Өнегесі өзге Өзаға
30.04.2025
179
0

Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдық мерейтойына орай, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Ұлт рухын ұлықтаған Өзбекәлі Жәнібеков: Киім тарихшысы және қазақ дәстүрлерінің сақтаушысы» атты танымдық-шығармашылық кеш өтті.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – халқының бекзат перзенті, қазақ жұртының жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің рухани және мәдени мұрасын келешек ұрпаққа дәріптеу, қазақтың ұлттық киімі мен салт-дәстүрлерін насихаттай отырып, тарихи сана мен ұлттық болмысты қайта жаңғырту.
Бұл шараны ҚазҰӨА-ның оқу және оқу әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Ергөбек Шыңғыс ҚұлбФекұлы бастап: «Өткізіліп отырған іс-шара – өскелең ұрпаққа ата-баба мұрасын дәріптеумен қатар, ұлттық болмысты айқындауға, дамытуға үлес қосқан тұлғаларды ұлықтау мақсатындағы кездесу. Бұл кездесуді ұйымдастырып отырған Бауыржан Нұрбекұлы бастаған факультетке, Мүсілім Садықұлы бастаған кафедраға, Өзбекәлі Жәнібеков қорының өкілдеріне, барлық қонақтарға алғыс білдіремін. Себебі біз өткенімізді саралап, ұлықтай алмай, болашаққа нақты қадам баса алмаймыз. Ұлт өзінің болмысын тарихы терең этнографиялық құндылықтарынан, мәдени құндылықтарынан алып қана қоймай, ол бірінші кезекте рухани құндылықтан алады. Ал рухани құндылықты жасауда мәдениет пен өнердің орны ерекше», – деп құндылық жайлы сөз етті.
Кеш қонақтары Өзбекәлі Жәнібековтің саналы ғұмырында қазақтың мүддесіне жасаған тындырымды еңбектерін, өнер мен мәдениет майданында қан кешіп жүріп қазақтың салт-дәстүрін, мейрамын сақтап қалудағы күрескерлігін, қала берді тұрмысы жүдеген бүтін бір елді мекендерді аяққа тұрғызған жанкештілігі турасында сөз етті. Көрнекті тұлғаның отбасы жылы естеліктерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Қоғам қайраткері­нің немересі Азель Жәнібек-Шәріпованың айтуынша, Ө.Жәнібек немересіне Наурыз мейрамына орай, ұлттық нақыштағы көйлек сыйға тартқан. «Кішкентай қыздың киімінде мағынасы ауыр оюлар болмайды», – деп, жауқазын гүлін өз қолымен өрнектеп берген. Халық қалаулысы киімдегі детальдардан бөлек, оны қалай дұрыс кию керегін де біліп, келешек ұрпаққа оң бағыт қалыптастыра білген.
Аталмыш жиын аясында, Ө.Жәнібековтің фотосуреттері мен кітаптары ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Шараға жоғары оқу орындарының өкілдері, ұлы Бауыржан Өзбекәліұлы Жәнібеков, қызы Жұлдыз Жәнібекова және немересі Азель Жәнібек-Шәріпова, сондай-ақ өнертанушылар мен студенттер қатысты. Басқосу соңында арнайы сыйлықтар табысталып, ізгі тілектер айтылды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір