқан жұрт ек ен жайлауды,
Сонда қалды бір тегім аласармай…
Бұл күнде көкірекке шер байланды,
Сенен гөрі мен сорлы…

Менен Үркердей үркіп аулақ кеткен: тек қиялымда қалған сағым секілді жылқыларды да сағынамын. Оны әр ақынның жінтікті жырларынан шытырман шыр сүгіреттерін іздеймін де әлі күнге шейін! Кейде бір ерекше ақындардың бір өлеңі болса да ойыңа бір жайлы аргументтерді ұсынады.

…Сезесің бе қайғымды ұлы
Айдың нұры –
Және
Шарап толы бокалдар…
Ащы сигарет
Өз түтініне қақалған?
Жапырлаған сұрақтар
Жасқа толған қарашық,
Ит пен мұңның таласы…
Қою түтін ішінде
Қалғандаймын мен өзімнен адасып!  (тағы да Қуаныштың өлеңі…)

Кішкентай кезімде шың төбесінен ұзынынан сұлап түскен Күннің түсі – көлбеген түрлі көлеңкені ұнататын едім. Көлеңке таңғы сәтте батысқа құлап, түсте туған үйдің іргесіне түсіп, кешке менің қып-қысқа көлеңкемді шығысқа қарай созып, ұзартып жүре беретін. Бозторғай еңірейтін еңсенің үстінде. Ал, мына өлең поэзия кәдімгі Қуаныш Дәлейден: Қараторғайдың ғажайып үні естіледі. Қазақтың ғажайып ақыны Есенғали Раушанов неше түрлі құстар туралы көп өлеңдер жазған еді. Қуаныш Дәлейдің мынау ғайыпи «дауысы» тың әуезбен ескіні қайта ширатты.

Қараторғай…
Білемін, енді сен де қона алмайсың,
Қондырар бұл маңда да сая жоқ-ты.
Баяғы өмір, сені мен мені алдайтын,
Япыр-ай, кім бұларды «Ая» депті.
Қамыстың жаны кеше қара өлеңді,
Қаракөл толқып жатқан кемерінде…
Аядай жанарына бар әлемді,
Сыиғызып ән айтты кім өлерінде?!
Қараторғай …
Ең соңғы бір тамшы жас,

 

Қараторғай …
Үнсіздік маған емес, дуға бітті,
Беу, енді қош болсаңшы, құры жалған!
Серінің зарына өмір уланыпты,
Шырылдап жүрегінде тұрып алған…

 Қараторғай …
Әніңдей тына қалған,
Бітті мені тумайтын ай құса қып!
Шырылдайды, қайтейін, мына жалған,
Астынан қанатының қайғы тамып…

Жаны ақын, жарқын адамдар, кейде бір кемел ойлы ақылман ақындардың орындары үңірейіп тұрады. Амал құрығанда олармен мәңгі бірге бола алмайтыңда мәселенің мәні жатыр. Қара өлеңнің шөкім әуезін тістеп ұшып келе жатқан қараторғайдың кейіпіндей құс ұйқылы бозторғай шайырдың елестері тіптен аянышты. Тек қасыңдағы жар жұбайыңдай сенің қателігіңді өмір бойы кешіретін тәңіри тағдырдың бергені – поэзия һәм киелі жыр ғана екен… Сол тұрғыда сенің іздейтінің – тек адамзаттық санаға сапар шегіп жүрген саңырақ та саңылақ ақындарды іздейік.  Ал, бозторғайдың мың түрлі шырылы – сол ақындыққа қатысы бар екені рас болса – Қуаныш сықылды ақындардың ой санасына балапандаған поэзиямен егіз бір үндес те құпия көп!

 

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ

ПІКІРЛЕР3
Аноним 19.04.2024 | 17:42

қойыртпақ екен.

Аноним 20.04.2024 | 08:42

не айтқанын өзі түсінді ме екен

Аноним 20.04.2024 | 11:51

Арыдан бастап, беріден қозғап сүбелі дүние жазған екен Сұраған ағамыз. Үлкендермен қоса қатарластарды, жас ақын жазушыларды танып, қуанып қалдық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір