ҚЫЗ – ҰЛТТЫҢ АНАСЫ! (немесе «Қызым, саған айтам…»)
Ұлт тағдырын ойлай отырып, отбасының қам-қарекетін естен шығармау – адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Редакциямызға хат жолдаған оқырманның оймақтай ойы бүгінгі үлкен мәселені арқау еткен екен. Қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік.
Құрметті редакция, мен қарапайым көптің бірі – әке, атамын. Журналист те, жазушы да емеспін, алайда көптен бері жатсам да, тұрсам да көкейімде жүрген әттеген-айымды ата басылым арқылы бүгінгі ата-анаға, ертеңгі жас ұрпаққа ой салып, ат төбеліндей қазағымның қыздарының көрінгеннің етегінен ұстап кете беруін тоқтатсам деп айтпаймын, ең болмағанда, әр арудың, ата-ананың ойлануына үлес қоссам, әкелік, аталық миссиямның аз да болса орындалғаны дер едім.
Бүгінгі заманда жаһанданудың қазаққа да жат емес екені рас. Алайда жаһандану әлем алдында жұтылып кету емес қой. Қазақстанда 19 миллион халық бар болса, соның мықтағанда 12 миллионы ғана – қазақ ұлты, тіпті дүниежүзінде 19 миллион халқы бар қаншама қалалар бар… Ал статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, жер бетінде (әлемде) 15-ақ миллион қазақ бар екен. Қазақты саны жағынан он орайтын қаншама ұлттарда мемлекет, Отан жоқ. Олай болатын болса, ата-бабаларымызға, алтын құрсақты аналарымызға мың алғыс айта отырып, ғасырлар бойы ат үстінде жүріп, қар жастанып, мұз төсеніп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бізге мәңгілікке (лайым солай болғай) қалдырған ұлан-ғайыр жер-ананы, баға жетпес мұраны сақтап қала аламыз ба? Сақтап қалуға тиіс қазақ азаматтары, бүгінгі ұрпақ не ойлайды?.. Ешқандай құпия емес, бар қазақтың білетіні – үш жүз жыл патшалық Ресейде бодан болдық, жетпіс үш жыл кеңестік дәуірде империялық үстемдік құрған орыс ұлтының темір құрсауынан әлі де шыға алмай зардап шегудеміз. Әйел теңдігін желеу етіп: «Қазақ қызын малға сатқан, әйелді төмен етек санап, қорлық-зорлыққа жол берген», – деп сендірдік, солай оқыдық, солай оқыттық. Расында, солай ма еді?.. Қай ұлтта «Анаңды жаяу арқалап, Меккеге үш рет апарсаң да бір түнгі ұйқысының қайтарымын өтей алмайсың» деген ұлы сөз, ұлы ұғым бар?! Анаға, қызға деген құрметтің ұлылығы да осында болса керек.
Ал қазіргі уақытта Жер-ананы сақтап қалу тек соғыс күшіне байланысты емесін екінің бірі біледі, жерді сақтап қалу – ұлтты сақтап қалу, Отанды сақтап қалу. Ендеше, бейнелі түрде айтқанда, ат төбеліндей қазағымызды қалай сақтаймыз? Иә, біз – аға буын өкілдері, кешегі келмеске кеткен кер дәуірде, байтақ Отанымыздың тірегі де, болашағы да ұлы халық – орыс ұлты деп қателесіп келдік. Интернационалист болдық. Интернационализмді солай ұғындық. Алайда интернационалист болу – бір ұлтты бір ұлттың жойып жіберуі емес қой. Дейтұрғанмен бүгінде Ресейдегі аз ұлттар – саха, хакас, туба, қалмақ, т.б. жойылудың (жұтылудың) аз-ақ алдында тұрғаны еш құпия емес. Түр-түсі – азиялық, ата тегі – орыстанған. Ұлттың басты белгісі – ана тілінде десе, бұл ұлттардың ана тілін аға буынның 10-15%-ы ғана біледі, қалғандарының қай тілде сөйлейтіндері айтпаса да түсінікті.
Жә, бұл жұрт амал жоқтықтан Ресейдің қол астында жүр дейік, ал біз ше?.. Қыз бен тіл – егіз ұғым. Осындайда Ұлы әл-Фарабидің: «Сен қасыңнан жасқанба, қапыңды тапса – атып кетер, сен досыңнан күмәнданба, қатты болса – сатып кетер, сен немкеттіліктен сақтан, түбіңе сол жетер» дегені еске түседі. Қазақтың түбіне осы немкеттілік жетіп жатқандай. Себебі ұлттық арнамыздан бастап, (теледидарда) орыс пен қазақты, қазақ пен орысты жұп қып көрсетіп жарнама берсе, «Көремізде» («Еуразия») алтыншы жыл жүріп жатқан – «Қосылайықта», «НТК» арнасындағы «Бір болайықта» «махабатта ұлт жоқ, бізді жарты әлем көреді» дегенді алға тартып, өзбек, қырғыз, т.б. ұлттарға шектеу қоймайды, қайта «жерден жеті қоян тапқандай» жүргізушіден бастап, күйеу күткен бойжеткендеріміз қуанып мәз болады. Ал «тілегенге – сұраған» демекші, қырғыз жігіт қазақ арнасындағы бағдарламаға келіп: «Әлемдегі ең сұлу да ақылды қыз – қырғыздың қызы», – дей отырып, – Ренжіме, сен менің талғамымдағы қыз емессің», – деп миллиондаған халықтың алдында шығып жүре берсе, жайшылықта «ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін» сұлуымыз екі көріп ғашық болып, көз жасын көл қылады. Сонда бұл қызға «сен – қазақ қызысың, асыл ұлтсың, алтын құрсақсың, ұлттың сақтаушысы сенсің, сондықтан тек қана қазаққа шығасың» деген ата-ананың болмағаны ма, әлде «өзі болған қыз төркінін танымайдының» кері ме? Иә, кешегі жаугершілік заманда да қызын жатқа берген хандарымыз болған, бірақ олар жерді, елді сақтау үшін маңызды үкіммен берген қызын. «Жиен ел болмас» деген сөздің түп төркінінде терең мағына бар. Екі жақ соғысқан шешуші сәтте жиен нағашыны емес, өз жағын қолдағанының өзі жатқа кеткен қыздың жоғалғаны емес пе?! Жоғалғандығы сол, ол қай ұлтқа тұрмысқа шықса, сол ұлттан бала тапты, сол ұлттың санына үлес қосты. Бүгінгі негрге, қытайға, орысқа, неміске, арабқа, т.б. ұлт өкілдеріне шыққандар, соған рұқсат еткен ата-аналар қыздарын дүниеге сатқандай болғанын түсіне ме? Махаббат дейтіндер де табылады. Жеке басыңның махаббаты, Отанға, ұлтқа деген махббатыңнан жоғары болғаны ма?! Ат төбеліндей аз қазақтың қызы кім көрінгеннің етегінен ұстай берсе, ұстата берсек, ұлтты қайтіп сақтаймыз? Қазақта «Айран сұрай келіп, шелегіңді артыңа жасырма» дейді. Бізде ұлтты сақтауға байланысты идеология бар ма, бар болса, оның жемісі қандай?
Иә, ағайын, бүгінгі қызың – ертеңгі келінің, ертеңгі келінің – ұрпағыңның анасы, ал ұрпағыңның анасы – ұлтыңның анасы. Сондықтан да қыз – тек сенің ғана балаң емес, қазағымның баласы, демек ұлтымның анасы. Ендеше, бір Алладан ұлтымды сақта, қызымды кім-көрінгеннің етегінен ұстаудан сақта деп тілеймін және соған үлес қосайық.
Жәнібек ҒАПБАСҰЛЫ,
«Құрмет» орденінің иегері