Құмар ойын – құрылған қақпан!
18.03.2024
438
0

Адамзат дамудың жаңа сатысына көтерілген сайын бұрын кездеспеген тың қатерлерге тап болды. Солардың ішінде – ойынқұмарлық қоғам және жеке тұлға үшін аса қауіпті психологиялық дерттердің бірінен саналады. Бұл бағытты зерттеушілер оның нашақорлықтан да ауыр екенін айтуда. Себебі нашақорлықтан, маскүнемдік пен шылымға тәуелдіктен адамдарды емдеуге болады, ал ойынқұмарлардың дауасын табу қиынға соғатын көрінеді.

Біз, –аға буын өкілдері, бала кезімізде, кейіннен бозбала атанып, азамат болған шағымызда ойынға тәуелдік дегенді қаперімізге де алмаушы едік. Ол кездері оқу оқып, мамандық меңгеру, жұмысқа орналасып, отбасын құру – әрбір адам үшін басты мақсат болып саналатын. Ал бүгіндері осы ойынқұмарлық, ішімдікке, есірткіге, өзге де бұрын естіп-білмеген дертке ұшырағандар жайлы жиі еститін болдық.
Кез келген тәуелдік – емдеуді қажет ететін дерт екені белгілі. Себебі бұл ойынға берілген адамды еркінен айырып, тұрмысы мен тұрқын, ой-санасын баурап, еркінен ажыратады. Ал ерік-жігерін бағындыра алмаған жан ерте ме, кеш пе өмірін, іс-әрекетін бақылай алмай, құмар ойынның жетегіне еріп кете береді. Нәтижесінде, адам ағайын-туыс, жақындарынан жырақтап, өзге әлемде өмір сүре бастайды. Ойынқұмарлық адамның денсаулығына, жеке өміріне, отбасындағы қарым-қатынасқа, достары мен әріптестері арасындағы сенімге селкеу түсіріп, абырой-беделінен жұрдай етеді. Сондай-ақ қандайда бір тәуелдік ерте ме, кеш пе адамды бір агрессияға әкелетіні де дәлелденген. Ең сорақысы, бұл дертке шалдыққандар өздерін аурумын деп мүлде есептемейді.
Ойынқұмарлық, белгілі бір әсерлерге тәуелдік сырттан қараған жандарға елеусіздеу көрінуі мүмкін. Тек жақындарың немесе жақсы таныстарың осындай күйге ұшырағанда ғана оның қаншалықты қауіпті екенін түсінуге болады. Менің бір досым Алматының жоғары оқу орынында оқитын студент баласының құмар ойындардың құрығына ілінгені жайлы жиі айтатын. Анда-санда кездескен кезде ол жігіттің сөзінен де, іс-әрекетінен де оғаш ештеңені байқай қоймағаным рас. Жап-жақсы азамат болып көрінетін. Алайда жақынырақ араласа бастағанымда бір өзгешелік сезілді. Қолына аздаған ақша түссе жоқ болып кетіп, түннің бір уағында салы суға кетіп, мойыны салбырап келетінін аңғардым. Күндіз ұйқыдан бас алмайтыны да ерсілеу көрінген. Кейін білгенімдей, жас жігіт дүкендер мен автобекеттерге қойылған ойын автоматтарының тұтқынына айналыпты. Бір рет ұтса, он рет ұтылып, ақшамды қайтарып аламын деген дәмемен күн кешеді екен. Осылайша, институттағы дәрісін үзіп алып, оқудан да шығып қалды. Әке-шешесі ауылға алып кетіп, сол жақтағы өнегелі бір отбасының қызына үйлендіріп, ойынға тәуелдіктен арашалап алғанына куә болдым.
Бұл әлі санасы жетіле қоймаған бозбаланың әрекеті десек, енді бір азамат болып қалыптасып, жеке құрылыс компаниясын аяғынан тік тұрғызған жігіт ағасының қылығы тіпті таңдандырған. Қалтасына мол қаражат бітіп, Алматыда бірнеше жеке котедждердің, қымбат автокөліктердің иесі атанған отбасылы азамат байлықтың буына мастанып, артық ақшасын казиноларға салуды әдетке айналдырған. Ақыры дүние-мүліктің бәрінен таза айырылып, бала-шағасымен шағын ғана пәтерге орналасқанының куәсі болдық. Ақыл-парасаты мен іскерлігі жетерлік, дүниенің парқын жақсы білетін, үлкен-кішімен сыйластығы жоғары азаматтың бұл тәуелдікке қалай душар болғанын әлі күнге дейін түсіне алмай келемін. Бір жақсысы, болып-толып тұрғанда жанында болған жары мен балалары жоқшылықтың қамытын кигенде де отағасын жалғыз қалдырмай, сүрінгенде сүйеу бола білді. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң…» демекші, құмар ойынның құрығынан босап шыққанына қуанғаным рас.
Бұл айтып отырғандарым —жекелеген адамдардың тағдыры. Ал елімізде осындай адасқандар мен құмар ойындардың құрбанына айналғандар мыңдап саналады емес пе!? ҚР Парлмент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденовтің мәліметіне сүйенсек, мектеп жасындағы 3,5 млн баланың 700 мыңнан астамы бір рет болса да ақшаға бәс тігіп көрген, яғни лудоманияның дәмін татып үлгерген десе де болады. Халық қалаулысының айтуынша, елімізде олардың қатары бүгіндері бір милионнан аспаса, кемімегені белгілі. Енді бір деректерде банктердегі транзациялардың 40 пайыздан астамы бәс тігуге байланысты көрінеді. 2017 жылдан бері қарай букмеккерлік бизнестің айналымы 15,5 млрд теңгеден 2022 жылы 554 млрд теңгеге жеткен. «Ал биыл бұл көрсеткш 1 трлн. теңгеге жету мүмкін», — дейді болжаушылар.
Өкінішке қарай елімізде құмар ойындарға қойылатын тосқауыл тым әлсіз көрінеді. Қоғамдық саяси инстиуты әр жылдары осы тақырыпқа қатысты зерттеулер жүргізіп келеді. Осы орайда респонденттердің 11 пайызы отбасыларында құмар ойындарға тәуелді адамдардың бар екенін мойындаған. Бұл ретте бірінші орында – букмеккерлік кеңселер (46,7%), одан әрі ойын автоматтары (35,5%), үшінші орында түрлі бейнеойындар (23,3%),төртінші казино (18,3%), және карта ойындары (17,7%) тұрған көрінеді. Бүгіндері соңғыларының жарнамасы сәл көмескіленгенімен, букмеккерлік кеңселердің жарнамасынан аяқ алып жүре алмайтыныңыз белгілі. Күнделікті өмірде көз алдыңызда жарқ-жұрқ еткен бейнебаяндар мен көлемі көпқабатты үйлердің бір қабырғасын алып жатқан баннерлер қарамасыңа, қызықпасыңа қоятын емес. Сонымен қатар ғаламтор әлеміндегі сайттар мен әлеуметтік желілер бұлардан қалыспай келеді. Ұлттық телеарналар да осы салада жарысқа түскендей, тіпті радионың өзі тыңдармандар арасында түрлі ойындар өткізіп, дуылдатып жатқаны. «Қазақстан», «Қазспорт» арналары күндіз-түні осыны жарнамалау үстінде. Мемлекеттің саясаты осылай болғанда, оған оқушы балалар неге қызықпасын?! Адамды азғырар, азғындырар осындай жарнамаларға тосқауыл қоятын мезгіл жеткен сияқты!
Бүгіндері құмар ойындардың тұрғындарға тигізер кесапатын түсінген халық қалаулылары осы мәселені белсенді көтеруде. Ойын бизнесіне қойылған шектеулердің нәтижесінде ел бойынша 326 заңсыз онлайн-казинолар жабылған. Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және бас прокуратура бірлесе отырып, лоторея клубтары атын жамылған ірі желіні жойды. Бұл арнайы операцияға үш мыңнан астам қызметкер жұмылдырылып, полиция бөлімдеріне 400-ден астам адам жеткізілген. Сегіз қылмысты ұйымдастырушылар құрықталған, олардың арасында шетел азаматтары да бар. Лотоклубтары мен ғимараттарына 600-ге жуық тінту жүргізіліп, 23 дана атыс қаруы мен травматикалық қару, 247 млн теңге көлемінде қолма-қол ақша, 55 млн Ресей рублі мен 125 мың АҚШ доллары және өзге де айғақтық заттар, соның ішінде құжаттар мен компьютерлік техника мен мобильді құрылғылар тәркіленген.
Жүргізілген тексеру барысында лотоклубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен алғанда 300 млн теңгені, тиісінше еліміздің барлық өңірінен 6 млрд теңгеге жуық заңсыз қаражат жиналатыны анықталды. Бұл қаржының 70 пайыздан астамы шетелдерге жөнелтіліп отырған. Ұйымдастырушылардың бірінің ғана банктік шотына ай сайын 900 млн теңге түсетін болған. Сонымен қатар шетелдерден онлайн көрсетілетін казинолар серверлері анықталып, бұғатталған. Қолдағы бар деректерге сүйенер болсақ, Қазақстанда 350 мыңға жуық ойынға тәуелді адам болса, олардың әрқайсысының орташа қарызы шамамен 10 млн. теңге мөлшерінде екен.
Осыған байланысты бүгіндері жоғары заң шығарушы органда «Ойын бизнесі туралы» заңға өзгерістер енгізу ұсынылып, құмар ойындарға шектеу қою шаралары қарастырылуда. Ол бойын­ша алдағы уақытта 25 жасқа дейінгі адамдарға құмар ойындарға немесе бәс тігуге тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар борышкерлердің бірыңғай тізімінде бар болса оларға несие алуға мүлде тыйым салынбақшы.
Аталған шаралар құмар ойындарға ғадеттенген, қаржылық сауаты жеткіліксіз, тұрақты табысы жоқ, «оңай ақшаға» құныққан, алайда оның арты неге апарып соқтыратынын ойламайтын жастардың қатарын азайтады деген сенім бар. Сонымен қатар бұл норма тез және оңай қомақты қаржы табу ниетінен қорғап, айыппұлдарды, салықтарды және алиментті тұрақты төлемеушілерге құмар ойынмен айналысуға шектеу қояды деп күтілуде.
Әрине, адамның аталған дертке ұшырамауы үшін, ең алдымен өзінің ерік-жігері мен санасы, қаржылық және құқықтық сауаттылығы керек-ақ. Дегенмен бұл індетпен қоғам болып күреспесек, ойынқұмарлықты ауыздықтай алмасымыз тағы белгілі.

Қуат Қайранбаев,
Алматы қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір