КҮЙ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР
29.06.2023
703
1

«Кеңес»

«Кеңес» сөзінің күй атауына айналу себебін бағзы замандардан іздейміз. Ғұндардың арғы ата-бабасы, Шоң би заманынан бастап үш мың жылдық көшпелілер тарихында ру-тайпа көсемдерін кеңесте сайлаған. Ең маңызды мәселелерді кеңесіп отырып шешкен. Бұған Моде тәңір құтының «жүйрік аты» туралы аңызы, Түрік қағанаты көсемдерінің кеңестері, Қазақ хандарының кеңесі, «үш би кеңесі» атанған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би жиыны т.б. толып жатқан тарихи мәні зор кеңестер мысал болады. Көне күйлердің қай-қайсысының да аты жайдан-жай қойыла салмаған. Қай күйді алсақ та, шығу төркінінде тарих ізі сайрап жатқанын көреміз. «Кеңес» атына ие болған күйлердің халық күйшілерінің жадында сақталған ондаған түрі кездеседі. Әрі әр нұсқасы бір-біріне ұқсамайды. Бұл күйлер сыбызғы мен домбырада көбірек тартылады.
Өңір-өңірге кеңінен тараған «Кеңес» ат­ты күйлерді орындаушылар – ел ағасы билер мен батырлар, хандар (Мөңке би, Абылай хан, Бейсембі би, Қожеке, т. б) болып келеді. Бұл күй түрлері көбіне үлкен жиында, тарихи оқиғалардың шиеленіскен кезінде тартылған.

«Алмажай»

Абылай ханның Алмажай деген жүйрік аты болыпты. Бірде хан сол Алмажайымен шауып келе жатып: «Менің Алмажайымдай ат бар ма?! Осы атымның шабысын сипат­тап берген күйшіге ат басындай алтын жамбы тігем», – депті зор мақтанышпен. «Алмажай» күйі тап осы кең дүние­нің шетіне жетсем деп аңсап шап­қан, талмай шапқан жүйрік Алмажайдың шабысын арқау еткен екен.
«Бұл күйді тыңдағанда бүкіл дала шыркөбелек айналып тұлпардың тұяғының астына түскендей күйге бөлейтіні де содан», – дейді көнекөздер.

 «Қаратау шертпесі»

Әдет­те, Сүгір күй тарту алдында әуелі «Қаратау шертпесін» шертіп бастаған деседі бұрынғылар. Бұл күйді автордың өзі «Құлақ күйі» (осы ат­тас күйі де бар, сирек орындалады), «Күй басы» деп атаған. Кейін күй өнеріне «шертпе» деген сипат­тама енгеннен кейін «Қаратау шертпесі» деген атпен тарай бастады, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сияқты күйшінің шәкірт­тері де осылай атауға бейім болды.
«Қаратау шертпесі» домбыра ұстаған кездегі алғашқы шабыт шақыру сәтін көз алдыға келтіреді. Солай бола тұра, мұнда туған жердің табиғаты, Қаратаудан аққан мың бұлақтың сылдырындай келіскен сарын екі немесе үш рет қайталана тартылады, қайырмасының да қайталануы осынша болуы мүмкін. Қысқаша айтқанда, нағыз импровизациялық еркіндікте шығарылған шешен сөздер түйдегі мен күйшінің көпшілік алдында шешіле сөйлеуі де күй сарынынан аңғарылып-ақ тұрады.
«Қаратау шертпесі» тобындағы күйлердің шертілу мінезіне келетін болсақ, негізінен, кәдімгі қазақы көсем қағыс пен ілме қағыстан тұрады.
«Қаратау шертпелері» вариант­тық емес, циклдық формада шығарылған, яғни тараулы күй тобына жатады. Бұл күйдің Төлеген Момбеков, Атабек Асылбеков, Генерал Асқаров шерткен тараулары бізге жет­ті. Құлақ күйінің тараулары үш күйден тұрады, ел ішінде басқа түрлері де бар, бірақ олар осы үш күйдің маңайындағы вариант­тары болып есептеледі.
Төлеген Момбеков шерткен «Қаратау шертпесі» – топтаманың бірінші тарауы. Бұны Сүгірдің жас кезінде Сарыарқада шығарған туындысы деп жобалауға болады, өйткені сол кезеңде көп тараған Арқа әндерінің сарынымен шыққаны бірден көрініп тұрады. Әсресе күйдің бастау мақамы мен қайырмасынан осы үлгі анық аңғарылады.
Бұл жерде күй мен әндегі сарындардың әуендік өзегі өте ұқсас. Күй мен әнге ортақ болып тұрған мелодияның сол кезеңде кең тараған композициялық үлгіден бастау алатынын айту – міндет. Сондықтан осындай қайырымда жаратылған халықтық саздардың аспаптық және вокалдық өнерге ортақ болғанын ескере кеткен абзал.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.04.2024 | 10:00

Бегімхан інім сенің күй туралы жазып отырған кейбір тұжырымдарың менің ойларым мен тоқайласып тұрғасын жазып отырмын. Бұл жазуыма себеп Жантөренің Шалқымасы болып отыр жақсы жазыпсың. Күйтанымға байланысты басқада ойлар бар. Мен күй және домбыра саласында жүргенДүйсен Орынбай деген ағаң боламын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір