ҚАРҒЫС немесе АЗАҚТЫҢ ХАҚЫСЫ
18.11.2022
465
0

«Хан баласында қазақтың хақысы бар».

Елі үшін еңіреп, шаһит кешкен ер Әлиханның еске тұтқаны – хақы екен. Қара басын қазақтың хақысынан биік қоймапты ол. Сол жолда әзиз жанын құрбан етіпті. Осыбір ұлы ұғымды (хақыны) қылдай қиянаты жоқ Жаратушы мизамының бір сипаты ма дейсің кейде. Мұны түйсінер түйсік, сезінер жүрек болса, кәнекей?..
Есіңе қай-қайдағы түседі. Орхан Памуктің «Үнсіз үйіндегідей» балалық шағың, жастық дәуренің өткен ескі құжыраңдағы естелік парақтарына үңілесің. Төрде алқа-қотан отырып, білте шамның жарығында парағы сарғайған ескі кітаптарды ақтарып, майын тамызып айтатын ақсақалдардың әңгімесі санаңда жаңғырады.

Әлқисса, Кенжебай деген кісі төрт-бес жасқа толған жылы ауылды жау шабады. Қанды қасап қырғын салған қалмақтар ауылдың мал-мүлкін бұлап, кішкентай Кенжебайды алып кетеді. Жасырынып жаны қалған Байгелді (Кенжебайдың ағасы) жау шапқан жұрт­та боздап қалады. Киіз туырлықты қазақ-қалмақтың бір сахарада көшіп-қонып жүрген кезі – ол заман. Қалмақтың ауылын аңдып, кек алуға бел буған Байгелді бір күні олардың табынатын кішкентай мыстан құйған Бұрқанын ұрлап кетеді. «Құдайы» жоғалып, есі шыққан қалмақтар улап-шулап берекесі қашады. Мыс Бұрқанды қойнына тығып, қалмақ аулынан алыс кеткен Байгелдінің қыбы қанып, «шоқ, бәлем!» айтады.
Бірнеше күннен кейін жалғыз жортып келе жатқан Байгелді көшке жолығады. Көш алдына қараса, көш бұйдасын қолына алып Ай мен Күндей әдемі ару кетіп бара жатады. Бір көргеннен ішіне шоқ түсіп, есі кеткен Байгелді көш соңынан қарап, аңырып тұрып қалады. Қыз да бірнеше рет қаршығадай қайырылып қойып кете барады.
«Қалмақтың мыс Бұрқаны жоға­лыпты. Қазақтардың ұрлағанын біліп, «от алып, қопаға түсіп» жатыр екен. Тағы да жау шабатын болды» деген сөз ел ішінде желдей еседі. Бұл сөз Байгелдінің құлағына да жетеді. Ол «қалмақ шабуылына қалай төтеп береміз» деп жиналып, ақылдасқан жұртқа барып:
– Қалмақтың мыс Бұрқанын мен ұрлап алғам, тығып қойдым. Әулетімді түгел қырып кеткен қалмақтардың жүз Бұрқанын ұрласам да кегім қайтпайды. Сіздерге зияным тимес үшін Бұрқанын қайтарайын. Бірақ бір шартым бар, – дейді.
– Қандай шарт? Айт! – деп шу ете қалады жиналған жұрт.
– Інімнің өлі-тірісін білмеймін. Бір әулет­тен мен жалғыз қалдым. Мен өлсем, тұқымымыз тұздай құриды. Мені үйлендіріп, басыма үй тігіп, бауырыма қазан асып беріңдер. Өткенде бір көштен керемет сұлу қыз көріп едім, қалауым сол. Сол қызға үйлендіріңдер, – дейді Байгелді. Ел-жұрт сұрастырып жүріп әлгі сұлу қызды тауып, Байгелдіге қосып, басына үй тігіп, бауырына қазан асып береді. Байгелді қалмақтың Бұрқанын апарып беріп, дүрбелең басылады.
Біраз жылдан кейін жер емшегін еміп, ой жайлап қалған Байгелдіге әйелі:
– Сен ертеде «бір інімді қалмақтар алып кеткен» деп айта беруші едің. Анау арық қазып, жер суарған қалмақ жігіт­тер келгеннен бері қарап жүрмін: біреуі саған қат­ты ұқсайды. Жүріс-тұрысына дейін сенен аумай қалған. Шақырып, жөнін сұрап көрсеңші, – деп жұмыс істеп жүрген екі жігіт­ті нұсқайды.
Байгелді оларды үйіне шақырып, дастархан жайып, қонақ қылып, жөн сұрасады. Иықты, палуан жігіт­тің аты Кенжебай екен. Оған:
– Менің інімнің жауырынының ортасында алақандай қызыл қалы бар еді. Шешініп көрсетші, – дейді Байгелді. Палуан жігіт шешінеді. Жауырын ортасындағы алақандай қызыл қалды көрген Байгелді еңіреп жылап, інісін құшақтайды. Көзі бұлаудай болған екеуінің құшақтары әрең жазылады.
– Мен осы жерімізді суарғалы жайлаудан келдім. Күзде ел жайлаудан көшкенде амалын тауып, қалып қояйын. Сол кезде көшіріп ал, – дейді Кенжебай.
Қоңыр күзде ел етекке жылжиды. Кенжебай сиыр, өгіздерінің тұяғына шеге қағып, ақсатып тастайды да:
– Малыма дерт тиді. Сіздер көше беріңіздер, соңдарыңыздан жетем, – деп бағып-қаққан қалмақ ата-анасын жолға салып, өзі бала-шағасымен жұрт­та қалып қояды. Уағдаласқандарындай Байгелді інісін жанына көшіріп алады. Кенжебайдың кетіп қалғанын естіген қалмақ кемпір таңмен таласа тұрып, Күн шығып келе жатқанда шалқасынан жатып, омырауын көкке сауып:
– Әй, Кенжебай! Қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қағып жеткізгенде қылғаның осы ма?! Тумасам да туғандай болған хақым бар емес пе еді! Осының бәрін көрмедің бе көзіңе ақ түскір! Әй, Кенжебай!.. – деп қарғап-сілеп, көз жасын бұршақтай төгеді. Үйірін тауып, енді-енді мауқы басылған Кенжебайдың аяқ астынан екі көзі ағарып, дым көрмей қалады.
– Қалмақ та болса бағып-қаққан ата-анам. Барып разылығын алмасам, хақысы кетер, – деп Кенжебай ағасынан рұқсат сұрайды. Екеуі қалмақ аулына бірге барады.
– Ескертпей кеткеніңе қат­ты ашынып, қарғыс айт­тым. Көзің жазылмайды, қарғысым бірақ ұрпақтарыңа жетпейді. Өсіп-өнген ел боласың, – деп қалмақ кемпір де, шал да Кенжебайға разылығын береді.

P.S. Кейде… Кейде емес, көбінде осынау байтақ даланың бір түкпірінде отырып көңілде шер толқиды. Бағзы жұрт, байырғы қоныс. Ішкен су, жұтқан ауаң да сол. Бірақ ділім – дүбәра, тілім – айыр. Ата жұртыңда ана тіліңді менсінбейтін бес миллионға жуық (өткен нөміріміздегі «Жеңілген жеңіс» мақаласына үңіліңіз) отандасың өмір сүреді. Қарғыс айтпаймыз, бірақ «қандай хақысы бар!» деген ешкімге естілмейтін жан айқайыңнан өзің шошып оянасың кей түні…

Ырысбек ДӘБЕЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір