ҚАШҚАРИ МҰРАСЫ – САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНА
17.10.2024
388
0

Алматы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 кітапхана

Түркі поэзиясының тұңғыш жинағы деп танылған «Диуани лұғат-ат түрк» еңбегінің авторы Махмұд Ибн әл-Хусайн ибн Мухаммед әл- Қашқари – Орта Азияның түркі тайпаларынан шыққан орта ғасыр ғалымы. Биыл ғалымның туғанына 995 жыл толуда. Осыған орай Алматы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 бөлімшесінде танымдық іс-шара өтті. Кездесуге тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Жұмаділ Арман Қабдешұлы қатысып, жастарға ғалым мен оның көне қолжазбасы жайлы тиянақты әңгімелеп берді. Ғалым еңбегінің бүгінге дейінгі зерттелу жолынан молынан баяндап, нақты көрнекі құралдарды көрсете отырып түсіндірді.

ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Жұмаділ Арман Қабдешұлы

— Бұл еңбек ХІ ғасыр еткерткіші саналғанымен, одан ерте кезеңдегі түркілер өмірінен мағлұмат береді, олардың әдебиет тарихындағы орны мен даму жолын айқындайды. Сөздіктегі көркем туындыларды зерттеу кезінде ондағы өсиет, бата, мақал-мәтел, шешендік сөздер қазіргі кездің өзінде де көп өзгеріссіз қолданылып келе жатқанын байқаймыз. Яғни бұл еңбекте тек түркі тіліне байланысты жайттар ғана емес, сондай-ақ ауыз әдебиетінің өрнектері, мақал-мәтел маржандары, әдет-ғұрпы, дәстүр-салтына байланысты да мәлімет беру көзделген сияқты, — деген Арман Қабдешұлы жастардың назарын тарихи мәселелерге аударды. Сол заманның тұрмысы мен дүниетанымы ерекше мұқият сипатталғанын, рулық-тайпалық қатынастардан бастап болмыс шындығы баяндалғанын айтып берді. М.Қашқари еңбегімен тереңірек және жүйелі түрде айналысып, нәтижелі зерттеулер жүргізіп, болашақ ұрпақ игілігіне айналдыра білу керек деген пікірге тоқталды. Жастар сұрақтарын қойып, тарихшыдан тұщымды жауап ала алды.

Іс-шара модераторы болған журналист, «Сенімен Болашақ» РҚБ өкілі Меруерт Мәулетқызы бұл еңбек тума қасиетімізді сақтаған рухани қазына екенін тілге тиек етті. Кітапхана тарапынан ұйымдастырылған кітап көрмесі мен бейнесюжет іс-шараның мазмұнын арттыра түсті.

№20 кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы және «Сенімен Болашақ» РҚБ өкілі Меруерт Мәулетқызы

Іс-шараны қорытындылағын №20 кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы М.Қашқари еңбегі халқымыздың өзіндік ұлттық санасын қалыптастырудағы таптырмас еңбек екенін тілге тиек етіп, жастар осындай танымдық сағаттардан бой түзейтінін алға тартты. Қонақтарға алғысын білдіріп, сый-сыяпат көрсетті.

Айдар ИЛЬЯС,
Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және
әлем тілдері университетінің 2 курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір