ФРАНКФУРТТЕГІ ОЙ-ҚАЗЫНА КӨРМЕСІ
29.10.2024
96
0

Германияның Франкфурт қаласында (15–20 қазан) Frankfurter Buchmesse 2024 кітап көрмесі өтті. 76-рет өтіп жатқан кітап индуст­риясындағы дүниежүзілік ең ірі танымал көрмеге Қазақ елінен 30-дан астам мәдениет және өнер саласының өкілдері барды. Атап айтар болсақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Р.Әли, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы М.Құлкенов, «Ғалымдар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, ғалым, академик О.Сәбден, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Ә.Қойтанов, Steppe&World Publishing баспа үйінің директоры Раиса Сайран Қадыр қатысты. «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», «ARMAN-PV», «Steppe&World Publishing», «ASTANA-KITAP», «АmalBooks» сынды отандық баспалар өз өнімдерін апарды.

Франкфурттегі кітап көрмесінің халықаралық аренадағы беделі жыл сайын артып келеді. Себебі қазіргі әлемдегі қырғиқабақ, соғыс адамзат баласын ойландырары анық. Сол үшін де демократия, адам құқықтары, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, білім беру сынды негізгі мәселелер бойынша жаһандық перспективалар жіті назарда болды. Украинадағы, Таяу Шығыстағы қақтығыс туралы айтылып, адам баласының қайда бара жатқаны қаламгерлер, баспагерлер, журналистер назарынан тыс қалған жоқ.
«Біз мейірімнен құрық ұстап, жазуды тоқтатқан сәтте, бүгін Газада, Украинада, Суданда не болып жатқаны туралы айтуды, ойлануды тоқтатқан сәтте, философ Ханна Арендт ескерткен ауыр жағдайға аяқ басамыз. Әрине, жазушылар соғысты тоқтатып, өшпенділікті жоя алмайды. Бірақ біздің қолымыздан келетін дүние – бейбітшілік, бірге өмір сүру, жанашырлық пен адамдық қадір-қасиеттің алауын өшірмеу», – деді әйгілі жазушы Элиф Шафак сөйлеген сөзінде.
Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген болатын. Ендеше, осындай ауқымды көрмеге Қазақстанның қатысуы еліміздің мәдениет, өнер саласындағы әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақ халқының мәдени, әдеби мұрасын әлемге таныту, халықаралық мәдени және шығармашылық ынтымақтастықты кеңейтудегі нақты жол екені анық. Биылғы көрмеде Қазақстанның Ұлттық стенді құрылып, 250-ге жуық кітап қойылды. Ауқымды шарада отандық кітаптар мен баспа ісін әлемге көрсетуге ұйытқы болған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның еңбегін айрықша атап өткен жөн. Шара барысында «Steppe&World Publishing» баспа үйінің директоры Раиса Сайран Қадыр, әдебиеттанушы Лаура Бердіқожа, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы, «Аmal Books» баспа үйінің директоры Бақытжан Бұқарбай «ARTS+ Stage» мінберіне көтеріліп, Қазақстандағы баспа индустриясы, қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, тіл, болмыс – деколонизация жайында және оның әдебиетке ықпалы туралы айтты.
Аса ауқымды көрменің мақсат-мұраты не? Не үшін жыл сайын әлемнің баспагерлері, жазушылары, журналистері Франкфуртте бас қосады? Демократия, адам құқықтары, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі т.б. өзекті мәселелер талқыланған дүбірлі жиында ел азамат­тарының сөз алғаны – үлкен жетістік деп бағалауға тұрарлық дүние.
Қазақстан Республикасының Франкфурттегі Майн Бас консулы Т.Үмбетбаев халқымыздың рухани кұңдылығын әлем назарына ұсынған Ұлттық стендке арнайы келіп, Қазақстан жазушылары, баспагерлерімен кездесті. Делегация мүшелерін Бас консулдыққа шақырып, кездесу өткізді. Кездесуде «Алматыкітап» баспасы «Менің Қазақстаным» сериясының кітаптарын, «Мектеп» және «Атамұра» баспасы, «ARMAN-PV» баспа үйі баспасы жаңа кітаптарын таныстырды. «Steppe & World Publishing» баспа үйі жақында неміс тілінен аударылған немістің әйгілі жазушысы Михаэль Энденің «Аяқталмас хикая», «Момо» кітаптарын таныстырып, аталмыш екі шығарманың бүгінгі қоғам үшін өзекті тұстарын атап өтті. Т.Үмбетбаев мәдениет және әдебиет саласының өкілдерімен әңгімелесіп, бұл бағытты одан әрі дамытудың маңызына тоқталды.
Биылғы, «Frankfurter Buchmesse 2024-тің» құрметті қонағы Италия елі болса, келесі – «Frankfurter Buchmesse 2025-тің» құрметті қонағы болу бақыты Филиппин Республикасына бұйырыпты. «Бұл көрмеге Қазақ елі де қатысушы ғана емес, құрметті қонақ болса ғой» деген арзу арманымыз да бар.

Гүлбану ЕРЕЖЕПОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір