Күй туралы аңыздар
19.04.2023
2381
3

«Ақжелең»
Ұзақ Мырзабайұлы – Құрманғазының ұстазы болған атақты домбырашы, бұрынғы Бөкей хандығына, қазіргі Атырау, Орал-Жайық алқабына атағы жайылған дүлдүл күйші. Күйшінің өмірі жайлы деректер өте аз. «Өмір сүрген кезеңі, шамамен алғанда, ХVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысына келеді», – деп атап көрсеткен Ахмет Жұбанов өз еңбегінде.
Туып-өскен жері Жайық өзенінің шығыс жақ беті болғанымен, домбырашылық дәстүрде Ұзақ Бөкей өңіріне бейім болды (Өзі Алатауда туғанымен әншілік сүтін Көкшетау дәстүрінен еміп ауызданған Балуан Шолақ сияқты). Өмір тәжірибесі де, көрген-білгені де көп Ұзақ қайда жүрсе де қадірлі, сыйлы қонақ болды. Өзі күй шығаруды машық етпегеннен бе, Ұзақтың атымен байланысты күй бізге бірен-саран болып қана жетіп жүр. Бірақ аса қабілетті орындаушылығы мен сол өңірдің күй қорының көпшілігін меңгергенінің арқасында Ұзақ күй жарысында жүлдені басқаларға бере қоймайтын.
Міне, осы Ұзақ қарт өзінің бір сапарында Сағырбай қоңсы қонып отырған баяғы Шағбала байдың ауылына келеді. Әдетінше, байды, барды сағаламайтын Ұзақтың ат маңдайы Сағырбайдың қоңыр үйіне келіп тіреледі. Қонақжай Алқа аймағы Ұзақты жақсы күтіп, сыйлайды. Күй кешіне жиналған халық Сағырбайдың төрт қанат үйінің «аузы-мұрнынан» шығады. Таң саз беріп атқанша Ұзақтың күйі таусылмайды. Бірінің артынан бірі түйдектеліп небір әсем күйлер кетіп жатады. Күйдің басында, орта жеріне ауызша түсінік беріп, аяғында «осылай болыпты» деп қорытқан сан түрлі, сан мазмұнды күйлер тыңдаушы халықты балқытады. Ақылдының сөзіндей ойлы күйлер, шұрқ-шұрқ тесігі көп үйге жел соғып тұрғанын да тыңдаушыларға байқатпайды. Күй кеші – көңіл кешіне айналып, күндіз байдың малын баққан, шөбін шапқан, малын сауған еңбек адамдарының бейнет басқан еңселерін бір көтеріп тастайды. Шалдар басын шайқап, кемпірлер ауыздарын сылп еткізіп, өздерінің ризалықтарын, таң-тамаша қалғандарын әрқайсысы өз бойында бар сезімдерімен білдіреді.
Осы бір көпшіліктің ішінде артықша ықыласпен тыңдап отырған, қаққан, басқан қолдарына көзін айырмай бірдей қарап, күйлердің ара-арасындағы әңгімелерді ауызының суы құрып тыңдап, күйшінің әр қозғалысын қалт жібермей аңдып отырған бала жігіт Құрманғазыға Ұзақтың қырағы көзі түседі. Ауыл адамдары тарқап, өзді-өзі қалған кезде Ұзақ Құрманғазыға домбыра тарттырады. Жас талапкер Ұзақтың өз «Ақжелеңін» бір тартқаннан қағып алып, бұлжытпай қайта орындап береді. Сонда жорамалының жөнге келгеніне қуанған Ұзақ Құрманғазыға ақылын айтып, оның домбырашылығының болашағы айтарлықтай мол екенін тап басып болжаған екен.
«СЕРПЕР»
Зерттеушілер бұл күй жайлы мынадай пікір айтады: «Серпер – қаншама иілтсе де, қаншама еңсесін басса да сынбайтын, мойымайтын, қайта серпіп, бұрынғы қалпына келе беретін, болаттай берік халықтың қайыспас қайсарлығына арналған шығарма». Күйдің шығу тарихы жайында нақты дерек жоқ. Дегенмен ел арасында туынды хақында осындай аңыз таралған:
«Құрманғазы ел аралап жүріп, бір ауылға түседі. Үйдің иесі қонағын төрге шығарып, өзі ас-ауқат дайындау үшін сыртқа шығып кетсе керек. Құрекең жан-жағына қарап, көзі бірден ілулі тұрған домбыраға түседі. Қолына алып, құлағын келтіріп, қайта орнына іліпті. Сәлден кейін үйге қожайынның қызы кіріп, домбыраның басқаша ілулі тұрғанын көреді. Қолына алып қараса, құлақ күйі өзгеше.
– Домбырамды кім алған, – деп жан-жағына қарайды. Ата-анасы қонаққа жалтақтап қоя­ды. – Менің рұқсатымсыз, домбыраға ешкім де тиіспеген, енді өнеріңізді сынайық, егер осал болсаңыз, айыбыңыз дайын тұрсын, – дейді де бір күйді тарта жөнеледі (Ондағысы – «менің шамамды қара, мықты болсаң, аса түс» дегені).
Күй соңына дейін үнсіз отырған Құрманғазы:
– Қарағым, күйдің оғын емес, боғын тарт­тың ғой, – деп қызға қарайды. Бәрі аң-таң. Қыздың өнеріне осы күнге дейін осындай баға берген ешкім болмапты. Жауап күтпей, Құрманғазы домбыраны өзі алып, бір күй тарта жөнеледі. Күй аяқталғанда үй иесі:
– Айналайын, бұл аймақта мына қызымнан асқан күйші жоқ еді. Өзің шебер екенсің. Қызылқұрт елінде Құрманғазы есімді алапат күйші бар деп естіп едік. Сол күйші өзің боларсың-ау, – дейді.
Құрманғазы ақырын ғана:
– Болсақ, болармыз, – деп қысқа қайырыпты. Ел ішіндегі аңыз бойынша, Құрманғазы сол кезде «Серпер» күйін орындаған екен.

«БОЗАЙҒЫР»
Қалмақ ордасы талқандалғаннан кейін, қалмақтың ең соңғы ханзадасы Қалдан Сереннің ұлы Әмірсана азғантай нөкерімен келіп Абылай ханды паналайды. Алайда Ресей мен Қытай сияқты ұлы империялар Әмірсананы қайтаруды талап етіп Абылай ханға қайта-қайта хат жазады, елшілер жібереді.
Ақырында Абылай хан: «Қарағым, мен енді сені ұстап отыра алмаймын. Сені үлкен елдер сұрап отыр, қол-аяғыңды байлап және ұстап бере алмаймын. Әкең Қалдан Серенге берген сертім бар еді. Сондықтан қасыңа жүз нөкер берем, қару-жарақ берем. Жолыңды тап, алдыңнан Тәңір жарылқасын, Қолымнан келгені осы», – деп ханзаданы шығарып салады.
Кейіннен Әмірсана атысып-шабысып жүріп әйтеуір бір жерде өлді деген хабар жетеді. Сол кезде Абылайдың ордасына Қытайдың үлкен елшілігі келеді. Дастарқан үстіндегі дәстүрлі қабылдау кезінде Қытайдың бас елшісі Абылайға қаратып: «Менің Боғды ханым қалмақтың бүлікшіл ханзадасы осы қазақ жерінде өлді деп естіп мені сізге аттандырды. Боғды ханның сізге айтар тілегі, қазақ жеріне жиырма мың Қытайдың әскерін кіргізуге және ол әскерге Ертістің суын сүзіп, орман-тоғайды аралап Әмірсананың мүрдесін іздеуге рұқсат етсе екен дейді. Бұған не дейсіз, Хан?» – дейді. Абылай ештеңе демейді, тек бар болғаны: «Ас алыңыз, қонақ», – дейді.
Біршама уақыттан кейін өзінің оң тізесін басып отырған Байжігітке қарап әлдебір белгі береді. Байжігіт домбырасын алдына өңгеріп алған соң елшіге назар аударып: «Құрметті елші, қазақта күйдің тарихы деген болады. Мен сізге «Бозайғыр» деген бір күй тартып берейін. Баяғыда жау келіп, елді шауып, көп жылқыны айдап кетеді. Сонда жылқының құты – Бозайғыр үйірінен бөліне қашып, туған жеріне қарай тартады. Жаулар қанша ат ауыстырып мініп қуса да Бозайғыр қара шалдырмай кетеді. Сонда Бозайғыр туған жерінің өртенген жұртына келіп, артқы аяғын қағынып, күңіреніп тұрған екен», – деп, күркіретіп тұрып тамаша күй тартқан екен.
Ертеңінде Қытайдың елшісі ханның қабылдауына қайта келіп, мәжіліс үстінде: «Ал, хан, біздің кешегі тілегімізге, не айтасыз, мен өзімнің әміршіме не жауап айтып барайын?» – дегенде. Абылай хан жайбарақат қана: «Жауабы кеше берілді емес пе?» – депті. Сонда сырын терең сақтайтын, бет әлпетінен ештеңе біліне қоймайтын қытай елшісі құрметпен бас иеді де шығып жүре береді.
Енді хикаяның екінші тармағы Қытайдың Боғдыханының сарайында өтеді. Қазақ ордасынан қайтып келген елші болған жайдың барлығын баяндайды да, ең соңында: «Қазақ ханы неге екенін білмеймін, сіздің тілегіңізге жауап қайтармады. «Жауап кеше берілді», – деп қоя берді», – дейді. Қазақ ордасының жай-жапсарына әміршілерінің бедел-салмағына, қазақтың әдет-ғұрпына қанық Боғды хан елшіден: «Қабылдау кезінде қандай билер мен сұлтандар болды, кім қай жерде отырды, табақтың тартылу реті қалай болды?» – деп сұрайды. Елші сұраққа орай, орда ішіндегі жағдайды да тәпіштеп айтып береді.
Боғды хан ойланып отырып: «Дастарқан басында күй тартылды ма?» – дейді. «Иә, тартылды», – дейді елші. «Нендей күй, кім тартты, хикаясы қандай?» – дейді Боғдыхан. Елші: «Күйдің аты «Бозайғыр» екен. Хикаясы пәлен-пәлен екен. Күйді тартқан адам – Абылай ханның уәзірі Байжігіт мырза», – дейді. Боғдыхан біраз уақыт мүлгіп ойланып қалады. Ақырында: «Дұрыс, Абылайдың жауабын мен түсіндім. Оның айтпағы – «Әмірсананы іздеген болып, ел ішіне әскер кіргізесің. Басқаны бағындырсаң да, Бозайғыр сияқты асау қазақты бағындыра алмайсың» дегені екен», – дейді.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 11.12.2023 | 10:35

всем пр

Аноним 13.12.2023 | 13:52

Кемет аңыз екен

Аноним 14.12.2023 | 14:01

Негізгі идеясы қандай сонда шертпенің

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір