БІРЛІК, ДОСТЫҚ ҺӘМ ТӨЛЕ БИ ӨНЕГЕСІ
Жыр алыбы Жамбылдың: «Жігерлі болса, ер болар, бірлікте болса, ел болар» деген даналық сөзі, шындығында, ел бірлігі болмаса, онда әлеуметтік-экономикалық өркендеп даму тұрмақ, тәуелсіздік пен тұғырлылық туралы сөз айтудың өзі артық болар еді дегенге саяды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеясын жариялап, құт мекенге тұрақтылықтың символы мен бірлікке сызат түсірмеуді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясын 1995 жылдың 1 наурызында құрды. Содан бері міне 20 жылды артқа тастап, «Қазақстан – бір ел, бір халық, бір болашақ» атты идея негізінде өз жұмысын атқаруда. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы ұлттық саясаттың іс жүзінде институционалдық деңгейге көтерілгендігін көрсетеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы әлеуметтік институт ретінде этносаралық қатынастарды үйлестірудің тиімді тетіктерін қалыптастырып, оның сапалық тұрғыда жаңа негізін қалап отыр. Сонымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдық келісім мен азаматтық қоғамның толеранттылығын нығайтудағы мемлекет саясаты мен қоғамдық ұйымдардың синтезі болып табылады. Қазақстан Республикасының халықтар Ассамблеясы – ол әрі іргетас, әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің негізгі құралы. «Дамудың сыры – бірлікте, Табыстың сыры – тірлікте». Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барымызды бағалай білуімізге, қазақ халқын қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уық секілді, бір шаңырақ астында еңбек етудеміз.
Халық бірлігінің тұтастығы – мемлекеттің күретамыры, негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп, дамыған Қазақстан елі туралы ұлы мақсаттар қоя аламыз. Ел өміріндегі мәні мен маңызы орасан зор осынау саяси оқиға қарсаңында біз көп ұлтты Қазақстан халқын бір атаның балаларындай еліміздің өркениетті дамуы жолындағы игілікті іске жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына аса зор үлес қосып келеді. Ең бастысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі нәтижесінде елімізде этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциялық азаматтық құқықтары мен еркіндігін толық қолдана алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Сөйтіп, Қазақстанның көпэтностық кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік берік орнады. Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына қойған басты мақсаты және түбегейлі міндеті – этносаралық қатынас саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Осы мақсатта халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келісімді қолдап, дамыту, қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің көріністеріне тойтарыс бере отырып, азаматтардың құқықтық бостандықтарына қысым жасауға жол бермеу, азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру да осы ұйымның төл парызы. Ынтымақ ұйытқысына айналған ұйым бұл мақсаттарды жоғары деңгейде орындап келеді.
1999 жылы Достық үйінде «Дәуірдің үзілмес сабақтастығы» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған қазақстандықтардың үш ұрпағының өкілдері бас қосты және Бурабайда көп ұлтты еліміздің балалары үшін демалыс лагерінің ашылуы болды.
Оқушылар бойында халықтар достығы сезімін тәрбиелеуде мемлекеттік тіл мен қазақ халқының мәдениеті жетекші қызмет атқаруы тиіс.Халықтар достығы сезімін тәрбиелеудің басты бағытына қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыру мен жалпықазақстандық мәдениеттің одан әрі дамуына, рухани бірлік, халықтар достығы, ұлтаралық татулық идеяларын насихаттауға үлес қосу жатады.
Оқушылар бойында халықтар достығы сезімін тәрбиелеудің негізгі міндеттерін былайша топтастырсақ:
Мемлекеттік тіл мен қазақ халқы мәдениетінің өзекті топтастырушы ролін арқау ете отырып, оқушы-жастардың бойына қазақстандық патриотизм, азаматтық және рухани-мәдени тұтастық негізінде шоғырландыру жолымен қазақстандық сәйкестікті қалыптастыру;
Оқушы-жастарды тәрбиелеуде өркениетті әрі демократиялық нормаларға сүйенетін саяси мәдениетті қалыптастыру;
Қазақстан Республикасының беделін түсіретін іс-әрекеттердің, сөз сөйлеу мен пікір айтудың алдын алу және болдырмау;
Этносаралық қатынастарды үйлестіруді қамтамасыз ету, түрлі этностар өкілдері арасындағы қарым-қатынастарда оқушылардың бойында шыдамдылық пен сенімді нығайту;
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде рухани бірлік идеясын тарату, халықтар достығы мен ұлтаралық келісімді нығайту, қалыптастыру.
Оқушылар бойында халықтар достығы сезімін тәрбиелеуде: тәрбие сағаттарын, экскурсиялар, ойындар мен жаттығулар, коммуникациялық қарым-қатынастар, дөңгелек үстелдер, пікіралмасу жұмыстарын жандандыру жатады.
Достық қарым-қатынас сонау ерте замандардан қалыптасып келе жатқан қасиетті сезім. Отаншылдыққа тәрбиелеу ұлттық ерлік дәстүрлерге сүйене отырып, жас ұрпақтың ой санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға бағытталуы керек. Қазақтың достық – отансүйгіштік тәрбиесі – тереңнен тамырын тартқан, халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүниетаным-көзқарасының, ақыл-ойы мен салт-дәстүр мәдениетінің көрінісі. Осыларды бойға дарытпай тұрып келер ұрпақты патриоттық – отансүйгіштік тәрбиеге лайықты қалыптастырып, алтын бесік елін, кіндік кескен жерін қорғайтын және осы мақсат жолында бар күш-жігері мен ақыл-қайрат жұмсап, отаншыл азаматтарды, яғни нағыз патриоттарды тәрбиелеп өсіру мүмкін емес.
Достық қарым-қатынасқа тәрбиелеу үрдісінің танымдық мәнін естен шығаруға болмайды, бірақ ол әрбір буында патриоттық сана, патриоттық сезім қалыптастырудан бастау алғанда ғана тиімді болмақ. Достық сана, патриоттық сезім көрсеткіші – оқушының іс-әрекеті. Сонымен бірге, іс-әрекет оның даму, қалыптасуына ықпал ететін басты фактор. Іс-әрекет барысында тыңдаушы қоршаған ортамен құндылықтарын арттыруға үлес қосады, бұл өз кезегінде патриоттық сана қалыптасып, сезім, қабілет, қасиеттердің дамуына ықпал етеді, басқаша айтқанда, өз басының мүддесін ұлттық, Отан, мемлекет, халық мүддесіне ұштастырады.
Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі.
Оқушылардың бойына халықтар достығы сезімін қалыптастырудың негізгі мақсаты – оқушының, жеке тұлғаның, әлеуметтік топтың патриоттық іс-әрекеттерін саналы түрде меңгеріп алудағы талпынысын айқындайтын саяси-моральдық, кәсіптік, психологиялық, салауатты өмір салтын насихаттау сияқты сапаларды қалыптастыру. Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен тәрбиелеу ұлтын сүйер патриот азамат ету – педагог мамандарға қойылған басты міндет. Ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушысы.
Қазақстанды мекендейтін ұлттардың бірлікте, ынтымақта бейбіт қатар өмір сүруінің басты кепілі – достықта, татулықта екендігін оқушылар арасында насихаттау. Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің ұлттық саясатын және еліміздің ұстанып отырған ел бірлігі саясаты – бейбітшілік пен ұлтаралық ынтымақтастықты оқушыларға түсіндіру. Қазақстанда тұратын көп ұлттың өнері мен салт-дәстүрін таныту арқылы әрбір жас ұрпақтың ел тыныштығы ұлттар арасындағы достық пен татулықта екендігін жауапкершілікпен сезінуге баулу. Сонымен, оқушыларды патриотизмге, өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу барысында мемлекет тарапынан орын алып отырған жобалар маңызды роль атқарады.
Жас ұрпаққа халықтар достығы сезіміне тәрбиелеудің негізгі идеялары Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық Жолдауында: «Олар… күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады» делінсе, Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңында» «Білім беру жүйесінің басты міндеттері азаматтық пен елжандылықты, өз Отанын Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін қастерлеуге, әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгеру» делінген. Осыған орай, бүгінгі жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, жеке тұлға талабы, қоғам қажеттілігі болып отыр.
Ертеде Төле би ел балаларын бірлікке былай үйреткен екен. Бабамыз бір бума шыбықты сындыруды ұсынады. Ұлдары олай әуреленіп, бір бума шыбықты сындыра алмайды. Қарт буманы шешіп, шыбықты бір талдап сындырып көруді ұсынады. Шыбықтар оп-оңай сынады. Төле би: бірігіп өмір сүрсеңдер, сендерге ешкімнің де әлі келмейді. Ал жеке-жеке тұрсаңдар, әрқайсыңды біртіндеп құртады.Халқымыздың қанға сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы, басқа халықтармен одақтасып, достаса білу жеңістен жеңіске жеткізеді. Оған халық куә, тарих куә!
Роза ҚАСЫМОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия және саясаттану факультеті
Педагогика және білім беру менеджменті
кафедрасының доценті, п.ғ.к.