Қазына кеуде кейуана
13.05.2024
79
0

Кейде бүтін тарих бір ғана сөзге сыйып кетеді. Өткенін жоғалтып алған жанның түпбастауына апарар жолбелгі секілді. Жаныңызға жылулық құяды, санаңызға сұлу сәт­тердің силуэтін сыйлайды. Кемеліне келіп, талай сырғақты жолды өндірген, таным-тағылымы терең қариядай жан сарайын жадырататын шежірелі ғасырдың пәлсапасы түгесіле ме? Қанша уақыт тіршілік тепеңімен жүрсеңіз де біреу келіп көңіліңіздің киелі пернесін дөп басса асау өзендей ағыла жөнелесіз. Біз бүгін сондай жанның ғұмырдариясына үңілмекпіз. Ол – тыл ардагері, ғасыр жасаған батагөй кейуана Нұрсара Нұрмұхамбетова.

Күнкілі бітпес күйбең тірліктің соңында жүріп: «Қайтсем жан бағамын, өрімдей өскіндерімді қайтып азамат етіп өсіремін?» – деген қазақтың қатарынанбыз. Жаһандану заманындағы негізгі тұрақсыздық ақшаның құнсыздығына келіп тірелетіні де рас. Осыған байланысты «тұрмысымды түзесем, ел көшіне ілессем» деген алаң көңілде күн кешу әрбір тағдыр арқалаған жанның санасында сайрайтынын ескере отырып, ұлы құндылығымыздың кейбір тұстарын басылым арқылы насихат­тап тұрған жөн. Өйткені өмір көшінде қамау терін қара жұмыс арқылы шығарып жүрген азамат­тарға, олардың отбасына, жалпы қазақ оқырманына дәстүрден тағылым тарату маңыздырақ. Осы рет­те біз ұсынған кейіпкеріміздің өмір жолы өнегеге толы. Жасынан соғыстың азабын тартып, майданнан аман келген жарымен санаулы ғұмыр кешіп, жесір атанып, жетім қалған балаларын қатарға қосқан кейуананың жан толғанысы көңіл толқытады.
Комсомол билетіне көз салсақ, 1924 жылы дүниеге келген деп жазылған. Ал шындығында 1926 жылы өмір есігін ашады. Бұлай құжатқа таспалануының өзіндік сыры бар. Сол заманда Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағына өту деген үлкен абыройлы іс болатын. Сондықтан еңбекқор әжеміз ерте бастан қамданып, солай жазуын өтінген секілді. Оны балалары анасының ісіне адал жан ретінде қатарластары жәрдемдескен деп түсіндірді.
Жеті сыныптық білімі бар Нұрсара әжеміз – бұрынғы Талдықорған облысының (қазіргі Жетісу) Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылының тумасы. Жасынан бейнет­ті көп көрген қаршадай қыз ерте еңбекке араласады. Жастық дәурені ұлы майданмен тұспа-тұс келіп, ерлердің ісін жалғастырады. Ақсу қой кеңшарына комсомолдық жолдамамен келіп, сауыншы болып қызмет атқарады. Қой қырқады, масақ тереді, егін егеді, соғыстағы сарбаздарға арнап нан пісіреді, қолғап тоқиды. Осылайша, жұмыс таңдамайтынының арқасында кеңшар бригадирі болып тағайындалады. Бұл шамамен екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған уақыт еді. Елге алапат майданнан ерлер оралып, халық мәре-сәре болып жатқан мезет. Сол батырлардың қатарында 26 жасында-ақ гвардия капитаны атанған Дубек Нұрмұхамбетов те бар. Екі жас бірден жарасым тауып, отбасын құрады.
Дегенмен, ажалға құрық бойлаған ба, жолдасы балаларының алды енді ержетіп келе жатқанда қаза табады. Тоғыз құрсақ көтерген ана кішкентайларын аман-есен жетілдіруді мақсат тұтады. Сөйтіп еден де жуады, елден қалған жұмысты ерінбей істейді. Бәрі – балаларының қамы үшін. Оны үлкен ұлы, Ақсу ауданының құрмет­ті азаматы Қыдырбек Нұрмұхамбетов былайша еске алады:
«Анамыз: «Адалынан ас ішіңдер», – деп тәрбиеледі. «Екі қолдарың қимылдаса, қарындарың ашпайды», – дейді. Бізді кісінің ақысын жемеуге үйрет­ті. Бүгінде 9 баладан көзі тірі бесеуміз ғана қалдық. Құжатқа өте мұқият болды. Тіпті сандығында енесінің туу туралы куәлігі де бар. Қазақтың біртуар ақыны Марфуға Айтхожинамен аталас болып келеді. Анамның да ақындық өнері бар. Батагөйлік қасиетіне ауыл азамат­тары таңдай қаққан еді. «Бір істі соңынан дейін жеткізіндер», – деп отырады. Мен 44 жыл ауылда трактор айдадым, бүгінде зейнетке шықтым. Қарында­сым – Қазақ­станның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Мәкен Нұрмұхамбетованы театр сүйер қауым жақсы біледі. Бәріміз бауырмал болып өстік. Қазір анамыз кіші ұлы – Айдардың қолында», – дейді Қыдырбек ақсақал.
Шынында, әр адам баласының мына өмірде атқаратын мақсаты мен миссиясы, таланты мен дарынына қарай елге берер өтеуі болады. Нағыз азамат қана өзіне берілген табиғат сыйын саф күйінде сақтап, қабілет-қарымына қарай маңдай терін шүмектете еңбек ете біледі. Ал елім деп емірене еңбек еткен ондай жанның маңдайынан аққан бейнет тамшысын халқы дер кезінде көре білсе, одан бақыт­ты пенде болмас, сірә! Бүгінде кейуана ұрпақтарының бәрі ана өсиетін тұмар етіп, адалынан ас ішіп жүр. Бұл – оларға жөргектен сіңген қасиет.
«Бұл жалған дүниеде жақсы адамдардың өзіндік орны, салмағы, қасиетін айшықтасақ, адамгершілігі, парасаты, білімі қай ортаға болмасын ауадай қажет екен. Оны бұл әлемдегі ешбір құндылықпен ауыстыруға келмейді. Жаныңда жүрген жылы жүректі, мейір­бан, жомарт көңіл жандар барда өмір шұғылалы, мазмұнды бола түспек. Қай уақыт­та да адал іс істеп, жаныңды таза ұста», – дейді кейуана.
«Күңіренеді кеңес айтып қария,
Әлдеқайда жер шетінде дария.
Тұңғиықтың түбі толған тамаша,
Дарияның сыры жоқ қой жария», – демей ме қазақтың айбоз ақыны Мағжан Жұмабаев. Екі ғасырдың өткелінде өмір сүрген адам жылдардың жан толғатқан сәт­теріне жиі аялдайтыны бар. Көне күйсандықтай көңіл пернесін басып қалсаңыз, қадым заманның қиссасын шертеді. Балалық бал қиялын жүрегінің түбінде сақтаған майдангердің жары әріден тартып сөз сабақтағанда, қанды дәуірдің ащы жасы көзіңізге ұйиды.
Бүгінде қарашаңырақтағы кенже ұлының қолында немерелерімен берекелі ғұмыр кешіп жатыр. Кітап­құмар апамыз әңгімеге жүйрік, көрген-түйгені бір дастанға жүк болардай. Дастарқан басында кескілескен ірі ұрыстарға қатысып, сұрапыл майдан жолдарынан тік өткен майдангер жары жайлы жиі толғанады екен. Сағыныш дегеннің өлшемі бар ма?! Бір ғасырдың биігінде немере, шөбере, шөпшек, тіпті немене де сүйіп отыр. «Бақыт­тымын», – дейді. Біз оған күмән келтірмедік.
Толықсып батқан күнге қарап, аз уақыт­тан кейін мына жарық дүниені көзге түртсе көргісіз қараңғылық басатынын, күні бойғы азан-қазан саябырсып адам баласымен бірге табиғат та ұйқыға кететінін білесің. Білесің де қайсысы мықты – жарықтың шымылдығын жапқан қара түнек пе, әлде қараңғылықты түріп тастайтын жарық па деп ойға қаласың. Жауабы табыла бермейтін осындай сұрақтар қаншама? Осы сәт­ті адамның ғұмырымен өлшеп көріңізші. Осы мақаланы жазып отырып осындай ой санаға сәуле құйды. Қариялардың жүрген жолы, өткен өткелі – ұрпаққа аманат. Әжемізге Алла қуат берсін дейміз!

Мұхтар Күмісбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір