Алғадай (Элегия немесе ініні жоқтау)
11.04.2023
901
0

 Бұл жазмыш дегенді қойсаңшы, Қазақстанның Шығыс түкпірінде дүниеге келген Ғабиден екеуміздің тағдырымыздың тоғысуының өзі бір тарих.
Осы жерде Ғабаңның туған жездесі Смайыл Жандарбековтің атын айта кетпесем, аруаққа шет болғаным. Смайыл ағамыз – аудандағы ең үлкен Коммунизм колхозын басқарды, облыстық трестің бастығы болды. Мәскеуге арнайы барып Шырынкүл Қазанбаева мен Ұлбала Алтайбаева апаларымызға Социалистік Еңбек Ері атағын алып келгенін шиелеліктер әлі күнге аңыздай айтып отырады. Ағамыздың Ғабиденнің өміріндегі орны да олқы емес. Жездесінің қолына келіп оқыған Ғабиден өз ауылына ақын болып оралды. Бойына ақындықтың Шиеліден жұққанын өзі де аузынан тастамай айтып отыратын.
1971 жылы университетке оқуға келгенде алтын медальді ақын бала шығармадан үштік баға алып қалды. Осыдан бір жыл бұрын шығармадан үштік бағаны өзім де алғанмын. Ауылдан алып-ұшып келген он алтыға да толмаған баланың сағы сынып тұрғанда, Шиеліден алып-ұшып Смайыл ағам жеткен. Ал Смайыл ағам жүрген жер жұмақтың төріне айналып сала бермеуші ме еді. Сонымен өзі өмірі оқымаған шет ел тілінен бестік баға алған Ғабаң екеу­міз оқуға түстік те, өлеңдерін өзіміз жатқа айтатын Ұлықбек шығармадан үштік алып, орысы көп Өскеменіне қайтты.
Ол жылдары, яғни алпысыншы жылдардың ортасында Шиелі мен Жаңақорған аудандары бөліне қоймаған кез, «Өскен өңір» газеті – екі ауданға ортақ жалғыз басылым еді. Ол кездері Шиелі мен Жаңақорғанда жазғыштар көп. Шиеліден газеттің жарты бетін алып баллада жазатын – Таубай Ортаев, мереке сайын газет бетін бермейтін – Сәрсенбек Бекмұратов бар. Жаңақорғаннан – Бақтыбай Айнабеков пен Оңалбай Садықов келеді. Жастары менен кіші – Қуандық Түменбаев, Ғабиден Құлахметов, Серіқұл Пірназаров, болса-болмаса, газет бетін бермейді. Бүгінде үшінші, төртінші сыныптың балалары Абайдың немесе Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқығаны үшін вундеркинд атанып жүр ғой. Осы күні үлкен жазушыға айналған Қуандық пен қазақ поэзиясында өзіндік із қалдырған Ғабиденнің жасы сол кездері он бір, он екілерде болатын.
Басқаларды қайдам, өз басым бесінші май – Баспасөз күнін асыға күтемін. Баспасөз күні аннан-мыннан жиналған «жазғыштар» басымыз қосылып, мәре-сәре болып қаламыз. Буфеттің төрінде лимонадты сіміріп отырып, әңгіме соғамыз ғой баяғы. Жиналған балалардан бірер жас үлкендігімді пайдаланып, көбіне-көп әңгіме бастайтын – мен. Сол жылғы Баспасөз күніне ақсары жүзді, тығыншықтай сары бала келе қалды. Сары бала осында үлкен қызмет істейтін жездесінің үйінде жатып оқиды екен. Алдында ғана газет бетінде бірнеше өлеңдері жарық көрген жап-жас бала сөзге келгенде суырылып тұр. Әңгімесі біз секілді ауыл арасының бөстекі әңгімесі емес. Арысы – Қытай, берісі – Мәскеу аралығын орағытып соғады. Ал өлеңдері ме, өлеңдері…
Сол сол-ақ екен, жұбымыз жазылмайтын болған. Өкінішке қарай, араға бір жыл салып біздің сары баламыз өзінің Семейіне қарай тартып тұрған. Жүзбе-жүз кездесе қоймасақ та, баспасөз бетінде үзбей жүздесіп тұрдық. Жетпіс бірдің жазында армандай болған КазГУ-дің алдында жолығып, сағыныса көрістік. Сол жолы Ғабиден өзінің Шиеліден ақын болып оралғанын айтып еді. Кәдімгідей, екеуміз де сол баяғы Қанекеңнің – Қанапия Дәрібаевтың шәкіртіміз. Бұл жөнінде кейіннен жазушы досымыз Темірхан Момбеков жазған мына бір сөзді келтіре кетудің артықшылығы болмас. «… Қанекең әңгімені төндіріп, әрлеп, құйылдырып, өрнектеп, кейде тіпті тұздығы мен бұрышын ащылау етіп, әйтеуір иін қандырып айтады. Шәкірттері Серік пен Сәрсенбекке осы қасиеті көп көшкен. Қанша жерден төндіріп айтса да, реалистік болмысынан танған емес… Егер Серік Байхонов, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Ғабиден Құлахметов үшеуін қосып жіберсе, Қанапия Дәрібаев болып шыға келер еді…»
Бұдан асырып не айтуға болар!?.

* * *

…Жетпіс бірінші жылдың қоңыр күзі. Армандаған журфакқа қол жеткізіп, шайқақтай басып жүрген кезіміз. Ақын інім Ғабиден екеуміз өзіміз оқитын Бас корпустың жанындағы «Пельменная» деп аталатын асханаға кіре қалдық. Бұрышта қолтоқпақтай шақар ақын, тентек ақын Тоқаш Бердияров көкеміз жалғыз өзі отыр. Әскери теңіз флотында қызмет еткен ағамыздың мінезінен хабарым бар, жанына жасқана жақындап келіп, сәлем бердім. Бұл Тоқаңның ұлы Әуезовтің өз аузынан мақтау естіп, «жарнамасы» жүріп тұрған кезі; оның үстіне өзі де мінезді адам; ә дегенде бетіме одырая қарады.
– «Сәлемші болсаң, төрге шық…», – деді сосын қабағы жылып.
Тоқаңның мына сөзінен соң Ғабаң арсалаңдап, асхана буфетіне қарай жүгірді де, мен үлкендік жолымен үстелдің шетіне аяқ бүктім. Өзіміздің университетте оқитынымызды айтып мақтана бастап едім, ағамыз сөзімді бөліп жіберді.
– Қай жердің қуы боласың?..
– Қызылорданың… Иә, иә, Шиелінің қуымын… Ана бала Семейдікі… Бірақ ол да біздің Шиеліде оқыған…
– Шиелі жақтан болсаңдар, үшеуміз де бір жақтың қуы екенбіз… Ақынсыңдар ма?..
– Жоқ, аға… Ақын бала ана Ғабиден ғой…
Бірнеше бөтелке шарапты мойнынан қылқындыра ұстап алған «ақын бала» жанымызға келіп отырған соң, әңгімеміз жарасып жүре берген.
– Кім бастайды? – деді Тоқаң шақырайып.
Ұстазымыз Мәлік Ғабдуллиннің өз аузымен «ақын» атанған Ға­баңның өлеңді шындап жазып жүр­ген кезі еді, құлаққа жағымды қоң­ыр даусымен өлеңді бұрқыратты дейсің…
– Мынауың шынымен ақын ғой, әй… – деді Тоқаң жүзі жылып. – Мұндай өлеңдерді бастырмай болмайды…
Шарап ішпесе де өңі масайрай, көзі жасаурай қалған Ғабаңның буфетке қарай жалтақтай бергенін байқаған ағамыз қалтасынан көк қағаздың біреуін шығарып қолына ұстатты.
– Мені кедей деп кім айтты?.. Менің Келестікі екенімді білесіңдер ме?… Сол жақтағы үлкен трестке жұмысшы болып тіркеліп қойғанмын. Алматыда сайрандап жүрген ағаларың ауыл жақтан трактористің айлығын шытырлатып санап алады…
Сусын мәселесі шешілген соң, өлең мәселесін шешу үшін үшеуміз іркес-тіркес тізіліп, жанымыздағы Жазушылар үйіне қарай беттедік. Мен он сегіздемін, мектепке жастай барған Ғабиден он алтыға жаңа толған. Өзімді – жігіт, оны – бала санайтын себебім сол. Сол он алты жасына қарамай Ғабаңның денесі жұмыр, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнайды. Жолшыбай «ақын баланың» дене пішіміне ырза болған ағамыз:
– Сенің сорайған бойың-ау деймін, меніңше, үміт мына балада – деп, Ғабиден жаққа қарап қояды. – Төбелесті өзім бастаймын, мен белгі бергенше, қылп етпеңдер, жарай ма?.
Одақтың алдында бір топ ақын жиналып, әңгіме соғып тұр екен, бәрі түйіліп келген Тоқаңды көріп іш жиып қалды. Тоқаң болса таудай болып тұрған Мұқағали ақынға жақындап барды да, төменнен жоғары қарай мұрнын шүйіре бір қарап алып, қабақтай қарнынан түйгіштей жөнелді.
– Өлтіре ме, мына бәле!.. Неге қарап тұрсыңдар, ажыратпайсыңдар ма? – деп, Мұқаң айнала қашып жүр.
– Менің қолымнан кім алар екен?.. Сенгенің мына месқарын ба?..
Алпамсадай Әнуарбек Дүйсенбиевке жақындай берді де, оның өзіне түйіле қарап тұрғанын көріп кідіріп қалды.
– Бүгіндікке біреуі де жетер, жігіттер… Ал сені келесі соғымға қалдырдым… – деді Әнуарбекке қарай жұдырығын түйіп. – Жалпы сендер секілді бықыбай-шықыбайларды емес, ана Сырбай месқарынды сабауға келе жатыр едік…
«Келе жатыр едік» деген сөзге салмақ сала сөйлеп, «мыналарды көрдіңдер ме?» дегендей, біз жаққа одырая бір қарап қойды.
Одақтың үйінің үшінші қабатына көтерілген соң, көкеміз есігіне «Бас редактор» деп жазылған бөлмеге кіріп кетті де, біз қабылдау бөлмесінде қалдық. Көп ұзамай іштен шаңқ-шұңқ айқай шықты, әлдененің еденге дүрс етіп құлаған даусы естілді. Есікті ақырын ашып сығалап едім:
– Жоғалт көзіңді!… Өзім шақырам!.. – Маған қарай зу ете түскен кітаптан жалтарып, есікті сыртынан жаба қойғанмын. Көп ұзамай сыртқа көкеміздің өзі де шықты.
– Сабамасам да, бір қорқыттым бәлемді… – деді қоразданып. – Бүкіл Сыр бойының шпанасын жинап әкелдім деп едім, үстелінің астына кіріп кете жаздады… Өзі де Қызылордада оқыған шпана ғой, өлетін жерін біледі…
Қайтадан «Пельменнаяға» беттеп келеміз.
– Мына «ақын баланың» өлеңін қайтеміз, аға?.. – деймін ағамыздың бетіне дәмете қарап.
– Жазушылардан басқа ешкім оқымайтын «Қазақ әдебиетін» қайтеміз… Одан да, тұп-тура ана партийный газетке шығарып, жарқ еткізбейміз бе?.. Сонда Зейнолла деген сен секілді бір сырықтай «шпана» отыр. Ертең өз қолыммен апарып берем…
Көп ұзамай бірінші курста оқитын он алты жасар Ғабаңның екі бірдей өлеңі анау-мынау ақынның қолы жете бермейтін «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде жарқ ете түскен…
Сол сол екен, біздің курстағы ең жас студент аудиторияның ең соңындағы партаға барып отырды. Түйіліп кеткен қабағына қарап өлең жазып отырғанын сеземін. Бір күні артқы орындыққа Байбота ақын да шегінді. Ол да өлеңді бұрқыратты келіп, бұрқыратты дейсің. Бұдан әрі маған да шегінбеске амал жоқ еді. Бірақ бұл кезде Танабай мен Артығали, Ұлықбек пен Ғабиден, Байбота мен Шәкизаданың өлеңдерін оқып жүрегім шайлығып қалған, жазған басым сабақты да, өлеңді де жинап қойып, қара сөзді айналдыра бастағам.
Бір күні ең артқы орындықта тұқжиып отырған Қуаныш Жиенбайға көзім түсті. Үзіліс кезінде алдындағы дәптеріне көз тастасам… кеше ғана өзіміздің облыстық газеттің бетін бермейтін ақын жігітім өзім секілді проза жанрына көшкен екен…
Қуаныш сол кеткеннен мол кетті. Мен болсам, өлеңді әлі де жазып жүрмін.

* * *

Өз басым «А» дыбысын жақсы көремін. Қазақта осы «А» дыбысы үш рет ұшырасатын «Алғадай» деген сөз бар. Шығыс жекпе-жектерін игерген Қабанбай, сиқыр, көз бояу өнерін игерген әулие Ырғызбай бабаларымыз немесе жапонның «нинзялары» секілді ғажайып тылсым күш иелері болған ғой. Сол адамдар жекпе-жек кезінде небір алып күш иелерін қапы қалдыратын болғандықтан, қазақта қарсыластың өнерін сынайтын Жапонның самурайлары секілді бастарын өлімге тіккен алғадайлар болған ғой.
Бүгінде екінің бірі білетін «Алғадай» сөзін әдеби айналымға енгізген біздің Ғабаң екенін көпшілік біле бермейді. Меніңше, сол Алғадайыңыз – Ғабаңның өзі болатын. Қызылордада оқыған он бір-он екі жасында өз қатарының алды болғанын шиелілік сыныптастары, Аягөзде оқыған он үш-он бес жасында өз қатарының алды болғанын шолпандық сыныптастары айтып отырады. Ал университетте оқыған он-жиырма жасында кім болғанын көпшілік қауым жақсы білсе керек. Поэзияда біздің курстастардың алғадайы болған Ғабаңның проза жанрында да алғадай болатын жөні бар еді. Артында мол дайын­дығы, мыңдаған бет жазбалары қалды. Сол ажалға қимас асылымыз әбден кемеліне келген елу екі жасында мына жарық дүниеге қош-қош айтып кете барды. Қош-қош айта алса жақсы. Әбден сілікпесі шыққан жүрегі сыр беріп, шырт ұйқы үстінде кетті.
Ғабаңның жаназасын шығаруға Өскеменнен мен, Қарағандыдан Мағауия мен Төрехан келді. Түнімен күттік. Таң ата алып келгенде, бетін ашып көрдік. Өзінің сыңарындай досын көріп Мағауия «Мынау тірі ғой, тірі» деп, ебіл-дебілі шығып жылап тұра қашты. Жанына барсам, тромбадан, яғни қан тамырының түйілінен кеткен інімнің екі беті алмадай қызарып жатыр екен. Төрехан сүйекке түсті. Жазушылар одағынан ешкім келмегендіктен, жазушылар мен курстастарының атынан мен сөйледім. Не айтқаным есімде жоқ. Бәлкім, жоқтау айттым ба екен?.. Жоқтау айтылмағаны анық. Орысша оқыған Света келін жоқтауды қайдан білсін. Ал бүкіл ғұмырын қазақ дәстүрі бойынша өткізген азаматты қазақша жоқтап, қазақша арулау керек еді. Алматыға келген соң осы ойымды курстас жеңгем Зәмза Қоңырға айтып, жоқтау айтуын талап еттім.. Өздері тонның ішкі бауындай болған қайнысына Зәмза жеңгесінің жоқтауы мынау:

ҒАБИДЕНГЕ
Заңғар көктен сорғалап
Құлағанын көрдім мен
Құлашы кең Қыранның.
Тамыры, діңі бұзылмай
Шорт сынғанын көрдім мен
Шыңдағы сұлу шынардың.
Қайырмасы секілді
Айтылмаған бір әннің.
Ұлы бір ұлын жоқтаған
Қазақтың көзі шығармын.
Сұңғыла Мәлік ағаның
Таңдағаны біз едік.
Ғылымның салмақ жолына
Ұлы менен қызы едік.
Тұғырымыз бір еді
Арманымыз да ірі еді.
Ғабдуллиндей ұстаздың
Мол мұрасын саралап
Зерттеймін деп жүр едің.
Жеткізбеген арман-ай,
Бәрі де артта қалғаны-ай.
Жазылмай көңіл наласы,
Боздаған жүрек дауасы
Бозмая ғұмыр Мирзоңа
Асықтың-ау шамасы.
Сөзіме менің айтқан нанасың ба?
Жырлаған өзің сүйіп қасиетін
Бозінген сені жоқтап боздаумен жүр
Қазақтың боз жусанды даласында.

Шындық ең сыры бөлек, толғауы мың.
Жүрегіне жетті де өз дауысың.
Әр сөзіңді зерделеп жас буын жүр
Өлеңіңді өлтіріп алмау үшін.

Адамның шын ғұмыры баласында.
Ғазизің, Шыңғыс, Әсел балаларың
Аяулы асыл жарың Светаң да
Өзіңнің мөлдіреген көзіңдей боп
Жоқтатпай орыныңды ортамызда.
курстас досың Зәмза Қоңырова

Өкінішке қарай, осы жақында Зәмза жеңгем де өзі жанындай жақсы көрген қайнысының соңынан қош-қош айтып кете барды. Артында азды-көпті өлеңдері, Ғабаңа арнаған жоқтауы қалды. Бүгін осы естелік кітапты дайындап отырып, Ғабаңның өзі жанындай жақсы көрген қазақтың қара өлеңінің құдіретіне тағы да бас игім келеді.

 

Серік БАЙХОНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір