ХАЛЫҚ ҮНІ – ҚОҒАМ ҚҰНЫ
Референдум – Конституцияның, заңдардың және мемлекет өмірінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелеріне арналған шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру рәсімі. Ол Республиканың барлық аумағын қамтиды. Республикалық референдум өткізу жөнінде шешімді қабылдау Қазақстан Республикасы Президентінің құзыретіне жатады.
«Республикалық референдум өткізу туралы» Қазақстан Республикасының №2592 Конституциялық заңы 1995 жылғы 2 қарашада қабылданды. Осы Конституциялық заң Конституциямызға сәйкес республикалық референдумды тағайындау, әзірлеу және өткізу тәртібін белгілейді. Сонымен бірге сайлау конституциямызбен және орталық референдум комиссиясының нормативтік сипаты бар актілерімен де реттеледі.
Қазақстан тәуелсіздік кезеңінде бірнеше мәрте референдум өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізілген соңғы референдум Бірінші Президенттің лауазымына байланысты шектеулерді, жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялауды, сондай-ақ кейбір адамдардың лауызымда болуына байланысты шектеулерді енгізуімен ерекшеленді. Атап айтқанда, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық Палатаның төрағасы мен мүшелері саяси партияда, кәсіподақтарда болуға және қандай да бір партияны қолдауға тиым салу туралы референдумда күн тәртібіне қойылған ұсыныстар халық тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
2022 жылғы өткен референдумда халқымыздың басым бөлігі Конституциямызға енгізілетін өзгерістерді жақтап дауыс берді. Референдум өткізудің нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жолдаған үндеуінде билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа озық үлгісін қалыптастыруға, мемлекет басқару ісіне азаматтардың кеңінен қатысуына жол ашуға мүмкіндік туғанын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайғанын атап көрсетті. «Соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз рефрендум арқылы сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық», – деді ел Президенті.
Сонымен бірге 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандығын Конституциялық Сотта тікелей қорғай алатын болды. Ал Адам құқығы жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заңмен алғаш рет бекітілді. Бас Прокуратураның құқық қорғау функциясы күшейтілді. Ел Президентінің мәлімдеуінше, еліміздің басты байлығы біздің халқымыз және оның бақуатты тұрмысы болғандықтан референдуммен енгізілген өзгерістер халқымыздың әл-ауқатын арттыруға және құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге, қоғамда заң үстемдігін орнатуға, қоғамды демократияландыруға бағытталғандығымен құнды һәм маңызды деуімізге әбден болады.
Б.СӘЛІМҰЛЫ