ӨМІРГЕ ДЕГЕН ӨКПЕМДІ, ӨЛЕҢГЕ БАРЫП АЙТАМЫН!
Сайлау БАЙБОСЫН
Ақындар
Басымызды мұнарлаған мұң егіз,
Бәрі жалған екенін де білеміз.
Біреулерге ұқсағымыз келмейді,
Біреулерге ұқсай алмай жүреміз.
Ешкімнің де қызықпаймыз бағына,
Ешкімнің де қызықпаймыз тағына.
Желік қуған жынды демес бізді ешкім,
Сау дей-тұғын сау емеспіз тағы да.
Періште ме, пері ме екен иеміз,
Ақпанда да алау атып күйеміз.
Кимей-тұғын киім алып кей кезде,
Сүймей-тұғын біреулерді сүйеміз.
Жұрттан артық болмаса да халымыз,
Жасымайды тек әйтеуір жанымыз.
Даналарша кей кездері ой толғап,
Балаларша іс жасайтын тағы біз.
Жапырақты жырға қосып күзге ерген,
Адамдаймыз жұмағыңды жүз көрген.
Өмір өтіп бара жатыр, қайтейін,
Танымайтын біреулерге ғашық боп,
Табылмайтын бірдеңені іздеумен!
* * *
Жанымда қанат жайса мұң,
Түсінер пенде жоқ па енді.
Өлеңге барып айтамын,
Өмірге деген өкпемді.
Күлкіге толы, күмбірге,
Ұзады күндер ағыстай.
Іріген көңіл бұл күнде,
Іркітке салған қайыстай.
Сахара кезген сағымдай,
Сырғанап аққан күн мынау.
…Олжадан түскен арудай,
Өлеңі құрғыр мұңдылау…
ДарвиннІң ілімі немесе тек туралы өлең
Түзелер, қазақ, тұрмысың әлi,
Бәрi де, тiптi әдемi.
Бiрақ та бүгiн сынға ұшырады,
Дарвин көкемнiң дәлелi.
Апыр-ау, қандай себебi дедiм,
Сенiп келдiк пе теп-текке?
«Бабамыз – маймыл» дегенiн оның,
Оқытқан бiзге мектепте!
Шығыс пен мына Батысқа қоса,
Осыған сендiк бәрiмiз.
Бiр ағам айтты: «Шатысқан о шал,
қасқырдан – бiздiң қанымыз!»
Даласы да аман,
санасы да аман,
Дау айтам қандай сайлы ұлға?
Дедi ағам сосын: «Қарашы маған,
қай жерiм ұқсас маймылға?!».
Демесiн бiреу: «Қандай халықсыз?»,
Жеткiзсiн көзiн бағама.
«Қасқырдан, тiптi аумай қалыпсыз!» –
деп шынымды айттым ағама.
«Бәсе, – дедi ағам, – сенiм өшпесiн,
Көнеден қалған мол аңыз.
Бөрiнi бабам емiп өскесiн,
Қалайша жаман боламыз?!.
Шығармай, тiптi төрiне ханды,
Ар-намыс болған бас құны…».
…Есiктен сол сәт көрiне қалды,
Көкемнiң әлгi бастығы.
Бастығы, сiрә, мәндi адам, керiм…
Маңғаздау қарап сағатқа…
Бөрi боп тұрған әлгi ағам менiң,
Өзгерiп кеттi заматта.
Сыйлайтындығын аңғартып олақ,
Құшағын аша жүгiрдi.
Бастығының сосын алды-артын орап,
Иiлдi, тұрды, бүгiлдi.
Жоғалып әлгi көңiлдегi елес,
Жампаңдап ағам, жанықты.
Байқасам, тiптi бөрiден емес,
Маймылдан аумай қалыпты.
Жайлап тұр едi санамды көрiк,
Сенiмге берiк байланған.
Шошыдым, әлгi ағамды көрiп,
Құйрықсыз маймылға айналған.
Болады-ау ендi, әркiмде шүбә,
Деп iштей ғана күрсiндiк.
Ойладым сосын, Дарвинде, сiрә,
Рас-ау, бары бiр шындық!
Алланың көкте айбары қолдап,
Алаш болыппыз (хабарым).
Үйге кеп сосын, айнаны қолға ап,
Бейнеме ұз-а-ақ қарадым!
Кутузов көшесіндегі
М.Жүсіп мешітінің алдында жазылған өлең
Келетін көбі Құдай дегеннің,
Керекудегі мешіт – бұл.
Әуезіндей боп шырайлы өлеңнің,
Ертістен самал есіп тұр…
Айдындай асфальт көсіліп алдан,
Ағылған көлік гулесіп.
Фельдмаршалдың есімін алған,
Көшеде, міне, тұр мешіт.
Мақтанғанымның бәрі – далбаса,
Не деген, сірә, ұлы есім!
Кутузовты сен танып алмасаң,
Мәшһүрді таппай жүресің.
Күн сайын өсіп, гүлдейді қалам,
Көркіне мынау мән дарып.
«Кутузов деген кім?» – дейді балам,
Сұраулы жүзбен таңғалып.
Керемет ұлы бір кісі көріп,
(Сәбиде жоқ қой түк кінә).
Сұрайды тағы білгісі келіп:
«Бөгенбайдан да мықты ма?!»
Табайын жауап сұраққа деймін,
Білмесем-дағы тегін мен.
«Кутузов мықты, бірақ та деймін
Мәскеуді ол тастап шегінген».
Бізден де талай ұл туған дара,
Тоқымы терден кеппеген.
Басына бірақ күн туғанда да,
Даласын тастап кетпеген.
Талқандап жаудың қамалын құртып,
Самайдан қаны тамшылап.
Жусанын құшып даланың бір түп.
Құлаған сосын қансырап!
Тағарсың қалай балаға кінә,
Қояды сұрақ еселеп.
«Батыр болса егер қалада мына,
Оларға неге көше жоқ?!».
Сауалы жетіп жетеме жаңа…
Не дермін енді балаға.
Бермейді десем, көкелер ана,
Сөзіме, сірә, нана ма?
Түсінбегесін тағады кінә,
Айтамын қалай ар жағын.
Кутузов емес, даланы мына,
Бабалар сақтап қалғанын…
Жыр етерімді, мұң етерімді,
Біле алмай тұрмын мұнда кеп.
Кутузов маған кім екенімді,
Ескертіп әлі тұр ма деп!
Астанаға ода
Беу, Астана, шаһарым!
Аштархандай бүгiн сенiң атағың.
Үрке-тұғын Үрiмiң мен Мәскеуiң,
Нұр-қала деп, бiр қала деп хас-керiм
Мадақтаймыз ересен!
Бiрақ ендi…
артық айтты деме сен,
Тiлiң сәл-сәл орысшалау демесең,
Туысқанға өрiс тар-ау демесең.
Пара алғыштар жақсы орында демесең,
Байлығымыз жат қолында демесең.
Тiрлiк құрғыр мардымсыздау демесең,
Аярлықтан ар құнсыздау демесең,
Сенi, тiптi жаман қала демес ем!
Даңғазадан кенде емессiң,
дегенмен,
Мен өзiңдi мақтар болсам өлеңмен
Ренжи ме, тастай салып арбасын,
Базардағы арба итерген қандасым.
Қарындасым еден жуған кеңседе,
Келiспейдi менiменен өлсе де…
Жалақысы жамбаспұлдан қалмаған,
Жерлестерiм «жетiм бұрыш» жалдаған…
Жайлап жатқан кiлең сабаз, серiмен,
Десем сенi: төре шығар төрiм ең.
Жаныңдағы жыртық шекпен ауылдар,
Дауласа ма менiмен?!.
Әлде, сөзiм болсыншы деп өтiмдi,
Ақордаға бұрып алып бетiмдi.
Ағытам ба айхай, мақтау не түрлi,
Атаққұмар ақын ағам секiлдi!
Құрысын!
Мықтыларда менiң қанша жұмысым.
Айтар болсам, айтқаным жөн дұрысын:
…Қыздарменен тәнiн сатқан күнi үшiн
Құрылыстарда құлап өлген ұл үшiн!
Ей, Астана, дүр қабақ!
Маң далада маңғаз тұрсың мұндалап,
Бердiм дейсiң бекке байлық, құлға бақ.
Мен де кейде саған кеткiм келедi,
Ерейменнiң төбесiнен бiр қарап!
Бұған, тiптi керек емес мол шыдам,
Көшер едiм бөле қашып қоңсыдан.
…Бейсболка киген бекзат бауырдай,
Гольф соға бiлмегесiн қорсынам!
Шотландық қойшылардың өнерiн,
Бiлмегесiн, қайтем ендi, көнемiн!
(Ермегi бұл – тектiлер мен төренiң)
Мен – ұлымын асық атқан даланың,
Бiлмеуiмнiң айтар болсам себебiн!
Аналардан төменiрек көлемiм,
Қай бетiммен сосын саған келемiн?!
Ей, Астана, ел сенер!
Сенi салған бiр сәулетшi – ең шебер.
Сол арада бiз бiлмейтiн мықтылар,
Сол арада бiз кiрмейтiн кеңселер!
Дәрежесi долларменен өлшенер,
Сол жерде жүр талай-талай еңселi ер!
«Ақша-қала» деп атар ем өзiңдi,
Маған билiк берсе егер!
Бiзді өзiнен сәл төмендеу санайтын,
Адамдарың зор тiптен.
Шенеунiгiң шекесiнен қарайтын,
«Мадамдарың» «мерседесiн» мөңкiткен.
Беу, Астана!
Қазағымның мұрат/ы!
Жарқыраған өндiрлi елдiң шырағы,
Сарқыраған «тендерлердiң» бұлағы.
Жақсылар мен жайсаңдардың тұрағы!
Тұрмағасын босағаңда iлiнiп,
«Аяз бидiң тымағы»,
Елдiң саған тарқамай жүр күмәнi!
Ей, бас қала!
Бауыр үшiн болғаннан соң баспана,
Мен өзiңдi алмастырман басқаға!
Айып етпе, жазылмаса жақсы өлең,
Тартылғандай таспаға…
Бiр ұрты – май, бiр ұрты – қан қазаққа,
Дәл өзiңдей жарасып тұр астана!