«ЖОШЫ ХАН»: ЖАҢА САПА, ЖАҢАША ПАЙЫМ
12.07.2023
366
0

Жаңа Қазақ­станның жаңалықтары тек саяси оқиғалармен ғана емес, елдің рухын көтеретін, ойын тербетіп, еңсесін тіктейтін мәдениет жаңалықтарымен де толығып жатыр. Соның бір айғағы – Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекет­тік драма театрында қойылған «Жошы хан» тарихи драмасы. Қазақ мәдениеті әлеміне, руханияты тарихына «Жошы хан» премьерасының есімі жазылған күн деп есептеуге болады. Көл-көсір көңіл, жып-жылы сезім, ерен эйфория легі ойымыздан асып, бойымыздан қашып, кенересінен тасып шалқиды-ақ. Мұндайда айтылған сөздің де, жазылған лебіздің де орны бөлек, әрине.

 «Жошы хан» драмасының идеясы қазақ даласындағы түркі тайпаларын бір ұлысқа біріктіріп, Ұлытауда ордасын тіккен, Қазақ мемлекет­тігінің негізін қалаушы – Жошы ханның образын ашуға арналған. Десе де, тарихтан белгілі болғандай, шығармада қан шеңгелдеп туса да, туған бауырын оққа қиса да, жарты әлемді қаһарымен жасқаса да, Шыңғыс ханның алдымен қаталдығы мен қайырымы астасқан әке, кешегісі мен бүгінін, ертеңін де кеңінен ойлар тұлға, қаһармандық пен сатқындықты безбендеп парасат­ты пайымға салар билеуші екенін ұқтырады. Премьераны арнайы тамашалауға келген белгілі журналист А.Төлеухан: «Бұл Шыңғыс хан бұған дейін өнер туындыларынан көретін Шыңғыстан өзгеше шықты. Рөлді сомдаған әртістің де бейнені танудағы, көрерменге танытудағы қапысыз ойынына тәнті болдық», – деген пікірін қалдырған.
Ұлт­тық мемлекет­тігіміздің алтын дәуірі болған Жошы ұлысының негізін қалаушы, хандардың атасы Жошы тағдырына арналған драма – тартысқа толы. Ол өз иелігіне берілген Ертіс өзенінен Орал тауына, оңтүстіктен Каспий теңізі мен Арал теңізіне дейінгі жерлер, Сырдария аймағы, Қойлық пен Сақасыннан Бұлғардың шетіне дейінгі Қыпшақтың кең даласына өз әмірін жүргізеді. Сартауыл жорығы кезінде Үргенішті алу үшін көзқарастар қайшылығы Жошы тұлғасын даралай бастайды. Драмада жас болғанына қарамастан, Жошы ханзаданың бейнесі керемет айшықталған. Ол – ұлысын қайы­рым-мейіріммен, ақылмен басқарған, халқына пана, қорған бола алған айбынды қолбасшы, ел билеу ісіне келгенде, тіпті әкесінің кей көзқарасымен келіспейтінін ашық айта алатын өткір мінезді, қайсар да жаужүрек тұлға ретінде сомдалған.
«Жошы Хан» драмасында динамика бар екен, – деп жазады сыншы Н.Қабылбек, – Динамика бар жерде шынайылық пен шеберлік ұштасары анық. Актерлердің шеберлігі де көзге бірден шалынады. Көрерменді баурап алып, бұлыңғыр ғасырдың бұралаң жолына жетелей жөнеледі. Әр актер өзіне бекітілген образды әдемі аша білген. Тартымды. Диалогтар көп сөзділіктен ада. Нақтылық бар. Талас-тартыс үстіндегі одағай сөйлемдер де жамырап кетпейді. Көрерменді жалықтырып жіберер монологтар мүлде жоқ. Аз сөзбен көп ой айтуға талпыныс байқалады. Бұл шиеленіске толы драманың ауа жайылып кетпеуіне, құрылымының құлдырамауына кәдімгідей көрік беріп тұр».
Сарайдағы сан ал­уан интрига, астыртын ымдасулар мен күдік-күмәнға толы ойлардың қалқып шығуы драма тартысын күшейте түсті. Ақыл-парасаты мен күш-қайраты, ең бастысы, гуманистік адамгершілігі тұрғысынан Шыңғыс қағанның өзге үш ұлынан Жошының алапаты асып тұр. Алайда айналасындағылардың әр қадам сайын оған «шақырылмаған қонақ» деп бетіне басып отыруы тұтас спектакльдің негізгі бөлшегі іспет­ті.
Әрбір сөз сөйленіп қана тұрған жоқ, ол сөз жүрек болып соғып, бойына қан жүгіріп, тіріліп тұрады. Әрбір қимыл шашаусыз, артығы жоқ, өз орнымен, өз уақытымен өтеді. Әрбір ойын әбден дайындалып, бабына келгенде басын жіберген бәйге ат­тарындай ытырылып, алма-кезек ауысып, визуализациямен астасып жүреді.
Режиссер Болат Ұзақов әр рөлге әртіс таңдауда жаңылмауымен бірге қойылымның барлық ішкі иірімдерін көрерменге жеткізуде асқан шеберлік, кәсібилік биігінен көрінген, сондықтан да болар, әр эпизод тұтасқан, органикалық тұрғыда мінсіз өрілген дүниеге айналып шыға келген. Бұл жерде ең негізгі жүк актерлерге артылғаны анық. Актерлер құрамында мін жоқ. Ұлы қағанның рөлі (Асылбек Қапаев) сендіргені былай тұрсын, оның өзі арамызда тірі жүргендей әсерге бөледі. Оның «Шыңғысы» – алыс-жұлыстан қашып, бойын парасат билеген, ұлағат­ты ойлар қозғайтын салмақты тұлға. Ұлы қағанның әрбір сөзі діт­теген жерге дөп тиіп жат­ты, ойлы, мағыналы, терең. Әбден сендіреді. Бұл актердің ғана шеберлігі емес, жылдар бойы ойланып, терең зерт­теген, тақырыптың іші-қыртысын білген драматургтың шеберлігі де болса керек. Расында да, хан деген осылай болса керек! Сұсы да, мысы да, сесі де басып тұру қажет.
Жошы болып ойнаған жас актер де (Қайыржан Садық) рөлін өз биігінде алып шықты. Алғашқы дебют, алғашқы ойын, алғашқы қошемет! Сахналық киімдер, декорация, тәңірлік дүниетаным белгілері, көне сарындармен табыстырған бағзы әуендер (Еділ Құсайын), бақсы ойындары – бәрі де әдемі өріліп, жарасымды болып жат­ты.
Режиссердің (Болат Ұзақов) тақырыпты ашудағы еңбегі емес, жанкештілігіне дейікші, қол соғуға болады. Ұлт­тық намыс пен мінезден туады нағыз өнер. Бұл – көне тарихтың ізі ғана емес, рухтың оралуы, ерлік пен елдіктің көркем шежіресінің көрінуі. Оның мұндай батыл да тосын қадамға баруына сонау Ақмола кезіндегі оқыс оқиға себеп болғанға ұқсайды. Қоғамдық көлікке мінген режиссермен сөзге кеп қалған жергілікті орыстың «бабулялары» «қайдан келдің сонда бар» дегенге дейін барған екен. Осы бір оқиға режиссердің ойына кіріп, күндіз де, түнде де мазасын қашырып тұратын үлкен сауалға айналады. «Мен кіммін?», «Қайдан келдім?», «Олар неге өктемшіл?» деген мазасыз сұрақтарға жауап беру керек? Бірақ қалай? Немен? Әрине, өнермен! Сөйтіп, Б.Ұзақов өздерін баяғыдан «целиноград­тықпыз» деп өрекпитіндерге бұл жердің иесі де, киесі де Кенесары екенін ұғындыруға кіріседі. Жазушы Думан Рамазанды драматургияға әкелген алғашқы қадам да осы тандемнен сәт­ті шыққан «Кенесары – Күнімжан» драмасы болатын. Бұл тақырып жылдар сайын тереңдеп, соңғы түйіні десек те болатындай «Жошы ханға» ұласып отыр. Бұл – елдің ішіндегі рет­телмеген мәселені қойып, геосаяси оқиғаға, әлемдік тақырыпқа өнер көзімен қарауға бағыт­талған құбылыс.
Ал автор жайлы айтарымыз көп. Жазушы-драматург Думан Рамазанның шығармашылығын бақылап келе жатқан адам ретінде пьесаның ұлт­тық бұлқыныстан, таптаурын болған тақырыптардан қашып, өз бетінше ізденуінен, тың жол табуынан туындаған кеп екенін байқап отырмыз. Туған әкесі мен бауырларының сенімсіздігі арқасына аяздай батқан Жошының сезімталдығы, жалғыздығы бізді көп ойларға жетеледі. Әрқилы көзқарастардың тас-талқанын шығарып, тарихымызды жылжытып қана қойған жоқ, бағзы замандарда ұлт­тық рухымызды аспандатып, біраз уақыт­тарда өшіп қалған ерлігімізді, рухымызды, өрлігімізді қайта тірілтіп отыр. «Бұл шығарманың желісін негізінен фило­софия мен ойға құрдым. Көбінесе іс-әрекет пен қимылға емес, астарындағы ойға, көрерменнің санасына жететін ойға баса мән бердім. Сондықтан пьесаны сах­на­ламас бұрын режиссермен келісіп ал­дым. Сах­на­да атыс-шабыс, соғыстан гө­рі­ қазаққа, ұлтқа қажет­ті ой ай­та­йық­ дедім. Болат Ұзақов та мені то­лық құп­та­ды. Халыққа руха­ни­ нәр беретін ерекше­ туынды­ жа­са­ғы­мыз келді. Енді шын баға­сын кө­рер­мен берер», – дейді Думан Рама­зан.
Драматург пен режиссердің ортақ тілтабысуының арқасында «Кенесары – Күнімжан» драмасынан соң «Абылай ханның арманы» мен «Керей – Жәнібек» спектаклі сахналанған болатын. Өнер ортасы, көпшілік қауым, жалпы жұртшылық бұл қойылымдарды ыстық ықыласпен қарсы алғанына куә болған едік. Мұндай мазмұндағы ұлт­тық тақырыптар киелі өнер арқылы көп нәрсе жасауға болатынын ұқтырды. Театр, кино, жалпы мәдениет – қандай формасында да қоғамның рухын көтеріп, идеологияны жүректің түбіне жеткізетін басты тетік. Яғни «жұмсақ күш» (soft power) арқылы ішкі саясат­ты да, сыртқы саясат­ты да рет­теуге болатынына анық көзіміз жет­ті. Сондықтан осы үштаған тандем (драматург-режиссер-театр) тарихи сананы қалыптастыруда, бүгінгі ұрпақ жадына көркем өнер арқылы ұлттық рухты дарытуда өлшеусіз еңбек сіңірді деп білемін. «Теа­тр – күрделі интеллектуалдық гармониядан тұратын, үш жақтан бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер», – деп жазған екен Сағат Әшімбаев. Қойылым кейіпкерлеріне айналған алыптардың есімінің өзі-ақ осы интеллектуалдық гармонияның қандай болғанын айтып тұр емес пе? «Жошы хан» – «Қазақ мемлекет­тігі жоқ», «Оның тарихы да болмаған» деген суық та жат көзқарастарға жауап. Соңғы жылдары елімізде үлкен мелекет­тік деңгейде Жошы тұлғасы ұлықталып жатыр. Президент­тің Ұлытау облысын ашуы, алғашқы құрылтайды Ұлытау төрінде өткізуі сияқты ірі оқиғалардың қатарына оның осы «Жошы хан» спектакліне баруын да жатқызуға болады. Бұл – әлем қауымдастығына, әсіресе көршілес алпауыт елдерге берілген белгі. «Қазақтың тарихы тереңде», «Біздің бабаларымыз үлкен империя құрған», «Қазақ мемлекет­тігі Жошы ұлысынан басталады» деген ұстаным.
Тарихи қойылымның премьерасына арнайы қатысқан Қазақ­стан Президенті Қ.Тоқаев: «Құт­ты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы – өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер «қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған» деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін», – деп шынайы тілегін жеткізді.
Осылайша «Жошы Хан» тарихи драмасы тақырып жаңашылдығымен, тәрбиелік мағынасымен, ұлт­тық рухты асқақтатуымен көңіліміздің төрінен орын алды. Жаңа ізденіс, жаңаша па­йым, жаңа сапа десек те болады.
«Жошы хан» – әуелі біздің халыққа дәл қазір қажет рухты шығарма. Елдігіміздің іргесін бекемдеп, ұлы ұлыстардан қалған жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, тарихымызды танып, тілімізді құрмет­теп, өнерімізді дәріптеуге шақырады бұл өнер! Олай болса, өнерді шырақ етіп ұстай алған халықтың арманы орындалғай! Драмада жазылғандай: «…Заңғар таулардан асып, терең теңіздерді кешіп, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппай, қаншама халық­ты қарамағына қаратып, бір ұлысқа ұйыстырған Жошы» тұлғасы ұлықтала берсін!

Заңғар КӘРІМХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір