ҚҰРДЫМҒА КЕТІРГЕН ҚҰШТАРЛЫҚ
09.10.2024
425
0

Колумбиялық ұлы жазушы Габриэль Гарсиа Маркес пен оның әлемге әйгілі «Жүзжылдық жалғыздық» романы алғаш рет қазақ сахнасында өз көрерменімен қауышты. Бұл тарихи оқиғаға батыл қадам жасап, Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театры 53-маусымын ашты. Театр басшылығы әрқашан шығармашылық эксперимент­тер мен мәдени коллаборацияларға ынтық, ал бұл жолы да ерекше өнер тәжірибесіне бет бұрды. Қойылымның сахналық шешімін табу үшін арнайы Белоруссиядан режиссер Даниил Филиппович шақырылды. Бұл өзге елден келген туынды арқылы өзіміздің ұлт­тық құндылықтарымыз бен өмірлік мәселелерімізді көрсетуге тың мүмкіндік туды.

Батыл шешімдерге толы «Макондо»

Театр ұжымы осы спектакльде қазақ халқының ата салты мен рухани құндылықтарын алға шығарды. Шығармадағы қан тазалығы, жеті атадан асып барып қыз алысу дәстүрі сияқты тақырыптар Маркестің шеберлігімен астасып, ұрпақ тағдыры мен адамгершілік мәселелерін тереңінен қозғады. Қарғысқа ұшыраған буынның болашағы, оның тікелей қан тазалығымен байланысты болуы – бұл тақырып қазақ көрерменіне аса жақын әрі түсінікті.
Керемет режиссерлік шешімдер мен семиотикалық интерпретациялар бұл қойылымның көркемдік деңгейін айшықтап, көрерменді эстетикалық ләззатқа бөлейді. Мысалы, романда Макондо қалашығына сығандар әкелген өнертабыстар жергілікті халық үшін таңғажайып құбылыс ретінде қабылданса, қазіргі заман көрерменін таңғалдыру оңай емес. Осыны ескере отырып, шығармашылық топ қарапайым реквизит­тер арқылы көркемдік тереңдікті жеткізе білді. Сахнада дүрбі мен айна секілді зат­тардың тірілуі, алысты жақыннан көрсетіп, жалғыздықтың символы ретінде жастықтың қолданылуы, ағасының інісімен сол жастық арқылы сырласуы сияқты режиссерлік шешімдер ерекше әрі әсерлі болды. Махаббат сахнасының көркемдік шешімі де сахналық мәдениет­тің биігіне сай символикалық түрде берілген, анайы көрінер дүние асқан шеберлікпен өңделіп, символикалық шарт­тылық арқылы сахна тіліне үйлесімді енгізілді.
Әлемдік әдебиет­тің ең күрделі әрі көлемді шығармаларының бірі саналатын «Жүзжылдық жалғыздықты» сахнаға шығару театр актерлері үшін үлкен сынақ болды. Қойылымдағы бір актердің бірнеше рөлде ойнауы – актерлік өнердің шеберлігін талап ететін күрделі тәсіл. Актерлер көпқырлы талант­тарын көрсетіп, бейнелердің сан алуандығын шеберлікпен жеткізді. Қойылымның әр сәтінен театрдың тынымсыз тынысы, шығармашылық топтың үзіліссіз ізденісі анық байқалады. Сахнадағы әрекет­тің үзіліссіз дамуы, символдар мен әрекет­тердің бір-бірімен тығыз байланысы қойылымды терең мағыналы көркем туындыға айналдырды.
Театр осындай батыл эксперимент­тер мен жаңа көркемдік шешімдер арқылы көрерменнің көңілінен шығып, ұлт­тық сахна өнерін байыта түсті.
Жезқазған театрының ұжымы бұл қадам арқылы өзінің шығармашылық еркіндігін, өнерге деген жанкештілігін тағы да дәлелдеді, ал көрермендер үшін бұл қойылым нағыз мәдени құбылысқа айналды.

Мадияр САРЫБАЙ,
театртанушы,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ ұлт­тық өнер академиясының
докторанты

Метафоралық бейнелердің тоғысы 

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған драма театры көрерменге Габриэль Гарсиа Маркестің әйгілі «Жүзжылдық жалғыздық» романы негізінде сахналанған «Макондо» спектаклін ұсынды. Қойылым магиялық реализм мен терең психологиялық драманы үйлестіре отырып, Буэндия отбасының таңғажайып оқиғалары арқылы жалпы адамзат­тың тағдырына үңіліп, көрерменді ерекше әлемге жетелейді. Қойы­лымда махаббат пен сатқындық, үміт пен торығу сынды адам өмірінің өзекті мәселелері сахналық бейнелер арқылы көпшіліктің көз алдында өрбиді.
Минск қаласынан арнайы шақыртылған «Макондо» спектаклінің қоюшы режиссері Даниил Филиппович театр семиотикасы мен метафоралық бейнелерді шебер пайдалана отырып, терең символикалық және көп қабат­ты сахна кеңістігін жасапты. Жезқазған театрының актерлері – Нұржан Бейіс­беков, Қанағат Бейсенбай, Нұрлыхан Файзиев, Айнұр Қабдырашева, Еркебұлан Жанатов, Мади Саденов, Гүлдер Алиева, Медет Сламғазы, Рауана Окшиева, Кенжетай Әбілдин және Е.Байдешев сынды талант­ты әртістер Габриэль Гарсиа Маркес романының кейіпкерлеріне жан бітіруге бар күш-жігерін жұмсап, оларды нақты әрі шынайы бейнелерге айналдырды. Сахнаға шыққан әр актердің бірден бірнеше рөлді сомдауы, олардан бір образдан екіншісіне жылдам әрі шебер ауысуын талап ет­ті. Мұндай режиссерлік шешім, бір жағынан, қойылымға қарқынды динамика қосып, Маркес әлемінің күрделілігін тереңдетсе, екінші жағынан, актерлердің жоғары кәсіби орындаушылық шеберлігін сынға алады. Кейбір орындаушыларға мұндай көпқырлы міндет­ті орындау қиынға соққаны сезілді. Олардың кейіпкерін әлі толық меңгермегені көрініп, бұл сахналық әрекет­тердің сыртқы сипатынан және оқиғалардың дамуындағы кейбір мотивациялардың анық болмауынан байқалды. Осы себепті, Маркестің романына тән күрделілік пен магиялық реализмнің бай символикасы және философиялық астары көрермендерге кейде түсініксіз болып қалды. Сонымен қатар актерлердің басты кемшілігі, сахналық тілдің тазалығына қатысты болды. Көптеген актерлердің сөзі айқын естілмей, кей тұстарда көрермендер оқиғалардың мәнін жоғалтып алды. Бұл көрермен мен сахнадағы оқиға арасындағы эмоционалдық байланысты әлсіретіп, маңызды интонациялық және семантикалық екпіндерді жеткізуде қиындықтар тудырды.

Қойылымның өршіл концепциясына қарамастан, актерлерге өз кейіпкерлерінің ішкі болмысын тереңірек зерт­теп, сөйлеу техникасын жетілдіру арқылы спектакльдің біртұтас мәнерлілігін арт­тыру үшін әлі де жұмыстар жүргізу қажет.
Қойылымның алғашқы бөлімінде, барлық кейіпкер автордың атынан сөйлеу арқылы ұжымдық баяндауды құрайды. Әрбір дауыс біртұтас симфониядай әсер беріп, оқиғаны және оның эмоционалдық толқынын дәл жеткізеді. Алайда екінші бөлімнен бастап, автордың рөлі сахнаның екі шетінде авансценада отырған Мелькиадес (К.Абильдин) пен Урсулаға (Қ.Бейсенбай) ауысады. Бұл шешім қойылымның динамикасын айтарлықтай өзгертіп, оқиғаның ұжымдық сипатынан айырып, оны жеке-дара баяндауға көшірді. Режиссердің бұл шешімі сахналық әңгімелеудің жаңа қырларын ашуға бағыт­талғанымен, оқиға құрылымының бөлшектенуі мен динамикадағы өзгерістер әр көрерменге әртүрлі әсер қалдырды.
Ал Пьетроға (Е.Жанатов) ғашық болған Ребека (А.Қабдырашова) мен Амаранта (Г.Алиева) арасындағы күрделі қарым-қатынас сахналық шешіммен нәзік әрі әсерлі бейнеленген. Бұл сахнада Белоруссиядан шақыртылған пластика режиссері Вадим Дубовик үшеуінің қолдарына балериналардың пуантасын киіп, қолдарымен билету арқылы махаббат пен қызғаныш арасындағы нәзік қақтығысты көркем жеткізеді. Сахналық қимыл мен би арқылы ішкі сезімдердің қатпарлары ашылып, кейіп­керлер арасындағы сезімдер күресі ерекше эстетикалық деңгейде көрінеді.
«Макондо» қойылымында қаланың атмосферасы мен мәнін жеткізуде суретші Қуат Дүйсенбек пен режиссердің шешімінен шыққан сценография маңызды рөл атқарған. Сахнада орнатылған мөлдір қабырғалары бар үйлердің ішінде қозғалған кейіпкерлерді көрермендер бақылап, олардың ішкі жан дүниесі мен толғаныстарын, өмірлік қиындықтары мен сезімдерін тікелей барлап отырғандай әсер қалдырады. Спектакльдің екінші бөлімінде, қабырғалар кеңістіктің конфигурациясын өзгерте отырып, біртіндеп бір-бірінен алшақтайды. Осыдан қалада болып жатқан өзгерістер метафоралық тұрғыда бейнеленіп, Макондоның эволюциясы мен трансформациясын айқындайды. Қабырғалардың сырғымалы қозғалысы жаңа кеңістіктерді ашып қана қоймай, қала шежіресі мен кейіпкерлер өміріндегі өзгерістерді де айқын көрсетеді.
«Макондо» қойылымында режиссер мен суретші эко-дизайн элемент­терін шебер пайдаланып, сахна кеңістігін ерекше атмосферамен толықтырған. Сахнадағы себет­терге отырғызылған өсімдіктердің көрінісі Макондоның қалың джунгли ішінде адасқан қала ретіндегі бейнесін күшейт­ті, бұл қаланың табиғатпен тығыз байланысын метафоралық тұрғыдан жеткізеді.
Сахнада біртіндеп қоюлана түскен қалың түтін судай ағып, заманауи технологиялармен тең келетін 3D әсерін тудырды. Осы түтін әрі сахналық жарық арқылы (жарық суретшісі – Еламан Ахметов) көрермендер Маркес әлеміне тән магиялық реализмнің терең атмосферасына бойлады. Өсімдіктермен үйлескен түтін, нақты нүктелерін тауып түскен жарық көрнекі түрде қала мен табиғат­тың ажырамас байланысын аңғартып, спектакль оқиғаларының үнемі шындық пен сиқырдың, өмір мен қиялдың арасындағы нәзік шекарада өрбитінін сездірді. Сондай‑ақ қойылымдағы барлық қыздың ақ көйлектің үстінен киетін түрлі түсті – қызыл, көк, жасыл, күлгін және басқа да шапандары олардың мінез-құлқы мен сезімдерін ашып, әр кейіпкерге жаңа мағыналық реңк береді. Бұл киім ауыстыру әдісі арқылы режиссер кейіпкерлердің ішкі трансформациясын, эмоционалдық және сюжет­тік өзгерістерін көркем түрде көрсет­ті.
Қойылымның «Макондо» деп аталғанына қарап, біз Габриэль Гарсиа Маркестің әйгілі Маконда қаласының тағдырын сахнадан көреміз деп үміт­тендік. Алайда спектакль, негізінен, Буэндиа әулетінің мүшелері арқылы адам тағдырын ашуға бағыт­талған. Әулет арасындағы күрделі қарым-қатынастар мен қайталанып отыратын трагедиялық оқиғалар Маркестің «Жүзжылдық жалғыздық» романының басты тақырыбын – шексіз жалғыздық пен оқшаулануды сахналық тілмен жеткізеді. Дегенмен Макондо қаласының тағдыры, оның ішінде, көтерілістер, өндірістің дамуы мен күйреуі секілді оқиғалар сахналық интерпретацияда көбіне көлеңкеде қалған. Қойылым авторы Маркестің Маконда қаласының символикалық мәнін негізгі оқиғалардан кейінгі қатарға ысырып, басты назарды адам тағдыры мен жан баласының жалғыздыққа ұшырауына аударыпты.

Режиссер адамзат­тың рухани құлдырауына ерекше мән беріп, оны сахналық шешімдер арқылы тереңдете түседі. Мәселен, Хосе Аркадио Буэндиа (Н.Бейісбеков) мен Урсула (Қ.Бейсенбай) күнделікті өмірдің қарапайым әңгімесіне берілген сәт­те, балаларының үстел астында жасырынып, темекі шегіп отырған көрінісі назарға ілігеді. Бұл сахна моральдық азғындаудың, тәртіп пен құндылықтардың бұзылуының алғашқы нышандары ретінде қойылымның болашақтағы трагедиялық желісін айқындайды.
Соңғы сахнада режиссер Даниил Филиппович адамзат­тың толық құлдырауының үрейлі символын шебер көрсетеді. Сахнада «Құбыжық» деп жазылған тақтайша көрініп, шошқа құйрығымен туған баланың дүниеге келгені туралы хабар беріледі. Бұл көрініс Маркестің романының ең қуат­ты метафораларының бірі – адамзат­тың рухани тоқырауы мен моральдық деградациясының шарықтау шегін көркем түрде бейнелейді. Әулет ішінде қайталана беретін қателіктер мен кешірілмеген күнәлар, рухани азғындау ақыры осы «құбыжықтың» дүниеге келуімен аяқталады. Шошқа құйрығымен туған бала – адамдық қасиет­терінен ажырап, өз табиғатына жат әрекет­терге ұрынған қоғамның символы. Қойылымның басынан бері байқалған азғындау мен құлдырау элемент­тері осы финалдық эпизодта өз шарықтауына жетеді. Бұл көрініс адамзат болашағының тұманға оралып, үмітсіздік пен мәнсіздікке батқанын білдіріп, көрерменді терең ойға жетелейді. Режиссер осы символдар арқылы қоғамның санасыздық пен моральдық күйреуге батып бара жатқанын, мәңгі қайталанатын трагедияны ашады.
«Макондо» спектаклі Жезқазған қаласының мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Көрермендер тек өнерден ләззат алып қана қоймай, адамзат өмірінің мәңгілік сұрақтарын терең ой елегінен өткізуге мүмкіндік алды. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрының «Макондосы» жай ғана қойылым емес, бұл – мәдениет­тер арасындағы шекараны жойып, көрермендерді өмір мен тағдыр туралы ортақ ойларға біріктірген сахналық туынды. Спектакль театрдың күрделі философиялық мағыналар мен терең эмоцияларды жеткізудің қуат­ты құралы бола алатынын тағы бір мәрте айқындады.

Анар САИМЖАНҚЫЗЫ,
театртанушы

Жалқының жалғыздығынан құралған әулет тағдыры

Ағымдағы жылдың 12–13 қыркүйек күндері Ұлытау облыстық С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының жаңа маусымының ашылуымен қатар болып өткен «Макондо» спектаклінің премьерасы испан жазушысы Габриэль Гарсия Маркестің «Жүзжылдық жалғыздық» романын қазақ жұртшылығына таныстырған тың дүние болды. Ұлт­тық театрдың сахнасына алғаш рет шығып отырған шығарманың идеясы қазақтың жеті атадан асқанша қыз алыспау дәстүрімен сабақтасып жатыр. Барлық Буэндиалардың ұлы анасы Урсуланың жүз жылдан асқан өміріндегі басты ұстанымы балалаларының, немере-шөберелерінің, тіпті шөпшектерінің өзара сезімге берілмеуі, олардан торай құйымшақты баланың туылмауы-тын. Алайда ұлы әженің осы қорқынышы ақыры өзінің отбасында орын алып, «пешенесіне жүз жылғы жалғыздық жазылған адамзат әулетіне екінші қайтара дүниеге келу жазбайды». Демек, бір ғана әулет емес, Жаратқанның жаратылысынан тыс әрекет етіп, күнәға батқан әрбір адамның, әрбір отбасының, әрбір қоғамның жазасы – осы.
Жалпы мистикалық, магиялық, фантастикалық, тіпті мифологиялық сарындар мен элемент­терді қолдана отырып жазылған Г.Маркестің романындағы кейіпкерлердің барлығы дерлік жалғыз. Олар қанша сезімге беріліп, ғашық болып, өз махаббатын тапқанымен де түптің-түбінде оларға серік болатын тек жалғыздық қана. Белоруссиядан арнайы шақыртылған режиссер Даниил Филипповичтің де айтпағы осы, яғни күнә мен кінә арқалаған адамның өмірден бақыт таппауы.
Режиссер магнит, дүрбі, фото­аппарат секілді сығандардың әр кездері Макондо қаласына жаңалық ретінде алып келетін дүниелерін ойнатудың өзге тәсілін тапқан. Ол сахнада сол зат­тардың өзін қолданбай-ақ, олардың тақта бетіне салынған сурет­терін бір-біріне жақындату (мысалы, магнит пен шегелерді) арқылы кейіпкерлердің таңданысын тудырады әрі бұл актерлік ойындардың күшеюіне алып келген.
Жазушының баяндау жағынан да, құрылымдық жағынан да, кейіпкерлердің қайталана беретін есімдері тұрғысынан да шытырман да күрделі шығармасында қаһармандар болмысын ашудың қиындық тудыратыны анық. Алайда бір актердің бірнеше рөлді қатар орындауы, олардың сахналық жауапкершілігін де, бейне жасауға талпыныстарын да мейлінше арт­тырған. Мәселен, Г.Маркестің жазбасындағы Ребека мен Амарантаның бір жігітке ғашық болып, өзара тартысқа түсуі, сахнада Айнұр Қабдырашова мен Гүлдер Алиеваның бір дана бәтеңкеге таласуымен беріледі. Сол сияқты өз сезіміне ие бола алмаған Аурелианоның (М.Сәденов) әпкесі Амаранта-Урсулаға (Г.Алиева) қолы жетпей қиналған сәтін бассейндегі екеуінің бір-біріне су шашып, жігіт­тің сол жердегі аласұрған күйінен байқаймыз. Сол сияқты Д.Филиппович Пьетроның (Е.Жанатов) Ребека (А.Қабдырашова) мен Амарантаға (Г.Алиева) би үйрету көрінісін, рөл орындаушылардың қолдарына би аяқ киімін (чешки) киіп әрекет етуімен берген.
Қоюшы-суретші Қуат Дүйсенбектің сценографиялық шешімі де келісті-ақ. Ол оқиғалардың өтетін орнына қарай ауысып отыратын төртбұрышты мөлдір (прозрачный) бөлме қабырғаларын қолданыпты. Мұны кейіпкерлердің психологиялық толғанысын айқара ашып көрсететін және олардың қарым-қатынасындағы ашық-шашық күйді байқататын көркемдік деталь дейміз. Сонымен қатар бұл ғашықтардың бірін-бірі көре тұрып, бір-бірінің сезімдерін байқай тұрып, бір-біріне жете алмауынан да хабар етеді. Қара көлеңке сахнада Хосе Аркадио Буэндиа балаларының басы жоқ балықты сахнаны айналдыра алып жүруінен отағасысы жоқ отбасының, нақтырақ айтқанда, жол бастайтын қолбасшының болмауынан бүтін бір қоғамның күйреуін танимыз.
Десе де романдағы оқиғалар тізбегін бір-екі актердің кезек баяндап, кітаптағы олар жеткізген көріністерді өзге өнерпаздардың сахналық әрекет арқылы орындауында маңыздылық болмады. Еш кідіріссіз, паузасыз, екпінсіз орындалған, әрбір сөз бен сөйлемнің астарын ашуға негізделмеген нарративтік әдіс қойылымға керісінше кедергі келтірген.
Тағы бір айта кетерлігі, прозалық шығармада барлық кейіпкерлер Аурелиано және Аркадио деген екі ғана есім иеленген. Олардың өздеріне тән мінездері мен дағдылары бар: алғашқылары – батыл, қызуқанды болса, екіншілері – оқу, білімге, жаңалық ашуға құштар. Алайда сахнадағы бір-бірінен айырмашылығы жоқ, бірсарынды ойындардан сол мінездер мен дағдылар ашылмай қалған. Патенциалы мықты, болашағынан мол үміт күт­тіретін жас актерлері бар жезқазғандық ұжым дәл осы қойы­лым барысында ізденісін күшейткені, қаһармандардың шығармадағы орнына маңыздылық бергені абзал.
«Макондо» деп аталғанымен спектакльде бір әулет­тің тағдыры, олардың сезімі, көзсіз құштарлықтың адамды құбыжыққа айналдыратын күші, ақыры сол отбасының құрдымға кетуі айтылады. Дәл қазіргі уақыт­тағы құрдымға кеткен адамзат психологиясы көпшілікке финалдағы: «Құдайға жақындап келемін деп ойлап едім, сөйтсем, одан алыстай беріппін», – деген сөздер арқылы жетеді, яғни қойылымның басты тіні Урсуланың: «Жеті дүниеде жақын-жұрағатпен қан араластырмаңдар» деген зарына негізделген. Ал спектакльге автордың ат қойып, айдар таққан тақырыбынан бас тартып, қаланың атауы берілгендіктен торай құйым­шақты баланың туылуымен, яғни бір отбасының күйреуімен Макондоның да құлдырауы параллель берілуі керек-тін…

Зухра ИСЛАМБАЕВА,
өнертану кандидаты, Т. Жүргеноатындағы
Қазақ ұлт­тық өнер академиясының профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір