ЗАҢ ЖӘНЕ ҚОҒАМ
28.10.2016
13108
1

zakӘуелі ұлттың әдет-ғұрып нормаларынан бастау алып, кейіннен шариғат жолына ұласқан, бертін келе айтулы билер институтын қалыптастырған қазақ халқының өмір сүру заңдылықтары өз кезеңінде ел бүтіндігі мен ой еркіндігін, азамат азаттығын сақтауға негіз бола алған еді. Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы қарсаңында дәстүрлі қазақ заңдары мен бүгінгі құқықтық нормаларымыз жайында ой қозғап көрдік. Ондағы мақсатымыз – бүгінгі халықтың құқықтық сауаттылығы, заңдардың дұрыс орындалу тәртібі жайында, ел ішіндегі әділдік принципі турасында мамандар ойымен бөлісу.

Кезінде Ш.Уәлиханов халық демократиясының элементтері бар бұрынғы билер сотын қолдайтынын жеткізгенде оны тыңдар құлақ табылмаған еді. Істің ана тілінде, халықтың әдет-ғұрыптарына сай жүргізілу принципін және жариялылығын қазақ өмір салтына тән екенін түсіндірген ғалым пікірі кезінде ескерусіз қалған. Ал бүгінгі қазақ заңдары халықтың ғұрыптық ұстанымдарымен астаса ма? Әділетті қоғам орнату үшін қазаққа не керек деген секілді бірқатар сауалдарымызға берген мамандар пікірі төмендегідей.

 

darhan-zhabaevДархан ЖАБАЕВ,
заңгер, саясаттанушы

ҚАЗАҚҚА БАУЫРЖАНДАР ЖЕТІСПЕЙ ЖҮР

– Қоғамымыздағы түрлі заңға томпақ келетін мәсе­лелерді кө­ріп, біліп жүр­ген­дік­тен, осы ұлттың өкілі, осы қо­ғамның аза­маты ретінде, әрине, жүрегің ауырады.

Қазіргі таңда, қазақ қо­ға­мының бағасын біліп, жоқтың жө­нін іздеу саналылықтың бел­гісі. Бірақ сол саналы өмі­рі­міздің сан тараулы жолында тал­май еңбек етіп, елінің рухани әлеуеті өсе түскенін таны­тар­лық мол іс тындырар қабілет екінің бірінде бола бермесе керек.

Аңғара қараған жанға қазіргі жастардың бойынан ізде­нім­паздық, еңбексүйгіштік, алғырлық сипаты байқалады.

Осы ретте біздегі тіл ту­ралы заңның дұрыс орындалмай жүргенін айтқым келеді. Шұ­барланған тіліміздің мәселесі жолға қойылып, қашан өмі­ріміздің өзегіне айналар екен деген тілек көп қазақты толған­ды­рары анық. Қазақ елі бола тұра, көп мекемелерде қатынас тілі – орыстың тілі болып отыр. Үш тұғырлы тіл дегенді шы­ғар­дық. Бұл дұрыс та шығар, иә, дұрыс дейік. Алайда, орыс пен ағыл­шын тілдерін алға оздырамыз деп, қазағымыздың тілін неге босағадан сығалатып қоюымыз керек. Құдайға шүкір, қазақ тілі мамандары жеткілікті ғой. Тек талап жоқ, тіл туралы заңы­мызды барлық аймақта толыққанды орындау жоқ. Оған бө­лін­ген қаражатты босқа көзбояушы жоспарлар мен бағдар­ла­м­алар арқылы құрдымға жібергеннен гөрі нағыз мамандарға тө­леп, солардан нәтиже күткен дұрыс секілді. Сөйтіп, іс-қа­ғаз­дарымыз бен өндірістегі, оқудағы, сайттардағы болсын жазу-сөйлесу мәдениетімізді барынша қолға алсақ, игі болар еді.

Тек ұлттық телеарналарымыз («Қазақстан», «Хабар», «Астана») бен газет-журналдарда (оның да қазақ тілдері) тіліміздің дұрыс қолданысын хал-қадерлерінше насихаттап отырады. Ал біздегі өзге телеарналардан да тіл Заңының орындалуын неге қатаң талап етпеске. Олар да қазақ жерінен нәпақасын тауып жеп жүрген жоқ па?

Өзіңіз айтыңызшы, біздің жерге кімдер көз тікпеді? Тіпті, соңғы ХХ ғасырдың өзінде (қазақтың тай қазанының төрт құлағын да Мәскеу ұстағандықтан) қаншама жерімізді қиып-қиып көршілес елдерге оп-оңай тарата салды. Ал сол ежелгі атақонысында тұратын қандастарымыз бүгінгі күні шетелде тұратын (ближное зарубежье) қазақтар болып шыға келді емес пе? Ойласаң жүрегің ауырады. Бұл Кеңес үкіметінің қазаққа жасаған зор қиянатының бір парасы ғана ғой.

Ендігі жерде жерімізді қорғап қалатын, өзінің құқықтарын жақсы білетін, елінің мүддесін қорғай алатын ұрпақ тәрбиелеп өсіру біздің міндетіміз.

КСРО тұсында өз елін дүниежүзіне танытқан бірден-бір қа­зақ Б.Момышұлы еді. Баукең секілді мінезді де білімді, рух­ты азаматтар дәл бүгін жоғарғы жақта отырса ғой, шіркін. Пре­зидентіміз Н.Ә.Назарбаевтың стратегиясы бүтіндей жүзеге асар еді! Бізде әзірге намыссыздар (өз тілін де білмейтіндер де­генім ғой) әлі де жетіп-артылады.

Базар немесе кітап сататын дүкендерге бара қалсаң, самсап тұр­ған орыс тіліндегі кітаптарды көресің. Қазақшалары сау­сақпен санарлықтай, кейде керегіңді май шаммен іздесең де та­ба алмайсың. Әрине, осындай жаны ашымастың нанын жеп жүрген «жанашырлардың» осы салада не бітіріп жүргендеріне таңмын. Мұндайда еріксіз Б.Момышұлы сынды ғұламаларды еске аласың. Бірде Баукең Фидель Кастроның шақыруымен Кубаға сапар шегеді. Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының бас қаһарманы Баукеңнің бұл сапары кубалықтарға ерекше  әсер етеді. Себебі, бұл кітап бүкіл Куба  революционерлері мен жастарының, тіпті Ф.Кастроның күнбе-күн оқитын сүйік­ті кітабы болған. Б.Момышұлы ол жаққа 1963 жылдың қараша айын­да барады. Онда бұл кезде қайнаған ыстық көрінеді. Сонда: «Қап, мына қапырық ыстықта әскери киіміңізді неге ки­діңіз?» дегендерге, «Атам қазақ жазғы шілдеде қабат-қабат ша­пан киген, ештеңе етпейді», – деп жауап берген.

Куба топырағына табаны тиісімен Баукең оң қолын жоғары кө­теріп аэропортқа жиналған жұртқа ізет білдіреді де: «Сәлем саған, қаһарман Куба!», – деп қазақ тілінде үн қатып, қо­лын қылыштай бір сермеп тастайды. Сөйтіп, Кубаға келген көп туристер ішінде жалғыз Момышұлы ғана танымал болып шы­ғады. Ол кісінің Кубаға барып қайтуының өзі Куба хал­қында аңызға айналады.

Бүгінгі қазақ қоғамына осындай ер Бауыржандар жетіспей жүр­гені өкінішті-ақ.

 

abzal-kuspanАбзал ҚҰСПАН,
адвокат,
БҚО адвокаттар алқасының мүшесі

ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ

– Қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық нормалар ерте заманда-ақ қалыптасқаны белгілі. Салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз секілді әлеуметтік нормаларымызға үңілсек, өмір сүру қағидасы еркіндікке негізделген қазақ жанының әділеттілік пен ар-намысты қорғау, сөзге қонақ беру ұстанымына беріктігін байқауға болады. Ал бүгінгі қазақ қоғамы қандай ұстаныммен өмір сүріп жатыр деп ойлайсыз?

– Бұл мәселеде бүгінгі қазақ қоғамында нақты бір ұстаным бар деп айта алмаймын. Біз бұрынғыны қойып, кешегі кеңес заманындағы ауыл тәрбиесінен ажырап бара жатырмыз. Бұрынғы ата-бабаларымыз ұстанған Ясы заңы, Қасым заңы, Есім заңы, Жеті Жарғы сияқты дәстүрге негізделген заңдарға қызығушылық танытып, бүгінгі заңдарды тәжірибеде қолданып жүрген заңгер ретінде айтарым – бұрынғы нәтижеге қазір қол жеткізе алмай отырғанымыз анық. Бұрынғы қазақ қоғамында ел ішінде қылмыс аз болды, түрме, басқа да жазалау орындары мүлдем дерлік болмады. Қазір күннен-күнге жаза өтейтін орындар көбейгенімен, қылмыскерлер саны азаяр емес.

– Бұрынғыдан қалған сөз «қазақ жолы – қанағат, қасаң дау емі – шариғат, ол да жолдан адаспас». Яғни бабаларымыз қазақи бауырмалдық пен кешірімшілдік, кеңдік ұстанымына бағынбай бара жатқан дауларды шариғат жолымен әділ шешіп отырған. Ал бүгін заңның түр-түрі жазылып, азаматтардың құқығын қорғайтын түрлі нормалар бекітіліп жатса да, өз мүддесін қорғай алмай құқығы бұзылып, намысы тапталып жатқандар баршылық. Әділетті қоғам орнату үшін қазаққа не керек деп ойлайсыз?

– Биылғы жыл Юнеско көлемінде Қожа Ахмет Иассауи жылы деп аталғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Юнеско ұйымы осы шараны ұйымдастыру мәселесін Қазақстанға емес, Түркияға сеніп тапсырған екен. Осы шара аясында Түркия елі екі бірдей халықаралық симпозиум ұйымдастырды. Сол симпозиумда көрші Өзбекстан елінде Иассауи мұралары мектеп бағдарламасына енгізілгенін естіп қатты таңқалдық. Мен мұны неге мысалға келтіріп отырмын? Біз өткеніміз керемет болды дейміз, аталарымыз мықты еді дейміз, айтамыз да қоямыз. Сөйте тұра, ұлттық идея іздейміз, оны өзімізден емес, басқа жақтан іздейміз. Не керектің бәрі өзімізде бар, кейбір заманауи ілімді іздеу үшін, әрине, Еуропа, Америка асып білім алғанымыз, олардың тәжірибесін қолданғанымыз дұрыс. Ал дін, діл, тәрбие, мәдениет, тәртіп, құқық мәселелерінде өзін-өзі ғасырлар бойына ақтаған өткенімізге де үңіліп, керегін жаратып отырсақ та болар еді. Әділетті қоғам орнату үшін топырлатып түрмеге отырғыза беру жеткіліксіз, аталарымыз ел ішіндегі тәртіпті жазамен емес, тәрбиемен ұстаған. Сондықтан бірінші кезекте тәрбие мәселесін қолға алу керек.

– Ел бірлігі мен ұлт тазалығын басты назарға алған бабаларымыз халық ұстанымына қайшы келетін, тыныштығына нұқсан келтіретін қауіпті жағдайларда «жылқының құйрығы», «түйенің қомы», «жебенің ұшы» секілді қатаң жазаларды пайдаланатын. Еркіндік пен кеңдікті сүйетін көшпенділер өкілі үшін ең ауыр жаза – қарабет аталып, елден аластатылу болатын. Ерде намыс, қызда ұят азайған бүгінгі қоғамда түрлі азғындықтардың жиі орын алуы осындай ұстанымдардан алыстап кеткендігімізден шығар, бәлкім…

– Жаза мәселесіне келгенде, бабаларымыз шынында да аса көрегендік таныта білген. Оған бір жағынан сол кездегі қоғамдық құрылымы да ыңғайлы болды. Мысалы, қазақ халқы әр рудан тұрғаны белгілі. Тиісінше әр рудың рубасы, өзінің орналасқан жері, жайылымы болды. Айталық, бір рудың адамы екінші рудың адамын барымтада сойылға жығып істі болды делік. Ердің құны жәбірленуші келіскен жағдайда айыптыдан, егер оның шамасы жетпесе, рудан өндіріледі. Ол үшін жауапты адам рубасы бар, кімнен қандай мөлшермен алады, рубасының өз шаруасы. Және би шешімі тез арада орындалады. Айыпты адамды әдетте сол ру ақсақалдары өздері жазалайды, қалай жазалайды, шығынның орнын толтыр деп жұмысқа салып қоя ма, елден қуа ма, ол өз еріктерінде. Бұл біріншіден жәбірленуші жаққа да тиімді, ерінен айырылған әйел «енді бала-шағамды қалай асыраймын, қалай жетілдіремін» деп бас қатырмайды. Алайда, бірінші кезекте бабаларымыз бірінен өлілей, бірінен тірілей айырып, екі бірдей отбасыны қайғыға қалдырмауды және қазақтың санын сақтап қалуды көздеген деп ойлаймын. Бұл жерде мен қағаз жүзінде жазылған заңдар жинағын емес, сол кездерде қалыптасқан билер сотының тәжірибесіне сүйеніп отырмын. Қазірде сол кездегі заңдарымызды, билеріміз шығарған үкім кесімдерді құқықтық тұрғыдан зерттеп, зерделеп пайдалы жерлерін қазіргі заманға ыңғайлап қолдануға әбден болады. Нақты мысалды азаматтық заңнамадан келтірейін. Айталық, Сіз мал дауымен ауылдасыңызбен соттасуыңыз керек. Не істейсіз? Аудандық сотқа жүгінесіз. Ол жауапкер жақпен жақсы қарым-қатынаста болсын немесе ел арасында жағымсыз атқа ие болсын бәрібір, Сіз тек қана аудандық сотқа жүгіне аласыз. Ал дәл осы жағдай осыдан үш ғасыр бұрын орын алған жағдайда не болар еді? Сіз де, дауласушы екінші жақ та, ел алдында әбден танылған немесе өздері білетін, сенетін биге баруға құқылы. Яғни таңдау құқығы болды! Елдің сұранысына ие болған бидің ел алдында мәртебесі арта түседі, тиісінше ол ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінеді. Сондықтан қазақ тура биде туған жоқ дейді. Ал қолы таза емес билер ол заманда да болған, алайда ол туралы ерте ме, кеш пе ел құлағдар болып қалады да, оған дау айтып бармайды, тиісінше сұраныс азаяды. Ал сол сот таңдау құқығын қазір неге енгізбеске?

– Осы күні оқыған, сауатты дегендердің өзі түрлі заң бұзушылық әрекеттерге жол беріп қояды. Бұл халықтың бәріне немқұрайлы қарайтын салғырттығының салдары ма әлде заңды білмеуінің көрінісі ме? Жалпы, қалың жұрттың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін не істеу керек?

– Қанша жерден зайырлымыз деп, дінді мемлекеттен, мемлекетті діннен бөлектесек те, бұл жерде діннің және тәрбиенің атқарар ролі зор. Сіз айтып отырған сауаттылық бұл жерде екінші кезектегі мәселе. Өйткені, құлқынның құлы болған адам неғұрлым сауатты болған сайын оның қылмыстары да «сауаттана» түседі. Кез келген қылмыстың түбінде адамның нәпсісі жатады. Нәпсіқұмарлық дертін қылмыстық заңнамадан гөрі дін мен тәрбие мәселесін жолға қою арқылы шешкен тиімдірек. Бала жастан имандылықты бойына жинап өскен жас өреннің құқықтық сауаттылығын арттырсақ нәтиже болар еді. Яғни бұл жерде проблеманы әдеттегіміздей «тап осы қазір шешеміз» демей, кешенді түрде келгеніміз шарт.

– Соңғы кездері «қазақтарды сыртқы жаудан құтқарып қалған, оларға өркениетті өмір сыйлаған орыс жұрты» деген пікірлерді солтүстік көрші ел өкілдері жиі айта бастады. Осындай кереғар пікірлер айтылып жатқанда біз өзімізді қалай ұстауымыз керек? Ұлт мүддесін, сонымен қатар, өз мүддесін дұрыс қорғай білуді қалай қалыптастыруға болады?

– Меніңше, ондай әңгіме Кеңес кезінде де аз айтылмаған сияқты. Өз ойым бұл мәселеде өте қарапайым – оларға жауап беріп, дәлелдеп, соттасып, т.б. уақытты зая кетіргенше оқу, ілім, білім арқылы жеңуге ұмтылғанымыз абзал. Кез келген мәселеде, соның ішінде тарихпен айналысқанда да тек қана бір мақсатты – жіберген кемшілігімізді болашақта қайталамай, жақсы жағын жандандыруды басты нысанаға алсақ, ұпайымыз түгелденер еді.

 

20161026_130252Ержан ЗІКІРИЯҰЛЫ,
Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны

ЖАЗЫЛМАҒАН ЗАҢДАРҒА БЕЙІМДЕЛГЕН ҚОҒАМ

Қазіргі қазақ қоғамының құқықтық сауат­ты­лығы мүлде нашар дей алмаймын. Өйт­кені, ғаламдану заманында ғаламтор ар­қылы қандай заң қажет болса да іздеп, оқып, біліп алуға мүм­кін­дік өте жоғары. Бірақ осы заңның дұрыс іске асуы басқа мәселе. Бізде жазылған заңнан бұ­рын, жазылмаған заң­дылықтар өте жақсы жұ­мыс жасайтынына жұрт көндігіп алған. Өзі бай­­қамағанымен әр адамның психологиясында бұл түсінік жақсы қа­лыптасып үлгерген. Құ­қықтық сауаттылық деген мемлекеттің шы­ғарған заң­дарын жақсы білу болса, қоғам оны жақсы біледі. Бірақ осы заңмен жүр­ген адам бүгінде көздеген мақсатына жетіп, бай-қуатты бола ала  ма, өз-өзін қорғай ала ма? Бұл басқа әңгіме. Бүгінгі жұрт өз-өзінен қалып­та­сып, қа­ғидаға айналып кет­кен өмір ережелерімен жүр­се, жазылған заң­дарға ұсталмай өтіп кетсе, кей­бір мақсаттарына қол жеткізуге болатынына сенімді. Сон­дықтан өздеріне қолайлы, бірақ жа­зылмаған заң­дар­мен жүруге тырысады.

Ежелгі Грек, Рим мемлекетінің заң шы­ғару­шылары «Чем осудить од­ного не виновного, лучше оправдать десять виновных» деген тү­сінікте бол­ған. Біздегі жұрт заңды білгенімен, әділ­дікті сүйгенімен, қоғамдағы түр­лі әділет­сіз­діктерден мезі болғандықтан әділетке жақындау жазылмаған заңмен жүргісі келеді. Бұл біздің қо­ғамның әділетке жақындағысы келетінінің көр­сеткіші. Егер қоғам құқықтық сауатты бол­маса бұлай талдау жасай алмас еді. То­лықтай әді­летке жетпесе де, дүниенің азғантай әді­лет­тікке сүйеніп тұр­ғандығын жақсы түсінетін қа­зақ қоғамын құқықтық сауатты қоғам деп ойлаймын.

Иә, тәуелсіздік алғаннан бері елімізде аза­мат­тық қатынастар мен мен­шік түрі өз­гер­ді, осыған байланысты бұрын болмаған заң­дар пайда бол­ды. Бұл – заңды құбылыс. О баста қа­зақ халқы енді заң қазақ ұлты­ның мүддесіне жұ­мыс жасайды, әділеттілік орнайды деп сен­ді. Қазақ қоғамындағы азаматтар құқы­ғы­ның бұзылуы қарапайым адам­дар­дың заңды біл­ме­уінен немесе заң­гер­лердің, құ­қық  саласы органдарының  сауатсыздығынан, я жауап­сыз­ды­ғы­нан емес, тіпті ол ұлттың құ­қық­тық сана-се­зім­­нің төмендігінен де емес. Оның басты себебі, негізгі жүйенің адамзаттық ли­бе­ралдық прин­цип­термен жүр­меуінен. Ли­бералдық прин­цип емес адамдық прин­циптерден ауытқып кетуінен. Қазақ қо­ғамы оның бә­рін біліп, толық сезініп отыр.

Заң ор­гандары – мемлекеттің заңын іс­ке асырушы уәкілдері. Аза­маттар заңның дұрыс іске аспауын заң сала­сы қызметкерлерінен көретіні сондықтан. Алайда, заңның әділ болмауы, орындалмауы бірен-саран болмаса жеке заң саласы қызмет­кер­лерінің кінәсінен емес, заңның дұрыс іске аспауынан және қоғамдағы аса бай топтардың мү­ддесін қорғауға бағыт­тал­ған­дығынан дер едім.

Құқықтың бұзылуы халықтың салғырт­ты­ғынан дегенге де келіс­пей­мін. Бұл біріншіден, заң­дардың халыққа арналмағандығынан. Екі­н­шіден, халық заң орындарына барып, әділет тап­пағандықтан шаршап, қол­дарын бір сілтеп жүре беретін болған.

Әділетті қоғам орнату үшін қазаққа қазақи ұлт­тық сана-сезімдегі, жан-жақты өте білімді, әді­летті, ер жүрек тұлғалар ауадай қажет. Бір мем­­лекетті бүкіл халық емес, бір ерекше тұлға ға­на өзгертетініне мен сенім­дімін. Оған нақты та­рихи дәлелдемелер арқылы да мысал кел­тіру­ге бо­лады. Жоғарыда айтылғандай ұлттық ру­­хы биік тұлғалар арқылы ли­берал демок­ра­тиялық әділетті қоғам құруға болады. Сонымен қатар, мем­лекеттің заңдары түсінікті, нақ­ты болуы қажет. Мысалы, мықты де­ген мем­­ле­кет­тердің заңдары өте қатал келеді. Бізге де сондай қатал заң­дар қажет секілді. Қасақана, аса ауыр қылмыс жасағандарды, егер қыл­мысы нақты дә­лелденсе, ату жазасына кесілуі тиіс деп есеп­теймін. Ме­ні бұл сөзіме қарап демократиялық принциптерге қарсы адам екен деп ойлайтындар табылуы мүмкін. Бірақ мен демократиялық принцип­тер­ді қолдаймын. Дегенмен, заң қатал бол­ған кезде ғана адамдар заңды, мемлекетті сый­лайтын болады, сонда ғана әділетті қоғам орната аламыз.

Орыстың Конни деген ғалымы «Сила должна быть справедливой, а справедливость сильной» деген. «Сила без справедливости, а сп­ра­­ведливость без силы плохо» дейді. Бұл жа­зыл­маған заң, жазылмаған заңдар еш­қашан өз­гермейді  де. Мысалға біздің қо­ғамда кәсіп­кер­лердің 10 пайызы ғана адал еңбе­гінің ар­қа­сында жетістікке жеткендер. Ал қалған 90 пайы­зы алыпсатарлар немесе ақ­ша құнының өз­геруі кезінде алаяқтық жолмен салық төлеу­ші халықтың еңбегін ұрлау­шылар деп айтар едім. Қо­ғамдағы заң өзгермесе қазақ қоғамын да әділетті жасау мүмкін емес. Ол тек көркем баян­да­малар ретінде ғана қалып қояды. Сон­дықтан әді­летті қоғам құру үшін заңдарды өз­герту қа­жет. Бірақ бұл заңдардың кү­шімен сая­си көз­қарас­тағы адамдар қуда­лауға түсіп кет­­пеуі тиіс. Әді­летті қоғам­ды тек осылай ор­нату­ға бо­лады. Олай болмаса сен кі­нәлі мен кі­нә­лінің ісі жал­ғаса береді. Бұл менің жеке пі­­кірім.

Әзірлеген Айнара ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.11.2019 | 08:51

Базар жох маладес

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір