Қоғам және инклюзия
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, тек мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың міндеті ғана емес, әрбір азамат олар үшін ыңғайлы орта қалыптастыруға өз үлесін қоса алады. Бұл – тең мүмкіндіктері бар, әділетті және мейірімді қоғам құру жолындағы маңызды міндет.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж. Тоқаев мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау және өмір сапасын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Президент бірнеше рет Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға инклюзивті қоғам қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар берген.
Өскемен қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жұмыс орындарын ұсынатын бірнеше мекеме мен ұйым бар. Олардың ішінде әлеуметтік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер және үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) ерекше орын алады.
Қаламыздағы жұмыспен қамту орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау және олардың еңбек нарығына интеграциялануын қамтамасыз ету бағытында бірнеше қызмет түрлерін ұсынып келеді.
Оның ішінде: жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіптік бағдарлау және қайта даярлау, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсыну, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету, қоғамдық жұмыстарға тарту, ақпараттық-консультациялық қолдау бағыттарында жұмыс істеп жұмыс берушілермен, үкіметтік емес ұйымдармен және де басқа да әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.
Көптеген мүмкіндігі шектеулі адамдар қабілетті және жұмыс істеуге дайын. Осыған орай, қаламыздағы қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталығының төрт бөлімшесінде және бір мамандандырылған ХҚКО жұмыс бөлімшесінің әрқайсысында 4–10 мүмкіндігі шектеулі жандар қызмет етеді.
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсететін бірнеше ұйым жұмыс істейді.
«Шығыс Қазақстан облысының мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі бар. Қоғамның жұмысы да инклюзивті жұмыс орындарын ұсынады, қолөнер, тігін және басқа да шағын өндірістік жұмыстармен айналысады, әлеуметтік жобаларды іске асырады.
«Үміт» мүгедектер қоғамдық қоры. Бұл мекеменің негізгі жұмыс істеу бағыты әлеуметтік бейімдеу, психологиялық көмек, түрлі тренингтер ұйымдастырады.
«Зағиптар қоғамы». Көру қабілеті нашар азаматтарға жұмыс береді, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді.
«УК Тірек» ЖШС (әлеуметтік кәсіпорын) көбінесе тігін, құрастыру, буып-түю және басқа қол жетімді өндірістік жұмыстарды атқарады.
Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерге көмек көрсететін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. Квотамен жұмыс беретін өндірістік мекемелер де бар. Ірі кәсіпорындар мен зауыттар мүгедектігі бар адамдарға квота бойынша жұмыс орындарын береді. Қазіргі таңда қала бойынша барлық мекемелердің әрқайсысында жоғарыда айтылған, талаптарға сәйкес мүмкіндігі шектеулі адамдар қызмет істеуде.
Мемлекеттік қолдау және жәрдемақылар беру мақсатында мүгедектігіне байланысты жәрдемақылар белгіленіп зейнетақылар тағайындалады. Жеке көмекшілер және ым-шара тілінің аудармашыларының қызметтері жан-жақты қамтылған. Әлеуметтік көлік және жол жүру жеңілдіктері, оңалту бағдарламалары да қарастырылған. Қаламызда арнайы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңалту орталығы жұмыс істейді. ШҚО оңалту орталығында физиотерапия, логопед және психолог қызметтері көрсетіледі. Бұл оңалту орталығында жыл басынан бері арнайы дәрігерлік жолдамамен қала бойынша мыңнан аса адам өзінің денсаулығын қалпына келтіру үшін ем-шараларын қабылдады. Сонымен қатар қосымша бірнеше жекеменшік оңалту орталықтары жұмыс істеп тұр.
Өскемен қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Қала әкімдігі, мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) бұл санаттағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың қоғамға бейімделуі мен толыққанды қатысуын қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар атқарды, әлі де жыл соңына дейін жоспар бойынша атқара бермек.
Тоқтар Мағзұмов,
Өскемен қаласы