Ұлттық спорт ойындары салтанат құрды
Он күн бойы ұйымдастырылып жүріп жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің аясындағы елімізде аталып жатқан «наурызнама» кестесі бойынша ұлттық спорт күніне орай, Жетісу облысының аудан-қалаларында көптеген спорттық шаралар өтті.
Солардың арасында Талдықорған шаһарында классикалық шахматтан 2025 жылғы Қазақстан Балалар кубогы – Төлеуғазы Кәріпбаев мемориалының І кезеңі басталып, 26 наурызға дейін жалғасын тапты. Сол сияқты Қазақстан Шахмат федерациясы мен Жетісу облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе ұйымдастырған Үстел теннисі орталығының ғимаратында өткен турнирге Қазақстанның 20 облысынан, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан 300-дей жас шахматшылар қатысып, осынау халықаралық деңгейдегі дүбірлі тартыс үлкен аламанға ұласты. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 3 млн теңге.
Талдықорғандағы ипподромда ат спортының төрт түрінен – «көкпар», «аударыспақ», «теңге ілу», «жамбы ату» бойынша облыстық жарыстар ұйымдастырылды. Онда Жетісу облысының аудан-қалаларының құрама командалары және жекелеген спортшылар бақ сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық көкпар жарысында Кербұлақ ауданы І, Ақсу ауданы ІІ, Сарқан ауданы ІІІ орындарға ие болды.
Сол сияқты «аударыспақ» сайысынан, «теңге ілу» біріншілігінен, «жамбы ату» жарысынан жүлдегерлер анықталды.
Жалпы, Наурыз мейрамындағы спорттық сайыстар өңірдің барлық аудандары мен қалаларында тоқтаусыз жүріп жатты.
Ақсу ауданында жастар арасында тоғызқұмалақтан, асық атудан бақ сынасса, Қаратал ауданында кір тасын көтеру, арқан тартыс, қол күрес, бес тас сияқты ұлттық ойындардан тұрғындар өзара жарысқа түскендері әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланды.
Жанерке Темеш,
Жетісу облысы
ПІКІРЛЕР2