ҚҰН ЖЕТПЕС ҚАЗЫНА
13.05.2025
32
0

«Жан-жағындағының бәрін жамырата сөйлетіп, жадырата күлдіріп Сәбит Мұқанов, ыңырана амандасып, ырғала басып Ғабит Мүсірепов, Асан қайғының азасына барып, бата оқып келе жатқандай аһылап-уһілеп күңірене күрсініп Әлжаппар Әбішев, таяғының әр тықылынан тас баспалдақтың өзін жауыр ат­тың жонарқасындай дір-дір тітіретіп Әбділда Тәжібаев, қауқылдай сөйлеп, қарқылдай күліп Тахауи Ахтанов, парадтағы гаубицадай қаралай-ақ зәреңді зәр түбіне кетіріп Бауыржан Момышұлы… осылардың әр кіріп-шыққаны бір-бір спектакльге бергісіз қыран-топан қызықты оқиғалар еді». Әбіш Кекілбаевтың осы сөйлемін оқысаңыз, жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары, қазіргі Абылай хан даңғылының дәл белінен, айналайын Алматының қақ ортасынан ойып тұрып орын алған Қазақ­стан Жазушыларының үйі, қазақ көркем сөзінің қан базары қайнап жататын сол қасиет­ті шаңырақ көз алдыңызға көлбеңдей қалады.

Сол қара шаңырақтың төріндегі, төңірегіндегі талант­тының да, талаптының да қай-қайсысы құрметке лайықты. Олардың бәрі де ортақ іске, халқының абыройын асыруға хал-қадерінше үлес қосып, сонау бір қилы кезеңде туған тілдің бай бояуымен, сөлімен, сұлулығымен сақталуына қол жеткізді, ал бұл түптің түбінде елдіктің сақталуына алып келді, елдіктің сақталуы тәуелсіздікке бастады.
Расында да, ойлап қарайықшы. Қазақшаның барар жері әрі дегенде ауылдық кеңестен, орта мектептен аса қоймайтын, басқа жердің бәріндегі – кеңшардағы, ұжымшардағы, аупарткомдағы, ауаткомдағы, облпарткомдағы, облауаткомдағы, облкәсіпкомдағы, милициядағы, сот­тағы, прокуратурадағы, министрліктегі, Үкімет­тегі, Жоғарғы Кеңестегі, Орталық комитет­тегі қызметкер біткен аузын ашса орысша сөйлейтін, қолына қалам ұстаса орысша жазатын, Алматыда жалғыз қазақ мектебі, жалғыз қазақ интернаты болған сол кезеңде қазақ тілі қалайша сақталып қалды? Сақталғаны былай тұрсын, жұрт неге қазақша әдеби шығармаларды жабыла оқып жат­ты? Кей романдардың таралымы 50-60 мың данаға қалай жет­ті, «Жұлдыз» журналының таралымы 200 мың данадан қалай асып кет­ті? Кеңестік кезең үшін бұл, шын мәніндегі, феномен болатын. Сонда осындай құбылыс қалай жасалды өзі? Бұл сұрақтың жауабы қарапайым: әдебиет мықты болды. Қазақ тілін уақыт билігі, саясат сойқаны қыса түскен сайын қазақтардың ана тілі үшін намыс оты қыза түсті. Өйткені халық «Абай жолы», «Қан мен тер» сынды әлемді шарлап кеткен шедеврлер қазақ тілінде жазылғанын көріп отырды, өзінің ана тіліне сеніп отырды. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры солай жасалды.
Сіз қолға ұстаған мына альбом қай халық үшін де құрмет­ті саналатын, ал өнердің алды қызыл тіл деп білетін біздің қазақ үшін алабөтен қастерленетін қаламгер қауымға арналған. Танымал жазушы Сейітжан Омаровтың ұлы – белгілі қоғам қайраткері, биліктің қилы-қилы буындарында жауапты қызмет­тер атқарған абзал азамат, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Жанай Омаровтың мұнан бұрын «Қазақ әдебиеті: фотошежіре (бірінші бөлім). 1920–1970» ат­ты жобасы жүзеге асып, жиырмасыншы ғасырдың кем қойғанда жартысында ғұмыр кешіп, саптыаяқтың сабынан қарауыл қараған қиын шақта сөз қашаған танымал тұлғалардың сирек те сырлы сурет­тері салынған айшықты альбом қолымызға тиген болатын. Міне, енді сол игі жұмыс жемісті жалғасын тауып отыр. Қоржынымызға орасан олжа қосылып отыр. Әдебиет қайраткерлерінің қымбат галереясы жасалып отыр. Сіз кезекті альбомнан өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан осы күндерге де­йінгі әдеби өмірдің фотошежіресін көре аласыз.
Бұл – құн жетпес қазына. Қазақ­стан Республикасы Орталық мемлекет­тік кинофотоқұжат­тар мен дыбыс жазбалар архивінің қорында туған әдебиетіміздің абыройын асырған асыл азамат­тардың осыншалық суретінің сенімді сақталуы, олардың ұқыпты тізілуі, жүйемен түзілуі, техникалық тұрғыдан түзелуі, цифрлы пішімге ауыстырылуы, адамдардың аты-жөндерінің, фотоға түсірілген жердің, жылдың дәл анықталуы дегендей шаруалар айтуға ғана оңай. Архивке фото өткізген кісілердің бәрі бірдей сондағы адамдарды шетінен көзге тізіп жазып бере қоймайтыны, кей жағдайда сурет­тегілерді түгел жыға танымайтыны түсінікті жай. Сондай тұстарда Жанай Сейітжанұлының көптеген қаламгерлерге хабарласып, электронды поштасына, қалтафонына фото жіберіп, «Мына сурет­тегі бәленшенің оң жағындағы кісіні танисыз ба?» дегендей сауалды талай қойғанына, нақты жауап алмаған жағдайда басқаларға қайталай жүгінгеніне күмәніміз жоқ. Өйткені біз – Жанай досқа солай септескендердің санатынанбыз.
Міне, бас-аяғы екі жылға созылған бұл жоба да ойдағыдай аяқталып тұр. Сөз соңында жарыққа шыққалы жатқан жаңа альбомға сәт­тілік тілей отырып, мына жайды айтпақпыз. Әрине, әр ірі іс кем-кетіксіз болмайды. Осы жылдар ішіндегі әдеби ортаның фотошежіресін бір альбом тұтастай, толық қамти алмақ емес. Бұл тұрғыдан кей оқырманның өзі іздеген қаламгерлерді көңіліндегідей көп көре бермеуі, ал кей авторларды тіпті таппай да жатуы әбден мүмкін. Бірақ бұған Қазақ­стан Республикасы Орталық мемлекет­тік кинофотоқұжат­тар мен дыбыс жазбалар архивінің қызметкерлерін де, осы жинақты құрастырушысын да жазғырудың жөні жоқ. Өйткені олар альбом сурет­терін тек Орталық архивке ресімделіп өткізілген, тиісті тәртіппен тіркелген фотолардан ғана құрастыра алады. Архив жұмысының тәртібі, талабы, стандарты солай. Демек, алдағы басылымда (уақыты келгенде осы альбомдардың үлкен бір том күйінде қайта шығатынына біз күмәнсізбіз) қазақ әдебиетінің фотошежіресі барынша толыққанда жасалсын десек, қолымызда бар құнды жәдігерлерді аталған архивке тапсырып тұруды ескеруіміз жөн. Мұның өзі қаламгер қауымының еңбегін лайықты бағалауға, осы арқылы талант­тарға деген дәстүрлі құрмет­ті қалпына келтіруге сөзсіз септеседі.

Сауытбек Абдрахманов,
Қазақ­стан Республикасы
Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты,

филология ғылымдарының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір