САН МЕН САПА АРАСЫ
Демографиялық ахуал туралы мамандардың пікірін білу үшін психология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жалпы және этникалық психология кафедрасының профессоры Нұргүл ТОҚСАНБАЕВАҒА бір-екі сауал жолдаған едік.
– Заманның қарқынды дамуына сай әр салада жаңа көзқарас қалыптасты. Бұл психология саласына да тән. Сіздің ойыңызша психология саласықаншалықты өзгерді. Ал қазақтың психологиясына жаңа заман қаншалықты әсер етті?
– Қазақ психологиясы осыдан жиырма жыл бұрынғы психологиямен салыстырғанда едәуір өзгерді. Психологияға біз көбінесе экспериментальді ғылым деп қараймыз. Экспериментальді ғылым көп жағдайда адамға рухани көмек береді. Қоғам талабы мен экономиканың дамуы психологияның қажеттілігін одан сайын арттырып отыр. Сол себепті, қазір практикалық психологияның өрісі кеңейді, адамдарға көмек көрсету жолдары жан-жақты дамуда. Оның ішінде арт-терапиялық жұмыстар мен нейролингвистикалық программалау адамның жеке басындағы күйзелісті, уайымды немесе белгілі бір жағдайға тап болғандағы мазасыздықты жеңуге көмектеседі. Бұдан бұрын психологияпедагогикалық психология және жалпы психология ғылымы ретінде қарастырылды. Қазір дамудың жаңа сатысына көтеріліп кеңес беру психологиясы, әлеуметтік психология, заң психологиясы, экономикалық психология деп әр түрлі салаға жіктеліп дамып келеді.
– Қазір индивидуализм алға шықты. Бұл қазақтың психологиясына, қала берді демографиясына қаншалықты әсер етеді?
– Экономикалық норматив өзгеріп, дамыған сайын адам мобильденіп, жеке тұлға ретінде өзіне ғана тән әлемде өмір сүреді. Еуропадағы өзге халықтармен салыстырғанда қазақтар индивидуализмге толық бет бұрған жоқ. Қазір әр адам өзінің индивидуалдық тұлғалық ерекшеліктерін өзі көрсететін заман. Ол қоғамдық заңдылық. Бұрын мобильді қоғам болған жоқ, адамдар тек ортақ қарым-қатынас арқылы ғана алға жылжыды. Жеке бастың қызығушылығынан ортақ мүдде басты орынға шықты. Ақпарат әр түрлі жолмен тарайтындықтан адамдар белгілі бір ортаны іздемейді. Бұл құбылыс адам үшін бір жағынан жақсы, бір жағынан түрлі қиындық тудыруы мүмкін. Қазір тек телефонмен ғана өмір сүріп жүрген адамдар бар. Оған айналасындағылар керек емес. Адам телефонға немесе әлеуметтік желіге тәуелді болған сайын оған ата-ананың яки үлкеннің, белгілі бір ортаның көзқарасы аса әсер етпейді.
Экономикалық жағдайдың демографияға әсері бар. Мысалы, 1990 жылдардағы экономикалық қиындық демографиялық өсімді әлдеқайда төмендетті. Қазір экономика дамыған сайын демография да дамып келеді. Бүгінгі таңда бала қай отбасында дүниеге келсе де оған мемлекет тарапынан белгілі бір деңгейде көмек көрсетіледі. Жастардың білім алуы үшін барлық жағдай жасалған, жұмыспен қамту орталықтары азаматтарды жұмыспен қамтып, қажет болса тегін курстарға жіберіп оқытып жатыр. Егер қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамда жағдайы төмен отбасылар бар болса, ол тек жеке адамның өзінің кінәсі. Әрине, бұл сөзім көп адамға ұнамауы мүмкін, алайда қазір бұрынғы замандағыдай емес, бейнелеп айтсақ, екі қолға бір күрек табылады. Яғни жұмыс істеймін деген адам жұмыс табады. Жасы 40-50-ге толған адамдар бұл жағынан қиналуы мүмкін, бірақ жастарға жұмыс көп. Олар мал алып бағамын десе «Сыбаға», «Алтын асық» секілді бағдарламалар арқылы жұмыс істеуге болады.Демографиялық жағдайға азаматтардың тұрақты жұмыс табу жағдайы да әсер етеді. Дегенмен, қазіргі отбасыларда бала сананың көптігінен бұрын оның сапалы азамат болып өсуіне мән беретін үрдіс жиі байқалады.
Н.САЙМАСАЙҚЫЗЫ.