Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН: Қалың бұқара зиялы қауымға қарап ойын да, бойын да түзейді
18.04.2024
134
0

Қазіргі қазақ қоғамында қордаланған мәселелер қандай? Біз өткен тарихымызбен қатар бүгінімізді қалай бүтіндей аламыз? Ертеңіміз бұдан да жарқын болуы үшін не істеуіміз керек? Міне, осындай сауалдар төңірегінде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Бауыржан Ғұбайдуллин өз ой-толғамдарын былайша тарқатты.

– Бауыржан Файзоллаұлы, Президент Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде халықтың береке-бірлігін сақтауда зиялы қауымның айырықша рөл атқаратынына тоқталған болатын. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
– Қай ұлт-ұлыста да қалың бұқара зиялы қауымға қарап ойын да, бойын да түзеуге тырысады. Мұндай қағида – әрине, қазақы қоғамға да, тұтастай алғанда, қазақстандық қоғамға да тән құбылыс. Қазіргідей халықаралық жағдай қатты ушығып тұрған алмағайып заманда, қысылтаяң кезеңде Қадыр ақын – абыз ақын айтқандай, «ең алдымен ел қамы, содан кейін қалғаны…». Бұрынғылар «алтау ала болса, ауыздағы кететінін, төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» баяғыда-ақ айтып кеткен. Таяуда ғана Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тілге тиек еткендей, Шыңғыс ханның шыққан тегі кім екеніне қатысты айтыс-тартыстан немесе Кеңес өкіметін орнатуға белсенді атсалысқан қазақ азаматтары мен Алашорда қайраткерлерін оңды-солды салыстырып-салғастырудан не ұтамыз? «Болар іс болды, бояуы сіңді», енді біз бір-бірімізді ата жаудай көріп, қырықпышақ болып айтысып-тартысқаннан не өніп, не өзгереді? Иә, тарихи оқиғалар мен орын алған тарихи жағдайлардан ой түюге, сабақ алуға тиістіміз, оған әңгіме жоқ. Алайда пікір алмасуды бір-біріміздің ар-намысымызға тимей-ақ, жүйкемізді жұқартып, жүрегімізді ауыртпай-ақ байсалды түрде парасатты жүзеге асыруға болмай ма? Әрине, болады! Енді не жетпейді онда дейсіз ғой… Жетпей қалған, жетпей тұрған нәрсе, біз – өз ұлтымыздың, өз халқымыздың тарихи уызына әртүрлі саяси факторлардың салдарынан, «әнебіреулердің» империялық пиғылының кесірінен әлі күнге дейін жарымай келе жатқан ашқұрсақ жұртпыз. Біздің тарихи санамыз, тарихи жадымыз ұлттық тарихи-рухани дерек-дәйекке аш, тойымсыз. Сондықтан да тарихи тақырыпқа келгенде, еріксіз сезімге, эмоцияға беріліп кетеміз. «Біздің тарих қатпары – қалың тарих, оқулығы – жұп-жұқа бірақ-тағы» деп Қадыр шайырдың күмілжуі әсте тегін емес… Сөйте тұра досқа таба, дұшпанға күлкі қылар әсіре тарихи сезімталдықтан арылғанымыз абзал. Атырау құрылтайында Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгіндері Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүріп жатқанын, бұл іргелі іске 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылғанын айтып өтті. Өз басым Мемлекет басшысының өзі ұйытқы болып отырған мемлекеттік масштабтағы әлгіндей өте ауқымды жұмыс ұлтымыздың ұлы тарихын түбегейлі жүйелейді деген сенімдемін.
Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов қырғыз елінде шетелдіктер шоғын үрлеген алапес революцияның иісі шыға бастаған кезде: «Біз қайткен күнде де, қандай заманда да, нендей жағдайда да мемлекеттілікті сақтап қалуға тиістіміз!» – деп кесіп айтқан екен. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, қазақы зиялы қауымның әрбір өкілі қазақ елінің Ұлы мәртебелі Тәуелсіздігінің нығаюына, қазақ мемлекеттігінің баянды бола түсуіне үнемі мүдделік танытуы тиіс. Ол үшін біздің әрқайсысымыздың өреміз биік, ойлау көкжиегіміз кең және әрбіріміз қиядағыны көретін, қияндағыны шалатын саяси тұрғыдан сұңғыла болуымыз шарт! Бұл – біздің еліміздің келешегі, Отанымыздың болашағы алдындағы тарихи міндет-миссиямыз.
Шынтуайтына келгенде, тәуелсіздік үшін күрес – тәуелсіздік алғанша ғана. Бірақ соның өзі әлденеше ғасырға, талай заманға, тіпті бірнеше дәуірге созылған жан алыс, жан беріс арпалыстан тұрары хақ. Ал енді қол жеткен тәуелсіздікті нығайту жолындағы іс-әрекет ол – мәңгі күрес, мәңгі майдан! Міне, осы мәңгі майданда зиялы қауым өкілдері үйде де, түзде де, жұмыста да, тұрмыста да қалың бұқараға, қаймана қазаққа үнемі жеке бастың үлгісін һәм мемлекетшілдіктің өнегесін көрсетуге міндетті! Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыстай алыптың өзі ұстаз тұтқан Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Отбасы өнегелі болса, Отан кемел болады», – деген екен. Ендеше, Отанымыздың кемелдігі үшін ең алдымен әрқайсысымыз өз отбасымыздың өнегелі болуына мүдделік танытайық! Ең берісі бала-шағамыздың адал еңбекпен адал табыс табатын адал азамат болып қалыптасуына ықпал етейік.
– Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Өзінің аяулы анасының тілін білмейтін өзіміздің қаракөздерге қоса, мемлекеттік тілді мүлдем меңгермеген қазақ­стандықтарға мемлекеттік тілді үйрену үшін 30 жылдан астам уақыт берілді. Мұны аз уақыт деп ешкім де айта алмасы анық. Енді, меніңше, «Тіл туралы» заңның талаптарын қатайтқан жөн. Мәселен, мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде меңгермеген кісіні ұлты кім болса да, мемлекеттік қызметке үзілді-кесілді қабылдамау керек. Бұған қоса, аталмыш заңға елді мекендердің, көшелердің және мекеме-кәсіпорындардың атауларын, сондай-ақ әртүрлі көрнекілік-ақпараттық-жарнамалық сипаттағы мәліметтерді мемлекеттік тілде мүлдем жазбағаны немесе сауатсыз жазғаны үшін қомақты айыппұл салатындай арнайы бап енгізу шарт. Ең бастысы, әр қазақ ата-әже, әр қазақ әке-шеше өз перзенттерінің үйде де, түзде де ана тілімізде сөйлеуін қатаң талап етуі шарт. Бұл – үлкен-кішінің, кәрі мен жастың Отанымыздың мемлекеттігін нығайтуға қосқан нағыз нақты үлесі болмақ.
– Биылғы Құрылтай қарсаңында сіздің аудан-ауылдарды аралап, ел-жұртпен жиі жүздескеніңізден хабардармыз. Сол кездесулер барысында жергілікті жұрт қандай мәселелерді жиі көтерді?
– Иә, Атырау құрылтайының қарсаңында облыс орталығы Орал қаласына қоса, Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау аудандарына қарасты бірнеше ауылдық округте болып, тұрғындардың өтініш-тілектері мен өкпе-реніштеріне құлақ түріп қайттым.
Облыстық ардагерлер кеңесінің кеңсесінде өткен кездесуде Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, зейнеткер Қайролла Сабыров:
– ХХ ғасыр бел ортасынан ауа қасиетті Нарын құмын жайлаған жұрттың басына қара бұлт үйірілді. Құтты қоныстарының біраз бөлігі әскери сынақ полигондарына берілгендіктен, оның үстіне жығылғанға жұдырық дегендей, Орда ауданы таратылып, 1952 жылы бірнеше мың бөкей­ордалық жылы орнын суытып, қоныс аударуға мәжбүр болды. Олардың төрт мыңдайы тіпті сонау Оңтүстік Қазақстан облысына мәжбүрлеп көшірілді. Осы «көшке» іліккендерді мал таситын вагондарға тиеп жөнелткен екен. Еріксіз көшуге амалсыз көнген байғұстар жолда барлық станса-разъезге бірнеше сағаттап тоқтап, 17 тәулік жүріп, Шымкент өңіріне әрең жеткен деседі. Табиғаты, ауа райы мен жер бедері мүлдем бөлек, оған қоса ауыз судың сапасы жер мен көктей болғандықтан, ол жақты жерсіне алмай, көптеген бөкейордалық күнінен бұрын марқұм болды. Көзкөргендердің айтуынша, әсіресе сәбилердің арасында шетінеу сұмдық көп болған көрінеді. Осындай жан азабын шегіп, өлім аузынан зорға тірі қалғандардың арасында бертін келе белгілі ақынға айналған Қайрат Жұмағалиев пен оның анасы Жаңылғаным апа да болды. Сол кездері 13 жастағы бала Қайрат араға жылдар салып ақын ретінде:
Күйіп тұрған тамызға жұрт шыдамай,
Ауа райы, ауыз суы ұнамай,
Әр күн сайын төрт-бес адам өледі,
Ордалықтар қырылды ғой қынадай… – деп күңіренді. Міне, Нарын жұртының басынан осындай зауал өткенінен бүгінгі ұрпақ негізінен бейхабар. Есесіне, кәріс депортациясы, неміс депортациясы, қарайған кавказдықтардың депортациясы туралы еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін біледі, – дей келе Нарын құмынан үдере көшуге мәжбүр болған қазақ депортациясын тарих оқулықтарына енгізуді ұсынды. Ал ҚР Ішкі істер министрлігінің ардагері, доғарыстағы подполковник Меңдіқұл Құрманғалиев қазақ жастары арасында жат діни ағымдарға арбалу әлі сап тыйылмай тұрғанына алаңдаушылық білдірсе, Жахатов Каспи ақсақал ортағасырлық Жайық қалашығының жұртын аспан асты музей кешеніне айналдыруды және отандық жеңіл өнеркәсіп саласына ел үкіметі жедел назар аудару қажетін алға тартты.
Ақжайық ауданында өлкетанушы, еңбек ардагері Бақтығали Қоспаев ел ішінде экологиялық мәдениет құлдырап, Ақ Жайық атырабының флорасы мен фаунасы күрт кедейленіп кеткенін қынжыла тілге тиек етті. Ақжайық аудандық жастар ресурсы орталығының қызметкері Ақбота Сапарова болса өзі қызмет істейтін тақылет­тес мекемелерге келген теолог, психолог секілді мамандардың «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясындағы жеңілдіктерден тыс қалып отырғанын сөзіне өзек етіп, осы жайтты бізден ҚР Ұлттық экономика министріне жеткізуді өтінді.
Бөрлі аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, медицина саласының ардагері Әли Бектұрғанов шекараға таяу орналасқан ауылдардың әлі күнге дейін отандық радиохабарлар мен телебағдарламалардан мақұрым қалып отырғанын, сондай-ақ шекараға таяу аудан-ауылдардың мектеп бітіруші түлектерін Ресей Федерациясындағы жоғары оқу орындары бюджеттік бағдарламамен тегін оқуға еліктіріп, сол себепті жастардың жыл сайын көрші мемлекетке көптеп кетіп жатқаны жөнінде орынды алаңдаушылық білдірді.
Ақсай қаласындағы «Ақбұлақ» балабақша-мектеп кешенінің қызметкері Гүлнұр Төребекова ұлттық демографиялық дүмпу үшін Қазақстан үкіметі Ресейдегі «Аналық капитал» сықылды көптің көңілінен шығатын мемлекеттік бастама-бағдарламаларды жүйелі жолға қойып, мүдделік танытса деген ойын ортаға салды. Шыңғырлаулық ардагер журналист Адақ Шотпанов шекараға ең жақын ауылдардан ел көшпеуі үшін әлгіндей елді мекендерде еңбек етіп, қызмет істейтін мамандардың айлық жалақысына шекаралық-қаржылық коэфицент қосылса деген пікір білдірді. Сонымен қатар ол: «Тұрғындарының саны елуден кем ауылдарды ресми түрде елді мекен санатынан шығару қағидасы шекара шебіндегі ауылдарға қолданылмауы тиіс. Шекара маңындағы ауылдардың мектептеріне қатысты да әлгіндей ерекше көзқарас керек. Алда-жалда «тұрғындары елуден кем екен, оқушылар саны стандартқа жетпейді» елдің шетіндегі, желдің өтіндегі ауылдарды санаттан шығарып, білім ошақтарын жаба берсек, шекараның төңірегінде ел қала ма?..», – деп көптің көкейіндегі көкейкесті мәселені көлденең тартты. Жайық жұртын толғандырған әлгіндей қадау-қадау проблемаларды мен Атыраудағы алқалы жиынның алдында Ұлт­тық құрылтайдың хатшылығына жазбаша жолдадым және құрылтайдың секциялық жиналысында сөйлеген сөзімде де айттым, әрі «Орал өңірі» газеті арқылы облыс басшылығының және республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы мемлекет басшылығы мен ел зиялыларының назарына ұсындым.
– Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысқа қалай қарайсыз?
– Ел ішінде, халық арасында кітап оқу мәдениетін қайтадан жандандыру қажетіне Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыр Түркістанда өткен Құрылтайда да айырықша тоқталған болатын. Мемлекет басшысы үшбу тақырыпқа биылғы құрылтайда да арнайы «ат басын» бұрды.
Біздің жібі түзу, түтіні түзу ұшқан, гуманистік идеяларды мұрат тұтқан парасатты қоғамда өмір сүргіміз келеді. Парасатты қоғамды парасатты халық қана қалыптастырады. Бұл – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат-аксиома. Ал кітапсыз, яғни, көркем әдебиетсіз парасатты халықты да, парасатты қоғамды да қалыптастыру мүмкін емес! Әйтпесе, біздің дәуіріміздің әулиесі ретінде танылған жазушы Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам қылған – кітап, адамзат қоғамы ретінде қалыптастырған – кітапхана», – деп айтпас еді ғой. Әрине, мен Ұлттық кітап күнін белгілеуді құптаймын. Сөйте тұра, біз мынаны мықтап ескеруіміз керек, біздің халқымыз қайтадан кітап оқитын жұртқа айналуы үшін әр ата мен әже һәм әр әке мен шеше өз отбасы, ошақ қасында көркем шығармаларды, яғни, әдеби кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыруы шарт. Сонда ғана біздің перзенттеріміз «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».
– Алтын ордадан бері қарайғы тарихымызды түгендеу бағытында қандай шараларды қолға алу керек?
– Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл. Президентіміз атап өткендей, дүниежүзіне Алтын орда деген атаумен танылған Жошы ұлысы кең байтақ Орталық Еуразия кеңістігіне ең қуатты мемлекеттік құрылым ретінде мойындалған держава. Ал біздің Қазақстанымыз – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жоғарыда сөз болған Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихының тұтас бір томы Жошы ұлысына арналмақ. Мұны Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы алқалы жиынында Мемлекет басшысының өзі айтты. Айтпақшы, ретті жерінде Президенттің бастамасымен Жошы ұлысын зерттейтін институт құрылғанын да айта кеткен жөн.
Жалпы, ортағасырлық дәуірде қазіргі заманғы Қазақстанның аумағында гүлденген, өркениет қанат жайған, ілім-білімнің шамын жаққан шаһарлар аз болмаған. Мысалы, тым әріден алғанда Алматы, Тараз, берірек келер болсақ, Отырар, Сығанақ, Сауран, Ақмешіт, Сарайшық… Біздің
Жайық қалашығын да осы тізім-тізбекке қосуға әбден болады. Өкінішке қарай, аталмыш қалалардың біразы шапқыншылықтың құрбанына айналған. Әйтпесе, әйгілі Олжас Сүлейменовтің өзі бармағын шайнап отырып,
«О, мы не забудем,
Свои тысячелетние обиды
Великие сжигали города,
Неведая что летописец видит…», –
деп жыр жазар ма еді?..
Осыдан он шақты жыл бұрын Сарайшықтың жұртын барып көргенім бар. Біз барғанда археологтар мен тарихшылардың экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Ені мен тереңдігі бір метрдей, ұзындығы әлденеше метр болатын ордың қос қапталы бірдей қат-қабат адамның сүйектері… Соны көріп төбе құйқам шымырлап, аза бойым қаза болды. Аузы түкті кәпірдің есауыл-жасауылдары сары алтындай Сарайшықтың үлкен-кішісін, кәрі-жасын, емшектегі сәбиден еңкейген кәрісіне дейін түгел аяусыз қырып тастаған…
Меніңше, біз даламыздағы көне қалалардың жұртының бәрін аспан асты музейлік кешенге айналдыруымыз керек. Солай істеген жағдайда біріншіден, күн шұғылалы Қазақстанымыздың өлке-өңірлерінің туристік тартымдылығы күрт артады.
Екіншіден, жаңағыдай тарихи-туристік нысандар біздің сан ғасырлық мемлекеттік тарихымызды паш етеді де, қазіргі кезде «Қазақстанның ана жері біздікі, мына жері біздікі», – деп көкіп жүргендердің аузына біржола құм құйылады.
– Бауыржан Файзоллаұлы, жаһандану дәуірінде түрлі жат діни ағымдардың елімізге дендеп еніп, жас ұрпақтың санасын улап жатқаны белгілі. Осыған тосқауыл қою керегін өзіңіз де айтып келесіз. Қазір қандай ой қосар едіңіз?
– Қазақтың ұлт ретінде діни ала-құлалыққа ұрынуы – мемлекет үшін өте қауіпті жағдай! Мұны Атырау құрылтайында Президенттің өзі де айтып өтті.
Менің ойымша, жасөспірім-көкөрім жеткіншек, жас адам жат діни ағымға арбалмауы үшін оның ата-бабамыз қабылдаған исламның сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабы жөніндегі бастапқы таным-түсінігі отбасында қалыптасуы шарт. Демек, бұл – қазіргі заманғы ата-анаға бастапқы діни сауаттылық ауадай қажет деген сөз. Қазақы орта осы жайтқа әлі күнге дейін жеткілікті мән бермей, тыңғылықты көңіл бөлмей келеді. Ал оның зардаптарын алыстан іздеудің еш қажеті жоқ…
– Елтаңбаны өзгерту жөніндегі мәселеге пікіріңіз қандай?
– Өз басым қазіргі елтаңбамыз маған ұнамайды деп айта алмаймын. Қолданыстағы гербтің мазмұны бай әрі әр бөлшегі орнында тұрғандай көрінеді. Алайда «ханда қырық кісінің ақылы бар» дегенге сайсақ, Президент үшбу тақырыпты жайдан-жай қозғамағаны кәміл. Сірә, күні кешегі Құрылтайда Мемлекет басшысының еліміздің гербі туралы пікірін көзбе-көз отырып тыңдағандықтан болар, тіпті маған ол кісі елтаңбаның бірді-екілі мойны озық үлгісін өз көзімен көргендей әсер қалдырды. «Сабыр түбі – сары алтын» деген бар ғой, әліптің артын баққанымыз жөн секілді…
Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желіден Орал қаласының тұрғыны Өтегенов Дәрібек ағамыздың: «Елтаңбамызда ертегіден алынған мифтік сипаттағы нышандардан гөрі, мемлекеттігіміздің тамыры тым тереңде екенін айшықтайтын тарихи таңба-белгілер (элементтер) басым болғаны жөн», – деген мазмұндағы пікірін оқыдым. Меніңше, бұл – ден қоюға, назар аударуға әбден лайық пікір.
Елтаңбаны өзгертуге қатысты басын ашып айтар бір жайт, Президент гербті бүгін-ертең шұғыл өзгертеміз деген жоқ. Ол осы мәселеге қатысты қоғамдық пікірлерге құлақ түре келіп: «Қажет болса, ашық конкурс жариялаймыз», – деді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ғайсағали СЕЙТАҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір