Ай ханым туралы аңыз
08.04.2024
2080
0

Адамсыз жерде тарих жоқ. Тарихты жасаған – Адам. Бірақ солай бола тұра адамзат жаратылған алғашқы күннен өз тарихын тасқа басып қалдыра алмаған. Оған оның жазу өнерін тым кеш, арада сан мыңдаған жылдар өткеннен кейін меңгергені айыпты болса керек.
Осы ретте тылсым дүниеге жіті көз салып, тарих қойнауындағы құпияларды танып-білу арқылы түрік халықтарының беріде пайда болған жас этнос емес, сан мыңжылдықты құрайтын тарихы бар, ежелден келе жатқан көне халықтардың бірі екенін дәлелдейтін «Өмірбаян туған күннен басталады», «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар» атты зерттеу еңбектерінің және өзге де 40-тан астам кітаптардың авторы, қаламгер-ғалым, тарихшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлына жолығып, адамзат өркениеті жайында ой бөліскен едік.

  – 1991 жылы Африканың Батысындағы Гвинея мен Малидің шекарасына жақын жердегі Конакри қаласынан солтүстікке қарай қалың жыныстың арасынан алып ескерткіш табылды, – деп бастады әңгімесін Қойшығара ағамыз. – Атлант мұхиты жағына қараған гранит жартастың тарамынан ойып жасалған мүсінді алғаш жариялаған италия геологы – профессор Анджело Питони. Осы ғалымның дерегі бойынша, ескерткіштің биіктігі – 150 метр, жасалғанына 20-35 мың жыл болған. Ескерткіш әйел адамға арналған. Кейінгі зерттеуші ғалымдардың анықтауынша, оның бет-бейнесі африкалықтарға да, еуропалықтарға да ұқсамайды, азиялықтар мен Америка үндістеріне (майяларға) келеді. Ғалымдар оған «Мали ханымы» деген есім беріп: «Ескерткіштің жасалған уақыты – тас дәуірі. Гранит жартастан мұндай мүсінді тұтас ойып қашайтын құрал ол заманның адамдарында болған жоқ. Бұл ғылымға беймәлім көне дәуірдегі дамыған әлдебір өркениеттен, бәлкім, аңызда айтылатын Атланттардан қалған мұра болуы мүмкін», – деген болжамдарын ғана ұсынды.
Егер, ғалымдардың ескерткіш жасын осы анықтаулары шындық болса, онда тарих ғылымы көрсеткен «Тас дәуірі» деп аталған кезеңнің дұрыстығына күмән күшейеді. Өйткені палеолит, мезолитті былай қойғанда, неолит заманының жетілдірілген тас құралының өзімен гранит таудан қашап, мынандай алып ескерткішті мүсіндеу мүмкін емес. Мұның солай екенін ескерткішті зерттеген ғалымдар да мойындап: «Қазіргі ғылымға белгісіз ежелгі бір ілгерілеген өркениеттен немесе аңыз ел атланттардан қалған мұра», – деп қорытынды жасады.
– Сіздің әңгімеңізден, ресми тарихтағы «тас дәуірі» мерзімінің шындықтан алшақтығы әрі табылған деректердің адамзат өркениетінің шежіресін нақты қамтуға мүмкіндік бере алмайтынын ұғып отырмыз. Тарихты мейлінше қамту үшін енді қандай практикалық амалдарға жүгінген жөн?
– Белгілі бір шындыққа қол жеткізу үшін заттық айғақтарға сүйенген ресми тарих дерегімен қатар, сол заманда өмір сүрген халықтардың кейінгі ұрпақтарының ата-бабасынан естіп, өздерінің жадында сақтап, бірден-бірге жалғастырып, бүгінге жеткен ауызша тарихының (мифтердің, аңыз-әңгімелердің, ертегілердің, ерлік дастандарының және т.б.) берер тарихтық, тілдік мәліметтеріне жүгінгеннен басқа амал жоқ па дейміз. Ресми тарих ғылымының археологиялық заттық айғақтар арқылы жасалған тұжырымына қарағанда, есте жоқ ескі заманның ежелгі халықтары жөнінде білетінін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ата-бабаларының жадына сүйенген Халықтың Ауызша Тарихының (ХАТ) берер мағлұматынан қалайда кәдеге асар шындық дәнін табуға болатын секілді. Өйткені діни кітаптар мен мифтердің халықтың жадында жатталып қалған мәліметтерді өз бойына жинап, бір кезде болған нақты оқиғаның елесін берері мәлім.
Тек сол шындық дәнін көре білер көз, тани алар мол таным, аңыз қауызынан тазартар білім мен білік, ой тереңінен түйін түйе алар зерде, шынайы ықылас, ниет болсын деңіз.

– Мынауыңыз орынды пікір екен. Қазақ тарихының тәжірибесінде жыр-дастандардағы дерекке сүйенетін тұстар бар емес пе еді. ХАТ-тың мағлұмат берер деректеріне үңіліп, пайымды тұжырымға тиянақ етер қандай жайтты айтар едіңіз?
– Адамзат баласының жаралғаннан бергі өмір жолының бастау кезеңін дәуірлерге бөліп қараған ресми дәстүрлі тарих ғылымы секілді халықтың ауызша тарихын да дәуірлерге бөліп қарастырғанын көреміз. Бірақ халықтың ауызша тарихы бұл кезеңді бүгінгі кәсіби тарихшылар тәрізді «дәуір» демей, «ғасыр» деп атаған. Мысалы, грек мифтерін зерттеген орыс ғалымы Николай Альбертович Кун өзінің «Мифы древней Греции» атты еңбегінде бұл кезеңнің «Бес ғасыр» делінетінін атап көрсетіп, әр ғасырдың адамдары жөнінде аз да болса арнайы дерек береді.
Бірінші ғасыр. «Сәулетті Олимпте өмір сүріп жатқан құдіретті құдайлар алғашқы адамзат баласын бақытты етіп жаратты. Оларға көк әлемінен Крон құдай билік етті. Бақыт нұрына бөленген құдайлар секілді бұл кезеңнің адамдары да қайғы-мұңсыз өмір сүрді. Ол адамзат баласының «Алтын ғасыры» еді. Бірақ уақыт өте келе «Алтын ғасыр» жер бетінен ғайып болды.
Екінші ғасыр. «Күміс ғасыр» деп аталатын бұл ғасырдың адамдары ақылы жағынан да, күш-қуаты жағынан да «Алтын ғасырдың» адамдарымен теңесе алмайтын еді. Олар жүзге келгенше анасының бағымында болып, содан кейін ғана өз бетінше күн көретін. Бірақ есейгеннен кейін де өздерінің ақылсыздығына байланысты бақытсыздыққа ұшырап, көп азап шеккендіктен олардың ғұмыры ұзаққа созылмады. Кронның даңқты ұлы – Зевс адамзаттың бұл ұрпағын жер бетінен жойып жіберді.
Үшінші ғасыр. Зевс бұдан кейін адамзат баласының үшінші ұрпағын өмірге әкеліп, «Мыс ғасырын» орнатты. Бұл ғасырдың адамдары «Күміс ғасырдың» адамдарына ұқсамайтын. Зевс бұларды найзаның ағаш сабынан жасаған. Олар өркөкірек, шетінен соғысқұмар жандар еді. Олар бірін-бірі өлтірді, сөйтіп ажал оларды жалмап тынды.
Төртінші ғасыр. Зевс адамдардың басқа жаңа ұрпағын жаратты. Бұлар жер өнімдерін азық еткен, бұрынғыларға қарағанда мейлінше қайырымды, мейлінше әділ, құдайларға пара-пар жартылай құдай – батырлар әулеті еді. Олар Қадм еліндегі Эдиптің мұрасы үшін шайқаста Фивтің жеті қақпасының алдында қаза тапты. Қалғандары Троя соғысында мерт болды.
Бесінші ғасыр. Адамзат баласының соңғы ғасыры – «Темір ғасыры». Ол жер жүзінде қазір де жалғасып жатыр. Азапты еңбек пен қайғы адамдарды күні-түні әуреге салады, олардың мойнына ауыр тауқымет артылған. Құдайлар зұлымдыққа ізгілікті араластырып бағады, бірақ бәрібір зұлымдық үстемдік алып, бар жерде өз билігін жүргізуде. Балалар ата-анасын құрметтемейді, достар досына адалдық сақтамайды, қонақ жылы қабақпен күтілмейді, ағайын арасында бауырмалдық жоқ. Адамдар берген антында тұрмайды, қайырымдылық пен шындықты бағаламайды. Бір-бірінің қаласын талқандайды. Барлық жерде зорлық, күш көрсету. Тек астамшылық пен күштілік қана бағаланады. Ұят пен Әділет құдайлары олардан әлдеқашан безініп, ақ киімдеріне оранып, Олимп тауындағы мәңгілік құдайларға кетті, адамдарға тек ауыр азап қана қалды. Олардың зұлымдықтан қорғаушысы жоқ», – делінеді.
– Қасиетті Құранда да азғындаған адамзат қауымын Алла Тағаланың бірнеше дүркін жойып жібергені айтылады (Әл-Әнбиә сүресі: 77-аят; Әл-Мүминун сүресі: 31, 41-аяттар, Әл-Ғанкәбут сүресі: 14, 34, 37, 38, 40-аяттар). Сөйтіп, жаңа адамзат ұрпағы қалыптасады. Оның ішінде жұрт жаппай білетін Нұх (ғ.с.) пайғамбар мен топан су жайлы оқиға. Мына грек аңыздары да сол адамзат өркениетінің төрт дүркін жойылып, қазір бесінші адамзат қауымының тірлік кешіп жатқанын аңдататындай. Бұдан нені аңғарып, нені топшылауға болады? Осыдан өрбитін ойды ресми тарих ғылымымен салыстырып қарау қаншалықты ақылға қонымды?
– Бұдан ең алдымен байқалатыны: Халықтың Ауызша Тарихының (ХАТ) грек мифологиясындағы «Бес ғасырының» атына анықтаушы болып тұрған металдар ресми тарих ұсынған дәуірлердің атындағы тас, мыс, қола, темір секілді ежелгі адамдардың пайдаланған еңбек құралдарының түрін білдірмейді. Оған керісінше, бұлар әр ғасырдағы өмір сүрген адамдардың адамдық сапасының балама көрсеткіш теңеуі ретінде беріледі. Ғасыр ауысқан сайын адамзаттың адамдық қасиеттен біртіндеп төмендей беретінін байқаймыз. Ал ресми тарих дерегінде керісінше, еңбек құралдары өзгеріп, жетілген сайын ежелгі адамдардың әлеуметтік даму деңгейі көтеріле түседі.
Жаратылыстың бастауына қатысты өзіндік мәлімет беретін грек мифологиясы жер бетіндегі тіршілікті жаратып, соған әмірін жүргізген алғашқы аспан құдайы – Уран мен жер құдайы – Гея екеніне тоқталады. Ал мына Крон құдай болса, ол – осы Уран мен Геяның ұлы. Осыған орай адамзат баласының өмір жолын кезеңге бөлген миф авторларының «Аспан құдайы Уранның заманын аттап өтіп, адамзат тарихын Кронның дәуірінен бастап, оны «Адамзат баласының алтын ғасыры» деп атауы неліктен? Қалай болғанда да, алғашқы адамдардың жер бетінде пайда бола салып, бірден жетіліп кетпегенін, белгілі бір кезеңде қалайда жабайылық дәуірді бастан өткергенін – зерде мойындайтын шындық қой.
Бұл арада басы ашық бір мәселе бар. Ол – адамзат баласының бастау тарихының кезеңдерін, жоғарыда айтылғандай, бес ғасырға бөліп көрсетушілердің соңғы «Темір ғасырының» адамдары екені. Мұны мифтегі: «Адамзат баласының соңғы ғасыры – Темір ғасыры. Ол жер жүзінде қазір де жалғасып жатыр», – деген тұжырым одан әрі нақтылай түседі. Осыған қарағанда, адамзат баласының бастау тарихын Крон құдай дәуірінен тарқатып, «Алтын ғасыр» адамдарын «алғашқы адамдар» деп тануы – жай білместік не кездейсоқтық болмаса керек. Мұнда өзіндік бір тарихи заңдылық бары анық.
– Әлгінде сөз басында айтылған Африкадан табылған алып ескерткішті жартастан қашап шығарған кімдер? Олардың бүгінгі адамзат баласына қатысы бар ма? Бар болса қазіргі қай халықтың тегінен? Ескерткіш кімге арналған, мифология мазмұнынан оны анықтауға мүмкіндік берер дерек табыла ма?
– Ең алдымен, «Мали ханымы» ескерткішінің жасалған мерзіміне көңіл аударайық. Ол 20-35 мың жыл бұрын жасалған. Бұл кезең – грек мифологиясындағы құдайлар дәуірінің кенжесі Кронұлы Зевстің дәуірлеген кезі. Зевстің билігі адамзат баласының ғұмыр жолын бес ғасырға бөлген миф дерегінде екінші – «Күміс ғасырдан» басталады да, соңына дейін жалғасады. Бұған жоғарыда келтірілген миф дерегіндегі: «Адамзаттың бұл ұрпағын Кронның даңқты ұлы Зевс жер бетінен жойып жіберді», – деген жолдар айғақ.
Оның осы құзіреттігі Зевс дәуіріне қатысты деректерге мұқият үңілуге үндеп, «Мали ханымның» кім болуы мүмкін екенін анықтауға ыммен шақыратындай. Зевстің көңіл жарастырған толып жатқан сүйіктісінің арасынан Ио есімді аруға қатысты жайт елең еткізеді. Мұндағы басты ерекшелік – Зевстің ажалды пенделердің ішінен тек Иоға ғана ғашық болып, оған Африка жерінде үйленуі.
Жалпы Ио туралы мифтік аңыздар баршылық әрі олардың айтары да әр қилы. Солардың ішінен маңызды мәлімет беретін Овидийдің «Прометей прикованный» трагедиясындағы Иоға қытысты деректерді жүйелеп мазмұндаған мифтанушы Николай Кунның «Легенды и мифы Древней Греции» атты еңбегімен бірге, тарих атасы Геродоттың әйгілі «Тарихындағы» деректер ерекше назар аудартады.
Н. Кунның мазмұндауы бойынша оқиға былай өріледі: «Зевс ғажайып сұлу қыз Иоға ғашық болады. Біліп қалса, қызғаншақ әйелі Гераның сүйіктісіне қастандық жасайтынын ойлаған Зевс Ионы ақ танаға айналдырып, көзден тасалауға ұйғарады. Күйеуінің айласын сезген Гера сүйкімді ақ танаға қызыққан болып, оны өзіне сыйлауын өтінеді. Бермеске сенімді сылтау таба алмаған Зевс амалсыз Ионы әйелі Гераға беруге мәжбүр болады. Осылайша күндесін қолға түсірген Гера оны жүзкөзді Аргусқа күзеттіріп қояды.
Қапияда айырылып қалған ғашығының қайғырып, азапта жүргенін көрген Зевс өзінің ұлы – желаяқ Герместі шақырып алып, оған қалай да ақ тананы бостандыққа шығаруды тапсырады. Гермес жүзкөзді Аргусқа түрлі қызықты әңгіме, ертегі айтып, көзіне ұйқы үйіреді. Маужыраған Аргус қалғып кетіп, бір сәт жүз көзін түгел жұмған кезде қайқы қылышпен басын қағып түсіреді. Сөйтіп, Ионы азат етеді.
Бірақ бұл да жанын қызғаныш билеген Гераның қаһарынан бейшараны құтқара алмайды. Дереу оның соңынан жантүршігерлік екі шанышқақты (оқыра) жөнелтеді. Шаққан жерінің қанын сорғалататын жәндіктер ақ танаға тыным бермей алдына салып, өңкілдетіп қуады да отырады. Оқырадан жан таппай безген ақ тананың қашып бармаған тауы, баспаған жері қалмайды. Сорлап, қалжырап жүріп скиф даласындағы теріскей шыңдардың біріне шегеленген Прометейге жолығады. Әбден азып-тозған Ио ендігі тағдырының не болатынын айтып, Прометейден көмектесуін өтінеді. Оған Прометей: «О, верь мне Ио! Лучше не знать тебе, чем знать. Много еще стран пройдешь ты, много встретишь ужасов на своем пути. Твой тяжкий путь лежит через страну скифов, через высокий снежный Кавказ… Наконец достигнешь ты Библинский гор, с них извергает свои благодатные воды Нил. Вот там-то, в стране, которую орошает Нил, у его устья найдешь ты покой. Там вернет тебе Зевс твой прежний, прекрасный образ, и родится у тебя сын Эпаф. Он будет властовать над всем Египтом и будет родоначальником славного поколения героев. Из этого рода произойдет тот смертный, который освободит меня из оков. Вот что, Ио, поведала о судьбе твоей мать мая Фемида» (Кун Н. Легенды и мифы Древней Греции. Ал.: изд. «Жалын». 1985. Стр. 68-69), – дейді.
– Ажалдылардан шыққан Ионың тағдыры ауыр әрі оқиғасы ынтықтыра түседі екен.
– Иоға қытысты миф деректерін зерделеу барысында бір анықталған жайт – оның есімінің Ио емес, «Иө» екендігі. Аңызды хатқа түсірген үнді еуропалықтар «ө» дыбысын өз мәнінде бере алмағандықтан Иө-ні Ио-ға айналдырып жіберген. Көне заманда түркітілдес халықтар күнді – «ра», айды – «иө» деп атаған. Бұлай атау кейін көне мысыр және Майя халықтарында сақталған. Қытайлықтар айды қазір де – «иө», күнді – «ре» дейді.
Ақ танаға айналған миф кейіпкерінің арып-ашып Африкаға жетіп, қайтадан адам бейнесіне енген жері «Тыныс-номда» «Ио» делінбей, «Ай» деп аталуы да, одан кейін тана елінің әрі билеушісі, әрі Құдай-анасы болған кезде есімінің тана елінің атауымен бірігіп, «Тана-Ай» (Данай) аталуы да айтылғандардың дұрысын құптап, Ио (Иө, Ай,Танай) ару есімінің түріктектер тілінің сөздік қорынан шыққанын одан әрі айғақтай, нақтылай түседі. Бұдан Ио арудың ата-тегі түріктектес халықтардан екенін аңғару да онша қиындық туғызбайды.
– Енді Африка құрлығы мен түріктектестердің арасындағы байланысқа бөгелсеңіз.
– Жоғарыда Прометей Иоға: «Наконец достигнешь ты Библинский гор, с них извергает свои благодатные воды Нил», – деген еді ғой. Міне, осындағы «Библинский гор» – Бибілі тауы. «Бибілі» сөзі көнетүріктің «бибі» деген сөзіне көптікті білдіретін «лі» жұрнағы жалғану арқылы жасалып, «бибісі көп» деген ұғымды білдіреді. Ал «бибі» деп түрік халықтарының тілінде төрелердің, мырзалардың әйелін айтады. Сонда «Бибілі тауы» – түрікше «Бибісі бар тау», «бибісі көп» тау деген ұғымды білдіреді. Қазақтың қарағайы көп жерді – «қарағайлы», жидесі көп жерді – «жиделі», түйесі көп ауылды – «түйелі» дейтіні сияқты.
Бибілі тауынан бастау алған Ніл дарияға келсек, оның да аты түріктік мағынаға ие. Ніл – түрікше ашық көгілдір түстің аты. Соған орай түрік халықтары, оның ішінде қазақтар, жездің тотығып көгерген түрін де «ніл» дейді. Осындай жезі көп жерді «нілді» деп атайды. Орталық Қазақстанның бір өңірі қазір де «Нілді» аталады. Ніл атауы әуелде түстің түрінен, әлде жездің осы түрінің көгілдір-жасыл түсті болуынан шықты ма, ол жағын дәл айту қиын, әйтеуір, арасында бір ортақтастық бары анық. Осыларға қарағанда, Бибілі тауынан құйылған берекелі мол суымен қуаң даланы құлпыртып жатқан арналы дарияның атын көк-жасылданып толқыған суының түріне қарап, бір кезде Африканы мекендеген арғытүріктің аталары (түртектердің) «Ніл» деп атаған да болар. Мұны осыған байланысты қабаттасып жатқан мынандай ұғымдар да құптай түседі.
Аңыз дерегінде Ионың көп сергелдеңнен кейін Африкаға келіп, осында ақ танадан бұрынғы адам кейпіне қайта оралып, тұрақ тапқан жері – «Тыныс» (Тинис) деп аталады. Прометейдің: «В стране, которую орошает Нил, у его устья найдешь ты покой», – дегендегі «покой» тапқан жерінің түрік тілінде «Тыныс» аталуын, оның және түрікше тура аудармасындай бір мағынаны дәл беруін жай бір кездейсоқтыққа тели салу да қиын.
Египет тарихында Ио билік жүргізген алғашқы қауымдастықтың аты «Тыныс ном» (ном – көне түрікше «қауым», «тайпа», «есім» деген мағынаны білдіреді) болса, ал халқының аты – Тана. Сондай-ақ бастауын
Бибілі тауынан алып, созыла ағып жатқан Нілден басқа ежелгі екінші бір өзеннің де, сол өзеннің барып құятын көлінің де атауы осы халықтың атымен «Тана» деп аталған. Тана халқының матриархат дәуірінің дәурені өтіп, патриархат дәуірі күш алғанға дейін осы Тана өзеннің қос қапталы мен Тана көлінің жағалауын мекендегені белгілі. Ионың «Құдай-ана» ретінде танылуы да, Тана-Ай (Дана-ай) деген есмідермен аталатыны да, мифтанушылардың: «(Она) почиталась в Египте по именем Исиды» (Мифы народов мира.стр.547), – дейтіндері де – оның Африкаға келіп, осы тана халқына билік жүргізген кезі. Басқаша айтқанда, Ионың сиыр «танадан» халық тананың бір мүшесіне айналған кезі.
Тана – бейнелеп айтқанда, сиыр малының бойжеткен «қызы». Осы оқиғаны баяндаған мифтанушылар Ио-сиырды орыс тілінде «корова» демей, «белоснежная телка» деп алыпты.
Ио Африкаға келгеннен кейін Зевс оны сиырдан қайтадан адам кейпіне түсіріп, оған үйленеді. Екеуі балалы болып, өмірге Эпаф атты ұл келеді. Кейін ол Прометей айтқандай, бүкіл Мысырдың билеушісі болады және оның ұрпақтарынан аңыздың атақты батырлары шығады. Солардың бірі – әйгілі он екі ерлік жасап, аты аңызға айналған, Прометейдің өзін азаптан құтқарған атақты Геракл.
Міне, осы айтылғандардың бәрі тым көне заманда Африканы түрік халықтарының арғы бабалары (түрктектер) мекендегеніне, Ионың солардың бір перзенті екеніне күдік қалдырмайды ғой дейміз.
– Бірақ солай дегенмен де бұл арада, негізгі тұжырымдардың бәрінің бірыңғай тек мифтік аңыз деректеріне сүйеніп жасалғанына қарап, оқырманның кейбіреуінің айтылғанды қалай да бірден қабылдай қоюының қиындығын да ескермесе болмас. Өйткені миф жан-жақты зерттеліп, ақиқаты анықталған ғылыми дерек емес қой.
– Сондықтан осындай сауалдың туатынын күнілгері ескеріп, «тарих атасы» деп танылған Геродоттың атақты «Тарихындағы» Иоға қатысты деректерге де үңілдік.
Оның жазуындағы Ио туралы оқиға көне грек аңызындағы мән-мазмұннан мүлде бөлек. Бұл арада біз үшін керегі Ионың нақты өмірде болғанында, соның арқасында бұл оқиға халықтың жадында сақталып, Геродоттың қаламы арқылы бізге жетіп отырғанында. Осы арқылы біз жоғарыда айтылған Иоға қатысты әңгімелердің бәрі бірдей қияли бос сөз емес, солардың қай-қайсысының да өзегінде тарихи шындықтың жатқанына сене бастаймыз. Егер бұл оқиға шындық болмаса, Ионың Аргостан Африкаға кетуінің эллиндер мен египеттіктердің қырқысуы себебінен екенін бұлайша дәл айта алмас еді.
«Парсылар мен финикиялықтар осылай дейді. Олардың айтқандарының дәл солай немесе басқаша болғанына мен куәлік ете алмаймын» – деп, айтушылардың сөзінің дұрыстығына кепілдік бермейтінін ескерткенімен, Геродот жалпы оқиғаның болғанына тарихшы ретінде ешқандай күдік келтірмейді. Тарихи дәйек ретінде ұсынады. Ал бұл өз тарапынан Геродот пайдаланған халықтың ауызша тарихының дерегі мен жоғарыда әңгімеге арқау болған мифтік аңыз дерегінің өзара іштей үндесіп, ортақ өзегінде тарихи шындық жатқанын көрсетеді. Осыдан кейін біздің Африкадағы биік жартасқа қашалған әйел мүсінінің иесі – (Геродоттың «Африка жабайылары» деп атайтын ежелгі түріктектес халықтың перзенті) «Ай (Ио, Иө, Тана-Ай) ханым» деген тұжырымға келуіміз шындыққа кері болмаса керек. Ежелгі заманда осындай ерекше құрметке ие болып, алып ескерткіш жасарлықтай Африканың арғы-бергі ауызша не жазбаша тарихында Иодан басқа бірде-бір әйел заты кездеспейді. Сондай-ақ Геродот дерегінен Ионың сауда-саттық жасап жүрген кемемен Африкаға келуі де оның тас ғасырдың емес, өркениетті елдің перзенті екенін анық аңғартады.
Араға бірнеше мыңдаған жыл салып барып, Ионың ұрпақтары бастаған тана жұртының Аргосқа оралуы да, одан кейін Еуразия кеңістігінен төбе көрсетуі де тарихи шындыққа жанасады. Бірақ олар мұнда қашан, қалай келді? Оны айғақтар мифологиялық та, тарихтық та дерек сақталмаған. Оның есесіне, тана халқының сонау көне заманда Ұлы далада болғанын дәлелдер нақты із сайрап жатыр.
Тана халқының жоғалып кетпегенін, ұрпақтарының бірден-бірге жалғасып бүгінге жеткенін дәлелдер қазіргі түріктектес қазақ, башқұрт халықтарының құрамында «Тана» деп аталар іргелі тайпалар бар. Кейін Дон деп аталып кеткен «Тана» өзені (қазіргі Дон грек жазбаларында «Танаис» деп аталған), сол өзеннің Азау (Азов) теңізіне құяр оң жағалауындағы көне заман тарихшылары жазатын Тана қаласы (х.д. дейінгі ІІІ ғ. – христиан дәуірінен (х.д.) кейінгі Vғ.) бар.
Созыла аққан Тобыл өзенінің қос қапталын танайдың (данайдың) қос тайпасы мекендегендіктен «Қостанай» атанып, керіліп жатқан кең-байтақ тұтас бір өңірге айналған. Оңтүстік Оралдың осы Қостанай өңірі жақ бетінде атақты Аркаим төңірегімен еншілесіп жатқан Таналық өзені мен Таналық қаласы (қазір бұл қаланың орны Ирекл су қоймасының астында қалған)…
Иә, іздер сайрап жатыр. Тек сол сайрап жатқан ізді жаңғыртып, өткенді бүгінмен жалғастырар шынайы тарихтың жоқтығы ғана өкінішті.

Әңгімелескен –
Әділбек Ыбырайымұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір