Күй туралы аңыздар
20.05.2023
439
1

«БАШПАЙ»

Аңыз бойынша, «Башпай» – Қор­қыт­тың өмірінің соңында шығарған ақырғы күйі екен. Қорқыт кілемін төсеп, дарияның бетінде отырғанда қарындасы Ақтамақ ағасына тамақ әкеліп беріп тұрған екен. Күндіз-түні күй тартып, өліммен алысып әбден шаршаған күйші бірде қарындасының әкелген тамағын ішкеннен кейін бойы маужырап, көзі ілініп кетеді. Ас салынған дорбамен қайрақ жылан болып, ілесіп келген ажал қобыздың үні шықпай тұрған кезде күйшіні шағып алады. Жыланның уы бойына жайы­лып, әлсіреп бара жатқан Қорқыт­тан Әзірейіл: «Қандай тілегің бар?» – деп сұрайды. Сонда Қорқыт: «Менің өмірде екі күнәм бар. Біріншісі – өлімнен қырық бір жыл бойы қашқаным. Кілем жайып, Сырдың бетінде отырғанда бірде алай-дүлей дауыл тұрған еді. Сол кезде қарындасыма башпайым тиіп кеткен болатын, екінші күнәм – сол. Сол себепті мені көмгенде осы екі башпайымды ашық қалдырыңдар», – деп, қобызын қолына алып, ең соңғы «Башпай» күйін тартқан екен.

«ТАУҚҰДІРЕТ»

Есте жоқ ескі заманда домбырада жалғыз ғана ішек, тауқұдірет­те жалғыз ғана қанат болыпты. Тауқұдірет­тің жалғыз қанаты еркегінің оң жағына, ұрғашысының сол жағына бітеді екен. Домбыра не істерін білмей іштен тынады. Тауқұдірет болса, күндіз-түні Тәңірге мұңын шағып, қалықтап ұша алатын қос қанат сұрап: «Құдірет-ау, құдірет», – деп жалбарынумен болыпты.
Күндердің бір күнінде тауқұдірет­тің аталығына бір ой келеді, «бүйтіп зарлап жүре бергенше, талпынып тірлік етіп көрейік» дейді де, аналық тауқұдіретпен қолдасып, ұшуды ойлайды. Бірінде – оң қанат, екіншісінде – сол қанат, екі тауқұдірет бір-бірімен қолдасып, қанат­тарын кере серпеді. Сол кезде жерден бауырлары көтеріліп, қалықтай жөнеледі. Жер беті дөңгеленіп төменде қалады. Қос тауқұдірет­тің қанат­тарын жел сүйемелдеп, көк жүзінде рақат­тана самғайды. Сонда көңілдері шат­танған қос тауқұдірет қуаныштарын жасыра алмай: «Құдірет-ау, құдірет, мұныңа да шүкіршілік!» – деп Тәңірге ризашылықтарын білдіріпті. Кейін бұл тауқұдірет­терден туған балапандарға тәңірі қос қанат дарытып еді дейді көнеден жеткен аңыздар.
Осы оқиғадан құлағдар домбырашы «Қос қанат бірігіп еді – ұшты, егер домбырада қос ішек болса ше?» деп ойлайды да, аспапқа екінші ішек тағып көреді. Сонсоң, қос ішекті домбырасын тартып көрсе, ғажайып үн шыға келеді. Домбырашының қуанышында шек болмайды. Тіптен риза болғандығы сонша, ең алғашқы күйін тауқұдіретке арнайды. Тауқұдірет­тің алғашқыда қалай қиналғанын, «Құдірет-ау, құдірет», – деп Тәңірге қалай жалбарынғанын, қолдаса ұшып, көкке самғағанын күй тіліне салады. Шынында да бұл күйді тыңдап отырғанда, көсіп шертетін тұстары «Құдірет-ау, құдірет» деп сөйлеп қоя бергендей әсер етеді екен.

«ТЕПЕҢКӨК»

Тепеңкөк әу баста бір байдың қойға салған шабан аты болыпты. Мың салса, бір баспайтын шабандығына бола Тепеңкөк атанса керек. Күндердің бір күнінде тақымында жүрген Тепеңкөкке жұрт­тан асқан бір сыншының көзі түседі. Сыншы Тепеңкөктің алды-артына шығып, сұқтана қарап тұрып: «Апыр-ай, осы заманның жылқысы азды ма деп жүрсем, жоқ, менің көзім тозған екен ғой. Мына жануар бүйірімді қыздырсаң, бәйгеден келем деп тұр ғой!» – дейді.
Бұл сөзді естіген қойшы: «Бәрекелді, қойға да жете алмайтын Тепеңкөкке қайдағы бәйге!» – деп күледі. Сыншы сол бойда ат басын байдың үйіне тірейді. Сөз арасында сыншы: «Байеке, қырық жылда бір туатын ерен жүйрікті қор қылып, қойға салып қойғаныңыз қалай?» – деп сұрайды байдан.
Бай бұл сөзді көңіліне алып, сыншы келеке етіп отыр-ау деген оймен: «Шын жүйріктің қырық жылда бір туатыны рас болса, сол қырық жылда ортаймайтын дәулетім бар. Менен жүйрік жылқы көргің келсе, қырық жылдан кейін кел!» – деп, қырыс қабақ танытады. Сонда сыншы: «Байеке, көңіліңізге алмаңыз, мен шынымды айтып отырмын. Шыққыр көзім шықпаса, қойшының астындағы Тепеңкөк – алдына қара салмас жүйріктің өзі. Тек, бабын білмей жүрсіздер. Тепеңкөк – бүйірі қызбай шап­пайтын, арқасы қозбай арындамайтын ат. Сол үшін, бәйгеге қосарда екі қоржынның басына құм теңдеп алу керек. Әрі-бері шапқан соң құлағының түбінен тер білінер. Тер білінген соң-ақ Тепеңкөктің бауыры жазылып, созыла шабуға тиіс. Сол кезде қоржын түбін өткір кездікпен тіліп жіберіп, құмын төксе, сонан соң аруағын көтере ұрандап, айқайға салып отырса, Тепеңкөк сақпанның оғындай заулар еді!» – дейді.
Сыншының айтқан сөзіне бай құлақ асып, бәйгеге қосады. Жай қоспайды, аяққаптай ала қоржынға құм теңдеп қосады. Айтқанындай, сол жолы Тепеңкөк небір желаяқ жүйріктерге шаң қаптырып, жалғыз қара болып бәйгеден келіпті. Осыдан кейін бабы табылған Тепеңкөк бәйгенің алдын бермейтін болыпты. Тепеңкөктің шабысын келтірген, арасында ат үстіндегі баланың ұрандаған айқайын білдіретін күй осы тұлпардың әсерінен туыпты.

«ЖАМАЛ-АЙ»

Ертеде бір байдың қызына есігінде жүрген қойшының баласы ғашық болыпты. Жастайынан бірге өскен жарлының баласын байдың қызы да ұнатады екен. Ержетіп, бойжете келе екі жастың бір-біріне деген сезімі тіптен арта түседі. Бұл жағдай бір күні байға белгілі болып, бай тас-талқаны шыға ашуланады да, кедейді басқа жаққа көшіріп жібереді. Енді қайтып ауылының маңынан жүрсе, жазалайтынын ескертеді. Сонда жүрек сезімін жасыра алмаған қойшының баласы:
Қасың сұлу — қағаздың сиясындай,
Мойның ұзын — тоғайдың миясындай.
Қайтсем саған қолымды жеткіземін?
Жатқан жерің — сұңқардың
ұясындай,
Жамал-ай, Жамал-ай,
Болар ма екен амал-ай! —
деп өлеңдетіп әнге салып, күй етіп сыбызғыға қондырыпты.

(Ел аузынан)

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.12.2023 | 22:18

Рақмет өте күшті!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір