КЕЙКІ МЕН АМАНГЕЛДІ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
ҚР ҰҒА академигі
«Егемен Қазақстанның» 2016 жылдың 6 қазанында жарық көрген «Келе жатыр алтын басы Кейкінің» деп аталатын мақаланы оқып, ойға қалдым. Ол былай есіме түсті. Біздің Шиелі кенті (Қызылорда облысы) «1 Май» колхозында 1932-1933 жылдарындағы аштықта бізге сырттан сүйретіліп келгендердің ішінде аман қалған бір кісі болатын. Оның үй-күйі жоқ. Бір үйдің отынын жарып, бір үйдің суын тасып, бір үйдің қорасын тазалап, малына қарап, бір үйден түстеніп, бір үйге қонып жүретін адам еді. Аты – Кенжеғұл болатын. Жас шамасы 50-лерде, орта бойлы, аққұбалау, қой көзді, ағарған сақал-мұрты басылған, дөңгелек жүзді кісі еді. Жалпы, түр-сипаты келісті, бірақ есі аздап ауысқан. Кейде ол өзін Қарсақпайлықпын, Кейкінің інісімін дейтін. Оған бірақ ешкім мән бермейтін. 1939 жылдың аяғы, 1940 жылдың басы болса керек. Біздің кентке көшпелі «Амангелді» киносы келіп, көрсетіле бастады. Ол кенттегі шіркеуде көрсетілді. Барлық жиындар да клуб ретінде сол шіркеудің ішінде өтетін. Киноға ел қаптап келе бастады. Біз, балалар, ол киноны екі-үш реттен көрдік. Бір күні кино жүріп жатты. Шіркеудің іші адамға лық толы. Кинода Амангелдіге оқ тиіп, аттан құлаған кезінде: «Кейкі қайда?» деген дауыс естілді. Сөйтсек, ол айқайлап тұрған Кенжеғұл екен. Ол: «Батыр Кейкі! Мынау Амангелдіге ұқсамайды», – деп өкіріп жылады. Сөйтіп, ұйып отырған көрермендерді дүрліктіріп, клуб ішін азан-қазан етті. «Мұны кім алып келді», – деген дауыстар да шықты. Кино бітті, ел тарады. Сонымен күндер өтіп жатты. Жаңағы жағдай да ұмытылды. Кейін Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ер-азаматтар армияға шақыртылды. Біз де өсіп, әскерге аттандық. Соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін, елге келгенде, Кенжеғұлды ешкім кездестірген жоқ. Іздеуші болмаған соң, оның қайда кеткенін білген жұрт болмады. Колхозшы әйелдер әлгі кісіні «Аштықтан есі ауысқан ғой» деп аяйтын. Мен өзім Кенжеғұл Кейкінің інісі болуы мүмкін деп те ойлаймын. Өйткені, Кейкіні ол аузынан тастамайтын. «Ел құлағы елу» деген. Бәлкім, қозғау салар. Бұл да бір кісінің тағдыры ғой тарихтағы.
Хикаяның екінші жағы тағы бар. Ол мынадай. Ділмұхамедов Елтоқ деген тарихшы ғалым «Қазақстандағы өндірістердің ашылуы мен жұмысшы табының қалыптасуы» тақырыбына байланысты докторлық диссертация жазып, оны талқылау мақсатында «Тарих және этнология» институтына шақырды. Бұл өткен ғасырдың 70-ші жылдар шамасы болатын. Талқылауға оншақты адам ғана қатысты, көбі – сырттан келгендер. Біз диссертацияны қолдап, қорғауға ұсындық. Еңбектің мәнісін көтеріп, сөз сөйлеген Ғабит Мүсірепов болатын. Талқылаудан кейін Елтоқ үйіне шақырды. Бес-алты адам боп бардық. Шай үстінде Ғабит Мүсірепов әңгіме бастады. Мәнісі былай еді. Елтоқтың кандидаттық диссертациясы Қазақстандағы Ұлт-азаттық қозғалысына байланысты еді. Ғылыми жетекшісі – Ермұхан Бекмаханов-тын. Кейін Кенесары мәселесі көтерілгенде Елтоқ қорқып, бұғып қалды. Сондықтан да болса керек, Ғабең Елтоқтың көңілін аулап, әнгімені Амангелдіге бұрды. «Бір күні!» – деп бастады әңгімесін Ғабең. – Бейімбет (Майлин) пен мені ЦК-ға шақырды. Барсақ, бізге былай деді: «1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысы жайлы кино шығаратын болдық, соның сценарийін жазу керек» – деп, оны бізге тапсырды. Жұмысқа кірістік! Өйткені, Ұлт-азаттық қозғалыстың жай-жапсары бізге белгілі болатын. Бірақ қиындық мынада еді. Біз ол қозғалысты кім бастағанын көрсетуіміз керек. Онсыз мүмкін емес. Бізге бес-алты батырдың аты белгіленді. Бірақ кейбіреуінің тегі тура келмеді. Тағы біреулері патша үкіметіне қарсы шыққанмен Совет саясатын түсінбей, оған да қарсы шығып, репрессияға да ұшырады. Енді кімді таңдауымыз керек? Осы кезде Амангелдінің аты шықты. Бізге оның аты-жөні де, тегі де тура келді. Біз соған тоқтадық. Экранда оны Елубай Өмірзақов сомдап көрсете білді, – деді қаламгер. Сонымен, Амангелді халық санасына терең сіңді, тарихқа енді деп ой тастады. Тарихта мұндай да жағдайлар кездеседі. Біз жаңа Кейкіні айттық. Оны ел білмейді. Сол сияқты Ресей тарихынан бір мысал. Инфантерия генералы Л.Г.Корнилов Ресейдегі «Уақытша үкімет» кезінде үлкен әскери басшы болды. Ол Қазақстан, Қарқаралы тумасы. Анасы қазақ қызы, руы – қаракесек, әкесі – орыс-казак офицері. Қазақ ауылында өскен. Ол Патша үкіметіне де, Совет үкіметіне де қарсы болған. Орыс-жапон, Орыс-герман соғыстарында ерлік көрсеткен, Таяу Шығыс, Қытай елдерімен саясат жүргізе білген болса керек. Тарихта оның атқарған ісі аталмай қалды. Кейкінің де жағдайы сондай. Кенжеғұл оның атын аузынан неге тастамайтын? Бұл жай сандырақ па, әлде шындыққа қатысы бар ма? Осындай көмескі жағдайларды ашатын уақыт туған жоқ па демекпін. Әрине, тарихта «ақтандақ» болмау керек. Оны ғалымдар көтермесе, кім көтереді?