Аида БАЛАЕВА, Мәдениет және ақпарат министрі: Кітап – адамзат үшін ең құнды қазына
19.02.2024
437
0

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желісіндегі парақшасында министрліктің кітап шығару ісіне қатысты жаңа ережелерді бекіткені жайлы бейне-үндеу жариялап, қаламгер қауымын ұлт әдебиетін сапалы кітаппен, нағыз көркем шығармалармен толықтыруға шақырды. Жаңа ереже бо­йынша, біраз талаптардың өзгергенін көруге болады. Енді мемлекет­тік тапсырыспен шығатын әдебиет­терді іріктеу кезінде тәуелсіз комиссия мен сарапшылардың тексеруінен бөлек, оқырман пікірі мен әлеумет­тік зерт­теулердің, кітап дүкендерінің статистикалық мәліметінің де назарға алынатынын айт­қан министр бұған қоса әр авторға қаламақы емес, грант берілетінін ескерт­ті. Сонымен қатар сараптаудан өткен, мемлекет­тік тапсырыспен шығарылған кітаптың авторлық құқығы да бұрынғыдай мемлекет­тің меншігіне өтпей, автордың өзінде қалады. Талаптар барысында аударма мәселесі де жүйеленген. Алдағы уақыт­та баспагерлердің де тәржімаланған озық туындыларды мемлекет­тік тапсырыспен шығаруға мүмкіндігі бар.
Оқырман назарына Аида Ғалымқызының үндеуде айт­қан сөзінің толық нұсқасы мен осы ережеге қатысты қаламгерлердің көзқарасын ұсынып отырмыз.

Мемлекет­тік тапсырыспен шығарылар кітаптардың іріктеу ережесі

Кітап – адамзат үшін ең құнды қазына. Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап шығару жұмысын күшейтуді қолға алуда. Бұл рет­те осы саладағы тың бастамалармен таныстыруды жөн көрдім.
Біріншіден, кітап басу ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін жаңа ереже қабылданады. Кітаптар бірнеше сараптамалық сатыдан өтіп, тек үздіктері ғана жарық көреді.
Өтінімдер жылына 2 рет қабылданады. Келіп түскен құжат­тарды тексеруге – 10 күн, қоғамдық талқылауға – 15 күн, арнайы құрылатын тәуелсіз комиссияның тексеруіне – 15 күн және сарапшылардың қорытындысын да­йындауға 2 ай мерзім беріледі. Осы уақыт аралығында оқырмандардың пікірінен бөлек, отандық ғылыми-зерт­теу орталықтарының әлеумет­тік зерт­теулері, кітап дүкендерінің сатылымға қатысты статистикалық мәлімет­тері, баспалардың басылым рейтинг тізбесі назарға алынады.
Міне, осыдан кейін ғана өкілет­ті орган нақты шешім қабылдайтын болады.
Екіншіден, бұрын қолжазбаларға қаламақы төленетін болса, биылдан бастап жаңа әдеби туындыларға грант тағайындалмақ, яғни биылдан бастап, қаламгерлердің бір парақ жаңа туындысына 6 ең төменгі жалақы мөлшерінде (МРП)грант төленеді. Мәселен, орташа есеппен алғанда, 160 бет­тік кітапқа 4 млн теңгеден астам қаражат беріледі. Грант министрлік жанынан құрылған сараптамалық комиссияның шешімімен тағайындалады.
Ал кітапты басып шығару және сатылымға шығару құқығы автордың өзінде қалады. Егер ол кітап бір жыл көлемінде жарыққа шығып, кітап дүкендері арқылы жақсы сатылым көрсетсе, оның келесі басылымы мен таралымын мемлекет өз мойнына алады.
Үшіншіден, сондай-ақ, аударма әдебиеті бо­йынша ҚР мәдениет туралы заңына бірқатар өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Мемлекет­тік тапсырыспен басылып шығатын әдебиет­тердің электронды нұсқасы Ұлт­тық электрондық кітапханасында жарияланады. Бұл, өз кезегінде электрондық нұсқаларын жариялаудағы авторлық-құқықтық шектеуліктеріне сәйкес, әлемдік танымал туындыларды басып шығаруға мүмкіндік бермей отыр. Кітап басып шығаруға берілетін өтінімдер аясын кеңейту мақсатында, бұл тармақшаны толығымен алып тастауды ұсынамыз.
Төртіншіден, бестселлерге айналған әлемдік әдебиет­тің классикалық және заманауи туындыларын қазақ тіліне аудару қазіргі таңда жеке баспалар арқылы рет­телуде. Енді баспагерлер авторлық құқығын алып, қазақ тіліне аударған белгілі шетелдік туындыларды мемлекет­тік тапсырыспен басып шығара алады.
Бесіншіден, жаңа ережеде сараптама комиссиясының әдебиет­терді оқып, қорытынды пікір жазу уақыты екі айға қысқартылатын болғандықтан, жұмыстың күрделілігіне қарай өтемақы көлемін екі есеге ұлғайту қарастырылатын болады.
Алтыншыдан, «Мәдениет туралы» заңда жазушы мәртебесін айқындау ұсынылады. Бұл заңның толық жұмыс істеуіне септігін тигізеді.
Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырар рухани өсиеті. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»… Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің бұл сөзінің уақытқа тәуелді мерзімі де, заманға тәуелді рухани өлшемі де жоқ. Өйткені кітаппен дос болғанның білімге, ізгілікке, көрегендікке жаны құмар болатыны анық. Сондықтан оқырмандарға ой салатын сапалы кітап шығарып, әдебиет­ті дұрыс қорытуды әзірден бастағанымыз абзал болмақ. Бұл – басты құндылық.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,профессор

Тың бастама!

Мәдениет және ақпарат саласының жұмысына жетекшілік жасайтын минис­трліктің бірінші басшысының жаңа бастаманы жұрт алдында өзі жариялап, оның мән-жайын жалпақ тілмен түсіндіруге ұмтылуы – көңіл қуантарлық құбылыс. Ал жариялаған бастаманың мазмұны тіптен бөлек. Ол – баспа ісінде күрделі бетбұрыстың басталғанынан хабар береді, қоңырау соғады. Соғылған қоңырау – шығармашылық тұлғаларды шынайы нарыққа бейімделуге шақыру.
Шығармашылық тұлғаларға грант беру арқылы оларды нарық бесігіне төселдіру жұмысы ертеден қолға алынуға тиіс еді. Кеңес дәуірінде «әлпеш пен әлдиге» үйреніп қалған шығармашыл тұлғаларға нарықтың қат­ты ағысында «жүзу» аса қиын болатын. Оны мемлекет­тік қолдау тетіктері арқылы бірте-бірте жүргізу қажет еді. Өкінішке қарай, Қазақстан тә­уелсіздік алып нарыққа бет қойған кез­де кітап бастыру ісі де өте күрделі жағдайға тап болды. Мұндай жағдайдың салдары ауыр болатынын түсінген Үкімет кейін қайтадан оны түрлі жолдар арқылы мемлекет қамқорлығына алды. Бұл ұзаққа бармайтын үрдіс болатын.
Шығармашылық тұлғалардың туындыларын грант­тық жүйе арқылы нарықтың талабына қарай икемдеу ерте ме, кеш пе, жүйелі түрде қолға алу қажет іс болатын. Себебі әлеумет­тен сұраныс жоқ туындылар, мейлі, ол он жерден керемет ақын-жазушы болсын, жұртшылықтың ықыласы болмаса, босқа қалады.
Грант­тық жүйе кімнің кім екен анықтайтын индикатордың бірі болары сөзсіз. Бұрынғы кітап етіп жазғандарын «таңдамалы» деп қайта шығарып, селт еткізер ойы, идеясы жоқ туындыларын баспадан шығаратындарға тосқауыл қойылады деп ойлаймыз.
Дамыған шетелдерде ақын немесе жазушы – кәсіп иелері. Бізде ғана кеңес заманындағыдай мемлекет­тік қолдауға ие. Ол қолдау – нарықтық сипат­та емес, тікелей қамқорлық мазмұнында болып келеді. Мұндай менталитет­тен арылу қажет. Дамыған елдерде шығармашылық тұлғалардың туындыларын нарықтық бәсекелестікке жетектейтін агент­тіктер жұмыс істейді. Біздің шығармашыл тұлғалар өз оқырманымен жұмыс істеуге бейімделмеген. Грант­тық жүйе осындай кемшіліктерді жоюға қызмет істейтін тетіктің бірі болары сөзсіз.
«Ештен кеш жақсы» дегендей, жаңа тетіктерді ұсынып жатқан Мәдениет және ақпарат министрлігінің тың бастамасына сәт­тілік тілейміз!

Жаңылхан МӘМЕЖАНҚЫЗЫ, ф.ғ.к., ақын, тележурналист

Қаламгерлерге қанат байлап бергендей болды

Өзіміз кітап оқып өскен ұрпақтың санатында болғанымызға мақтанамын. Ол кез­де ақын-жазушылардың мәртебесі де биік болатын. Көпшілік кітаптарын іздеп жүріп, сұрап жүріп оқитын. Олар үшін барлық жағдай жасалатын. Ел бара бермейтін Қара теңізге барып демалып жазатындар да, арнайы жазушылардың шығармашылық үйінде жатып жазатындар да әдебиетке айтулы үлес қосты. Кейінірек шығармашылық иелері бұл үрдіс бағытынан жаңылғандай, жазылған кітаптар да іздеусіз-сұрау­сыз қалғандай күйді кешті. Атағы дардай ақын-жазушыларымыз туралы бағдарлама дайындау барысында үйіне бара қалсақ, дәлізде, балкондарында үйіліп тұрған буда-буда кітаптарын көретінбіз. «Жазуын жазамын, бірақ сата алмаймын, көзін тауып тарата да алмаймын», – дейді саудаға иекемі жоқ шығармашылық адам. Қаншама қаламгер күнкөріс үшін шығармашылығын шегеріп, «екі қолға – бір күрек» іздеп кет­ті. «Ұра берсең, Құдай да өледі» демекші, бұл жағдайға жазушы да, оқырман да көндіккендей күйді кешіп жүрген кезеңде күні кеше ғана Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның «Кітап басып шығару» туралы айт­қандары көңіл түбінде жатқан ойды дөп басқандай болды. Қанат­ын қырқып тастап, «енді қалай ұшсаң да ұш» деп қоя берген қауқарсыз құстарға қайтадан қанат байлап бергендей болды. Ендігі кезекте кітап басып шығаруды мемлекет өз назарына алмақ. Әрине, мемлекет­те шашылып жатқан ақша жоқ. Жеті рет өлшеп, бір рет кесіп қана, түрлі-түрлі комиссиядан, сараптамадан өткеннен кейін ғана сіздің жазғандарыңызды кітап қылып шығарады. Жазғаныңыз жақсы болса, оқырманыңыз көп болса, ол кітапты қайта басып шығарады. Сөйте тұра автордың өз құқығы сақталады. Аударма ісіне де үлкен қамқорлық көрсетілетін болыпты. Ендігі кезекте осы айтылғандардың бәрі де жүзеге ассын деп тілейік. Жазушының мәртебесін биіктетін мұндай өзгеріске қалай риза болмайсың?! Іске сәт!

Ділдар МАМЫРБАЕВА, жазушы

Фадацайлық қасиеті жоқтар қайтпек?

Кітап басып шығарудың жаңа ережесімен танысып шықтық. Жеке тұлғаның, жалпы ұлт­тың санасына сәуле түсіретін басты негіз – кітап десек, онда кітап шығаруға деген жаңашыл ойдың айтылуы орынды, құптаймыз. Құжат тексеру, қоғамдық талқылау, тәуелсіз комиссия, сарапшылар қорытындысы туралы тоқсан есіктен өтуі де орынды. Комиссия мүшелерінің, сарапшылардың қаншалықты әдебиет­ті – ардың ісі деп бағалайтындарын да бір Аллаға тапсырайық.
Енді осының бәрінен өтіп, бағы жанған шығармаларға қаламақы емес, сараптама комиссиясы шешімімен грант беріледі дейді. Жаңалыққа қуандық. Дегенмен министрдің іле-шала: «Кітапты басып шығару және сатылымға шығару құқығы автордың өзінде қалады», – дегені ойландырып қойды. Жазасың, жүгіріп жүріп шығарасың, содан кейін сатасың. Бұл үшін сенің фадацайлық қасиетің болу керек, табиғатыңда бұл мінез жоқ болса, не болғаны? «Кітабы өтпейтін жазушы» атанасың ба? Екіншіден,10 баспа табақ емес, 4-5 баспа табақ кітабыңа аздаған ақша алсаң, оны сол ақшаға шығаруға қазіргі баспалар шығынын өтей ала ма?
Сондықтан Абайдың: «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», – дегенін қанағат ете тұрайық.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ, жазушы

Ғылыми кітаптарға бөлек бағдарлама әзірлеген дұрыс

Мемлекет­тік тапсырыспен кітапты басып шығару ісі жылдан-жылға жетілдіріліп келеді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы жариялаған бұл жолғы ережеде бірқатар жақсы өзгерістер бар екен. Авторлық құқық автордың өзінде қалып, сатылымнан түскен пайда да автордың үлесіне тисе, ол – өте құптарлық жағдай.
Десе де, менің айт­қым келетіні, шығарылатын кітаптарды қарастырғанда: «әдеби кітаптар», «танымдық кітаптар», «ғылыми кітаптар» деп бөліп-саралаған дұрыс. Өйткені танымдық, ғылыми кітаптарды базаға салғанда олардың сондай үлкен көрсеткішпен сатылуы екіталай. Егер іріктеу кезінде өтілім санына мән берілетін болса, ғылыми-танымдық еңбектер ысырылып қалады да, әдеби, публицистикалық жинақтар алға шығып кетері анық. Сондықтан ғылыми кітаптарға бөлек бағдарлама әзірлеген дұрыс деп ойлаймын.

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА, жас ақын

Мәселенің жекелеген авторларға тиімді жағын да қарастырса…

Жуырда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның әлеумет­тік желіде кітап шығару ісіне қатысты тараған үндеуі қаламгер қауымды елең еткізгені рас. Онда сала министрі енді мемлекет­тік тапсырыспен шығарылатын кітаптар саны артатынын және өтініштер жылына екі рет қабылданатынын айтып қуант­ты. Алайда енді бұрынғыдай әдеби туындылар үшін авторларға қаламақы беріліп, кітапты шығару және республикаға тарату мәселесін министрлік жүргізбейді. Жаңа ереже бо­йынша, әдеби шығарманың көлеміне қарай ақын-жазушыларға грант беріледі. Мысалы, 10 баспа табақ, яғни, 160 бет кітапқа 4 миллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Ал кітапты шығарып, сату қаламгердің мойнында болмақ. Авторлық құқық та өзінде қалады. Бұл қазір әлемдік бестселлерлердің авторлық құқығын сатып алып, аудартып, өз бетімен сатып жатқан баспалар үшін өте тиімді. Себебі мемлекет­тен грант, қаржылай қолдау алуының арқасында шығыны азаяды, жұмысы ілгерілейді. Одан әрі кітапты басып шығарып, республиканың әр түкпірінде сату баспаларға айтарлықтай қиын шаруа емес. Өйткені облыстарда бәрінің дерлік өкілдіктері бар. Дегенмен жекелеген авторларға бұл қиындау. 160 бет кітабы үшін 4 миллион теңге грант алып, өзіне сай келетін баспа табу, мұқабасын, дизайнын жасату, баспадан шыққан жүздеген не мыңдаған кітапты қоятын қойма іздеу, оны сату үшін елдің өзге аймақтарына жеткізу, ұдайы жарнамасын жүргізу, т.б. шаруалар шығармашылық адамының қыр­уар қуаты мен уақытын алады. Дамыған елдерде бұл істердің бәрін әдеби агент­тер атқарады, ал ақын-жазушылар кітабын жазудан артық дүниеге басын қатырмайды. Десе де біздің елде әлі әдеби агент­тіктер жоқтың қасы. Сондықтан жауапты министрлік мәселенің жекелеген авторларға тиімді жағын да қарастырса деген ұсынысымыз бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір