Төле би тарихын тәржімалаған
24.02.2023
409
0

Кеңес заманында үш бидің қай жерде жерленгені, бейіттерінің қайда екені, тіпті өмір сүрген жылдары да көпшілікке белгісіз болды. Қарапа­йым халық тұрмақ, би бабамыздың Ташкентте жерленгенін ұрпақтары біздер біреуіміз білсек, біреуіміз білмейтін едік. 1982 жылы наурыз айын­да ескерткіштерді зерттеу және қалпына келтіру – Қазпроектреставрация институтының ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай Ташкенттегі Қарлығаш би мазарының Төле бидікі екенін дәлелдеу үшін арнайы іссапарға барып, ескерткіштің паспортын жасады. Паспортқа Төле бидің өмірбаяны, кесененің өлшемдері, әр заманғы суреттері кірді.

Осыдан бастап кесененің қазақи өмірбаяны басталды. 1990 жылдары аңыздарда кезігетін, «Төле би алып шынар ағашының саясында наурыз өткізген, елдік мәселелерді шешкен, арша ағашына атын байлаған, жол салған», – деп келетін нысандардың бәрі өмірде болғаны дәлелденді. Ташкент маңындағы Бостандық, Жоғарғы Шыршық, Төменгі Шыршық аудандарын аралап көптеген адамдармен әңгімелесіп, өзбекстандық қазақ ғалымдары Тұрап Айдаров, Мақаш Бекбергенов, Сей­дуалы Тілеуқұлов, тағы басқа кісілермен кездесіп, нәтижесінде бабамыздың жүріп өткен жолдарын тірілткендей болды. Өзінің айтуынша, «ХІХ ғасырдың 70 жылдары француз ғалымдары Илиада мен Одиссея поэмаларындағы жер атауларын және басқа оқиғалардың шындығын дәлелдеу үшін Жерорта теңізімен жарты жылдай жүріп зерттеп, екі дастанның да өмірде болған хикая­ларды баяндағанын көрсетеді. Менің зерттеуім де осыған ұқсас», – дейді Ахмет. Мәскеу кітапханалары мен архивтерінде жұмыс істеп, 1741-1742 жылдары Ташкент қаласында орыс елшілерінің Төле бимен кездесіп, бір айдай араласқаны туралы құнды жазба дерек тауып жариялайды (Төле би хақында аңыз емес, тарихи құжаттардағы деректер арқылы сөйлесек // Егемен Қазақ­стан. 31.12.2003.).
Төле бабамыздың Ташкентте 12 жыл бек (мэр) болғаны, Галдан Серенге ұнамай қалып, оны қырғыз биі Көкім Қарашораұлымен ауыстырғаны, Абылай ханның тапсырмасымен елді отырықтандыру мақсатымен арық-атыз, тоғандар салдырғаны, т.б. деректер әйгіленді. Қарақалпақ және қытай деректеріне сүйене отырып, Төленің өмір сүрген жылдарын (1657-1759 (60)) деп нақтылады, демек бабамыз 100-ден аса жасаған көрінеді. Бабамыз бес әйел алған, Ахметтің зерттеулерінде өз отауы Сарытөбеде, кейін Шыназда, екінші әйелінің отауы – Жарқамыста, үшіншісі – Бесағашта тұрған, қалған екеуінікі әзір белгісіз.
Ахметтің ең соңғы тапқан жаңалығы Төле бидің туған ағасы – Өтебайдың Ташкенттегі Жалаңаш баба (Абылай ханның пірі) қабірстанында жерленгені жөнінде. Қазақ тарихының небір сырларын ақтарып, айналымға енгізген тарихшы-ғалым Ахмет Тоқтабайға Төле би туыстарының атынан алғыс айтып, шығармашылық табыстар тілеймін.

Тынысбек Қалменов,
академик,
Төле би ұрпағы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір