АМАНБЫСЫҢ, АУЫЛ СПОРТЫ?!
Совет Одағы кезінде «Советский спорт» газетінде Сәбит Мұқановтың «Ауылда спорт бар ма?» деген мақаласы жарық көреді. Сол мақала қоғамда біраз дау туғызып, көп ұзамай еліміздегі «Спорт» газетінде белгілі жаттықтырушы Петр Матущактың «Ауылда таланттар жетеді» деген көлемді мақаласы шығады. Сол кездің өзінде ауыл спортының өзектілігі турасында бұқаралық ақпарат құралдарында үзбей айтылып отырған.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
тележүргізуші, журналист, редактор
Ал бүгін ауыл спортының жағдайы қаншалықты деңгейде екендігіне біраз жауап беріп көрсек.
Иә, Совет Одағы тараған кезеңде еліміз үлкен экономикалық дағдарысқа тап болғанын жақсы білеміз. Қарапайым халық әлеуметтік қиыншылықтың әсерінен «байтал түгіл, бас қайғының» күйін кешіп, ауыл спорты қайраңда қалған балықтай шарасыз кезеңді бастан өткергені естеріңізде болар. Дегенмен де, қазақ қойсыз болса да, тойсыз болмаған халық. Тарихтан белгілі Одақ басшыларының қолдан жасаған сайқал саясатының салдарынан қаншама миллион қандасымыз әлемге тарыдай шашылып кетсе, қаншамасы аштық, қорлық, зомбылықтың кесірінен қырылып қалды. Елге қатер болып төнген қаншама нәубетке қайсарлықпен қарсы тұра білген қазақ мықты ғой, шіркін. Сол бір мың құбылған заман ағымында ауыл қазағы ел іргесін сақтап, туған жерде тұрақтап қалды. Елді мекендерде ас-суын әзер тауып отырса да қазекем ешқашан да ұлттық спорт түрінен қол үзген емес. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі спорт түрлері айталық, қазақ күресі, қыз-қуу, аударыспақ, теңге ілу, жамба ату, аламан ат спорты түрлері үлкен жиын-тойларда салтанат құрып, көпшілік ерекше әсер алып отырған. Ал қазіргі таңда сол ауыл спорты мен ұлттық спорт түрлері кең байтақ елімізде қалай дамып жатқанын халық жақсы біледі. Аллаға тәубе, еліміз егемендік алған жылдан бастап ауыл спорты жер-жерде қарқын ала бастады. «Ауыл қазақтың алтын бесігі, ауылсыз қазақ қайраңда қалған балықтай» деп Әзілхан атамыз айтқандай, ауыл спортын дамытпай ел спортының іргесі нығаймайтынын әлде болса түсіне алмай келе жатқан өңір-өлкелер бар. Қаншама таланттар ауыл спортынан жарқ етіп көріне бастайды да, келе-келе қамқорсыз, қолдаусыз күй кешіп тасада қалып қояды. Аға-көкесі барлар бауырларын қалаға сүйреп, дарынды мектептерге есігін қағып оқыту үшін шапқылап, кейін нәтиже көрсетіп жатса, ондай жанашыры жоқтар ауыл өтінде қалып, күйбелең тірлікпен күй кешіп жатады.
Совет Одағы кезінде селекциялық жұмыстың жүргізілгенінің арқасында бірқанша ауыл дарындары іргелі спорт оқу орындарынан тәлім алып, үлкен спортта толағай табыстарға жеткенін білетінбіз. Солардың бірі, бірегейілері – Дәулет Тұрлыханов, Жақсылық Үшкемпіров, Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұловтарды айтсақ жеткілікті. Бүгінгі күні ауыл спортының қарқын алуы үшін сол байырғы бағалы бағдарламаларды жаңғырту керек шығар.
Қазір жастар талапты да талантты. Еліміздің облыс орталықтарын былай тұрсын, аудан мен ауыл-аймақтарда зәулім спорт мектептері бой көтеріп, жұмыс істей бастауда. Ал «Сол мектептерден түлеп ұшқан жас спортшыларға қандай мемлекеттік орындар қамқорлық көрсетіп жүр»? деген сұрақты турасынан қойсақ, жауап таба алмай тосылып қалатынымыз анық. Түнде ұшатын құс, жұлдыздарды бағдар етеді екен. Олай болса, ауыл таланттарына бағыт-бағдар көрсетіп, қамқорлығына алатын орындардың болғаны өте маңызды. Мемлект ауыл спортына дамытуға арнайы бағдарлама жасап, жастар болашағына бейжай қарамағанда ғана таланттарымыз ел тарихында есімі қалатын тарланбоздарға айналатынына сенімдімін.