Оқырмансыз қоғам – ойсыз қоғам
22.04.2026
95
0

21 сәуір күні Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №20 кітапхана-бөлімшесінің ұйымдастыруымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Кәсіби білім беру колледжінде Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай «Оқыған озады» атты рухани-танымдық кездесу өтті.

Қазіргі ақпарат ағыны үдей түскен дәуірде кітаптың қадірі кеміді деген пікірлер айтылғанымен, аталған шара бұл ойдың біржақты екенін аңғартқандай. Керісінше, рухани ізденіске бет бұрған жас буынның кітапқа деген ықыласы бар екенін дәлелдеген мазмұнды басқосу болды.

Ұйымдастырушылар тек ресми жиын өткізумен шектелмей, ой мен пікір алмасатын, сұрақ пен жауап қатар өрілген ашық алаң қалыптастыра білді.

Шара барысында кітаптың адам өміріндегі орны, оның тұлғалық дамуға әсері, қазіргі қоғамдағы рөлі кеңінен сөз болды. Қонақтар кітаптың тек білім көзі ғана емес, рухани тірек, ұлттық сананы қалыптастыратын басты құрал екенін ерекше атап өтті. Сонымен бірге бүгінгі баспа ісіндегі өзекті мәселелер, оқырман сұранысының өзгеруі, әдебиет пен нарықтың арақатынасы да назардан тыс қалмады.

Кездесуде «Үштаған: Қаламгер – Баспа – Оқырман» тақырыбында «AR» Баспа үйінің жетекшісі, ақын Ержан Алаштуған мазмұнды ой қозғап, әдеби үдерістегі үш буынның бір-бірімен байланысы әлсіресе, кітаптың тағдыры да күрделене түсетінін айтты. Ал «Бүгінгі баспагер. Негізгі мәселелер» тақырыбында «Arna-B» баспасының басшысы Бақыт Ойса қазіргі баспа ісіндегі қаржылық, таралым және насихат мәселелеріне тоқталып, бұл саланың жүйелі қолдауды қажет ететінін жеткізді.

Өз кезегінде ақын, тәржіман Айбек Байтөре «Қазіргі көркем аударманың ахуалы» жөнінде сөз қозғап, аударма әдебиеттің ұлттық әдебиетті байытудағы орнын айқындап берді. Ол сапалы тәржіма – тек тіл ауыстыру емес, мәдениет пен танымды жеткізу екенін атап өтті.

Жиын барысында студенттер де белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Ашық пікір алмасу форматында өткен сұхбат жастардың әдебиетке бейжай қарамайтынын көрсетті. Қонақтар тарапынан берілген тұшымды жауаптар мен өмірлік тәжірибелер жас оқырманға ой салары анық.

Сонымен қатар, «Рухани байлықтың қайнар көзі» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, қатысушылар жаңа әдебиеттермен танысты. Көрме мазмұны қазіргі қазақ әдебиетінің тынысын аңғартып, оқырманға бағыт-бағдар беретін алаңға айналды.

Жалпы, тағылымы мол кездесу жоғары деңгейде өтіп, жастарға ерекше әсер қалдырды. Ең бастысы – бұл шара кітап оқудың маңызын тағы бір мәрте айқындап, рухани құндылықтарды дәріптеуге өзіндік үлесін қосты. Оқыған адам ғана озады десек, осындай кездесулер сол озуға бастар жолдың шамшырағы іспетті.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір