«ҰЛЫ ОЙЫН» МЕН ҰЛТТЫҚ СПОРТ АРАСЫ
Бұрынғы жылдары ауыл адамының ұғымындағы футболыңыз «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозарға» саятын. Десек те, қазақ көрермені Гаринча, Марадонна, Паненко, Беккенбауэр, Кумандардың ойынына тәнті боп, Еуропа және Әлем біріншілігін жібермейтін-ді. Сейдахмет Бердіқұлов: «Мен Пелемен сөйлестім, сұхбат құрдым!..», – десе, көбі сенбей «ондай Ұлылар қазақты қайтсін…» дегендей сыңай танытқаны со уақтағы таным-түсінігімізден аз-кем ақпар берсе керек-ті. Футболдың ең алғашқы үлгісі Ежелгі Рим, Спарта және Қытайда пайда болғанымен, ала допқа деген тәртіп күшейтіп, талап қатайтқан ағылшын жұрты екені тарихтан белгілі. Шыны керек, Жаһанда тамашалау жағынан алдыңғы орынды бермей келе жатқан футбол қазақты жатсынатындай көрінеді. Бірақ осылайша ой қорытайын десең, Мұхтар Әуезов ойнаған «Ярыш», Ордабаев, Сегізбаев, Байшақовтар тер төккен «Қайрат», Сымақов пен Жұмасқалиевтер өсіп шыққан «Намыс» ұжымдары әуелгі гипотезаны терістей түседі. Сөз эстетикасы мен спорт эстетикасының арасындағы алтын көпірді қашан еркін жүгіріп өтер екенбіз?! Басты сұрақ – осы! Әр ойыннан жеңіс күтетін көрермен мен көзсіз ойыншыларымыз турасында өрбіткен әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз…
Жомарт ӘЛИЕВ,
«Алаш» («Локомотив») командасының бұрынғы ойыншысы
ӨЙТКЕНІ, БҰЛ – ТАРИХ!
Барселона, Реал, Атлетико, Милан, Рома, Арсенал, Челси, МЮ, ПСЖ, Аякс, Бавария, Дортмунд, Шальке 04 секілді Еуропа және Әлемнің алпауыт клубтарының әр ойыншысына дейін жатқа білетін жас жанкүйерлеріміз бар. Бірақ қазақтың тұңғыш командасы – «Ярыш-Жарыстың» 1913 жылы құрылып, алғашқы ойынын Жаңа Семейдің футбол командасымен өткізгені, құрамында қазақтың Ұлы қаламгері, ғұлама ұстазы, «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің жартылай қорғаушы болғанын да білуге тиіспіз. Өйткені, бұл – тарих! Қазақтың тұңғыш футбол командасын құруға атсалысқан ұстаздың бірі – Рахматулла Елкебаев Қазақстанда алғашқы жетім балаларға арнап мектеп ашып, оны 5 кластық мектепке айналдырған. Рахматулла Елкебаев – балалар тәрбиесіне аса мән беріп, өмір бойы білімін жетілдірумен шұғылданған адам. Медреседе жүріп орыс тілін жете меңгеру үшін қосымша дәріс алған екен. Ол кісі 1912 жылы «Оян, қазақ!» өлеңі үшін сотталған Міржақып Дулатовтың қорғаушысы боп сотқа қатысқан-ды. Сондықтан футбол – тарих, футбол – философия, футбол – өмір, футбол – өнер. Оған үлкен интеллект қажет деп ойлаймын. Мәселен, Қарағандының «Шахтері» мен «Астана» командалары ел футболына жаңа леп алып келді. «Кеншілер» Еуропа Лигасының, ал «Астана» Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне өтіп, көрерменін бір серпілтті. Бір ғасырлық тарихы бар Қазақ футболы үшін алар асу әлі алда деп білемін.
Ал Қазақстан құрамасының жағдайы тым қиын. Кезінде Азия футбол конфедерациясының құрамында жүрген Қазақ елі, 2002 жылдың 25 сәуірінде Стокгольмде өткен жиында УЕФА-ның құрамына қабылданды. Одан бері оншақты жыл өтті. Бірақ құрама құрдымға кетіп барады. Не істеу керек? Өткенге ой көзімен қарауға қанша тырыссақ та, іштегі қыж-қыж қыжыл тыныш отырғызбайды екен. Айталық, Ұлттық команда 2006 жылы Әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы алғашқы ойынын 2004 жылдың 8 қыркүйегінде бастап, Түркия, Дания, Грекия, Украина, Албания және Гүржістанға қарсы ойнады. О турнирде Қазақстан 11 ойында тек бір кездесуде тең түсті. Жалғыз ұпайды жалау еттік. Сонда деймін де, 29 доп жіберіп, 6-ақ гол соғыпты! Сұмдық қой!
Ал 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Германия, Түркия, Бельгия, Австрия және Әзірбайжанмен кездескен Ұлттық құрамамыз 10 ойынның сегізінде жеңіліп, соңғы орынға орныққан еді. Мұндай сәтсіздіктің себеп-салдарын тырнатізбек қылып тізуге болады. Мысалы, ойыншылардың шеберлігі аз, физикалық-моральдік дайындығы төмен және база жоқ. Еуропада футбол Академиясын салу парыз секілді дүние.
Азат МӘРТАЙ,
«ЖФМ»-нің («ФШМ») бапкері
БІЗДЕ БАЗА ЖОҚ!..
Футболшыларымыз алаңда бірін-бірі жақсы түсіне бермейді, пас беру кезінде қателікті көп жасайды. Шабуылға кеткенде қорғаныс әлсіз, қорғанғанда шабуыл шала. Ең басты сорымыз – қазақ футболға мамандық ретінде қарамауында. Соның кесірінен футболшы боп бастап кейін қаржы, халыққа қызмет көрсету, әкімшілік, ғылым, саясат секілді салаларға кетіп жатады. Ондайға жоқ дегенде оншақты мысал тауып бере аламын. Қазақ үшін футбол еріккеннің ермегі, шындық – осы! Еуропа немесе шетел сатып алған бірде-бір ойыншы жоқ. Қазақ футболының сапасы қаншалықты екенін осыдан-ақ көруге болады емес пе?! Месси, Роналду, Руни, Гризман, Погба, Кака, Зидан, Фигу, Бензема, Роналдо, Рональдино, Хави, Инеста секілді ұлы футболшылар туу үшін мектеп қажет. Ал мектеп пен тарих екеуі екі нәрсе. Ресей, Украина, Белоруссия, Гүржістан сияқты елдерде футбол мектебі бар. Ресейден Жирков, Аршавин, Белоруссиядан Глеб, Воронин, Украинадан «Алтын доптың» иегері Шевченко, Каноплянка, Гүржістаннан Каладзелер шықты. Яғни командада сенім артатын серкелер бар деген сөз. Қазақ неге сонша сорлап қалғанын түсінбеймін. Неге? 90 минутқа шыдамаймыз! Қазақстан футболына үлкен реформа қажет. Ол үшін футболдың инфрақұрылымын дамыту керек. Яғни республикамыздың әр аймағында жасөспірімдерді футболға баулитын, оқытып, дайындайтын заманауи базалар салынғаны жөн. Содан шыққан балалар кейін шетелде ойнаса, ел үшін абырой емес пе?! Және ең маңызды дүние – ел намысы үшін жанын беретін футболшылар қажет. Ойсырай жеңілгенге бой үйренген. Мысалы, осы жуырда ғана Қазақстан құрамасы Черногориядан оңбай ұтылды. 5:0! Масқара ғой. Одан кейін барып: «Стадионға көрермен неге аз келеді?», – дейміз, Көктен түскендей болып. Жауапкершілік болмаған соң, ешкімнің жаны да ауырмайды екен ғой. Соған көзім жетті…
Бразилияда өткен Әлем чемпионатында Германия Аргентина құрамасын 1:0 есебiмен тiзе бүктiрiп, чемпионаттың бас бәйгесiн иемденді. Осылайша Германия 2014 жылғы Жаһан біріншілігінің кубогын төртінші рет иемденді. Сөйтіп, төртiншi рет Кубоктi қанжығаға байлады. Айта кететін нәрсе, Германия «С» тобында Қазақстан құрамасымен бірге ойнаған болатын. Немістерде үш көз, екі бас, төрт қол, төрт аяқ жоқ, оларды да бір Алла жаратты!..
Бүгінгі таңда көптеген спорт түрінде қазақ жастарының қарасы аз. Тіптен кейбірінде жоқ деуге болады. Халықаралық деңгейді айтпағанда, ішкі жарыстарда жасындай жарқылдап жүргендері сирек. Ең өкініштісі – ең көп медаль жиынтығы сарапқа салынатын жеңіл атлетика мен жүзуде, сондай-ақ, командалық спорт түрлеріндегі жағдайымыз қиын. Бұның себебі неде?
Мысалы, футбол! Дамыған еуропалық клубтардың бәрі билік тарапынан қолдауға ие. Академияларында балалар мен жасөспірімдер мектебі бар. О жақта допқа ынтаңыз болса, сізден тәп-тәуір футболшы шығара алады. Шалғайдағы шала сауатты баладан керемет спортшы шығара алатын қауқары бар. Себебі, агенттері мен спорттық стратегиясын түзетін басшылары өте мықты. Бұған қоса, ұлттық құраманың тізгінін ұстауға лайық бапкерлерден қаржысын аямайды. Себебі, оларға абырой қымбат.
Ал қазақ футболы ше? Біз кімнен кембіз? Ала доп десе көңілі алаңдап тұратын ауылдың қарадомалақтары аз ба екен? Спортзалдың жоқтығынан қаншамасы жер қарайғанын күтуге мәжбүр. Оған қоса, ауылдық, аудандық, облыстық, кейін республикалық деңгейде ұйымдастырылатын турнирлер жоқ қой. Ал спорт келешегін ойлайтын ойлы әкімдер мен қалтасынан қаржысы суша төгіліп жатқан кәсіпкерлер де әр қазақ ауылына бұйырмаған-ды. Осыдан кейін қазақ футболының көсегесі қалай көгерсін?! Футбол мектептері орталықтарда ғана бар. Тиынын санап отырған сан мыңдаған отбасы үшін баласын ондай ортаға жеткеру – арман!.. Бәзбіреулерден қазақ футболы турасында сұрасаң болды, анау бір басын қағытпа қалжыңға сүйей салатын әдеті. «Сонда, біздің спорт, оның ішінде футбол Тұрсынжан Шапайдың юмор мен сарказмға толы әңгімелеріне өзек болуға дап-дайын-ақ материал екен ғой…» дейсің ішіңнен. Ұят, енді! Ілініп-салынып әзер жүрміз, не алған асуымыз, не жеткен жетістігіміз жоқ. Футболшыларымыз «Кәрі құрлықтың» ортақол клубтарында да ойнап көрмеген. Кемшілік көп. Біріншіден, «спорттық мінез» бен спорттық қызығушылық аздау. Екіншіден, осынау бір үлкен дәстүрдің ішкі заңдылықтарын біле алмай келеміз. Мынаны қараңыз, футболдан 17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы ойында Қазақстан құрамасы Францияға есе жіберді. Еуро-2017 раундының алғашқы матчы француздардың пайдасына 17:0 есебімен аяқталды. Алғашқы таймда-ақ қаракөздеріміз өз қақпасына 13 гол жіберіп алды. Екінші таймда тағы төрт гол соғылды. Масқараның көкесі осы емес пе?! Қазақстан футболы, Қазақ футболын дамытатын күн жетті. Өзімізді қойып, өзге күлетін болды. Мәселен, жақында «Астана-арена» стадионында Қазақстан мен Польша құрамалары ойнады. Сонда Глик пен Германияның «Бавариясында» ойнайтын Левандовский деген ойыншылары көкалға құлаған қазақ футболшыларын аяғымен көтеріп, қылқындырып, баспен ұрып жүр. «Фейрл-плей» деген ұғым бар. Яғни спортшыны рахымшылыққа, адамгершілікке шақыратын түсінік. Біреу жығылса – көтер, жарақат алып қалса – көңілін сұра, сәтсіздік шалса – қолда дегендей дүние ғой… Соны поляктар ескергісі жоқ, себебі – менсінбейді… Еуропа, жалпы УЕФА Андора, Сан-Марино, Люксенбург, Лихтенштейн, Гибралтар, Мальта, Фарер аралдары секілді микро-мемлекеттерге теріс көзқараста. Соның ішінде Қазақстан да бар. Өйткені, бізде футбол мәдениеті, футбол этикасы қалыптаспаған. Қарапайым ғана нәрсе… Стадионға ойын тамашалауға келген көрермен өз командасына қолдау көрсету этикетін білмейді, меңгермеген. Қазақстан футбол алпауытына айналу үшін бар күшті салу керек. 4,5 миллиард көрермені бар осы бір бұқаралық спортты игеру – Әлем өркениетінің бір талабы. Біз енді «Отыздық» пен «Ондыққа» енуді нысана етіп алған ел ретінде, бұ факторды да ескеріп, жақсылап дайындалуға тиіспіз деп ойлаймын. Қазақстан футбол тарихын бір парақтағанда ең бір айтулы дерекке тап боламыз. Айталық, алматылық «Қайрат» Кеңес Одағы клубтарының арасында алғаш боп Теміржолшылардың Халықаралық Спорттық Одағы Кубогын жеңіп алған екен. Мен «Қайраттың» жанкүйері ретінде осы бір тарихи жайтты ұмытпауға тиіспін. Ақтық сынға барар жолда алматылықтар Кошицелік «Локомотивін» (Чехия) өз алаңында 4:1, сыртта 1:0 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін біздің команда Алматыда софиялық «Славиядан» (Болгария) 1:3 есебімен жеңіліп қалғанымен, сырт алаңда 3:0 есебімен жеңіске жетіп, финалда Бухаресттің «Рапидімен» кездесіп Румынияда өткен кездесуде 1:1 есебімен тең түскенімен, Алматының «Орталық стадионында» 32 мың жанкүйер тамашалаған кездесуде «Қайрат» 1:0 жеңіске жетіп, жүлдегер атанады. Алматылықтардың қорғаушысы Сейілда Байшақов «Смена» жастар апталығы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, КСРО чемпионатының жоғарғы дивизионындағы «Үздік жаңа есім» деген марапатқа лайық деп танылды. Бұл – бір! Екіншіден, 1973 жылы «Қайрат» Қазақстан жастар құрамасы Бүкілодақтық «Переправа» турнирінің күміс жүлдегері атанса, 1976 жылы тұңғыш рет КСРО-ның Бірінші лига клубтарының чемпионатында жеңіске жетті. Ал 1977 жылы команда қорғаушысы Сейілда Байшақов қазақстандық және қазақ футболшылар арасында бірінші боп КСРО құрамасына шақырту алды. Футболшы Кеңес Одағы құрамасы сапындағы алғашқы матчын 1978 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турнирі аясында Будапештте Венгрия құрамасына қарсы өткізді. 1988 жылы алматылықтар КСРО Федерация Кубогының жеңімпазы атанды. Кишиневтің «Республикалық стадионында» өткен финалдық кездесуде біздің клуб «Нефтчиді» 4:1 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін көптеген қазақ балалары футболға жазылып, Байшақов, Ордабаев, Сегізбаев, Омаров, Ионкин, Квочкин, Гурман, Масудов сияқты болғысы келген екен. Айтайын дегенім, қазіргі қазақтың жас буыны еліктейтін, үлгі тұтатын қазақ футболшылар бар. Мәселен, Бауыржан Исламхан, Бауыржан Джолшиев, Исламбек Қуат, Асылан Дарабаев, Елдос Ахметов, Қайрат Нұрдәулетов, Таңат Нөсербаевтарға ұқсағысы келетіндер қаншама! Бұрындары жоқ еді, бүгіндері байқап жүрмін… Футболкасының артына қазақ футболшыларының атын жаздырып алатындар көп. Қарап отырып, риза боласың. Егер Қазақстан құрама командасы мен қазақ клубтары Әлемге әйгілі болып жатса, оның несі теріс?! Қайта елді танытып, Қазақ, Алаш деген атауларды алты құрлыққа белгілі етсе, басты арман осы емес пе?! Бірақ ол үшін көп іс істелуге тиіс. Қазір «Қазақ футболы неге дамымай жатыр?» деген сауалды әр қазақ қояды. Біреу: «Қаржы жоқ», – десе, енді біреу: «Атақты бапкерсіз мәселе шешілмес», – деп даурықса, үшіншісі: «Қазекем футбол өнерін меңгере алмақ емес…», – деумен шектеледі. «Қаржы тапшы!» – дегенді әр депутат, әр шенеунік айтатын боп жүр. Бірақ, Жоғарының төменге қойған талабы – тастай! «Осынша уақытта, осынша дүние игерілсін» деген сыңайдағы сөзге тойып болдық. Негізінен, елдің футбол командаларының қаржы-экономикалық ахуалы аса сорлы емес секілді. «Ел құлағы – елу» емес пе, ойыншылар 6-8 мың долларға дейін жалақы алады екен. Ал Ұлттық құрамада ойнайтын кей мықтылардың ақшасы 15 мыңға дейін баратынға ұқсайды. Егер Қазақстан футболының қаржылық жағдайы тым төмен болса, Егор Титов, Андрей Тихонов, Андрей Аршавин, Анатолий Тимощук сияқты сайыпқырандар келмес те еді ғой, дұрыс па?!
Әсет ЕРЛАНҰЛЫ,
«Қайрат» футбол клубының жанкүйері
«ҰЛТТЫҚ» ДЕГЕН СӨЗДЕН ҚАШПАЙЫҚШЫ, АҒАЙЫН!..
Орталықтағы клубтардың жағдайы орынша, ал шалғайдағылардың ақшасы шамалы. Командалардың көбі әкімшілікке тәуелді. Мысалы, Нұрбол Жұмасқалиев ойнаған «Тобыл» Қостанайдың Қалалық және облыстық бюджетіне қол жаюға тиіс. Ал Әлемнің мықты клубтарының акциялары жекелеген инвесторлардың қолында. Бұған қоса, ортақ қазанға құйылатын қаржыны билеттер және атрибутикалар сату, теле-трансляцияның құқығын саудалау, демеушілер іздеу арқылы толықтырады. ТМД кеңістігіндегі Ресей, Украина, Әзірбайжан, Грузия, Армения, Өзбекстан, Беларусь елдері де еуропалық модельге өте бастады. Қазақ клубтарына да жеке қаржылық топтың қарауына өткен дұрыс деп ойлаймын. Бүгіндері Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әр Қазақстан азаматына бизнеспен айналысып, мол табысқа кенелуге мүмкіндік берді. Ең бастысы – табыс көзін тапсаң болғаны. Бірақ біздің қаржыгерлер басқа-басқа, бірақ футболды айналып өтеді. Сөзіне сенсек, осынау нәрсе «рентабельді» емес екен. Қазақ футболын жүрегі қазақ деп соғатын бизнесмендер ғана көтере алатынын ұмытпайықшы, ағайын-ау!..
Қазақ топырағына Пахомов, Пайперс, Шторк, Андоне, Ваис, Муханов, Тетрадзе, Беранек сияқты қаншама бапкер келді. Бірақ одан ойын оңалды ма екен? Әй, қайдам!.. Ал Әлемге әйгілі жаттықтырушылар Қазақстанға келе ме? Егер де мол қаржы төлесек келе қояр, жаттың аты жат қой, Бізге мұрын шүйіре қарар.
Ұлттық футболды дамытуға арналған арнайы бағдарлама түзілсе ғой. Онда балалар футболынан шыңдалған шын мықтыларға дейінгі аралықтағы «баспалдақтар» болуға тиіс. Шетелмен байланыс орнатқанымыз дұрыс. Ол жаққа таланттарды ғана жіберіп тұрсақ. Қайбір жылы Бразилияға оқу-жаттығуға аттанған жастар қайда? Барды, болды, көрді, қыдырды, келді. Және оның бәрі кімнің баласы, кімнің інісі, кімнің бауыры, кімнің тамыр-танысы екенін білеміз, кілең бай-бағланның үрім-бұтағы. Сондықтан да үйреніп келгені аздау екенін аңғардық.
Жасөспірім шақтан бастап Ұлттық құрама сапына ілінгенге дейін ойыншылар бір стильді ұстанса ғой, шіркін. Мектеп деп осыны айтамыз! Анау бір жылы Біздің жігіттер Германиямен күш сынасқанда, шыны керек, ұятты күйде отырдық. Күш-қуат, төзімділік, ерік-жігер, техника-тактикалық әзірлік жағынан артта қалғанын өз көзімізбен көрдік. Немісің футбол дәстүрін бойына мықтап сіңірген халық қой, дегенмен мықтымен белдесуден қаша берсек қашан өсеміз?!
Елу жылдан аса уақыт бойы көрінгенге ұпай ұстатып келген түріктер қалайша алға озды? Өйткені, қаржы көп бөлінді, мықты-мықты топтар Галатасарай, Фенербахче, Бешікташ, Трабзонспор сынды командаларды сатып алды. Енді қараңыз, ақша деген ағылып, құйылып жатыр, стадион толы, одан бұрын түріктер үміттеніп келген көрерменге керемет ойын өрнегін көрсете алады, сүйсінесің. Бүгіндері «Түрік Лигасы» Әлем футболындағы үздік делінген 25 біріншілік қатарына енеді. Бұның бәрі тәуекелдің арқасы! Біз – қазақтар үлкен іс бастауға қорқатын, тұла бойымыз толған «фобия», кез келген жаңа нәрсеге, өзгеріске қорқа-соқта қарайтын халықпыз! Саясат, спорт, дін, ғылым-білім мен өнердің өрісі кеңеймей жатқандығы – сондықтан. Себебі, Бізде Ұлттық спорт, Ұлттық ғылым, Ұлттық экономика, Ұлттық тарих деген категорияларға әлі көтеріле алған жоқпыз. Сан салаға «Ұлттық» деген сөз қосарлану үшін алдыменен қазақ ұлт ретінде өзін-өзі танып алу керек. Ал әзірге бұл сөзді қосуға қорқамыз, себебі, өзімізге сенімсізбіз, неге сенімсізбіз, өйткені, сана мен дүниетаным қалыптаспады. Жан-жаққа қарап, әбден жалтақ кейіпке енгенбіз. Қазақ тағдыры орысқа, неміске, жапонға, қытайға, арабқа, өзбекке, американдыққа түкке де қажет жоқ, ол тек қазақтың өзі үшін ғана өзекті болмақ.
«Доп тебу қазақ маңдайына бітпеген» деген ешбір негізі жоқ оймен келісе алмайды екенмін! «16 миллион халқы бар Қазақ Елінен неге танымал футболшы шықпайды?» деген сұрақ орынды, мойындаймын. Бірақ бір жарым миллиард қытай мен бір миллиард үндіден кім бар? Әр елдің ұлттық спорт түрі бар. Біз ежелден жаугершілікпен күн кешкен халық болғандықтан ұрыс-соғыс, күресу-алысу, көтеру-жұлқу сияқты жартылай және толық контактілі ұрыс түріне барынша жақынбыз.
Ерекше атап өтетін нәрсе – қазақ футболдың қажеттілігін әлі сезіне қойған жоқ. Екі-үш жылдың бедерінде «Астана» Чемпиондар (Жеңімпаздар) Лигасына, ал «Шахтер» Еуропа Лигасының топтық кезеңіне өтіп, өте бір керемет көңіл-күйді бастан кешкеніміз рас. Бірақ дамымасақ, өспесек өзгемен қалай теңесеміз? Бір жылдары «Қайрат» Премьер-Лигадан шет қалып, Екінші девизионға түсіп қалған еді. Бірақ күш алып шықты ғой, әйтеуір. Енді міне, қандай жақсы ойын көрсетіп жүр. Өйткені, біріншіден база бар, екіншіден Академиясы ашылды, үшіншіден басшылығы жақсы, үшіншіден маркетингтік-менеджменттік іс-шаралар мықтап қолға алынған соң, соған сай ішкі-тысқы жағдайлар да өзгере бастады. Ал Көкшетаудың «Оқжетпесі», Қызылорданың «Қайсары», Қостанайдың «Тобылы», Талдықорғанның «Жетісуы», Оралдың «Ақжайығының» жағдайы мүшкіл. Егер біріншілік мықты боп, талас-тартыс көп болса, онда Қазақстан құрамасының ойыны да өзгеріп, жалпы Қазақ футболы да өркендей бастайды. «Тепсе темір үзетін дер шағындағы екі бозбаланың спорттық костюмді бипаздап киіп, егделердің «сап-сап көңіл» ауылының ермегіне тұяқ іліп қалғандарына жай намысты қойып, кісінің зығырданы ұстайды. Осыншама ғажап заманда өмір сүріп, берілген мүмкіндікті пайдаланбай, екі етегі құр далақтап, ырду-дырду жастарды көргенде соғыстың түтініне ысталған, ызғарынан қалтыраған балалық шақты еріксіз ойлайсың…» деп Сейдахмет Бердіқұлов «Арбаған мені бір сиқыр» атты кітабында осылай жазып еді. Бүгіндері қазақ жастары шынында да футболға қызығып, онымен кәсіби түрде айналысуға құлқы жоқ па, қалай өзі, түсінбедім. Ойнап жүргендері оған өнер деп қарап, оған жан-тәнімен берілуге бейім емес секілді, себеп – көйлегі көк, қарны тоқ, қалтасы қалың, жетеді! Бірақ бір нәрсе анық – егер Біз қазақтар бір дүниеге шын кіріссек, онда алынбайтын қамал, аспайтын асу қалмайды!..
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.