Әдебиеттегі достық – шынайы достық
27.04.2024
283
0

Елімізде еркін тыныстап, бейбіт қатар өмір сүріп жатқан жұрттың бірі – ұйғыр халқы болса, осы ұйғыр халқының әдебиеті мен мәдениеті де Қазақстанда қанат жайып, қарқын ала түсуде. Жазушылар одағының қолдауымен қазір екі айда бір рет «Шынар» атты ұйғыр тілінде журнал шыға бастады. Бұл журналда қазақ пен ұйғыр халқының бірлігі, тұтастығы, тарихы мен мәдениеті, әдеби туындылары жарық көріп, журнал өз кезегінде ұйғыр мектептерінде оқу-әдістемелік құрал есебінде де сұранысқа ие болып үлгерді.
ЖО-да жыл сайын өткен бір жылда жазылған көркем шығармалар мен кітаптардың мазмұнына шолу жасайтын игі дәстүр бар. Сол дәстүр бойынша, әдебиетші ғалым Рахметжан Юсупов ұйғыр тілінде көркем дүние әлеміне енген шығармаларға тоқталып өтті.
Қазақстан ұйғыр әдебиетінің өткен жылғы табыстарын поэзия мен проза, публицистика жанрлары бойынша жарық көрген туындыларға қарап және соларға байланысты өткізілген іс-шаралар арқылы атап көрсетуге болады. Атап айтар болсақ, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма және оның жанындағы ұйғыр әдебиеті кеңесінің қолдап, қуаттауымен ұйғыр әдебиетінің поэзия жанрына қомақты үлес қосқан көрнекті ақын Абдулхай Розидің 100 жылдығына арналған «Көктем шуағы» атты жыр жинағының таныстырылымы болғанын, оның өлеңдерінің қазақ және орыс тілдерінде де жинақ боп жарық көргенін айтар едім. Бұл шара қазақстандық ұйғырлар үшін өте маңызды оқиға болып саналады. Ол жиналыста Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасарлары Бауыржан Жақып пен Ғалым Қалибекұлы «әдеби достық – шынайы достық» екенін атап өткен еді. Сол достықты дамытуда ұйғыр әдебие­тінің үлесі зор. Бұл жағынан филология ғылымдарының кандидаты, ақын Патигүл Мәхсәтова басшылығындағы Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Ұйғыр әдебиеті кеңесінің өткен жылғы атқарған жұмысы мен көрсеткен қызметін төмендегідей бірнеше жақтан көруге болады. Қазақстан Ұйғыр әдебиеті кеңесінің соңғы кездегі жұмыстарының маңызды біреуі және ел есінде қалатын оқиға – Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан мақұлданған «Шынар» әдеби-қоғамдық қос айлық журналдың өмірге келуі дер едім.
Аталған журналдың жарық көруіне байланысты таныстырылымда Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов: «…Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде осы ұлттың мемлекет қамқорлығына алып шығарған бір әдеби журналы жоқ екен. Кезіндегі «Жазушы» баспасынан жылына екі рет жарық көретін әдеби-мәдени, әлеуметтік-саяси «Пәрваз» альманахы тоқтап, «Арзу», «Ижаткар» атты әмбебап журналдары демеушілердің күшімен шығып, алды жабылып тыныпты. Өткенде ұйғыр жазушыларымен жүздескенде, олардың ой-пікірлерін саралай отырып, Жазушылар одағының «Жұлдыз», «Простор» журналдарының қатарында ұйғыр әдеби журналының тұрғаны заңды деп шештік. Өздері ақылдасып, келісіп-пішіп басылымға «Шынар» («Чинар») деген ат қойды, редакцияның алқа мүшелерін өздері сайлап, Бас редакторлығына Патигүл Махсатованы тағайындады, біз тек келісім бердік. Қазақстандағы ұйғыр тілінде білім беретін орта мектептердің бәрінде қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы оқытылып жатыр. Сол пәндердің сәтті оқытылуына осы журнал көмектесуі керек жане қазақ әдебиетін тереңдетіп оқытатын журнал болуы тиіс», – деген болатын.
Шынымен де бұл журналдың жарыққа шығуы қазақстандық ұйғыр оқырмандары және жазушылары үшін күтпеген тосын оқиға болды. Журналдың жа­уапкершілігі ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы Патигүл Мәхсәтованың қолына берілуін ұйғыр қаламгерлері тегіс қолдап қуаттады. Бұл игі шараның жүзеге асуы Қазақстан билігінің, Қазақстан Жазушылар одағының ұйғыр халқына жасаған қамқорлығы мен жанашырлығы деп түсіндік. Журналдың тұңғыш санының жарыққа шығуына, оқырманға жол тартуына ҚЖО-ның төрағасы Мереке Құлкенов пен ҰӘК-нің төрағасы Патигүл Мәхсәтованың үлесі зор. Сондықтан да аталған басшыларымызға рақмет айтамыз. Журналдың Қазақстан Жазушылар одағының маусымдық басылымы ретінде жарық көруі еліміздегі ұлттар арасындағы достықты, бірлікті, жарасымдықты тіпті де кемелдендіруге бағытталған тың бастама деп санаймыз.
2023 жылы ақын, филология ғылымдарының кандидаты, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Патигүл Мәхсәтованың «Жүрек соғып тұрғанда» атты кітабы жарық көрді. Онда туған жерге, оның көркем табиғатына, отанға деген махаббаты, достыққа, адамдар арасындағы алғаусыз көңілге, өмірдің әр алуан сәттеріне арналған жан сезімі кеңінен жырланады. Жинаққа 150 өлең, рубаилар, «Теңеспеген дүние» атты көлемді лирикалық дастан енгізілген екен. Бұл жаңа кітап – қаламгердің табысы, оқырманның қуанышы.
Жазушы Авут Мәсимовтің «Жадымдағы жазбалар» атты кітабының 2023-жылы шыққан екінші томы екі бөлімнен тұрады. Ақын кітаптың бірінші бөлімінде ұйғыр ұлтынан шыққан айтулы тұлғалар, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, баспагерлер мен қарапайым еңбек адамдары туралы толғанады. Кітаптың екінші бөлімінде, жазушының әртүрлі қоғамдық мәселелерге байланысты пікірлері мен көзқарастары жинақталыпты.
Сұлтанмұрат Исрапилов пен Қазақстан Жазушылар одағы ұйғыр әдебиеті кеңесінің жанындағы «Варис» («Мұрагер») әдеби шығармашылық бірлестігінің мүшесі Абдулжан Азнабақиев­тің дайындаған «Өмір өткелінде туған туындылар» жинағында зерттеуші ғалымдарға, жазушыларға, өзге сала өкілдеріне және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Әхмәтжан Исрапиловтың шығармашылығына арнап жазылған мақалалар орын алған.
Одан өзге халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, көрнекті ақын Жәмшит Розахуновтың «Меруерт тамшылар», Абдуманап Аблизовтың «Шабыт шуағы», жас ақындар Шөһрәт Илиевтың «Ана жұртым – қанатым», Сабирам Анварованың «Мен күткен көктем» атты өлеңдер жинағын, Ахметжан Исрапиловтың «Сарғайған хаттар» қисса және әңгімелер кітабын, Иминжан Тоқтияровтың танымал қазақ ақыны Шөмішбай Сариевтің ұйғыр тіліне аударылған «Дүниеге ғашық көзбен қарасам» атты өлеңдер жинағын атап өтуге тиіспіз.
Сөзімнің соңында айтарым, Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан мына сөзін алдыға шығарып ұстануды дұрыс көремін: «Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерден халыққа рухани азық болатындай дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына заты сай, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын».
Міне, осы сөздің нәтижесі ретінде жазушылардың қатарынан Төлен Әбдіков, Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Софы Сматаев, Ахметжан Аширов, Любовь Шашкова қатарлы алты қаламгер «Қазақстанның Халық жазушысы» деген атаққа ие болды. Соның бірі – ұйғыр қаламгері, жазушы-драматург Ахметжан Аширов. Бұл да ұйғыр әдебиетінің отандық әдебиеттегі орнын көрсетеді.

Рахметжан ЮСУПОВ,
филология ғылымдарының
кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір