ТӨЛЕ БИДІҢ КЕЛІНІ ДАНАГҮЛГЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ
Халқымызда бір ауылды басқарып отырған бәйбіше, ақылды келіндер де аз емес. ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген қыпшақ елінің қызы Тәттібике шымыр руына келін болып түскен кезінде ел ішіндегі дауға түсіп, билік айтып, ел-жұрттың ынтымағы мен тыныштығын сақтаған адуынды бидің бірі болған көрінеді. Сондай-ақ ХІХ ғасырда өмір сүрген Құдайбай қызы Бидаш есімді әйелдің «Би Бидаш» деген атпен белгілі би болғаны, билігі турасында деректер бар. Төле бидің келіні Данагүл туралы аңыз естеріңізде болар? Би осы келінін алғаш көргенде, бойжеткен анадай жерден тоқтап, үлкен кісі деп жол беріп тұрған болатын. Осы бір ілтипаттың өзінен би дана қызды таныған. Расында, кейін келіннің парасат-пайымы сынға түспеуші ме еді? Қырық қарақшының қолына түскенде Төле би неліктен ұлына емес, келіні Данагүлге хат жазады? Естеріңізде болса, хат мазмұны былай еді ғой: «Кенже ұлыма құда түстім, соған қырық құнан атан, 20 бура, сегіз ақ бас атанымды осы барған адамнан айдатып жіберіңдер, және оң босағамда тығулы жатқан алтынымды, сол босағамда жатқан күмісімді де қоса жіберіңдер». Оны оқыған қағілез келін атасының астарлы аманатынан оның жау қолында екенін, атан мен бура деп – әскер қолын, ал оң босағадағы алтын – өзі, сол босағасындағы күміс деп жарын тұспалдағанын дәл тауып, атасын қарақшыдан құтқарып қалған еді ғой. Бұдан шығатын қорытынды, қазақ әйелінің ең басты даналығы – ер адамға деген ізет және үлкенге деген ілтипат. Бұл ер адамға тәуелділіктің белгісі емес. Бұл –азаматқа деген сыйластық сезімі.