«ЛОГОТЕРАПИЯ НЕМЕСЕ ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ»
11.11.2016
18912
16

15049624_654783624689711_1056787241_n«Логотерапия немесе өмірге құштарлық» атты жан азығы болатын жақсы кітап шықты. ХХ ғасырдың бастапқы жартысында Еуропаны пенде баласын өз-өзіне қол жұмсап, өмірден баз кешетін кесел иектейді. Сол тұста Зигмунд Фрейд негізін қалаған психоанализ жаңа ғылым ретінде бүкіл Еуропаны дүрлік­тіріп, бұл ілім адамның түпкі санасына сүңгуді қолға алады. Кісінің бейсаналы түрде жасайтын іс-әрекетін психоанализ арқылы жүйелі түсіндіріп беруге талпынғанымен оның кемшін тұстары да болды. Ол – адамның ең негізгі өзегі трансцендентті (ғайыпқа самғайтын рухани қабілет) болмысына үңіле алмады. Тап сол кезде Виктор Франкл деген жас ғалым ортаға шығып, Зигмунд Фрейд, Альфред Адлердің қаузамаған тақырыбына мойын бұрады. Адамға зат секілді қарайтын редукционалистерге қарсы академиялық майдан ашады. Сол негізде ЛОГОТЕРАПИЯ деген ілім өмірге келеді. Осы ілімнің негізін қалаушы Виктор Франкл бұл сөзді бірінші рет тың мағынада қолданған. Ол гректің «Логос» сөзін «МӘН» деген мағынада алған. Оны жалпақ тілде «Хикмет ілімі» дей берсек болады. «Терапия» – ем, шипа. Екеуі бірігіп «Мәнмен емдеу» немесе «Хикмет шипасы» деген мағына береді.

Виктор Франклдың «Өмір­­­ден Мән іздеген адам» («The man’s search for meaning») ат­ты кітабы негізінде ағылшын, орыс тілдерінен аударылып, оны қазақ дүниетанымы қа­лып­тастырған мысалдармен көр­сеткен бұл кітаптың біздің қо­ғамға да берері мол деп сене­міз. Франкл адамтануда үш өзек­ті негізге алады. Пенденің кір­піш тәнін «соматикалық де­не», шартты және шартсыз реф­лекстер мен импульстер жай­ғасқан аймақты «пси­хо­фи­зикалық қабат» деп алған. Үшін­шісін «ноологикалық бол­мыс» деп бекіткен. Ол «Пен­денің Адам болуы немесе бор­дай тозуы ноологикалық өзекке тәуелді. Өзектегі дерт кетпейінше, адам невроз хәлінен құтыла алмайды» деп ке­сіп айтады.  Аталмыш кітап­та бұ­ған мынадай мысал кел­тіре­ді. Бір адам қатты толып кет­кені үшін, тамақтан тыйылып, со­мотикасын реттейді. «Со­ма­ти­калық дене» бөлегі осы. Екін­­ші ол адам біреуге қат­ты ашуланып, кеңірдегінен түйір дән өтпей қалады. Қатты ашу та­маққа деген тәбетін қа­шы­рады. Міне, бұл «психо­физи­­ка­лық қабат». Үшіншісі, ол адам Құдайдың ризалығы үшін ораза ұстап, тамақтан тыйы­лады. Ғайып әлеммен жал­­ғасатын ноологикалық өзек­ті кітап­та осылай түсін­діреді.

Әр кәлла «мен не істеп жүр­мін? Бұ дүниеге қайдан келдім? Ақи­рет шынымен бар ма? Өлім деген не? Өлген соң өмір бар ма? Бізді шынымен Құдай жа­ратты ма? Жаратса, менен не тілейді? Ар-ұят деген не? Тағ­дыр деген не? Өмірімді өзім жасаймын ба, әлде құдіретті күш­тердің ықпалымен еріксіз дөң­гелеп жүрмін бе? Ерік қа­лауым бар ма, жоқ па? Қисық кет­кен тағдырымды өзгерте алам ба, әлде түрлі себепке же­тектеліп жүре берем бе? Жауап­кершілік деген не? Не үшін жауапты болуым керек? Кімнің алдында жауаптымын?» деген сұрақтарға лық то­лы екені даусыз. Оған Франкл «Адам дүниеге келгенде кім еке­нін толық көрсетпей тұра­ды. Бірақ оның міндеті – «КІМ» екенін толық көрсету» деп жауап береді. Тұтас кітапта осы экзистенциялық сұрақ­тар­ға жауап береді. Кітаптың кіріспесінде осы мәселеге бай­ла­нысты ашық жазылған. «Адам экзистенциялық сұрақ­қа бас ауыртса міндетті түрде бақытты өмір сүреді» дегенді білдірмейді. Сұрақтың жауабын таппаса нигилизмге ұрынуы демде. Нигилизмге ұрын­ған соң кие тұтып төбе­сіне тұтатын бірде-бір қасиетті нәрсе қалмайды. Өмірге құш­тар еткен хикмет атаулы көз­ден ғайып болады. Міне, сонда адам депрессияға ұрынады. Адам құздан құлаудың аз-ақ ал­дында тұр деген белгі. Егер эк­зистенция сұраққа жауап бе­руден қорқып, тайқыса, бір­те-бірте ішкілікке салынып, мас­тыққа жұтылып, өзін-өзі ал­дайды немесе қартайса да, ба­ла сияқты сауық-сайранға құмар болады. Бұл басын құмға тығып тұра қалатын түйе­құс­тың күлкілі кейпін еске салады. Міне, осы жерде экзистенция анализінің мағынасы ай­қын­далады. Психотерапевтер торыққан пендені емдеген­де осы қасиеттерді бірінші есеп­ке алады. «Жоғарыдағы сұрақ­тарға қай деңгейде жауап береді немесе өзін өзгерту үшін қай қасиетіне табан тіреп жатыр?». Жауабына қарай оған көмек қолын созады. Бұ­дан келіп Логотерапияның мін­­деті айқын болады. Ол тек оп­тимистік бағытта қозғалады. Экзистенцияның барлық сұрағына позитивті жауап беру­ге талпынады. Жауап оңы­­мен беріліп, көңілдегі түйт­­кіл мен түйіндер сәтімен тар­­қатылған сайын суицид адам­­нан алыстай береді. Суицидті тоқтатқысы келген адам ең бірінші көкіректі ке­міріп бара жатқан экзистенция сұрақтарымен жекпе-жек шығудан қорықпауы керек. Ықы­­лым заманнан келе жат­қан: «Өзін-өзі таныған адам Жа­ратушы Тәңірін де таниды» де­ген қанатты сөз бар. Енді осы­ны оңайлатып: «Кімде-кім өзінің экзистенциялық қасиет­терін танып, оларды дамытып машықтанса, Жаратушы Ие­сін де тезірек таниды…».

Франклдың осы нәзік са­ла­ға келуі де қызық. Ғалымның сол оқиғасын есіңе түсірген сайын біздің қоғамның аяқ алы­сы қалай екенін мөл­шер­лей­сің. Әрі осы кітаптың дер ке­зінде шыққанына қуанасың. Оқиға былай. Франкл небәрі 21 жасында психоанализ тура­лы­ ғылыми мақала жазып, оны Фрейдке жолдаған. Фрейд оны баласынбай, мақаласын ғы­лыми журналға бастырады. Франкл оны жүзбе-жүз көрме­се де, тұрақты хат жазысып тұра­ды. Айта кетелік, Зигмунд Фрейд Франклдан 47 жас үл­кен болған. Сондай күндердің бірін­де жас Франкл ақсақал Фрейдке «Мен психоанализді терең оқығым келеді. Сіздің қауым­дастыққа мүше болсам деп едім» деп хат жазады. Фрейд оны Психоанализ қауым­дастығының бас хатшысы Федернге сілтейді. Франкл келісілген уақытта ғалымның ка­бинетіне келеді. Кірсе, Федерн үстелінде жазу жазып оты­р екен. Франклдың кір­ге­нін білсе де, басын көтерместен жұ­мысын істеп отыра берді. Оны бақылап қана тұрған Франклға бейне бір ұзақ уақыт күт­кендей көрінеді. Біраздан соң Федерн «отыр» деп ишара жа­сайды. Сосын әй жоқ, шәй жоқ, гүжілдеген жуан дауысымен: «Иә, құрметті Франкл, қан­дай невроз мазаңды алып жүр­ген?» деп түйеден түс­кен­дей дүңк еткізеді. Франкл сұ­раққа бірдеңелерді айтып жауап берген болады. Федерн: «Сен бала әуелі медициналық инс­титутты бітіріп ал. Сосын маған келерсің», – дейді (Франк­л ол кезде мединститут­тың студенті болатын).

Федерн сонша не бүлдіріп қойды? Ол ойын жинақтап, кар­тинаны қайта елестетіп тұр­ды. «Әй жоқ, шәй жоқ, «Ана жерге отыр да, неврозың­ды айт» дегені несі?! Мақұл, бұл сондай әдіс делік, соның өзін­де бұның ішінде адамшы­лық­тың ұштығы түгіл, пұшты­ғ­ы да жоқ. Мені күттіріп қойға­ны несі?! Ол үшін кешірім де сұра­мады. Ең болмаса «Інім, он минут күте тұршы, жарай ма, мен мына қағазды жазып тас­тайын» десе, несі кететін еді?! Не адаммен дұрыс амандаспайды. «Үй ішің қалай, хә­лің қалай, оқуың қалай? Не үшін психоанализге қызығып жүрсің?» дегеннің бірі жоқ. Сонда мені неврозбен ауыр­ған соң ғана соларға барғысы келді деп тұр ма?! Осындай да ғылым бола ма?! Сонда маған на­зар сал­ғанда адамды емес, тек нев­роз­ды көріп тұр ма?! Бұлар сон­да адамды емес, неврозды зерт­теумен айналыса ма?!» де­ген сұрақтармен басы қатып тұр­ды. Міне, осы сәтті Лого­те­ра­пияның дүниеге кел­ген са­ғаты десе де болған­дай.

Ырысбек ДӘБЕЙ.

 

ПІКІРЛЕР16
Али 03.09.2017 | 14:03

Осы китапты калай, кайдан алуга болады?

Асем 22.11.2017 | 15:34

Книжный город Алматыдагы китап дукенінен.

Айгулек 04.05.2018 | 18:22

Авторы кім кашан шыккан?

Гулбану 09.12.2018 | 21:22

Виктор Франкл : «Человек в пойсках смысла»-деген кытап

Нураділ 18.06.2019 | 11:45

Кітапты кітапханалардан алуға боладыма

Аноним 12.10.2019 | 23:26

Виктор Франклдың бұл шығармасын қазақшаға аударған Отбасы Хрестоматиясы қоры, дәлірек айтқанда Санжар аға (Sanjar Kerimbay) бастаған топ.

Аноним 15.12.2019 | 22:03

Осы кітаптың аудио нұсқасы барма?

Аноним 13.04.2020 | 21:07

Шымкентте бұл кітапты қайдан алуға болады? Телефон беріңіздерші.Әр қазақтың сауатын ашатын мына кітапқа өкімет неге мән беріп қарап,кітапты қол жетімді бағада субсидиалап шығарысса болады ғой.Біздің елдегі министрлер кітап жан азығы дегенді білмейме?Елге керегі жоқ бұйымдар субсидиаланып жатыр ғой.Мына кітап менің 20 жастағы қызымның колына түскелі бір апта,сол 1 аптада қызымның дүние тануы жақсы жаққа(өзі де жаман емес еді )өзгерді.Авторларға мың алғыс.Алла сіздерді жарылқасын.

Аноним 15.04.2020 | 16:37

Китап канша турады

Аноним 13.05.2020 | 20:17

Санжар інімнің кітабына қалай заказ берсем болады

Аноним 25.06.2020 | 20:44

Астанадағы сатып алатын жердің тел номерін жіберсеңіздер

Аноним 07.03.2021 | 11:16

Актобеде бар ма бул кітап,бағасы канша?

Аноним 18.04.2021 | 12:06

Сәлеметсіздер ме! Орыс тіләндегі нұсқасы қалай аталады?.

Аноним 15.06.2021 | 01:23

Өте керемет кітап!

Аноним 09.09.2021 | 14:06

Шымкент кайдан алса болады китапты

Аноним 23.10.2023 | 15:27

Салеметсіз. Осы кітапты қайдан алуға болады.Маман ретінде оқып ,қолданмас .Қарағанды қаласында

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір