Қаламға құштарлық
25.02.2025
64
0

Биыл қазақ журналистикасының ардагері һәм абызы 95 жасқа толады. Ол кім? Қазақтың қабырғалы қаламгері. Журналист-публицист. Ұлағат­ты ұстаз. Тарих ғылымының кандидаты, профессор. Ғұмыры ғибрат­ты ғалым. Зе­йінді де зерделі зерт­теуші. Жиырмаға жуық оқулықтар мен әдістемелік құралдардың, сондай-ақ ондаған кітаптың авторы. Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері. Бірнеше орден мен медальдардың иегері. Қысқасы, қазақ журналистикасының қара нары.

Әбілфайыз Ыдырысұлы 1930 жылдың 23 ақпаны күні Қостанай облысы, Амангелді ауданына қарасты, Егінсай ауылында туған. 1953 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетін журналист мамандығы бойын­ша тәмамдаған. 1953–1954 жылдары «Қазақ­стан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып жемісті жұмыс істейді. 1955–1961 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болады. 1961–1965 жылдары «Қазақ­стан пионері» газетінің бас редакторы болып абыройлы қызмет атқарады. 1965 жылдан 1993 жылға де­йін өзі білім алған қара шаңырақта аға оқытушы, доцент, профессор болып қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Олардың алды министр, бас редактор, профессор, академик, декан, ректор болды. Ал соңы ақпарат айдынында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүр. Міне, осындай еселі еңбегі арқылы қазақ журналистикасының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты.
«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Александр Македонский. Бұл сөзді мен өзімнің ұлағат­ты ұстазым Әбілфайыз Ыдырысовқа арнап айт­қым келеді. Өйт­кені мен де ол кісіге әкемнен кем қарыздар емеспін. Оның әкелік һәм ұстаздық қамқорлығын көрдім. Ол оқиға күні бүгінге де­йін жадымда қат­таулы.
1987 жылдың жазы еді. Атақты ҚазМУ-ге түсу үшін тағы да құжат тап­сыр­дым. Тағы да деуімнің себебі бар. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 1984 жылы талапкер болып келіп, құлап кеткен болатынмын. Содан екі жылдық аза­мат­­тық борышымды өтеп әрі еңбек етіп келіп тұрмын. Ол кез­де әскерге барғандар мен қара жұмыс істеп келгендердің қадірі болатын. Мен де сондай жеңілдікке ие болдым. Бізді Әбілфайыз аға­йымыз құшақ жая қарсы алды. Оның үстіне, аудандық, облыстық һәм республикалық газет-журналдарға там-тұмдап жазған-сызғандарымыз бар еді. Ол да – бізге әжептеуір ұпай. «Емтиханға жақсылап дайындалыңдар. Құлап бара жатсаңдар, маған айтыңдар!» – деп қатаң ескерт­ті. Бұл сөз бізге үлкен демеу болды. Содан не керек, шығармашылық байқау мен емтихандардан өтіп келіп, соңғы тарих пәніне келгенде сүріндім. Дереу Әбекеңе жүгіндік. Ол кісі сөзге келмей, тарих пәнінің профессорына барып мән-жайды айт­ты. Түсінбеді. «Бізге тарихшы емес, журналистер керек. Бұлар – дайын журналистер. Ке­йін тарихты меңгере жатар», – деді. Оған да көнбеді. Ақыр аяғында жалынып та көрді. Ыңғай танытар емес. Ашуға булыққан Әбекең: «Ендеше, қой екіңді!» – деп қолын бір сілтеді де кетіп қалды. Мені ерте кет­ті. Жолда кетіп бара жатып: «Сағың сынбасын. Келесі жылы кел. Қалай да түсіремін», – деп уәде берді. Уақыт жүйрік қой. Бір жыл өте шықты. «Үйреніскен жау алыспаққа жақсы» деп бағымды сынап, ҚазМУ-ге үшінші рет келдім. Әбілфайыз ағамды тауып алдым. «Биыл қалай да түсесің», – деді. Білдей бір деканның орынбасары айтып тұрған соң, қалай сенбейсің, сендім. Аға­й уәдесінде тұрды. Сөйтіп, өзім армандаған оқуға үшінші рет келіп түстім. Әрине, бірінші – Құдай, екінші – Әбекеңнің арқасында. Ке­йін де ол кісінің көмегін көп көрдім. Бірінші курс­та «Он саусақ, соқыр әдіс» сабағынан оңбай құладым. Кінә өзімнен. Сабаққа келмегем. Тұрымтай апай жанына жолатар емес. Болған жайды кураторым Бауыржан Жақыпқа айтып, жәрдем беруін сұрадым. Ол тура Әбекеңе алып барды. Зачеткіме бесті қонжит­ты да: «Аға­йың бие сұрап еді, мен түйе бердім», – деп күлді. Біз әйеліміз ұл тапқандай қуандық. Бұл да Әбекеңнің маған деген әкелік қамқорлығы еді.
Жалпы, Әбілфайыз Ыдырысұлы тек маған емес, журфакта оқитын барлық студентке өз баласындай қарап, оларға қолынан келгенінше көмек беріп жүрді. Тіпті бір басы екеу болып, отау құрған студент­тердің тойына Заря жеңгемізбен бірге барып, Әбекең Төлегеннің, ал Заря жеңгей Қыз Жібектің ариясын айтатын. Сөйтіп, студент­тердің тойы Әбілфайыз ағамыз бен Заря жеңгейсіз өтпейтін болды. Бұл үрдіс біз оқу бітіріп кеткенше жалғасты. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қағиданы бізге ұстазымыз осылай түсіндірді. Қазір сол күндерді сағына еске аламыз.
«Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейді халық даналығы. Сол айт­қандай, Әбілфайыз Ыдырысұлын таныған күннен бастап, ұстаз ретінде құрмет­тейміз, қадір тұтамыз. Ол кісі өмірінің соңында жүріп-тұруы қиын болып қалса да, қолына таяқ ұстап жүріп, арнайы курстан дәріс берді. Мен де осы оқу ордасында аға оқытушы едім. Көрген сайын ол кісіні көліктен дәрісханаға де­йін, сабақтан соң, дәрісханадан көлікке де­йін қолынан демеп, шығарып салып жүрдім. Кейде той-томалақтарда жолығып қаламыз. Сонда да мені іздеп, шақыртып алатын. Мен сол дағды бойынша аға­йды құрметпен шығарып салып тұратынмын. Бұл маған әке мен бала арасындағы қарым-қатынастай көрінетін. Ылғи да оның көзінен нұр, жүзінен мейірім көруші едім. Асқар таудай әкем тіріліп келгендей сезінетінмін. Ол да бір дәурен екен-ау.
Осыдан он жыл бұрын, яғни қазақ журналистикасының қара нары
Әбілфайыз Ыдырысұлының 85 жылдығына орай «Қазақ университеті» баспасынан «Өнегелі өмір» сериясы бойынша арнайы жинақ шыққан болатын. Ол кітапқа ұлағат­ты ұстаздың өмірі мен шығармашылығы, алған асулары мен жеткен жетістіктері, мұрағат құжат­тар мен фотосурет­тер һәм ол туралы зиялы қауым өкілдерінің парасат­ты пікір-пайымдары топтастырылған. Басылымның мәнді де мазмұнды шығуына Әбекеңнің шәкірт­тері – филология ғылы­мының докторы, Ұлт­тық ғылым академия­сының академигі Бауыржан Жақып пен журналист-публицист, баспа ісінің білгірі, ғалым-ұстаз Сағатбек Медеубекұлының сіңірген еңбектері зор. «Ұстазыңа бар ықылас-ниетіңмен қызмет қыл» деп Қожа Ахмет Ясауи айтпақшы, бұл ізгі іс – осы қағиданың орындалғанының белгісі.
Әбілфайыз Ыдырысұлы 89 жасында фәниден бақиға озды. Сол қаралы жиында кезінде Мәдениет, спорт және қоғамдық келісім министрі, Мемлекет­тік хатшы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірін­ші орынбасары, сенатор қызмет­терін абыроймен атқарған Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза сөз алып:
– Заря жеңгеміз Әбекеңді баласындай күт­ті, махаббатымен аяғынан тік тұрғызды. Ұлы ұстазымыз махаббат­тың, қаламның құдіретіне сүйенді. Сол қалам Әбекеңе 30 жыл өмір сыйлады. «Таңшолпан» ат­ты романдар сериясын дүниеге әкелді. Оны Олжас Сүлейменов орыс тіліне аударды, – дегені әлі есте. Бұл кісі де – абыз ағамыздың алғыр шәкірт­терінің бірі.
Әбілфайыз Ыдырысұлы қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің көзін көрді, оның тәлім-тәрбиесін алды. Тіпті сол кісіге еліктеді. Оны бізге кей дәрістерінде айтып та отыратын. Ке­йін төсек тартып жатып қалса да, қолынан қаламын тастамады. Сол өзі ұстаз тұтқан ұлы Мұқаң туралы «Әуезовке іңкәрлік» ат­ты кітап жазды. «Біртуарлар болмысы», «Аңсаған менің әнімсің», «Айжанның ғашығы», төрт кітаптан тұратын «Таңшолпан» роман-хикаяты да – сол тұстарда жазылған шығармалар. Қарап отырсаңыз, мұның өзі – үлкен ерлік. Қайтпас қайсарлық! Қаламға деген құштарлық!
– Қазақ журналистикасының ардагері, профессор Әбілфайыз Ыдырысұлы биыл 95 жасқа толып отыр. Ол – журналистика факультетінің түлегі. Өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын осы жоғары оқу орнына арнады. Талай журналист мамандарды тәрбиелеп шығарды. Менің де қадірлі ұстазым. Ағамыздың өмірі мен еңбек жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол – газет­ті безендіру, түрлендіру өнерінің негізін салып берген кісі. Осы салаға қатысты оқу құралдарын шығарды. Қазір технология қанша дамыды десек те, бұл кітаптар өзінің маңыздылығын жойған жоқ, – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің доценті, белгілі журналист-публицист Сағатбек Медеубекұлы.
«Бір бала атаға жете туады,
Бір бала, атадан өте туады,
Бір бала ке­йін қарай кете туады»
дейді атам қазақ. Сол айт­қандай, Әбілфайыз Ыдырысұлының ұлы Ерлан – атадан өте туған атпал азамат. Ол кезінде Сыртқы істер министрі қызметін абыроймен атқарды. Қазір Қазақ­станның Ұлыбритания, Исландия және Ирландиядағы Төтенше және өкілет­ті елшісінің кеңесшісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шәкірті. Әбілфайыз Ыдырысұлының 95 жылдық мерейтойына орай, Журналистика факультетінен ашылған аудиторияны қайта безендіріп, әрлеп һәм көрнекі құралдармен қамтамасыз еткен де осы – Ерлан Әбілфайызұлы. Бұл – осы қара шаңырақта білім алып, бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған әкесіне ғана емес, сондай-ақ киелі оқу ордасында оқып жатқан қазақ жастарына һәм қасиет­ті білім ошағына деген құрметі. Ол үшін оған университет ұжымы атынан алғыс айтамыз.
Тірі өледі, жер қойыны – жатағы,
Ізі қалар жақсы болса атағы, –
деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, Әбілфайыз Ыдырысұлының аты да, ізі де қазақ деген халық барда мәңгі жасай берері хақ.

Ермахан Шайхыұлы,
Қазақ­станның еңбек
сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір