КІТАП – ҰЛТТЫҚ ҚАЗЫНА
04.11.2016
889
0

nurgul-toksanbaeva-1Ұлттық кітапханада Парламент мәжілісінің көшпелі отырысы өтіп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жұмыс тобы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы бойынша маңызды сұрақтарды талқылады.

Заң жобасын талқылау барысында жас ақын Олжас Қасым бейнесюжет ар­қы­лы мемлекеттік тапсырыспен жарық көр­ген өлеңдер жинағының екі мың тара­лым­мен шыққанын, көлемі 5 баспа табақ кі­табына 25 мың теңге қаламақы алғанын, ал автор есебінде өзіне бір ғана кітап тегін берілгенін айта келіп, Қазақстанда да өзге елдердегідей баспа агенттіктері жұмыс істесе деген тілегін білдірді.

Талқы барысында сөз алған Қазақ­стан­­ның Еңбек Ері, ақын, қоғам қайрат­кері Олжас Сүлейменов:

«Мен әлгінде бейнесюжеттен Олжас Қа­сым атты жас ақынның сөзін тың­да­дым. Жас Олжас жаңа заманның, тәуелсіз әде­биеттің Олжасына қарап оты­рып  ұялдым… Біз жаңа буынды қолдай алмай отырмыз. Жас Олжастың кі­табы 2000 данамен шығыпты. 5 баспа та­бақ өлеңдері үшін 25 000 теңге қаламақы алыпты. Өзіне 1 дана ғана кітап беріліпті. Ұят қой. Мемлекеттің қамқорлығын се­зінбеген өнер – өгей бала сияқты өмір сү­реді. Мен өзім атақты ақын атансам да, соңғы 25 жылда шыққан кі­тап­тарым үшін 1 теңге де қаламақы алмаппын. Мінеки, мемлекет менің кәсіби шы­ғармашылығымның  лайықты баға­сын бер­меген сияқты болып көрінеді. Иә, ма­ған басқа қызметім үшін ақша төлейді жә­не аз емес. Бірақ мен ақындық ең­бе­гім­нің жемісі – өлең жинақтарым үшін лайық­ты қаламақы алуға тиістімін ғой», – де­ді.

Олжас Сүлейменов қаламақы мәсе­ле­сінде өзі елшілік қызмет атқарған Ита­лия­дағы парламент тәжірибесін қол­дану­ды ұсынып: «Италияда 1998 жылы барлық же­кеменшік банктер өздерінің жылдық та­быстарының бір бөлігін Мәдениет ми­нистрлігіне және тәуелсіз қоғамдық мә­дени ұйымдарға аударатыны туралы «Чам­пи заңы» шықты. Бұл қаржы әде­биетті, классикалық әдебиетті қолдауға жұм­салады. Мен мәжілістегілер осы заңды зерттесе, тым болмағанда жеке тармақтарын қол­дану­ды енгізсе деп ойлаймын. Банктердің табыстары бар­шы­лық, соның аз ғана бөлігін құр­бандық ету оларды тұралатып тастамайды», – деді.

Ақын ұсынысына қатысты Парламент мә­жілісі төрағасының орынбасары Гүл­ми­ра Исимбаева: «Егер жазушының кітабы­ның қоғамдық маңызының жоғары еке­ні анықталса, оны мемлекет сатып алып, шығарма авторына қа­ламақы төлейтін болады. Үкіметтің жасаған жо­басы бойынша қаламақы әр баспатабақ шығармаға кем дегенде 150 мың тең­­геден төленбек», – деп жауап берді.

Осы мақсатта қазынадан 1,5 млрд. тең­ге қаржы бөлінбек. Егер жоба мақұл­дан­са, қа­ламақы көбейіп, ақын-жа­зу­шылар азапты еңбектеріне лайық қалам­ақы алмақ. Сонымен қатар, мем­ле­­кеттік тапсырыспен шығатын кітап­тар­дың таралымын көбейту мәселесі де кеңінен сөз болды. Депу­тат­тардың айтуынша, қалам­ақыға бө­лі­нетін қаржы алдағы 3 жылдық бюджет жос­парына енгізілмеген­діктен, жыл соңына дейін заңды қабылдап, қаржы көлемін бекітуге ықпал ету қажет екен.

ҚР Жазушылар одағының Төрағасы Нұр­лан Оразалин: «Бұл жоба – тіл­ді, әдебиетті қорғау. Біздің рухани әлемімізге мемлекет тарапынан жасалатын үлкен қамқорлық деп бағалауымыз керек. Заңның ең басты же­тістігі де осы. Жазған шығармасына лайық қаламақы төлеу мәселесі оң шешіле бас­таса, біздің рухани кеңістігімізде қазіргі оқырман талғамына сай, тың, үлкен туындылар дүниеге келеді-ау деп ойлаймын», – деді.

Сондай-ақ, құжатта қоғамдық маңы­зы бар шығармаларды басып шығарып, тарату және оқырманға жеткізу, театр, кі­тапхана сияқты мәдени ұйымдардың жағ­дайын жақсарту жайы да сөз болды.

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір