Ана туралы жыр
06.03.2023
4770
2

Ана жайлы ойлансаң, дала жайында ойлана бастайсың. Дала жайлы ойлансаң, ана жайында толғана бастайсың. Қос құдірет, қос ана! Ет жүрегіңмен, еркін болмысыңмен, ес-ақылыңмен егізсің-ау. Бізге өмір нәрін берген, бізді өсірген, бізді баққан, ат ататпай, сүйек сындырмай аман жүрсін деп алқалаған қос ардақты!
Сол даланың бесігіне де, оты лаулаған ошағына да, қасиет­ті қара қазанына да ананың ыстық алақанымен қасиет дарыды. Жер де – Ана, ел де – Ана, табиғат та – Ана, Отан да – Ана, тіл де – Ана. Соның бәрі ананың жүрек лүпілімен мәңгілік тұтастық, үйлесім тапқан.
Әуелгі құрмет кімге? «Анаға» деп үш қайыра айтпаушы ма еді адамзат­тың асыл тәжі, жер-жаһанның сәруары.

Көз ашқанда көргеніміз,
ананың ақ дидары емес пе?!
Әуелгі татқан нәріміз,
ананың ақ сүті емес пе?!
Әуелгі елтіген әуезіміз,
ана әлдиі емес пе?!
Тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен, перзенті үшін жанын пида еткен, аязды күнде айналған, бұлт­ты күнде толғанған, түн ұйқысын төрт бөлген де сол – Ана ғой!
Астанадағы жаңа тұрғын-үй алабындағы көшелер тұтастай қазақ тарихындағы ту ұстаған, тұтқа болған, тұмар іспет­тес әйел-аналардың есімімен аталады. Бұл да – кешегі көшпелі өркениет­тің, көшелі жұрт­тың қыз бала, әйел-анаға деген құрметінің, сол алтын арқау, арда дәстүрлердің лайықты жалғасы. Ақ бесігін тербеткен, арына дақ, атына қылау түсірмеген әйел-анаға ескерткіш қою жайлы бұрыннан айтып келеміз. Ақ жаулықтай таза жерлерге, ағынды суларға, асқақ тауларға ана есімін берген арғы қазақ ісі де ғаділет дүниесінен екен.
Ата шежірені ақтарып қарасаңыз, Ана атын алған рулар да аз кезікпейді. Бәйбіше мен Болпанай, Құндыз бен Қызай, Мұрын мен Маңқанай, Ақбикеш-Мақпал, Қаракөз, Күмісек аналардың атымен аталатын рулар – соның бір парасы ғана.
Ана туралы Иоллығтегін жырау «Ұмай текті анамның арқасында інім Күлтегін ер болды» десе, әлем әміршісі атанған Шыңғыс хан «Таңдайымды аққа жарытып, борбайымды боқтан арылтып, аяғымды үзеңгіге, қолымды ат­тың жалына жеткізген анама мың тағзым» деген екен. Сондықтан батыста жазықсыз жүз мыңдаған әйелді отқа өртеп жатқанда біздің бабаларымыз «жұмақ – аналардың аяғының астында» деп, әйел-анаға арнап Айша бибі, Тәж-Махал сынды еңселі ескерткіштер тұрғызды.
Ежелгі түркілердің Жер-ана мифологемасы кейіннен от-ана, Отан-ана ұғымына ауысып түрленуі – ананың ошақтың иесі, от­тың қамқоршысы, шаңырақтың киесі қызметін атқаруына байланысты қалыптасқан дәстүрден туған. Талай дүрбелең мен алапат аштықты бастан кешкен халқымыздың шаңырағында оты өшпей, түндігі жабылып қалмай, түтіні қайта түзу ұшуына әз аналарымыздың қосқан үлесі шексіз.
Асыл да біздің Аналар! Асқақ та біздің Аналар! Ардақты біздің Аналар!
…Мен мына жарық дүниенің жүзінде жамалынан жаратушы жалғыз иеміздің нұры төгілген жан көрдім. Оның ныспысы – Ана еді. Иә, бас әріппен басталып жазылатын бармақтай ғана Ана. Бармақтай ғана Ананың батпан-батпан тағдыр жүгін қайыспай арқалаған алып рухын көрдім. Бармақтай ғана Ананың бұралаңы мен бұрқасыны көп өмір жолында басын имей өткен өр рухын көрдім. Бармақтай ғана Ананың қырық жыл бойы қосағынан қалған қарашаңырақты асқақтатып, намысқа тырысып, ошақтағы от­ты өшірмей, жүрек жылуымен дамылсыз маздатқанын көрдім. Төрт баласын төрге оздырып, өзі төмен отырған, қайран ана, қастерлі ана, төркінінен жырақ, түскен жұртының топырағында тұтамдай ғана бір момын төмпешікке айналып қала берді-ау…
Қырық жыл қарашаңыраққа қалқа­йып қарауыл болған анамның өмірден өткеніне де қырық күн болды. Жүректегі сағыныш өрт­тей лаулап, үдей түсті.
Тұлымы желбіреген балауса шағында, толықсыған ару бойжеткен кезінде, ақ келін болып, ақ босағадан ат­таған тұсында қандай болғанын кім білсін, ақ-қара сурет­тер ақтарылып сыр айтуға сараң келеді ғой. Мен ес білгелі көргенім сол, біртоға, момын қалпы. Бидай өңді, мәуедей иілген бір болмыс. Жаны бір нәзік жаратылыс. Мұқалмастай, мойы­мастай кейіп беретін өткір көздерінің арғы жағында бір мұң жатушы еді.
Отау құрып, отанасы атанған оныншы жылы жесір қалды. Әкеміздің мезгілсіз қазасынан талай үміт­тің қанаты талды, талай арман қаңтарылды. Тұңғышы – сегіз жаста, кенжесі – екі жаста, ортаншылары – төрт пен алтыда, сол төрт баланы құс қанатына тоңдырмай, түндіктен түнді көрсетпей, іргеден желді соқтырмай қалай өсіргеніне қазір де қайранмын. Қарашаңырақтан төрт шақырым жерде төркіні бар еді. Сол төркінге жиырма жылда бір мәрте ғана ат ізін салды. Оның өзінде, нағашы әжеміз қайтқан жылы. Бір уыс топырақтың серті үшін ғана. Ұзатылғанда берген бір кілемнен басқа бір үзік жіп те алмапты, жарықтық. Сол кілеммен ақтық сапарға ұзатып салдық. Дүние есігін ашқан күнінде дүние есігін қайта жапты. Мұнда да бір хикмет бардай сезіледі.
Қарашаңырақтан қырық қадам да ұзап көрмеген кісі еді. Кенже інім шаңырақ көтеріп, бөлек үй салғанда жар босағасын қия алмай көп қиналды. Әкеміздің рухы түсіне еніп, аян бергеннен кейін ғана қоныс ауыстырған жайы бар.
Шалдың шапанына оралып өскен балалар, әдет­те аналарын шеше демей, «жеңеше», «жише» деп жататын салт бар ғой. Біз де сол салт­тың сүрлеуінен ұзай қоймадық. Анамды «жише» деуші едім. «Деуші едім» деп өткен шақпен жазудың өзі қандай ауыр еді… Қазір ойлап отырсам, жишем бізді ерте есейткен екен. Есейткені сол, жауапкершілік сезімін ерте жетілдірді. Бұйымтай айтып, мал сұрай келген кісілерге «балалар біледі» деп отыратын. Шекемтас ойнар шағымыздан-ақ шешім шығарып үйрендік. Асық ойнар жасымыздан ақыл тоқтат­тық.
Анамыздың жаназа дұғасын оқып, жер-ананың бауырына тапсырып тұрған мезет­те жаныма бір жігіт жақын келіп, қалтасынан телефонын шығарып, көрсет­ті. Қарасам, анамыздың телефоны. Жас күнінде жаңғалақтығы көп жігіт еді, анамыз соның арқасынан қағып, «айналайын, сен енді жігіт ағасы болдың, жинақы жүр» деп, өз телефонын сыйлаған екен. Міне, осылай кеңдігінен таймай, дастарханы жиылмай, туыс-туғанның да жоғын түгендеп жүретін.
Момын да біздің Аналар! Мейірбан біздің Аналар! Мейірлі біздің Аналар!
Қарағандыдағы тарихи-өлкетану музейінде зұлмат жылдардың жаңғырығы, Карлаг тұтқындарына қатысты көп құжат бар. Соның арасында тұтқындардың балалары жазған хат­тар да бар. Сегіз жасар баланың сағынышқа толы хаты санаңды сарсаң етеді. Жүрегіңді жұлқиды. «Сәлеметсің бе, қымбат­ты анашым?! Сен неге маған хат жазбай қойдың? Анашым, әкемнің қайда екенін біле алдың ба? Мен қазір екінші сыныпта оқимын. Анашым, мен теміреткімен ұзақ ауырдым ғой. Анашым, мен тірімін, аманмын. Анашым, сен маған хат жазатын қағазыңның жоқ екенін айтып едің ғой. Анашым, мен саған қағаз салып жіберейін. Анашым, мен сені қат­ты сағындым. Анашым, басқа айтарым жоқ» (түпнұсқа – орыс тілінде).
Әр сөзін анашым деп бастайды албырт бала. Тұтқындардың балаларына арналған корпуста өмір сүреді өзі. Осы хат­ты оқып тұрып әрбіріміз өз әуреміздің әлемінде өмір сүретініміз жайлы ойландым. Анаңның жүзін айлап көрмей, өз шаруаңмен айналып, алыста жүресің. Хабарласып қана қойғаныңды қанағат тұтасың. Ал бір күні… Барайын десең, басқа ауылда. Көрейін десең, келместің кемесінде. Мейірлене сүйейін десең, мәңгілік мекенінде. Сондайда бүкіл дүниенің бәрі де түптеп келгенде аялы анаңның «айналайын» деген бір-ақ ауыз сөзіне татымайтынын түсінесің…
Жанымды ауыртатын бір өкініш – жақсы көретінімді көзі тірісінде айта алмағаным. Басымнан сипап, бауырына басқан сәтінде сол бір сөзді күт­ті ме екен, білмеймін. Бір байқағаным, осы бір мінез қазақ балаларына тән мінез. Іштегі сөзді іркіп қаламыз. Ықыласымызды білдіруге ыңғайсызданып тұрамыз. Сыпайылық сырбаз мінезге ауысады, ер мінезді сыртқа шығармай, саялы жанға салқын қараймыз. «Абай жолында» оқудан келген бала Абайға «әуелі әкеңе амандас» деп әжесінің ымдайтыны секілді, дала табиғаты бізді қатқыл етіп жіберетіндей көрінеді.
Қазақтың қай перзентінің де, әсіресе ұлысқа аты шыққан ұлық ұлдарының ұқсас мінезі көп. Соның бәрі де ұлғайған шағында «ананың ақ сүтін ақтай алдық па?», «ана алдындағы қарыз өтелді ме?» деген сауалға жауап іздейді.
Ақиқат­тың алдаспаны – Шер-ағаң, Шерхан Мұртаза шығармаларында да осы сауал бар: «Ал мен болсам жатып аламын да ойланамын: анасы үшін о дүниедегі балалар отқа түсе жаздағанда, бұ дүниедегі біз сияқты пәндалар не бітіріп жүрміз? Не жақсылық жасадық анамызға?! Мен паркке бара жатқанда, Қазыбек би көшесі мен Қонаев көшесінің қиылысында бір мәшке ит­ті машина басып кет­ті. Жаңадан күшіктеген екен. Күшіктері арыққа төселген құбырдың ішінде қалған. Машина соларды таптап кетеді-ау деп, ана сорлы моторлы тажалға қарсы ұмтылған.
– Ана сүтін ақ ішкен адал ұлға, Дүниенің төрт бұрышы болар тұлға! – дер еді Айша…
Ана қарызынан қалай құтыламыз?!».
Мұқағалиды да мұңайтқан осы сауал. Анасының естелігін оқып отырсақ, талай ойға жетелейді: «Бiрде үйде отырсам, Мұқағали келдi. Менiң таптым дегенiм болмаса, ұлымды енем, әжесi асыраған. Сондықтан да өзiммен жеңгесiндей қалжыңдасатын. «Әй, Нағиман, – дедi, – маған шеше болып қалдың ба?». «Өй, шешек, әжең өлiп қалған соң саған мен шеше болмағанда, кiм шеше болмақ?» – дедiм мен де тыныш отырмай. Содан Мұқағалиым басын шайқап бiраз тұрды да, жаныма келiп, иығымнан құшақтап: «Анашым, есiмiңдi елге шығарайын деп жүр едiм. Меккеге апарсам да борышымды өтермiн бе? Осы күнi өзiңдi көп ойлаймын. Құрбан айтқа ауылға бабамның басына апарып, егер сонда өлiп қалсаң, көмiп, аман-есен оралсаң, қолыңды жылы суға малып қойсам деймiн».
Көп ұзамай, ұлы ақынның өзі де көз жұмды. Дегенмен Мұқағали ақынның «Шеше, сен бақыт­тысың…» деп басталатын жүрек әлдиі әлі күн көптің көкейінде сайрап жатқандай.
Қадыр Мырза Әлидің анасының құлпытасына жазған бір ауыз өлеңінен ақын жанын азаптаған өкініштің жалынын сезесіз:
Бала боп қызық көрмеген,
Баладан қызық көрмеген,
Байдан да қызық көрмеген,
Қайдан да қызық көрмеген,
Бұл жерде жатыр кейуана…
Бұдан қазақтың маңдайалды тұлғалары анасына жақсылық жасай алмапты деген ой тумаса керек. Бұл – ана алдындағы қарызды шексіз сезіну. Ана есімін ұлықтау. Ананың ақ шашты басына алтын тәж кигізу. Жаратушыдан кейінгі жақыным деп білу. Себебі, Ел де – Ана, Отан да – Ана. Жұмекен Нәжіменовтің «Ақ сүт» поэмасынан осы ойды толық сезінесіз:
…Ақ сүт – қымбат,
Әлгіндей ер ұлдар да нар-талап
ырза етпесе анасын
ғұмыр бойы арқалап!
Ойланайық, жігіт­тер,
ақ сүт­тердің бұлағы
өтелмеген парыз боп
мойнымызда жүр әлі; 
Бір ананың ақсүтін ақтау –
қиын әңгіме,
жетер емес ғұмырың:
қарағанда әлгіге.
Бір ананың ақ сүтін
өтеу қиын соншама,
бір-ақ түннің ақ сүтін
бұлай бұлдар болса ана.
Қайтып орындалады
ойыңдағың, мақсұтың, – 
қайтып ақтар екенбіз
Ел-ананың ақ сүтін?!
Әзиз де біздің Аналар! Әспет­ті біздің
Аналар! Әділ де біздің Аналар!
Жаугершілік заманнан, ашаршылық пен жұт­тан, тоталитарлық жүйенің зұлмат жылдарынан, тоқсаныншы жылдардың толқымалы кезінен де біз Ана бейнесін, Ана рухын, Ана қайратын көреміз. Жадтан өшіп, жанымыздан таңбасы кете қоймаған тоқсаныншы жылдардан бізді алып шыққан қазақ әйелінің қажыр-қайраты! Сол жылдар жайлы бір суретші картина жазар болса, ала қап арқалап бара жатқан ананың бейнесін берер ме еді деп ойлаймын. Сол бейне тоқсаныншы жылдардың тұтас шындығын көрсете алар еді.
Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында Алматыда ана культі ерекше көрінді. Алматыға ауыл-ауылдан ақ жаулықты Аналар келді. Олар тұтас бір дәуірдің, тұтас бір ұрпақтың Анасына айналды. Классик жазушымыз Әбіш Кекілбайұлының анасы – Айсәуле ананың мына бір естелігіне қарайық: «Отағасымның қазасын естігенде Әбішім қаршадай еді. Құдайға шүкір, жет­тім, жетілдім, асырап өсірдім. Жетім атын естіртпедім. Әбішім менікі емес, құдайдыкі, менікі емес, көптікі. Аруақ берді, құдай берді. Мендей кісі кімде жоқ. Құдайға да, халыққа да ырзамын. Кейін жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, Алматы асқан жалғыз мен емес екенмін… Әсіресе Асқардың анасы, Қайрат­тың анасы, Әбдіжәмілдің жеңгесі әңгімеміз жарасқан қатар-құрбы болып, көп араластық. «Асқардың анасы», «Әбіштің анасы» деп сөйлейтін бүкіл Алматы»…
Жиырмадан асқан жасында жесір қалған Қымбат ана – интеллектуал Асқар Сүлейменовтің Айтотысы жайлы әңгімелердің өзі аңызға бергісіз!..
Осы Аналар – Ел аналарына айналды.
Маңғыстауда ел тілегін тілеген аналардың құрметіне, соғыстан оралмаған жарларын күткен аналарымыздың символикалық белгісі ретінде, Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анамызға арнап «Ай ана» ескерткіші бой көтерген еді. Абыз Әбіштің әзиз анасы туралы «білегі – еріне, тілегі – еліне» деген тебіреніске толы сөзінің өзі талай дүниеден хабар берсе керек-ті.
Қастерлі біздің Аналар! Қара нар біздің Аналар! Қадірлі біздің Аналар!
…Былтыр ғана Анамның жетпіс жасқа толған мерейлі күнін мерекелеп берген едік. «Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды» деп ән айтып бергеніміз де кеше сияқты еді. Кейінгі жылдардың көп кейісі мен күрсінісін жүрегіне ауыр алды ма, жаңа жылдың табалдырығында тұрып, аманатқа алған жанын Жаратушы иемізге тапсырды. Тілеуқор Анам! Батагөй Анам!
Әйгілі Румидің сөзін сәл өзгертіп айтсақ, аналардың қабірін мазарлардан іздемеу керек, олардың мәңгілік мекені – біздің жүрегімізде. Сен менің жүрегімдесің – әзиз Ана!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

ПІКІРЛЕР2
Аноним 27.02.2024 | 20:34

Қандай керемет жазылған! Тұшынып тұрып, құмарлана , бас алмай оқыдым. Аналардың бейнесін керемет етіп бейнелегенсіз!

Аноним 08.03.2024 | 13:02

ШӘМШІП ҚАЛДОЯҚВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір