Құлазыған ауыл, сансыраған қауым
Соңғы кездері көрші елден яғни, Ресейден Қазақстанға көптеген қоныс аударушылар келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан, мәжбүрлікпен келіп жатыр. Әсіресе жастардың қарасы мол. Оларға қанға сіңген қазақи көңілмен кеңқолтық пейіл танытып, шексіз «толерантты» боламыз деп кейін өкініп жүрмейік.
Тек орны ғана қалған көшкен ауылдардың жұртында Кеңес дәуірін еске түсіретін мындай ескерткіш белгілер әлі тұр.
Мақала өзегіне айналып отырған еліміздің Солтүстік аймағындағы жер атаулары әлі күнге дейін славян тіліндегі атауларға сіресіп тұр. Тілдік жағдайымыз белгілі. Сондықтан да бұл өлкеге қоныс аударған ресейліктердің өз еліне келгендей күй кешіп, еркін жүретіні айтпаса да түсінікті.
Ата-бабаларымызға мыңдаған жылдар бойы құт мекен болған қасиетті Көкше өңірі мен Батыс Сібір аймағы ықылым заманнан тарихы тереңнен тартатын байтақ өлке. Қазақ даласының әрбір сай-саласы, тау-төбесі мен өзен- көлдеріне шейін тылсым тарихты бауырына басып жатыр. Әр тасы тарихтан сыр шертеді. Бес мың жылдық көне тарихы бар қазақ деген халықтың басынан талай-талай кешулер өткені тарихқа аян.
Сонау ғұндар дәуірінен бастау алған көне тарихқа бір көз жүгіртсек, белгілі ғалым, сыншы, аудармашы Сәйділ Талжановтың зерттеулері бойынша дүниеге мәлім ғұнның қолбасшысы Атилла жорығы төртінші ғасырда Тайға (Тоғай) арқылы терістік Қазақстан үстінен өткен екен. Бұл өлке кейінгі ғасырларда Қимақ хандығы, Жошы хандығы, Ақ Орда хандығы, Қазақ хандығы алғаш мемлекет ретінде ту тіккен, Абылайды хан көтеріп, кешегі Кенесарының ізі қалған дегдар мекен, бітімі бөлек бекзат өлке. Ел басына күн туған қасіретті, жойқын соғыстар мен «ақтабан шұбырынды» жылдар да Көкше өңірін айналып өтпеген. Қазақ жерінің байлығына қызыққан Ресей мен Қытай империялары құпия келісім-шарт жасасып, Қытай жоңғарларды, ал Ресей Қалмақтарды қарсы айдап салды. Мемлекет құрмақ түгілі жоңғарлар сияқты халық ретінде жойылып кетуге шақ қалған сол бір тарихи кезең, аласапыран заман қазақтың шоқ жұлдызы Шоқан Уәлихановтың да қаламынан тыс қалмапты. «Джунгары, волжские калмыки, яицкие казаки башкиры с разных сторон громили улусы казахов, отгоняли скот и уводили в плен целыми семействами» деп жазған бір ауыз деректі сөзінен қаншама мағлұматтар алуға болар еді.
Көкше өңіріндегі әрбір төбе-төмпешіктердің сонау бір жаугершілік замандардан қалған өз тарихы бар. Әр төбе басындағы еңселі кесенелер, қорымдар мен тас белгілерде ғасырлар бойы қолынан найзасын тастамай, елім деп ат белінен түспей, еңіреп өткен батыр бабаларымыздың сүйегі мен қоса рухы да жатқандығын көпшілік біле бермейді. Мұндай белгілі де белгісіз қорымдар Көкше өңірінде молынан кездеседі. Реті келгенде тоқтала кетейік, Орловка атауын иеленген село мен Ағынтай-Қарасай, Шауыпкел-Бадырақ батырлар қорымы арасында 5-6 шақырымдай ғана аралықта биыл жазда рухы өшпеген ұрпақтарының бастамасымен Арғын-Қарауыл Жанатай батырдың да кесенесі бой көтерді. Ошақтың үш бұтағындай болып, аралары көз жетер жерге жерленген батырлар тарихын зерттеу болашаққа аманат. Аумағы алақандай ғана болатын, бір-бірінен дауыс жетердей ғана жерге жерленген батырлар қорымы талай сырды ішіне бүккендей. Алайда, қазіргі уақытта қазақтың қадау-қадау ұлт зиялыларының кіндік қаны тамып, арқаның ән мектебін қалыптастырған, сал-серілердің ізі қалған киелі мекен қазіргі уақытта сол қасиеттерінен ада болғандай. Қазіргі жастарға бір заманда көк майсаға бөленіп, құлпырған Көкше өңірін ән тербеп, ақ қайындары самал желмен ырғатыла би билеп, жүздеп, мыңдап, топтана сап түзеген аққулары «сексен» көлдің сәні болған еді десең, ертегідей көрінер еді. Осылайша базары тарқамаған Көкше өңірі Кенесары ханның басынан бақ тайған заманнан бастап берекесі кете бастады. Осы кезеңді сәтті пайдаланған орыс империясы Ресейдің ішкі жағынан қарашекпен киген орыс мұжықтарын қазақ жеріне топ-тобымен қоныс аударуға мәжбүрлей бастады (қазіргі жағдаймен бір ұқсастығы олар да бір кездері қазақ жеріне мәжбүрлікпен, амалсыздан қоныс аударып келген болатын). Әскери казактарға арқа сүйеген келімсектер осылайша Көкшенің сансыз көлдерін (бір ескертеріміз бұл өлкеге қатысты «сексен көл» атауы да, «сексен қыз серуенге шықса дағы» деген сияқты лирикалық сипаттағы шартты ұғым. Жалпы қазақ даласында ірілі-ұсақты 48 мыңнан астам көл бар болса, соның жартысына жуығы еліміздің солтүстік аймағына ғана шоғырланған екен) қалағанынша иемденіп, жер атауларын өз қалауларынша өзгертіп, уақыт өте келе өздерін осы жердің автохтонды тұрғыны, байырғы аборигендері ретінде сезіне бастады. Кейіннен патша өкіметі қазақ жерін әкімшілік жүйе бойынша бөліске салу нәтижесінде ежелгі қазақи топонимдік атаулар да адам танымастай өзгеріп, көпшілігі қоныс аударған келімсектер атымен аталынып кетті.
Ақансері ауылында ауыл түгілі аудан орталығынына көрік берер заманауи жобамен салынып кәдеге жарамай қалған құрылыс нысандарының бүгінгі көрінісі осындай
Міне, осылайша ғасырға жетпес уақыт аралығында Көкше өңірі жер атаулары жағынан Ресей империясының бір бөлшегіне айналғандай болған-ды. Кеңестік дәуірге жалғасқан империялық саясат салдарынан тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да күні бүгінге дейін арыла алмай келеміз. Жаңа Қазақстан құрамыз десек, қоғамдық санадағы отарсыздандыру (деколонизация) процесін де жеделдету керек. Осы тұрғыда әсіресе солтүстік өңірлер үшін жедел қолға алатын мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесі болса, екіншісі жер атаулары. Әсіресе бұл теріскей аймаққа қатысты екендігін тағы да еске салмақпын. Мәселен, күні бүгінге дейін өзгермеген жер атаулары Орловка, Кутузовка, Казанка, Аксеновка, Кирилловка, Антоновка, Комаровка, Карасевка, Елецкое, Кругловка, Лавровка, Константиновка, Цуриковка, Гусаковка, Рузаевка, Лобаново (жергілікті тұрғындар қазақша атауы «Қолтықкөл» деседі. Шынында да атына сай ауыл Байсары көлімен екі көлдің ортасына орналасқан), Целинное, Наследниковка, Матвеевка, Карловка, Новоукраинка, Новосветловка, Никольское, т.б. деген сияқты славян тілді этнотопонимдердің әлі күнге дейін іргесі сетінемей, көбесі сөгілмей тұр. Таяуда ғана Еленовка елді мекені «Самалтау» болып өзгеріп жатыр деген қуанышты бір хабар естіп едік, енді ауыл тұғындарының бұл ұсынысын облыстық ономастикалық комиссия бекітпей жатыр деген тағы бір сыбыстар шығып жатыр. Бұл хабар шындыққа айналса, мұндай қарқынмен Жаңа Қазақстанды тағы да отыз жыл құратын боламыз. Бұл бір жағынан облыстық әкімдік тарапынан белсенді қимылдардың жоқтығын көрсетеді. «Біздің жақта қыс ұзақ» дегендей теріскей өңірлердің де сеңі қозғалып, «үнемі кешігіп» жүретін көктем лебінің жылымығы мен шуағын күтіп жүргендер аз емес.
Отарланған елдің тарихын отаршылар жазатын заман өтті. Отаршылдық зардабы қанымызға сіңіп кеткендігі сондай біз осы уақытқа дейін жалтақпыз? Артымызға көп қараймыз, үреймен өмір сүріп жатқандаймыз. Ел-жер тарихын жете білмей, байыпты көзқарас танытпаудың ақыры жергілікті халықтың жапа шегуіне әкеліп соқтырады. Қалыптасқан тарихи пайымдауларды ескермей әкімшілік-әміршілдік басқару жүйе салдарынан соңғы отыз жылда Қазақстан өңірі негізсіз әкімшілік бөліністерге ұшырады. Әсіресе онсыз да ушығып тұрған солтүстік аймағымыз адам танымастай күйге түсті. Көптеген ауылдарымыз иесіз қалды. Маңызы бар мектеп, аурухана, пошта, мәдениет үйі секілді нысандар жабылды. Өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы қазақ ауылдарына байланысты жағдайлар қайталанып көптеген елді мекендер «болашағы жоқ ауылдар» санатына жатқызылып, «жапандағы жалғыз үйге» айналды. Ауылдарымыз назардан тыс қалғандықтан, ауылдағы тұрғындар ауа көшіп, ол аймақтар бос қалды. Осындай жағдайлардан ұлт зиялылары да сырт қалмай, өзіндік ішкі бұлқыныстарын білдіріп жатты. Қоғам қайраткері Балташ Тұсынбаев та сол тұста: «Статистика бойынша, бізде 6300 ауыл бар. Осыған орай, Назарбаев «Келешегі жоқ 1500 ауыл бар. Соның барлығын жауып тастау керек» деп айтады. Не деген сұмдық? Бұл қазақтың балтырына балта шабу деген сөз», – деп жанайқайын білдіріп еді. Бірақ оны тыңдайтын құлақ, оны түйсінер сана қайда?
Ел тарихын айтудан жалықпайтын Әділбай қария мен осы жолдардың авторы
Осы жағдайларға нақты көз жеткізу үшін біз биылғы жаз айында өз тарапымыздан арнайы мақсатпен жолға шығып, біраз ауылдарды аралап шыққан едік. Оқырмандарға осы сапар барысында өзіміз куә болған қолымызға тиген кейбір деректерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік. Мәселен, «Шүкірлік» ауылында елу шақты ғана үй қалған, ал тоғыз жылдық шағын мектепте 27 бала ғана оқиды екен. «Высокое» (бұрынғы атауы «Шаңғал» болған дейді жергілікті тұрғындар) ауылында қалғаны 25 үй, мектебі 6-7 жыл бұрын жабылған екен. Сол ауылға таяу орналасқан «Елтай» ауылы да осындай күйде, мектеп жоқ. Сол сияқты Горное селосында да елу шақты үй қалған, мектебі жоқ болғандықтан, балалар бұрын аудан орталығы болған Арықбалық кентіне қатынап оқиды. Верзний Бурлук селосында 80 үй, бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ақанбұрлық ауылында да мектеп жоқ, балалар интернатта жатып оқиды. Карсаковка ауылында да елу шақты үй, бұрын бастауыш мектебі болған екен, қазір ол да жабылған. Целинное ауылы, елу шақты үй, бастауыш мектебінде 11 бала ғана оқиды. Мұқыр ауылы, үй саны жиырмаға жетер-жетпес қана, мектебі жоқ. Әлжан ауылында да елу шақты үй бар. Тоғыз жылдық мектепте кейбір сыныптарда бала жоқ, ауыл тұрғындары бастауыш мектеп деңгейіне түсіп қала ма деп қауіптеніп отыр. Бір кездері «Таң нұры» деген атпен белгілі, қазіргі «Заря» ауылында негізінен орыс пен неміс ұлты мекен еткен. Ауылда 23 бала болса да мектеп жоқ, балалар Лобанова селосына автобуспен барып-келіп оқып жүр. Орловка селосында де елу шақты үй қалған. Бұрын тоғызжылдық, кейіннен бастауыш мектебі болған. Осылайша бұл тізімдерді жалғастыра берсек, бір кездер сексенге тарта отбасы тұрған Егіндіағаш ауылында қазіргі уақытта небәрі жиырмашақты, ал Междуозерное кентінде небәрі 15 шақты ғана үй қалған екен. Сондай-ақ бір кездері совхоз орталығы болып берекесі мен мерекесі жарасып, қызу тірлігі толастамаған ауылдардың базары тарқап жартысы көшіп кеткен. Соның ішінде Кеңес дәуірінде мектебінде үш жүзге тарта бала оқыған толықтай қазақтар тұратын Дәуқара ауылында қазіргі уақытта бар болғаны 70-ке тарта үй қалған. Светлыйда (ел аузындағы мәліметтерге сенсек тыңға дейін «Жарқын-Жаркент» ауылы атанса керек) – 80 үй бар болса, ауылдағы Целина негізгі мектебінде небәрі 19 бала ғана оқиды екен. Бұрын жүзге тарта отбасы мекендеген Қарақамыс ауылында – 55 үй, аты Үкілі Ыбырай ауылы болып өзгерген бұрынғы «Өскен» ауылында – 45 үй, ауылдағы тоғызжылдық негізгі мектепте 29 оқушы, көршілес «Құмтөккен» ауылында 63 үйде болса, ондағы орта мектепте 51 бала оқиды. «Қарлыкөл» (бұрынғы «Пахар») ауылында небәрі 60 үй болса, ауылдағы тоғызжылдық негізгі мектепте небары 24 бала ғана оқиды екен (бір ескертеріміз – бұл ауылдар негізінен бұрын Көкшетау облысы құрамында болған). Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге де болар еді, бірақ ол біздің басты мақсатымыз болмағандықтан, толықтай қамти алмадық. Негізінен үкімет тарпынан осы бағытта (демографиялық, этнографиялық, топонимикалық және т.б.) жұмыстар жүргізуге ниет болса, тек теріскей аймақтың өзіне арнайы кәсіби ғалым мамандар тарта отырып, экспедициялық жолмен толықтай зерттеп шығуға болар еді.
Комаровка селосындағы тоғызжылдық мектепте 60 бала оқиды екен, оның өзінде де іргелес «Ақан» (иісі қазаққа мәлім Ақан сері) ауылынан қатынап оқитын балалар санымен толығып отыр. Осы жерде Ақан ауылына қатысты трагедиялық уақиғаны айта кетпесек, сері аруағының алдында азаматтығымызға сын болар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ақан ұрпақтары қоныс еткен Кеңащы ауылы айнала орналасқан Қоскөл көліне сол кездегі аудан орталығы Володаровка (қазіргі Саумалкөл) кентінің солтүстігінде 5-6 шақырымдай жерде ел аузында ГРП (геологиялық барлау партиясы, қазір түрмеге айналған) деген атпен танымал болған, уран өндірушілер жер таппағандай уран қалдығын 20-25 шақырым жердегі бір орысы жоқ осы Ақанның Қоскөліне әкеп төккен екен. Нәтижесінде ауыл малынан, қаз көлінен, көл сәнінен айырылған. Бірақ бір кездері көлдің көркі болған қаздарымен қоса лашын құс та, көлін қорғаған қызғыш құс та, қасқалдақ та қалмапты. Билік басындағылар жұтаған жұртты жұбату үшін оларға көлден алшақтау, қазіргі Комаровка селосына жақындау жерден тұрғын үйлер, мектептер, мәдениет үйін салып беріп, халықтың көңілін қаншалықты ауламақ болса да биліктен көңілдері әбден қалған халық ата жұрттан үркіп, жан-жаққа ошарыла қоныс аударып кеткен. Бейбіт заманда шалағай шешімдердің салдарынан жазықсыз зұлматқа ұшыраған қарапайым халық зердап шекті, көшкен елдің жұртында қаңырап, бір күн болса да халықтың игілігіне жарамай жаңадан тұрғызылған котедж үйлер, мәдениет үйі мен мектеп қалды.
Ауыл шаруашылығы кешегі Кеңес дәуірінде де, одан кейінгі жылдары да пайдасы аз, ал бейнеті көп кәсіп екендігі белгілі. Екеуі де жылына бірақ рет өнім береді. Айырмасы Назарбаев жүйесі дәуірінде шаруашылықтың бұл түрлері бір жағы монополизациялау жолымен, екінші жағынан субсидия арқылы әбден былыққа батқан, коррупцияланған коммерциялық шаруашылық түріне айналды. Қолы жеткендер байыды, ал нағыз бейнетін көргендер төменгі деңгейде қала берді. Даму әлеуеті төмен елді мекендер ретінде таңылған осындай жүздеген ауылдар біртіндеп болашағы жоқ елді мекендер санатына қосылып жатты. Бір кездері думаны басылмаған ауылдарды қолдан «болашағы жоқ» елсіз мекенге айналдыру үшін көп күш жұмсау қажет емес. Ол үшін мектебін жауып, жұмыс орындарын қысқартса жетіп жатар. Осындай сұрқия саясатқа жаны күйген бір ұлтжанды азамат: «Қазақты құртам десең, малын ал. Ауылды құртам десең, мектептерін жап» депті. Одан кейін ол процесс өзі де тоқтамайды. «Көршің жаман болса көшіп құтыласың» дегендей ондай ауыл тұрғындарын жаппай қалаға көшіріп, «құтылып», проблеманы жаба салу айтуға ғана оңай. Онда да дайын тұрған ештеңе жоқ, қаланың да өзіндік проблемалары жетерлік. Жастар жұмыссыз қалып, орта буын өкілдері қалаларға қарай бет алып, ауылдарда тек ата қонысын қимаған қарт адамдар ғана қалды. Мәселен, бұрынғы «Қопа» кейінгі «Политотдел» ауылында қазір бар жоғы үш-ақ үй қалған. Жасы тоқсанның жуан ортасына келсе де көшкен елдің жұртында Әділбай Зікірияұлы Аюлов ақсақал жеке үй болып отырған екі баласымен көшпей қалған. Әдекеңнің айтуы бойынша, бұл ауыл 1921-1936 жылдар аралығында «Молотов» атындағы коммуна болып құрылған, ал жетпісінші жылдары ауылда үй саны жетпістен асып бастауыш мектебі, дүкені және конторы мен клубы да болған екен. Ескі жұртта қалған ақсақалдың сылтауы ауыл іргесінде жоңғар шапқыншылығы кезінде мерт болған батыр аталары Шауыпкел мен Бадырақ батырлардың зираттары жатыр. Әр бейсенбі-жұма сайын бастарына барып Құран бағыштап қайтады. Ұрпақтары жиналып тас белгі қойып, басын көтеріп кеткен қорымның шырақшысы болып отырған жайы бар. Бір жағынан қартайған шағында аудан орталығынан соғыс ардагері ретінде үкімет тарапынан уәде етілген баспана беріліп қала ма деген үміт те жоқ емес. Әділбай қария «Әділетті Қазақстанның» болашағын тілеп, шыдамдылықпен әділет күтіп отырса да өкінішке қарай билік басындағы әкімдердің бұл «ауылға» жолы түспей тұр.
Ауыл
Ал осы жағдайға қарама-қарсы тағы бір мысал келтірейін. Осы Қопа ауылынан батыс бағытқа қарай төрт-бес шақырым жерде Кеңес дәуірі кезінде «Мәдениет» және «Злотогорск» деген ауылдар орналасып, екеуі де совхоз орталығы, қазағынан орысы көп заманда «табысы тасып төгіліп, дүркіреген» ауылдар санатында болса керек. Кейіннен осы екі ауыл арасындағы төбеден Арғын Ағынтай батыр мен Шапырашты Қарасай батырлардың зираттары «табылып» (жергілікті тұрғындар бұл жерді күні бүгінге дейін Құлшынбай батыр төбесі дейді екен), ас беріліп, оған сол кездегі Елбасымыз да қатысып, «мәңгілік» есте қалдыру үшін екі ауылға екі батырдың аты берілген екен. Бірақ арқада табысып, ақыретте бастары қосылған батырлардың аты берілген ауылдардың жағдайы «екі дүниенің есігіндей» болып қалған. Ағынтай батыр аты берілген «Злотогорск» ауылына бұдан жарты ғасыр бұрын салынған жолмен жету азабын былай қойғанда, ауылдың өзі үркіншілік күйді бастан кешкен қалпында қалды. Қарасай батыр атын иеленген, бұрынғы «Мәдениет» ауылында инфрақұрылымдық құрылымдардың бәрі де жаңартылған. Жаңадан мешіт, мектеп, асфальт жолдар салынып, электр желілері тартылған. Бұл да болса әкімдердің халыққа емес, билік үшін әрекет жасайтындығының бір көрінісі болса керек. Болашағы жоқ ауылдардан қандай демографиялық немесе әлеуметтік өсім күтуге болады.
Дамыған елдерде ауылдық жерлерде халықты орнықтыру үшін біріншіден әлеуметтік мәселелер дұрыс шешімін тауып, стратегиялық әлеуметтік инфрақұрылымдық қамсыздандыру мақсаты қойылады. Президентіміз Қ.Тоқаев қаншалықты бастамалар көтеріп, жолдаулар жолдап, реформалар жасап жатса да оны әлі түсінбей немесе заман лебінен қалыс қалып отырған әкімдер де жетерлік. Иесіз қалған өңірді жандандыру үшін жергілікті халыққа Үкімет тарапынан жоспарлы экономикалық қолдау қажет. Осы тұрғыда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына (бұл жобаға халыққа рухани жағынан қолдау білдіру де кіреді) сәйкес, биылғы жылы қызу қолға алынған республикалық маңызы бар жолдарды нормативтік жағыдайға келтіру жоспары өміршең бастамалардың біріне жатады. Себебі су адамзаттың тіршілік көзі болса, күре жолдар тіршілікке тыныс берер қан тамыры. Қазақстан жол сапасы бойынша әлемдік рейтингте көш соңында келе жатқан елдердің бірі екендігі белгілі. Бұған біз жоғарыда атап өткен елді мекендерді аралау кезінде анық көзіміз жетті.
Инаугурациядан кейін мемлекет басшысы іске шындап кіріскен сыңайлы. Ұлықтау салтанатынан кейін жаңадан сайланған Президентіміздің бірінші қолға алған жарлығы ауылға арналды: «Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады», – деген мемлекет басшысының жаңа қадамынан күтер үмітіміз мол.
Дәуренбек Ескекбаев,
тарихшы-этнограф