Қоғам және өмір
11.10.2025
154
0

Амина ӨМІРҒАЛИ, ҚазХҚжӘТУ журналистика факультеті, 1-курс студенті

Адам — табиғаттың бір бөлшегі болса, қоғам — оның жүрегі. Адам жалғыз өмір сүре алмайды. Ол үнемі бір ортада, бір мақсатта, бір-біріне сүйеніп, тірек болып тіршілік етеді. Бұл — қоғам деген ұлы ұғымның мәні.

Қоғам – жай ғана адамдар тобы емес, ол – өзара түсіністікке, тәртіпке, мейірім мен әділетке негізделген күрделі жүйе. Ал сол қоғамда өмір сүріп жатқан әр адамның тағдыры – өз қолында. Адам қалай өмір сүрсе, қоғам да соған ұқсайды. Өйткені қоғам – адамдардың айнасы.

Қазіргі уақытта қоғам күн санап өзгеріп, жаңарып келеді. Ақпарат легі, технология, жаһандану – бәрі де адамның өмір сүру салтына ықпал етуде. Бірақ қандай заман келсе де, адам бойындағы адалдық, жауапкершілік, мейірім, әділдік сияқты қасиеттер мәнін жоғалтпауы керек. Себебі осындай рухани байлықтар ғана қоғамды биікке көтереді.

Қоғамда өмір сүру — бұл тек құқық қана емес,міндет те. Біз тек өз өміріміз үшін емес,айналамыздағы орта үшін де ойлануымыз қажет.
Білімді,тәрбиелі,санаулы ұрпақ — қоғамның қозғаушы күші. Жастардың белсенділігі мен ой санасының дамуы елдің болашағына тікелей әсер етеді.
Сондықтан да әр адам: «Мен осы қоғамға не беріп жатырмын?» деген сұраққа жауап іздесе, өмір мәндірек болар еді. Өйткені қоғам – сырттағы әлем емес,қоғам – сен, мен, біз. Бәрі өзімізден басталады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір